Accessibility links

Бишімбаев сотында "алқа билер кадрға түсіп қалғаннан кейін" БАҚ өкілдері залдан шығарылды


Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев
Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев

10 сәуірде Бишімбаев сотында сотқа төрағалық жүргізіп отырған судья Айжан Құлбаева БАҚ өкілдерін залдан шығарды. Судьяның түсіндіруінше, жуырда телеарналардың бірінің эфирінде алқабилер көрсетілген. Бұл жөнінде "Информбюро" сайты жазды.

Судья БАҚ өкілдеріне алқа билерді түсіруге болмайтыны ескертілгенін еске салды.

"Тексеру нәтижесі дайын болғанға дейін қылмыстық істі объективті және дұрыс қарау үшін сот барлық бұқаралық ақпарат құралдарын, сот ғимаратындағы арнайы бөлінген бөлмеден хабар тарата алатын барлық азаматтарды сот отырысы залынан шығару қажет деп санайды" деді судья.

Жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, залда отырғандардың барлығы алқа билерді көре алады. Жоғарғы соттың трансляциясында алқа билер көрсетілмейді.

44 жастағы бұрынғы шенеунік Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі жолдасы Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған. Аталған істе Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжановқа да "қылмысты хабарламады" және "жасырды" деген айып тағылған.

11-12 наурыз күнгі алдын ала сот тыңдауында ақпарат құралдары процесті арнайы бөлмедегі монитордан бақылаған. Сол кезде залда ақпарат құралдарына орын жоғы айтылған еді.

XS
SM
MD
LG