Accessibility links

"Бірақ..." жабылды, продюсер қызметінен кетпек. Күйеуінен таяқ жеген әйелді жылатқан ток-шоу қоғам ашуын туғызды


Хабар" телеарнасы эфирінен берілген "Бірақ..." ток-шоуынан скриншот.
Хабар" телеарнасы эфирінен берілген "Бірақ..." ток-шоуынан скриншот.

Мемлекеттік "Хабар" арнасының "Бірақ..." ток-шоуы ұзақ уақыт күйеуінен зәбір көрген әйелді эфирде жылатып, күйеуіне қоспақ болғаны үшін сынға қалып, лезде жабылды. Ал "Хабар" арнасының бас продюсері Дастан Шымырбай "жауапкершілікті өз мойнына алып, қызметінен кетіп жатқанын" айтады. Бағдарлама кейіпкері "Хабар" арнасын заң жүзінде жауапқа тартқысы келеді.

ТОК-ШОУДА НЕ БОЛДЫ?

11 наурыз кешке "Хабар" телеарнасының "Бірақ..." ток-шоуы "күйеуімнен 18 жыл бойы жапа шектім" деген Гүлмира есімді әйелді студияға шақырады. 40 жастағы әйел Шымкенттен күйеуінен қашып, алты баласымен Астанаға келгенін айтады. Балаларымен бірге тұрмыста зорлық-зомбылық көргендерге арналған дағдарыс орталығынан пана тапқан.

Студияға бетперде тағып келген әйел күйеуінің балалары мен өзіне көрсеткен қорлығы жайлы өкси отырып баяндай бастайды. Сол кезде ток-шоу жүргізуші Әсем Изатқызы "Сізді ұруға не себеп? Кейде еркектер тамақ істемегені үшін, кейде жұмысқа барғаны үшін, кейде қызғаныштан ұрады" деп сұрайды. Әйел жұмысқа барғаны үшін таяқ жегенін айтады.

"Зорлық көрген әйелді абьюзердің құшағына итермелеу". "Хабардың" ток-шоуы қоғам сынынан соң жабылды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:34 0:00

Хабардың ортасында жүргізушілер кейіпкердің күйеуін студияға шақырады. Ол балаларын ұрғанын жоққа шығармайды. Ал үйдегі ұрыс-керістің бәрі "тазалық жоқтығынан" дейді. Бағдарламадағы екінші жүргізуші Самат Толықбай "Бәлкім, [ер адам] араққа салынып кетті ма екен не әйелдің өзі апарды ма екен? Сондықтан екі жақ түсінісіп, мүмкін, шыдау керек шығар?" дейді. Осыдан кейін журналистер ғана емес, студияға сарапшы ретінде шақырылғандар да әйелге ақыл-кеңес айтып, "қасиетті Рамазан айында күйеуіңді кешір" деп көндіруге тырысады. Кейін жүргізушілердің қолдауымен күйеуі әйеліне гүл сыйламақ болады. Ал әйел "балаларым әкесімен сөйлескісі келмейді, көргісі келмейді" деп дауыстап жылап, гүлді кері қағады.

Бағдарламаға басынан өткен жайтты баяндауға келген әйел эфирде күйеуі де болатынын білмеген.

13 наурызда жұрт "ток-шоу күйеуінен таяқ жеген әйелге көмектесудің орнына, қол көтеріп келген жұбайына қайта қоспақ болды" деп сынай бастады. Продюсер, интервьюер Тимур Балымбетов, әйелдер мәселесін көтеріп жүрген коуч Роза Әшірбаева инстаграм желісінде биліктен отбасындағы зорлық-зомбылыққа көз жұмған бағдарламаны жабуды, ток-шоуды эфирге дайындаған журналистерді жұмыстан кетіруді талап етеді.

"ХАБАРДЫҢ" БАС ПРОДЮСЕРІ ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТПЕК

Желіде сын күшейген тұста мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "Бірақ..." бағдарламасы "діттеген мақсатына жете алмай, кейіпкерді жаңылыстыру арқылы қоғамда түрлі пікір туғызғанын" айтып, "ток-шоу жабылады" деп мәлімдеді. Министр бағдарлама "кейіпкерлерді көпшілік алдында қорламауы қажет еді" деді.

Ал 14 наурызда "Хабардың" бас продюсері Дастан Шымырбай Азаттыққа осы шуға байланысты қызметтен кетіп жатқанын, "редакция қателескенін, жауапкершілікті мойнына алатынын" айтты.

– Бағдарламада тиранды әйелімен табыстырайық деген ойымыз болмады, тек екі тарапты [хабарға] шақырамыз деген ой болған. Директор әкімшілік жұмыстармен айналысады, мен эфирден өтетін хабарлардың мазмұнына жауап беремін. Кешегі жағдайдан соң басшылыққа барып, жұмыстан кететінімді айттым. Арыз жаздым. Ешкім мәжбүрлеген жоқ. Қазір жұмыстан кету қағазын толтырып жүрмін, – деді арнаның бас продюсері.

Ал студияға кейіпкер болып келген әйел ток-шоудан кейін қатты күйзеліп, өз-өзіне келе алмай жатыр. Бұл жөнінде Азаттыққа сол әйел паналап отырған дағдарыс орталығының жетекшісі Анна Рыль айтты.

– "Хабар" телеарнасы Гүлмираны шақырғанда татуласу туралы әңгіме болған жоқ. Келіскен себебі, ол бұған дейін "Астана" арнасына да сұхбат берген, ол жерде бәрі ойдағыдай болған, – дейді ол.

Орталық жетекшісі әйел мен балаларына тіркеуге тұруға, білім алуына көмектесіп, логопед, психолог мамандар жәрдемдесіп жатқанын айтады.

– Гүлмира бұған дейін ажырасу үшін заңгер көмегіне жүгінген. Енді "Хабар" арнасын жауапқа тарту үшін де заңгерге жүгінбек, – дейді Анна Рыль.

"ЗӘБІР КӨРУШІНІ АБЬЮЗЕРДІҢ ҚҰШАҒЫНА ИТЕРМЕЛЕУ – ШЕКТЕН ШЫҒУ"

"Хабар" арнасының қорлық көрген әйелді күйеуімен татуластыру талпынысы қоғамды тіксінтті. Әлеуметтік желіде жұрт арнаның бұл әрекетін "кәсіби қызметке қайшы, адамгершілікке де жат" деп бағалады. Мәселен, киносыншы, журналист Әсия Бағдәулетқызы желідегі жазбасында медиа этика мәселесін көтерді.

"Біреудің травмасын азық қылғаны аздай, зорлық көрушіні абьюзердің құшағына итермелеу, оған ақыл айту деген шектен шыққандық... Мына ана сияқты қорғансыз жандардың жан азабын эксплуатациялап, жылатып-еңіретіп, содан spectacle (қойылым) жасамақ болған дүниені көрсетуге жол берілмеу керек. Медиа этиканы білмейтіндер қалайша эфирге жіберіледі?" деп жазды Facebook-те.

Медиа сарапшы, журналистика мамандығының оқытушысы Молдияр Ергебеков "қоғамның салығы арқылы жұмыс істейтін кез келген медиа рейтинг қуалап, саржағал материалдар өндірмеуі керек. Оның орнына жекеменшік-коммерциялық медианың жасай алмаған, яғни танымдық, ғылыми, мәдени, саяси-экономикалық, сапалы көңіл көтеретін контент жасауы тиіс" деді желіде.

Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы, медиа сарапшы Думан Смақов "тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жағдай ушығып тұрған тұста телеарнада осындай дүние жасау этикаға сай емес" деп санайды.

– Қазақстанда зорлық-зомбылыққа қарсы заң күшейіп жатқанда, бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталып, сотқа тартылып жатқан кезде, бұрын жабық болған тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі ашық айтыла бастаған шақта мұндай хабардың эфирге шығуы қоғамға қатты әсер етті. Бұл жағдай медиа этика мәселесі бір журналиске ғана емес бүкіл медиаға қатысты мәселе екенін көрсетті деп ойлаймын, – дейді Смақов Азаттыққа.

Кейінгі кезде Қазақстан қоғамында отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі жиі көтеріліп, парламент пен билік тұрмыстық зорлыққа қарсы заңды күшейтуге тырысып жатыр. Бұрын елде отбасында қысым көрсеткендерге тек әкімшілік жаза қарастырылса, мәжіліс мақұлдаған жаңа заң жобасында тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамды қылмыстық жауапқа тарту қарастырылған. Қазір заң жобасын сенат қарап жатыр.

Елде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны күшейту туралы құқық қорғаушылар бұрыннан айтып келген еді. Былтыр бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтірді деген айыппен қамауға алынған соң елде жазаны қатаңдатуға үндеген талап қайта күшейді. Осыдан соң ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке әйел мен баланы қорғайтын, тұрмыстық-зорлық зомбылық жасағандарға жазаны күшейтетін заң жобасын дайындауды тапсырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG