Accessibility links

Тіркелмеген "Демпартия" жетекшісі Жанболат Мамайға тағылған айыптардың бірі жеңілдетілді


Жанболат Мамайды босатуды талап еткен акция.
Жанболат Мамайды босатуды талап еткен акция.

"Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды" деп айыпталған тіркелмеген "Демпартия" жетекшісі Жанболат Мамайға тағылған айып "Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" бабымен (400-бап) алмастырылды. Бұл жөнінде сәрсенбі күні Еуропарламенттің адам құқығы жөніндегі шағын комитет отырысында сөйлеген белсендінің әйелі, журналист Инга Иманбай хабарлады.

Оның айтуынша, күйеуіне тағылған бап 24 қазанда алмастырылған. "Тағылған айыптардың абсурд екенін түсінген билік халықаралық қысым нәтижесінде бостан-босқа жала жауып отырғанын мойындауға мәжбүр болды" деді Инга Иманбай.

Бұған дейін бірқатар халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Жанболат Мамайды босатуға шақырған. Тамыз соңында Қазақстанға келген Еуропарламент депутаттары Астананы белсенділерді қудаламауға, оның ішінде Мамайды босатуға үндеген.

– Сайлаудың алдында, үлкен қысымның арқасында Жанболаттан ауыр баптар алынды, бірақ, десек те Жанболат әлі қамауда отыр. Қазір Жанболат үш бап бойынша әлі қамауда: ол жаңағы 400-бап, 378-бап ("билік өкілін қорлау") және 274 ("жалған ақпарат тарату"). Бұлардың барлығы шын мәнінде орта деңгейдегі қылмыс болып саналады. Ол үшін тергеу изоляторына қамамайды, бірақ десек те Жанболат әлі де қамауда отыр, – деді Инга Иманбай Азаттыққа.

Қазақстанның демократиялық партиясын тіркей алмай келген саяси белсенді Жанболат Мамай биыл ақпанда – Қаңтар құрбандарын еске алу жиынына қатысқаны үшін ұсталған. 15 күн әкімшілік қамауға алынған Мамай ізінше тергеу изоляторына ауыстырылды. Оған "жалған ақпарат тарату" және "билік өкілін қорлау" баптары бойынша айыптар тағылды.

Маусымда Иманбай күйеуіне Қаңтар кезінде "жаппай наразылық ұйымдастырды" деген тағы бір айып тағылғанын да хабарлаған. Мамайдың айтуынша, билік оны 4 қаңтарда "Алматы Арена" кешені маңындағы митингіні "ұйымдастырды" деп кінәлағысы келеді. Мыңнан астам адам жиналған митингіні сол күні полиция күшпен таратқан еді. Мамай тағылған айыпты жоққа шығарып, тәртіпсіздікке қатысы жоғын айтқан. Айыптарды саяси қудалау деп атаған.

Иманбай сәрсенбі күні сөзінде Қаңтар кезінде елдің батысында сұйытылған газдың қымбаттауынан туындаған наразылық бейбіт өткенін, бірақ билік "қорқып", "опасыз шешім" қабылдағанын айтты. Қаңтар басында бүкіл елді қамтыған наразылық кезінде күштік құрылымдар бейбіт наразыларды күшпен таратып, Алматыда оқиға соңы тәртіпсіздікке ұласты, әкімшілік ғимараттар өртеніп, бизнес нысандары тоналды. Ресми мәлімет бойынша, оқиғадан кемінде 238 адам қаза болды, алтауы ұсталғаннан кейін азаптаудан көз жұмған.

  • Құқық қорғаушылар жеті айдан кейін билік жариялаған Қаңтар құрбандарының тізімі "толық емес" екенін айтты. Онда құрбандардың толық аты-жөні, жасы, жынысы, азаматтығы, өлімі жөнінде жай-жапсар ақпарат жоқ. Халықаралық және қазақстандық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасын халықаралық дәрежеде зерттеуге үндеген. Ақорда "бұған қажеттілік жоқ" деп мәлімдеген.

(Жаңалықты әзірлеуге Мәншүк Асаутай да қатысты).

XS
SM
MD
LG