Accessibility links

Қырғызстан Атырау облысына гуманитарлық көмек берді


Су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланған Атырау облысына Қырғызстаннан гуманитарлық көмек жетті. Бұл жөнінде 10 сәуірде Атырау облысының жедел штабы хабарлады.

Төрт жүк көлігін Атыраудағы еріктілер штабы қарсы алды. Гуманитарлық көмек көлемі 80 тонна.

Гуманитарлық жүкті Қырғызстан төтенше жағдай министрінің орынбасары Урматбек Шамыркановтың бақылауымен алып келген.

Жедел штабтың кезекті отырысы кезінде Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев Қырғызстанның төтенше жағдай министрінің орынбасары Урматбек Шамыркановқа күрделі жағдай кезінде көмек қолын созғаны үшін алғыс білдіріп, алғыс хат тапсырды.

4 сәуірде Қырғызстан Қазақстанға көмек жіберетінін хабарлаған. Бұл жөнінде парламент отырысы кезінде министрлер кабинетінің жетекшісі Ақылбек Жапаров айтты.

"Бішкек жылу электр орталығында апат болған кезде біз сұрамасақ та көрші елдер гуманитарлық көмек жіберген. Қазір біз де қазақстандықтар сұрамаса да көмек беріп отырмыз. Жуырда Қазақстанның премьер-министрі бізге келеді, сол кезде қандай көмек керегін анықтаймыз" деді Ақылбек Жапаров парламент отырысы кезінде.

7 сәуірде Атырау облысында төтенше жағдай жарияланды. Биліктің хабарлауынша, Жылыой ауданы мен оның әкімшілік орталығы Құлсары қаласынан ондаған мың адам эвакуацияланған.

XS
SM
MD
LG