Accessibility links

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданына да тасқын қаупі төнді. Құйылыс ауылында эвакуация басталды


Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Құйылыс ауылы тұрғындарын эвакуациялау. 16 сәуір 2024 жыл.
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Құйылыс ауылы тұрғындарын эвакуациялау. 16 сәуір 2024 жыл.

16 сәуірде Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Тәуіп ауылдық округіндегі Құйылыс ауылына тасқын қаупі төніп, тұрғындар Ырғызға эвакуацияланып жатыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ауылға Торғай өзеніндегі су деңгейінің көтерілгені қауіп төндіріп тұр.

Аудан әкімі Нұрлан Қызбергеновтің айтуынша, қазір ауылда бөгет салуға бес техника тартылған. "Облыс орталығы Ақтөбеден тағы үш техника келе жатыр" дейді әкім.

Құйылыс ауылы аудан орталығы Ырғыздан оңтүстік-шығысқа қарай 71 шақырым жерде, Ырғыз бен Торғай өзенінің қосылған тұсында орналасқан.

Тасқын Ырғыз ауданындағы Мамыр, Белшер, Нұра, Жайсаңбай ауылдарына да қауіп төндіріп тұр. Осы кезге дейін Ырғыздың су басқан ауылдарынан 887 адам қауіпсіз жаққа эвакуацияланған. Тұрғындарды қорғаныс министрлігінің тікұшағымен көшіріп жатыр.

Ресми дерек бойынша, Ырғыз ауданының Мамыр ауылында он үйді, Нұра ауылында 34 үйді су басқан. Ақтөбе облыстық төтенше жағдай департаменті "ахуал сағат сайын өзгеріп жатыр, демек деректер де өзгеруі мүмкін" деп хабарлады.

Ақтөбе облысы – биылғы тасқыннан көп зардап шеккен аймақтардың бірі. Ақтөбе қаласында, Ойыл, Қобда, Мұғалжар, Ырғыз, Темір және Әйтеке би аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Ақтөбе қаласы мен осы алты ауданнан 16 сәуірге дейін 11 206 адам эвакуацияланған. Төтенше жағдай департаменті мәліметінше, Ақтөбе облысында 1100 үйге су кіріп, соның ішінде 273 үй құлаған. 33 үй әлі суда тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG