Accessibility links

"Халықтың аузын жауып жатыр". Беларусь спортшылары да Лукашенкоға қарсы


800 метрге жүгіруден әлем чемпионы және Еуропа чемпионы Марина Арзамасова да наразылыққа қолдау білдірді.
800 метрге жүгіруден әлем чемпионы және Еуропа чемпионы Марина Арзамасова да наразылыққа қолдау білдірді.

Даулы президент сайлауынан соң Беларусьтегі мәдениет қайраткерлерінің бір тобы оппозиция жағына шыққан. Енді Лукашенконың наразылықты басып тастағанын, оның қайта сайлау өткізуден бас тартқанын сынаған бұл қозғалысқа спортшылар, осы саладағы әйгілі тұлғалар қосылды.

Беларусьтің 350-ге жуық спортшысы мен осы саладағы қызметкерлері 9 тамыздағы сайлау нәтижесін жоққа шығарып, "саяси тұтқындар" мен жаппай демонстрация кезіндегі ұсталғандарды босатуды талап еткен ашық хатқа қол қойып, Лукашенкоға қарсы шықты.

Бұл хаттың мәні зор, себебі билікке қарсы шыққандардың көбі – табысы жағынан мемлекетке тікелей тәуелді адамдар, ал олардың жетістіктері 26 жыл ел басқарып келе жатқан Лукашенко режимінің үгіт-насихатының басты элементі болып келген.

Лукашенконың өзі – спортқұмар адам, бұл оның "мачо" образын қалыптастыруда ерекше рөл ойнайды.

"Еуропаның қақ ортасында тұрсаң да өз көзқарасыңды білдіре алмау ақылға сыймайды... Жұмыстан шығара ма, команда құрамынан алып тастай ма, барлығына дайынбыз. Бұлардың ешқайсысы маңызды емес" деді ашық хатқа қол қойғандардың бірі, 800 метрге жүгіруден әлем чемпионы Марина Арзамасова.

Наразылыққа қатысқан белгілі спортшылардың арасында баскетболшы Елена Левченко, фристайлдан ұлттық құраманың бапкері Николай Казека, марафоннан Еуропа чемпионы Ольга Мазуренок, волейболдан ұлттық құрама ойыншысы Артур Удрис және Олимпиада жүлдегерлері, Еуропа және әлем чемпионаттарының жеңімпаздары бар.

Бұл хат – спортшылардың Лукашенкодан іргесін аулақ салып жатқанынының жалғыз белгісі емес.

Беларусьтің бірнеше әйгілі теннисшісі сайлау нәтижесіне қарсы наразылықты қолдап, халыққа жасалған зорлық-зомбылықты тоқтатуға шақырып әлеуметтік желіде посттар жазды. Олардың арасында кезінде әлемде №1 теннисші болған Виктория Азаренко да бар.

Беларусьтік теннисші Виктория Азаренко.
Беларусьтік теннисші Виктория Азаренко.

Осы айдың басында футбол жұлдызы Илья Шкурин Лукашенко билікте қала беретін болса, ұлттық құрама қатарында ойнамайтынын мәлімдеді.

24 тамызда Беларусь футбол қауымдастығы "саяси үгіт-насихаттан" аулақ болу қажеттігін айтып, барлық командаға хат жазды. Хатта жазылғандай, олимпиадалық спорт түрі ретінде футбол "барлық саяси, діни, этностық, нәсілдік және басқа мәселелерде бейтарап болуы керек".

Бұл хатқа бірнеше ойыншының үкіметке қарсы наразылықты қолдап ишара білдіруі және ұран жазылған киім киюі түрткі болған. 23 тамызда Минскінің "Крумкачы" футбол командасы алаңға "Біз халықпен біргеміз" деген ұран жазылған жейде киіп шықты.

Футбол федерациясының саяси бейтараптық туралы бұл мәлімдемесін көп сарапшы қисынға қайшы деп тапты. Себебі 6 тамызда олар "Бір Беларусь/Біз берілмейміз" деген хештэгпен Лукашенконың сайлауалды мәлімдемесін жариялаған еді.

Үкіметтің коронавирус қаупін азайтып көрсеткен саясатын қолдағандай, пандемия кезінде жанкүйер қатысқан футбол матчтары өткізіліп тұрды. Лукашенконың өзі "арақ ішіп, фермада жұмыс істеп, моншаға түскен адамға бұл ауру жұқпайды" деген мазмұнда мәлімдеме жасап жүрді.

Бресттің "Динамосы" мен Солигорскінің "Шахтер" командалары арасындағы футбол матчы. Брест, Беларусь. 24 сәуір 2020 жыл.
Бресттің "Динамосы" мен Солигорскінің "Шахтер" командалары арасындағы футбол матчы. Брест, Беларусь. 24 сәуір 2020 жыл.

21 тамыздағы Facebook-тегі постында Беларусь жеңіл атлетика федерациясның президенті, парламенттің бұрынғы депутаты Вадим Девятовский "Лукашенко – менің президентім емес!!!" деп жазды.

Келесі күні журалистерге сұхбат берген Девятовский бұрын президентті неліктен ерекше қолдағанына қатысты пікір айтты. "Мұның алдындағы позициям қате болды, мен өз-өзімді алдап келдім" деді ол.

Наразыларды қолдағандар арасында Лукашенконың ең сүйікті спорт түрі – хоккей өкілдері аз болды. "Хоккейдің жайы басқа. Біз хоккей ойыншыларына қанша төленген тек болжаммен айта аламыз. Бірақ қазір олар жасырынып, үнсіз отыр. Халықтың, азаматтардың арқасында өмір сүріп, оларды қолдамауды қалай түсінуге болады?" деді Арзамасова Азаттыққа сұхбатында.

"ҚУҒЫН-СҮРГІНГЕ ДЕ ДАЙЫНБЫЗ"

Спортшылардың саяси ахуалға наразылығы сайлаудан біраз уақыт бұрын басталған.

Жаз кезінде кейбір спортшылар оппозиция атынан додаға түсуге ұмтылған мықты кандидаттардың тұтқындалғанына, тіркелмей қалғанына наразылық білдірген.

Беларусьтегі жағдай

Құрметті оқырман! Беларусьтегі билікке қарсы наразылық жайлы барлық ақпаратты Азаттықтың арнайы парақшасынан оқи отырыңыз.

Шілде айында баскетболшы Никита Мещеряков Facebook желісінде жариялап, кейін алып тастаған постында "Кандидаттар түрмеге жабылды, халықтың аузын жауып жатыр. Беларусьтің болашағы бұл емес" деді.

Коньки спортынан әлем чемпионы Игорь Железовский шілдеде Лукашенкоға қарсы шықты. "Біздің басшыны білетіндіктен, әділ сайлау өтеді деп болжау қиын. Оның қарсыластарына күйе жағып, бәсекелестерін түрмеге жауып, шерулерді қуып таратып, халықты сотқа тарту тактикасын қолданғанына таңқалмаймын. Мұның бәрі өзіне қарсылар санын арттырып, тіпті кезінде өзін қолдағандарды кері теуіп жатқанына мән беріп отырған ол жоқ. Оның халыққа түкіргені бар" деді Железовский Азаттыққа берген сұхбатында.

Үкімет бұл адамдарға репрессиямен, жасырын қорқытып-үркітумен жауап берді. Мещеряков Facebook желісіндегі постынан соң ұлттық құрама қатарынан шығарылды.

Беларусь президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары, ұлттық баскетбол федерациясының төрағасы Максим Рыженков Tribuna.com сайтына берген сұхбатында "ел басшылығы [спортшылардың] өз әлеуетін толық көрсетуіне барлық мүмкіндікті жасап отыр" деді.

"Елдегі жүргізіліп отырған саясаттың арқасында сіздерге барлығы берілді. Сондықтан спортшыларды, соның ішінде бұрынғы спортшыларды өздері түсінбейтін нәрсені халық алдында жауапсыз түрде талқыламас бұрын жақсылап ойланып алуға шақырамын" деді ол.

Арнайы жасақ Тәуелсіздік алаңына наразылыққа шыққан қарт кісінің әкетіп барады. Минск, 26 тамыз, 2020 жыл.
Арнайы жасақ Тәуелсіздік алаңына наразылыққа шыққан қарт кісінің әкетіп барады. Минск, 26 тамыз, 2020 жыл.

Жеңіл атлет Арзамасова спортшылар ашық хатқа қол қоярдан бұрын-ақ оның салдарына дайын болды әрі қарсы күреске де әзірленді дейді.

"Олар сөзден қорқытуға көшсе, біз де мұны халықаралық деңгейге шығаруға дайынбыз. Біздің спорт саласындағы басшыларымыздың әрекетін көрсетіп, Халықаралық олимпиада комитетіне арызданамыз. Қажет болса, біз халықаралық спорт федерацияларына жазамыз және шетелдік спортшыларды қолдау білдіруге шақырамыз" деді ол.

25 тамызда саяси мәлімдемелеріне бола қысымға ұшыраған спортшыларды қолдау мақсатында Спортшылардың ынтымақтастық қоры құрылғаны жарияланды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG