Accessibility links

Тәліптер деген кім және оларды кім басқарады?


Гератта жүрген тәліптер.
Гератта жүрген тәліптер.

"Талибан" қозғалысы Ауғанстанның жартысынан көбін бақылауға алды. Бұл тәліптердің былтыр Катарда өткен саяси келіссөздерде берген уәдесінде тұрмайтынын білдіретіндей.

2020 жылғы ақпанда Дохадағы саяси мәселелер жөніндегі комиссия АҚШ-пен келісім жасап, тәліптер адам құқықтарын құрметтейтінін, бақылауға алған жерлерге сырттан содыр кіргізбейтін айтқан еді.

Бірақ Азаттықтың ауған және тәжік қызметтерінің кейінгі хабарламаларына қарағанда, "Талибанның" "Ауғанстанда шетел жауынгерлері жоқ" деген сөзіне сенуге болмайтын сияқты. Негізінен, қозғалыс құрамында мыңдаған шетел жауынгері бар. Олардың көбі – пәкістандықтар.

Human Rights Watch халықаралық ұйымы Ғазни, Қандағар және басқа да уәлаяттардағы шабуылдар кезінде "Талибан" содырлары Ауғанстан үкіметімен байланысы бар деген күдікпен әскерилерді, полицейлер мен қарапайым азаматтарды ұстап, өлтіріп жатқанын хабарлады.

Мұндай хабарламалардан "Талибан" қозғалысының Дохадағы саяси кеңсесінің соғыс аймағындағы командирлер мен тасадағы губернаторларға ықпалы жоқтай көрінеді. Тәліптер бақылауға алған жерлерде оларды әскери лидерлер тағайындайды.

– "Талибандағы" қолбасшылық және басқару жайлы білетініміз аз, – дейді Ауғанстандағы қауіпсіздік мәселелері жөніндегі сарапшы Тед Каллахан. – Қазір Дохада Ауғанстан үкіметімен келіссөздер жүргізіп жатқан "Талибан" өкілдері ауған жеріндегі ұрыстарды қаншалықты бақылай алатыны басты назарда болып тұр".

ҚОЛБАСШЫЛЫҚ ЖӘНЕ БАСҚАРУ

"Талибанның" ресми өкілі Забиулла Мужахид Азаттыққа қозғалысты кім және қалай басқаратынын айтты. Оның сөзінен Дохадағы өкілдердің ауған жеріндегі тәліптердің ықпалы жоғын байқауға болады.

Мужахид Азаттыққа жіберген хатында тәліптердің лидері Малави Хибатулла Ахунзаданың жанында министрлер кабинеті барын, оған жиырмаға жуық комиссия мен кеңсе кіретінін, Дохадағы өкілдік соның бірі ғана екенін мәлімдеді.

Мужахидтің сөзінше, "Талибан" құрамындағы Әскери істер жөніндегі комиссия қозғалыстың уәлаяттан ауданға дейінгі әскери қолбасшылық тізбегін түгел бақылайды.

Оның айтуынша, дін, саясат және әскер мәселесіне келгенде бәрі Ахунзадаға бағынады. Ал оның үш орынбасары бар.

Саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Мулла Абдул Ғани Барадар саяси мәселелер жөніндегі комиссияны және Дохада келіссөздер жүргізу тобын басқарады.

Оңтүстік уәлаяттар басшысының орынбасары Мулла Мохаммад Якуб – "Талибанның" негізін қалаған марқұм Мулла Мохаммад Омардың ұлы. Сондай-ақ ол тәліптердің әскери операцияларын басқарады.

"Батыс аймақтағы" тәліптер.
"Батыс аймақтағы" тәліптер.

Ахунзаданың шығыс уәлаяттардағы орынбасары Сиражуддин Хаккани "Хаккани" желісін басқарады.

Мужахид тәліптерді басқарудың әскери құрылымы Якуб пен Хаккани үстемдік ететін әскери істер жөніндегі комиссияның құрамына кіретінін айтты.

Бұл басқару иерархиясында аудандық деңгейден бастап соғыс алаңына дейінгі әр командир уәлаяттың қолбасшысына бағынады.

Мужахид Азаттыққа жеті аудандық "шеңбер" барын, олардың әрқайсысы кемінде үш уәлаяттың қолбасшысына жауап беретінін айтты.

Бұл аймақтық "шеңберлерді" әскери істер жөніндегі комиссия басшысының екі орынбасары бақылайды. Олардың бірі тәліптердің "батыс аймағындағы" 21 уәлаятқа жауап береді. Екіншісі "шығыс аймақтардағы" 13 уәлаяттың қолбасшысына жетекшілік етеді.

Әскери істер жөніндегі комиссия "Талибанның" жасырын үкіметінің уәлаят пен аудан губернаторларын тағайындайды және бақылайды.

ҚАЖЕТ ЭВОЛЮЦИЯ

Сарапшылардың айтуынша, 2001 жылдан бастап "Талибан" басшылығының құрылымын өзгерту жергілікті командирлерден құралған бытыраңқы ұйымды мықты ұйымдасқан саяси әрі әскери қозғалысқа айналдыру қажетінен туындады.

2013 жылы "Талибанның" негізін қалаған Мулла Омар өлімінен соң тәліптер бәсекелес топтарға бөлінгенді. Соған жауап ретінде басшылық құрамда елеулі өзгерістер болды.

Пуштундардан құралған бұл бөлімшелер негізінен ұзақ уақытқа созылған билікке таластың салдары еді.

Бір тарап "Талибанның" келесі лидері ретінде Омардың ұлын қолдады. Оны қолдаушылар батыс және оңтүстік Ауғанстанда да бар, тәліптердің "Рахбари Шуре" дейтін (көпшілікке "Кветта Шура" деген атаумен танылған) басшылық кеңесінде де басымдыққа ие.

2019 жылы АҚШ Бейбітшілік институты (USIP) жүргізген зерттеуде тәліптер қарулы топтар арасындағы келіспеушілікті жою үшін Мулла Омардың өлімінен кейін команданың құрылымы қалай өзгерткені жазылған.

Зерттеуде ұйымдасқан әскери және саяси қозғалыс құрған "Талибанның" "көбірек аудан басып алып, басқара алғаны" айтылған.

Ол үшін "Талибан" қозғалысының жасырын басқару жүйесі құрылған. Бұл әртүрлі қарулы топтағы әскери командирлерге бақылаудағы аудандарға жасырын үкіметтің "лауазымды адамдарын" тағайындауға мүмкіндік береді.

Дегенмен, АҚШ Бейбітшілік институтының зерттеуінде "Талибанның" жасырын басқармасы "тұрақсыз және жүйесіз" деп жазылған. Салдарынан олар "Талибанның" қауымдағы күшін, жергілікті дәстүлерді, жеке командирлердің қалауын ескеріп", әртүрлі ережелер жасаған.

Ауғанстандағы қозғалыстың саяси тізбегінің жасалуына және құрылуына "Талибанның" басшысынан бастап жерілікті командирге дейінгі көптеген қатысушы маңызды рөл атқарды. "Талибанның" саяси бағытын жасау қаншалық орталықтандырылған болса, соншалық орталықсызданған болды. Бұл ретте басшылық та, соғыс алаңындағы жауынгерлер мен командирлер де ереже жасайды" деп жазылған зерттеуде.

Каллаханның сөзінше, Ауғанстанның болашағына негізінен "Талибанның" қазіргі басқару және бақылау құрылымын қаншалық сақтай алатыны әсер етеді.

"Ол нығая ма немесе ұлттық (деңгейден) гөрі аймақтық деңгейге үйлесетіндей орталықсыздана ма?" дейді Каллахан.

ҚАЗІРГІ "ТАЛИБАН"

"Қарапайым тілмен айтсақ, "Талибан" – ашулы ауғандар" дейді Каллахан Азаттыққа.

Оның сөзінше, елде "Талибанның" ұлты ауған емес содырлары мыңдап саналады.

"Бұл енді пуштун этноұлтшыл қозғалыс емес. Ол 1990 жылдарға қарағанда едәуір әралуан" дейді Каллахан.

Ауғанстанның солтүстігінде жүрген тәжік содыры.
Ауғанстанның солтүстігінде жүрген тәжік содыры.

Америкадағы Демократияны қорғау қорының (FDD) бас ғылыми қызметкері Билл Роджио тәліптердің 2020 жылы Дохадағы келісім кезінде берген уәдесінде тұратынына сенбейді. Олар адам құқықтарын қорғап, бақылауға алған аудандарға шетел содырларын кіргізбейтінін айтқан еді.

Демократияны қорғау қорының Long War Journal журналының бас редакторы Роджионың сөзінше, қазіргі "Талибан" Ауғанстанда ислам әмірлігін құрып, ауған халқына ислам құқығының қатал нұсқасын орнатқысы келетін қозғалыс сияқты көрінеді.

Бірақ Роджио қазіргі "Талибан" мен 1990-жылдары Ауғанстанның көп бөлігін бақылаған исламистік режим арасында айырмашылық бар дейді.

"Талибан" мүшелерінің көбі – ауғандар. Бірақ Пәкістанда да, Ауғанстанда да бар "Хаккани желісі" секілді топтар тұрғанда бұл оңай мәселе емес" дейді Роджио Азаттыққа. "Өзбек, тәжік азаматтар көп. Түркімендер де, негізінен ауған, бірақ қазір "Талибанға" кіретін хазарейлер де бар. Кейінгі жылдары "Талибан" бұл қауымдастыққа мықтап кіріп алды. Бұл қазіргі "Талибан" мен АҚШ-та 2001 жылғы 11 қыркүйекте болған лаңкестік шабуылға дейінгі "Талибанның" үлкен айырмашылығы".

Роджионың сөзінше, Ауғанстанда "Талибан" жағында шайқасып жүрген мыңдаған шетелдік жауынгер, оның ішінде Таяу Шығыстан келген "Әл-Қаида" мүшелері, Пәкістан мен Орталық Азия өкілдері бар.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі аналитикалық қолдау және санкцияларды бақылау тобының баяндамасында "Талибанның" Ауғанстандағы 85 мыңнан астам жауынгерінің 10 мыңға жуығы шетел содыры екені айтылған.

Олардың 6500-і – Пәкістан азаматы, қалғандары Орталық Азия мен Шешенстаннан келгендер немесе Таяу Шығыстағы "әл-Қаида" мүшелері.

"Талибанның" [әл-Қаидамен] негізгі байланысының компоненті – "Хаккани желісі". Екі топ арасындағы тығыз байланыс идеологиялық сәйкестікке, өзара байланысқа, топтардың әртүрлі мүшелері арасындағы ортақ күрес пен некеге негізделген" деп түйіндейді БҰҰ бақылаушылар тобы.

Азаттықтың Тәжік редакциясы арнайы репортажда "Талибан" Ауғанстанның солтүстігіндегі бес ауданның шекарасына Тәжікстанда тыйым салынған содырларды күзетке қойғанын жазды.

Махди Арсалон деген атымен танылған 25 жастағы командир Тәжікстанның Рашт алқабының шығысындағы Шербегиен ауылында туған.

Ауғанстанда Арсалон мен оның содырларын "тәжік тәліптері" деп атайды.

Шын мәнінде олар "Ансарулла жамағаты" тобының мүшесі. Оны он жыл бұрын Душанбедегі үкіметті құлату үшін оппозиция командирі құрған.

Тәжікстан "Ансарулла жамағатына" тыйым салған.

Ауғанстанның солтүстік-батысындағы Азаттық тілшілері жақында тыйым салынған "Өзбекстан исламистік қозғалысымен" байланысы бар өзбек содырларының барын хабарлады.

Бадгис уәлаятының губернаторы Хоссамуддин Шамс Азаттыққа солтүстік пен батыстағы кей жерлерде "Талибан" әскерін өзбек содырлары басқаратынын айтты.

Шамстың сөзінше, 2018 жылы Пәкістаннан Бадгис уәлаятына 80 өзбек содырының отбасы келген және қазір олар Бала-Мургаб ауданында тұрып жатыр.

Абдул Ғани Барадар (төменгі оң жақта) Дохада тәліптер атынан келіссөз жүргізіп отыр.
Абдул Ғани Барадар (төменгі оң жақта) Дохада тәліптер атынан келіссөз жүргізіп отыр.

Ол осы өзбек тәліптердің көбі 2001 жылдың аяғында Тахар уәлаятындағы шайқаста "Талибанға" көмектескеннен соң Пәкістаннан қашқан "Өзбекстан исламистік тобы" содырларының баласы екенін айтты.

Ауғанстанның солтүстік көршілері "Талибанның" Орталық Азиядан шыққан содырлары ақыр соңында отанына барып бүлік шығара ма деп алаңдайды.

Каллаханның сөзінше, "Талибан" арасында шетел содырлары жоқ деген сөз "шындыққа жанаспайды".

"Олар басып алған аудандардың бәрін бақылауға адам жетпегендіктен соларды пайдаланып жатқан сыңайлы. Қазір пәтуа жасады... Тәліптердің солтүстіктегі әрекеті тұсында кейінгі айларда әскери іс-әрекеттерге Ауғанстан мен Пәкістан содырларының саны аз болғандықтан, шетел содырлары қатысып жатқаны хабарланып жатыр" дейді Каллахан.

Нангархар уәлаятындағы содырлар.
Нангархар уәлаятындағы содырлар.

Каллахан Пекин Ауғанстанның солтүстік-шығыстағы Бадахшан уәлаятында "Талибан" Қытайдың солтүстік-батысындағы ұйғырларды пайдаланып жатқаны туралы хабар тарағанын айтты. Ол "Талибан" өз қатарында шетел әскері барын жоққа шығарумен болады дейді:

"Қытайдың Ауғанстанда мүддесі бар. Пекин билік Ауғанстан үкіметінің қолында болса да, "Талибанға" өтсе де, екі жағдайдан да туындайтын қатерге, олардың кез-келгенімен байланыс орнатуға дайын сияқты. "Талибанмен" жұмыс істейтін шетел содырларының, әсіресе, ұйғырлардың болуы "Талибан" мен Қытайдың болашақтағы қарым-қатынасына қауіп төндіреді".

"ТАЛИБАН" VS АУҒАНСТАН ҚАУІПСІЗДІК КҮШТЕРІ

"Талибан" әскер саны бойынша, технологиялық мүмкіндіктер бойынша Ауғанстан қауіпсіздік күштерінен артта қалған.

Бірақ сарапшылар Ауғанстанда көп жағдайда қағаздағы деректер мен шынайы жағдай сәйкес келе бермейтінін ескертеді.

Ауғанcтан қауіпсіздік күштері, оның ішінде ішкі істер министрлігі құрамындағы полиция мен қорғаныс министрлігінің құрамындағы әскер "Талибанның" елдегі содырларынан кемінде үш есе көп деген болжам бар.

Ауғанстанды қалпына келтіру жөніндегі Америка арнайы бас инспекторы конгреске ұсынған баяндамасында Ауғанстан қауіпсіздік күштерінің жалпы саны әскерді, арнайы жасақты, әскери-әуе күштерін, полиция мен офицерлер барлауын қосқанда 307 мыңдай деп жазған.

Вирджиния штаты Арлингтон қаласындағы CNA қауіпсіздікті зерттеу орталығының сарапшысы Джонатан Шроден Ауғанстан үкіметінде 180 мың әскери қызметкер бар дейді.

Ауғанстанға АҚШ та қолдау көрсетті. АҚШ 2001 жылдың соңында "Талибан" режимі құлағаннан бері Ауғанстан қауіпсіздік күштерін қолдауға, үйретуге, қару-жарақпен қамтуға, құрылысқа қолдау ретінде 83 миллиард доллар жұмсады.

Ауғанстан әскері АҚШ-тан ұшақтар, әскери тікұшақтар, винтовка, түнде көруге арналған құрылғы, дрондар алды.

Ауғанстанды қалпына келтіру жөніндегі арнайы бас инспектор Ауғанстан қарулы күштерінде 167 ұшақ пен әскери тікұшақ барын хабарлады.

Дегенмен, кейінгі 20 жылда Кабулге жеткізілген қару-жарақ пен қазір қолжетімді қару-жарақ екеуі екі түрлі нәрсе.

Ауғанстанның қазіргі жағдайы туралы мұндай ақпарат құпия саналады.

Black Hawk тікұшағынан түсіп жатқан ауған үкіметі сарбаздары.
Black Hawk тікұшағынан түсіп жатқан ауған үкіметі сарбаздары.

Дегенмен, ресми емес мәліметтер осы жылдары Ауғанстан үкіметіне және үкіметке қарайтын ұйымдарға жеткізілген қару-жарақтың көбі қазір істен шыққанын немесе "Талибанның" қолына түскенін көрсетеді.

Роджио мен Каллахан "Талибанның" басты қаруы Ауғанстан жерінде деп ойлайды. Олардың сөзінше, бұған жуырда басып алған қару-жарақ, батыста өндіріліп, ауған әскеріне жеткізілген әскери техника кіреді.

Арсеналда 1980 жылдардағы ауған-совет соғысынан қалған атыс қаруы, жеңіл қару, атап айтқанда АК-47 совет автоматы, реактивті граната атқыш пен мина атқыштар бар.

"Талибан" жөніндегі сарапшы Антонио Джустоцци тәліптердің арасында зенитті қару мен танкілерге қарсы қаруды қолданғанын айтады. Ал кішігірім зымырандар, қолдан жасалған жарылғыш заттар тәліптер қолданатын ең қауіпті қару саналады.

Сарапшылар тәліптердің қара нарықта да қару алатын көп жері барын айтады.

"Талибан" Ауғанстанның оңтүстігі мен шығысында Пәкістаннан әкелген тыңайтқыштарды жарылғыш заттар жасауға пайдаланады.

АҚШ пен Кабул үкіметі Пәкістан, Иран және Ресей секілді елдерді тәліптерге қару беріп отыр деп айыптайды. Бірақ аталған елдер мұны жоққа шығарады.

Материалды әзірлеуге Азаттық радиосы Ауған қызметінің тілшілері атсалысты. Олардың аты-жөні қауіпсіздігі үшін аталмайды. Сондай-ақ Азаттық радиосы Тәжік қызметінің мәліметтері де қолданылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG