Accessibility links

Ресей ОСК президент сайлауында Путин 87 пайыз дауыспен жеңіске жетті деп хабарлады


Ресей орталық сайлау комиссиясы (ОСК) Владимир Путин президент сайлауында жеңіске жетті деп хабарлады. Сайлау бюллетеньдерінің 97 пайызы саналғаннан кейінгі есеп бойынша, Путин 87,3 пайыз дауыс алған. Бұл оның 2030 жылға дейін жоғары билікте отыратын бесінші мерзімі болмақ.

Бюллетеньде төрт кандидаттың аты-жөні болды. Путин өзін-өзі ұсынды, Николай Харитонов (КПРФ – коммунистер) – 4,3 пайыз дауыс жинаса, Владислав Даванков ("Новые люди") – 3,8 пайыз, Леонид Слуцкий (ЛДПР) – 3,2 пайыз дауыс алған. Бюллетеньдердің 1,4 пайызы жарамсыз деп танылған: көптеген сайлаушы кандидаттарды жақтырмаған.

Ресей ОСК соғысқа қарсы екенін мәлімдеген президенттікке үміткерлер – Ржевтен шыққан журналист Екатерина Дунцова мен Долгопрудный қаласының муниципалды депутаты Борис Надеждинді сайлауға қатыстырмай қойды. Дунцоваға қол жинауға рұқсат бермеді. Надеждин өзін қолдайтын 200 мыңнан астам адамнан қол жинаған, бірақ ОСК олардың ішінде "жарамсыз" парақтар барын алға тартты. Надеждин сотқа жүгініп көрді, бірақ жеңе алмады.

2000 жылдан бері Ресей президенті лауазымына бес рет ұсынылған Путин өткен сайлаудың ресми қорытындыларымен салыстырғанда бұл жолы ең көп дауыс жинады. 2018 жылы ол 76,7 пайыз дауыспен президент болып қайта сайланған. 2020 жылы Путин Конституцияға өзіне әлі екі мерзім президенттікке түсуге мүмкіндік беретін түзетулер енгізу туралы жарлыққа қол қойған еді. 2022 жылы ақпанда Путин Ресей қарулы күштеріне Украинаға басып кіруге бұйрық берді.

Алдын ала мәліметке сәйкес, бұл жолғы сайлауда ресейлік сайлаушылардың 74,2 пайызы дауыс берген. Ондаған аймақта жалған сайлаушылар қаупі анықталды, бірқатарында ұқсас шамадағы сайлау учаскелері шықты. Мұндай жағдай Дағыстанда, Кемерово, Белгород, Иваново облыстарында, Ханты-Мансий автономиялық округінде, Ямал-ненец автономиялық округінде байқалды.

Билікке жақын Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығы (ВЦИОМ) мен Қоғамдық пікір қоры (ФОМ) жариялаған экзит-полл мәліметінше, Путин 87 пайыздан астам дауыспен көш бастап тұр. Надеждин командасы мен тәуелсіз ExtremeScan әлеуметтік жобасы аз нәтиже шығарды – Путинге сайлаушылардың 76 және 55 пайызы дауыс берген.

Ресей президентін сайлауға дауыс беру Украинаның оккупацияланған аймақтарында, сондай-ақ аннексияланған Қырым мен Севастопольде де өтті. Батыс елдері оккупацияланған аймақтарда сайлау өткізуді айыптады. Ондағы дауыс беру қорытындысын Батыс елдері мойындамайды. Жергілікті халық өздерін дауыс беруге мәжбүрлеп, қысым көрсеткенін айтты. Ресми мәліметтерге сәйкес, сайлаушылардың 90 пайызы «Путинді жақтап» дауыс берген.

Сайлаушы құқын қорғап келе жатқан "Голос" қозғалысы дауыс беру және дауыстарды санау кезінде бірқатар заңсыздық болғаны туралы жазды: оның ішінде бюллетеньдерді топтап салу, "карусель" әдісі және бюджеттен еңбекақы алатын қызметкерлер дауыс берген кезде болған. "Голос" президенттік науқанды қазіргі Ресей тарихындағы "ең мағынасыз" деп бағалады. "Кандидаттар сайлауға қатысуға және сайлаушылар дауысына ие болу үшін күресуге деген шынайы ниетін көрсетуге де тырыспайды" делінген "Голос" мәлімдемесінде.

Сайлаушылар дауыс берген үш күнде бюллетень бүлінген бірнеше жағдай болды: түрлі аймақта сайлаушылар сайлау жәшіктеріне жасыл дәрі немесе бояу құйып, өрт қойған оқиғалар тіркелген. Ресей ІІМ 60-тан астам қылмыстық іс қозғалғанын, 150-ден астам әкімшілік хаттама толтырылғанын хабарлады. Қылмыстық істердің басым бөлігі – террористік акт туралы көрінеу жалған ақпарат пен сайлаушыларға кедергі келтіру туралы баптар бойынша қозғалған.

"ОВД-Инфо" мәліметінше, Ресейде президент сайлауына дауыс беру кезінде 21 қалада жүзден астам адам ұсталған. Олардың басым бөлігі – Қазан мен Мәскеу қалаларында.

Ресей оппозициясы қазіргі президент Владимир Путин жүргізіп отырған саясатпен келіспейтіндерді сайлаудың соңғы күні, 17 наурызда жергілікті уақыт бойынша сағат 12.00-де сайлау учаскесіне баруға үндеген. Акция "Путинге қарсы талтүс" деп аталды. Сол уақытта Ресейдің көптеген қаласында – Мәскеу, Санкт-Петербург, Екатеринбург, Томск, Пермь, Челябинск, Новосибирскіде дауыс беретін орындарда ұзын-сонар кезек байқалды.

Шетелде дауыс беруге әлемнің 144 елінде және өзін-өзі жариялап алған республикаларда Ресей елшіліктерінде сайлау учаскелері ашылды. 17 наурызда оларға жүздеген адам дауыс беруге барды. Рига, Берлин, Подгорица, Тель-Авив пен басқа да қалаларда көптеген адам учаскелер жабылуына немесе бюллетень жетіспей қалуына байланысты дауыс бере алмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG