Accessibility links

"Саяси реформаға үндеу – қылмыс емес". HRW Жанболат Мамайға ауыр айып қайта тағылғанын сынады


Жер реформасына қарсылық танытып тұрған "Демпартия" жетекшісі Жанболат Мамай мен оның жақтастары. Мамыр, 2021 жыл.
Жер реформасына қарсылық танытып тұрған "Демпартия" жетекшісі Жанболат Мамай мен оның жақтастары. Мамыр, 2021 жыл.

Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы оппозиция белсендісі Жанболат Мамайға "жаппай тәртіпсіздік" бойынша қайта айып тағылғанын сынап, айыптау актісінде белсендінің "кінәсін" дәлелдейтін ешқандай айғақ жоқтығына назар аударады. "Саяси реформаға үндеу – қылмыс емес, бірақ Мамайды 10 жылға бас бостандығынан айыру қылмыс болатыны сөзсіз" деп тұжырымдайды ұйым.

26 қаңтарда прокуратура Жанболат Мамайға Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыпты қайта таққан еді.

"Айыптау актісінде Мамайдың аталған "қылмысты" жасағанын дәлелдейтін ешқандай айғақ жоқ. Прокурорлардың айтуынша, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру мақсатында Мамай Facebook-те видео жариялап, Алматы тұрғындарын 4 қаңтар күнгі бейбіт шеруге қосылуға үндеген, Жаңаөзен қаласына ондаған мың адам жиналды деп көпшілікке қате ақпарат айтқан. Әділ сайлау, әділ үкімет, саяси реформа мен парламентті таратуға, саяси партияларды тіркеуге шақырып, адамдардың эмоциясына әсер етті дейді... Алайда айыптау актісінде Мамайдың қандай да бір күш қолданғаны немесе күш қолдануға шақырғаны жазылмаған. Себебі оған дәлел жоқ" деп жазылған ұйым хабарламасында.

Қаңтардың соңында прокуратура Жанболат Мамайға Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыпты қайта таққан еді. Сол кезде айыптау актісін оқыған прокурор белсенді Жанболат Мамай "Алматы Арена" сарайы алдында сөйлеген кезде "қоғам қарсылығын арттыратын" "деструктив тәртіпті насихаттады", "елдегі саяси-экономикалық ахуалды тұрақсыздандырып жіберуі мүмкін сөздер айтты" деген еді. Прокурордың айтуынша, "Мамайдың 3-4 қаңтар күнгі сөздері мен видеомәлімдемелерінде саяси талаптар бар".

Мамайдың өзі бұған дейін айыптарды жоққа шығарған. "Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" туралы айып Мамайдан осыдан шамамен екі ай бұрын белсендінің әйелі Инга Иманбай Еуропарламентте сөйлер алдында алып тасталған еді. Сол кезде Инга Иманбай Жанболат Мамайға тағылған айыптың жеңілдеуіне халықаралық қысым түрткі болды деп мәлімдеген.

Қазір белсендіге үш бап бойынша айып тағылған: "жалған ақпарат тарату", "билік өкілін қорлау" және "жаппай тәртіпсіздік". Алдыңғы екі баптың Қаңтар оқиғасына қатысы жоқ. Мамай соты 7 қарашада басталған. Заңгерлер сот белсендіні кінәлі деп тапса, 10 жылға түрме жазасын беруі мүмкін дейді.

HRW ұйымы жұма күнгі хабарламасында елде парламент сайлауы жақындап келе жатқанын, елде тәуелсіз оппозициялық партиялар тіркеле алмағанын, солардың арасында Мамайдың саяси ұйымы да барын еске салған.

Тіркелмеген "Демократиялық партия" жетекшісі Жанболат Мамайға қатысты қозғалған істі зерттеуші ағылшын комиссиясының мүшелері қаңтар аяғында Қазақстан билігі белсендінің өзімен кездесуге тыйым салғанын және билік өкілдерінің өзі кездесуден бас тартқанын мәлімдеген.

Былтырдан бері халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін белсенді Жанболат Мамайды босатуға үндеп келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG