Accessibility links

Тоқаев пен Пашинян Ереванда аймақтық қауіпсіздік мәселесін талқылады


Армения вице-премьері Мгер Григорян Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты әуежайда қарсы алған сәт. Ереван, 15 сәуір 2024 жыл.
Армения вице-премьері Мгер Григорян Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты әуежайда қарсы алған сәт. Ереван, 15 сәуір 2024 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ереванда келіссөз жүргізді деп хабарлады ресми басылымдар.

Тоқаев пен Пашинян сауда, экономика, транзит-транспорт, инвестиция, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас мәселесін талқыланғаны айтылды. Екеуі "аймақтың қауіпсіздігі мен тұрақтылығына мәселелеріне де назар аударған".

Өткен аптада Ақорда Қазақстан президенті Тоқаев 15 сәуірде Ереванға ресми іссапармен барып, елдің премьер-министрі Никол Пашинян мен президент Ваагн Хачатурянмен келіссөз жүргізетінін хабарлаған. Тоқаев Ереванға "Қазақстанның тасқын болып жатқан бір облысынан аттанатыны" айтылған.

Қазақстан мен Армения басшыларының кездесуі Ереванның Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан шығуы жайлы айта бастаған тұста өтті.

Бұған дейін Пашинян Арменияның Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүшелігіне "үзіліске қойғанын" айтқан. Ереван Ресей Таулы Қарабақтағы Әзербайжанмен қақтығыста одақтастық міндетін орындамады деп санайды.

Ақпанда Армения премьері Ереван Ресейдің әрекеттеріне байланысты басқа елдермен қарым-қатынасын қайта қарап, қауіпсіздік саласында жаңа серіктестер іздейтінін де мәлімдеген.

Пашинян "Казахстанская правда" және "Егемен Қазақстан" газеттеріне берген сұхбатында "Біз теңдік, екі жақты көмек, егемендік пен аумақтық тұтастыққа құрмет негізінде екіжақты қарым-қатынасты дамытуға дайын екенін" айтқан. 13 сәуірде жарияланған сұхбаттың үзіндісін Армения премьерінің баспасөз қызметі жарияланды.

Қазақстан президенті Тоқаевтың бұл сапары елде тасқын тұсында болып жатқан уақытпен тұспа-тұс келді. Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, бес облыста 5,4 мың үй су астында қалып, 100 мыңнан аса адам эвакуацияланды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG