Accessibility links

Bloomberg: WSJ журналисі Эван Гершковичті тұтқындауға Путин пәрмен берген


Журналист Эван Гершкович
Журналист Эван Гершкович

Wall Street Journal тілшісі Эван Гершковичті тұтқындауға Ресей президенті Владимир Путиннің өзі пәрмен берген деп жазды Bloomberg агенттігі өз дереккөздеріне сүйеніп. Гершкович – қырғиқабақ соғыс аяқталғалы бері Ресейде "тыңшылық жасаған" деген күдікпен тұтқындалған алғашқы журналист.

Bloomberg агенттігі сөйлескен, осы жағдайдан хабары бар адамдар (аты-жөнін атамайды) "ыңғайсыз" шетелдік журналисті қылмыстық айып тағып қудалауға ел президентінің қатысы болуы Кремльде Вашингтонмен текетіресті ушықтыра беруден қымсынбайтындардың ықпалы артып бара жатқанын көрсетеді деген.

Еуропалық саяси талдау орталығының президенті Алина Полякованың агенттікке айтуынша, Гершковичті тұтқындау – АҚШ-қа ғана емес, күллі Батысқа сес көрсету. "Бұл Путиннің тұрақты әрі сенімді қарым-қатынасты қалпына келтіру ойы жоқ екенінен белгі береді" деген Полякова.

Бұған қоса, Bloomberg агенттігінің ақпарат көздері америкалық журналисті "тыңшы" деген айып бойынша тұтқындау туралы бастаманы Ресей арнаулы қызметінің жоғары лауазымды шенеуніктері көтергенін айтқан. Арнаулы қызмет тікелей Путинге бағынады деп жазды агенттік.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "бұл – Путиннің шешімі емес, өз жұмысын атқарған арнаулы қызметтің толық құзырындағы мәселе" деп мәлімдеген.

Ресей билігі америкалық The Wall Street Journal басылымының тілшісі Эван Гершковичті биыл 29 наурызда Екатеринбургте "тыңшы" деген күдікпен ұстаған. Сот Гершковичті екі айға тұтқындауға шешім шығарған. Ресейдің тергеу органдары Гершковичке тағылған айыптың егжей-тегжейін ашып айтпастан, ол АҚШ-тың тапсырмасымен ресейлік әскери-өндірістік кешен кәсіпорны туралы деректер жинаған деді. Кремль Гершковичті әшкерелейтін айғақтар бар деп мәлімдеген, бірақ нақты не екенін айтпады.

Гершкович тағылған айыпқа келіспейді. Wall Street Journal редакциясы шпионаж туралы айыпты үзілді-кесілді жоққа шығарып, "Гершкович кәсіби жұмыс атқарды" деп мәлімдеді. Мысалы, ол "Украинадағы соғысқа белсене қатысып жатқан Ресейдің "Вагнер" жекеменшік әскери тобының қатарында майданда өлгендер туралы Екатеринбург тұрғындарының пікірін сұрап, сауалнама жүргізген" деді басылым.

АҚШ мемлекеттік департаменті журналист Эван Гершковичті Ресейде "заңсыз ұсталған тұлға" деп таныды, яғни кепілге алынған адамға теңестірілетін статус берді. Бұл статус Вашингтонға журналисті босату үшін қосымша тетіктер қолдануға, мысалы, АҚШ азаматын айырбастау арқылы босату жөнінде келіссөз жүргізуге мүмкіндік береді.

Ресей заңы бойынша, "тыңшылық" жасаған адам 20 жылға дейінгі мерзімге түрмеге қамалады.

АҚШ бұған дейін өз азаматтарына қауіпсіздік мақсатында Ресейден кетіп қалуды ескерткен​.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG