Accessibility links

Блинкен мен Лавров Мәскеу қамауға алған The Wall Street Journal тілшісі жөнінде сөйлесті


Эван Гершкович.
Эван Гершкович.

АҚШ пен Ресей сыртқы істер ведомстволарының басшылары Энтони Блинкен мен Сергей Лавров жексенбіде телефон арқылы сөйлесті. Блинкен Мәскеу "тыңшылық жасады" деп қамауға алған The Wall Street Journal тілшісі Эван Гершковичті дереу босатуды талап етті.

АҚШ мемлекеттік департаментіне сілтеген "Америка дауысы" Энтони Блинкен журналистің тұтқындалуына қатты алаңдайтынын білдіріп, оны "келеңсіз жағдай" деп атағанын хабарлады. Блинкен мен Лавров дипломатиялық миссиялардың жұмысын жалғастыруға мүмкіндік беретін жағдай туғызудың маңызын да сөз еткен.

Бұл әңгіме жөнінде Ресей сыртқы істер министрлігінің Telegram-дағы арнасының хабарына қарағанда, Сергей Лавров Блинкенге "Ресей билігінің шешімін құрметтеу керектігін" айтқан. "Вашингтонның ресми тұлғалары мен Батыс ақпарат құралдары бұл іске саяси сипат бергісі келетіні, жағдайды ширықтыруға болмайтыны айтылды" деп жазылған Ресей СІМ мәтінінде.

Сергей Лавров Америка журналисі нақты айғақтармен ұсталғанын айтқан. Бұған дейін Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та солай деген.

Бейсенбі күні Мәскеу соты Эван Гершковичті екі айға, 29 мамырға дейін қамауға алған. Оның Екатеринбургте қамауға алынғаны мәлім болған. Ресей қауіпсіздік қызметі "журналист АҚШ-тың тапсырмасымен Ресейдің құпия әскери-өндірістік кешені жөнінде мәлімет жинаумен айналысқан" деген ақпарат таратқан. Гершкович 20 жылға дейін бостандығынан айырылуы мүмкін.

Өткен жұма күні АҚШ мемлекеттік департаменті консулдық өкілінің қамаудағы журналиспен кездесуіне рұқсат алу мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеген.

Ақ үй Эван Гершкович тыңшылық жасады дегенді "сандырақ" деп атаған. АҚШ президенті Джо Байден мен The Wall Street Journal редакциясы журналисті босатуға үндеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG