Accessibility links

Қазақстандағы су тасқынынан кейін түркімен азаматтары еліне жаппай қайта бастады, шекарада кезек пайда болды


Шекараға жақын маңдағы елдімекенде жүрген еңбек мигранттары. Көрнекі сурет.
Шекараға жақын маңдағы елдімекенде жүрген еңбек мигранттары. Көрнекі сурет.

Қазақстанда су тасқынынан кейін осы елде жұмыс істеп жүрген түркімен азаматтарының көбі еліне қайтып, қазақ-түркімен шекарасындағы "Гарабогаз" өткізу бекетінде ұзақ кезек пайда болды. Бұл туралы Азаттықтың Түркімен қызметі хабарлады.

"Өткен аптадан бері Қазақстаннан қайтып жатқан азаматтардың легі тоқтамай жатыр. Күн сайын ұзын-сонар кезек. Әрқайсысы ақылы түрде ковид-тестен өтуі керек. Азаматтар шекарадан өту үшін міндетті түрде тест тапсырып, ол үшін 50 доллар төлеуі керек" деді аты-жөнін айтқысы келмеген шекара бекетінің қызметкері.

Оның сөзінше, түркімен азаматтарының жаппай еліне қайтуына Қазақстанның бірқатар аймақтарындағы су тасқыны себеп болған.

"Қазір Түркіменстанның 10 мыңнан астам азаматы Қазақстанның түрлі аймақтарында жұмыс істеп жүр. Олардың көбі үш айлық туристік визамен кеткен" деді шекара бекетінің қызметкері.

Ақтөбе облысынан қайтқан түркімен азаматтарының біразы су басқаннан кейін құжаттарын да жоғалтып алған екен.

"Су үш метр биіктікке көтеріліп, үйлерді шатырына дейін су басып қалды. Біз әрең аман қалдық. Қостанай және Ақтөбе облыстарында тұратын жүз шақты азамат құжаттарын су басқан үйлерден алып шығып үлгермеген. Олар құжаттарын қалпына келтіру үшін көрші елдегі елшіліктерге қайырылған, алайда әлі күнге дейін туған еліне қайта алмай отыр" деді Қазақстанда жұмыс істеп келген, қазір Ашғабатта тұрып жатқан тұрғын.

26 наурыздан бері Қазақстанның су көтерілген аймақтарында жағдай қиындап, Абай, Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар, жалпы 10 облыста төтенше жағдай жарияланды.

11 сәуірдегі мәлімет бойынша, қауіпсіз аймаққа шығарылғандар 98 мыңға жетті.

Биыл ақпанда Азаттықтың Түркімен қызметі түркімен азаматтарының көбі бір айлық немесе үш айлық туристік виза алып, Ақтау, Алматы және Жаңаөзен қалаларына нәпақа табу үшін баратынын жазған. Олардың көбі Қазақстанда үш ай жұмыс істеп, визаларын ұзарту үшін Түркіменстанға қайта баруға мәжбүр.

Түркіменстан билігі елде жұмыссыздық барын, экономикалық дағдарыс орнағанын мойындамайды. Елде ресми БАҚ бұл мәселені айтпайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG