Accessibility links

Қырғызстанда TikTok желісін қайта шектеуі мүмкін


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қырғызстанның цифрлық даму министрлігі жанындағы байланысты реттеу қызметі байланыс операторларына TikTok желісін шектеу қажеттігіне байланысты хат жолдады. Бұл жөнінде Қырғызстанның цифрлық даму министрлігіне сүйенген қырғыз ақпарат құралдары хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, министрліктің шешіміне Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздігі жөніндегі мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) хаты түрткі болған. Ведомство "Балалардың денсаулығына, олардың дене, ақыл-ой, психикалық, рухани-адамгершілік дамуына зиян келтірудің алдын алу шаралары туралы" заң баптарының орындалмағанын алға тартады.

ҰҚМК хатында TikTok желісінде "контентке цензура қою жүйесі жоғы", атап айтқанда мәселе "балалардың ақпараттық кеңістігі жөнінде болып отырғаны" жазылған.

18 сәуірге дейін әлеуметтік желіге шектеу қою тапсырылған.

Әлеуметтік желіні бұғаттау туралы шешімге пікір білдірген парламент депутаты Дастан Бекешев "фейктермен күрес" тенденциясы әлеуметтік желілермен күреске айналып кеткенін айтты. "Қалай болмасын, бұл тенденция жалғаса береді және VPN-сервистерді пайдалануға кеңес беремін" деп жазды Бекешок телеграм-арнасында.

Қырғызстан билігі TikTok желісін бұғаттауға алғаш рет талпынып отырған жоқ. 2023 жылы қарашада Қырғызстанның мәдениет министрлігі аталған желіні бұғаттау туралы шешім шығарған.

Министрлік өкілдерінің хабарлауынша, "контент өсіп келе жатқан буынның эмоциясына кері әсер етеді". Бұдан кейін Қырғызстанға TikTok директоры Сергей Соколов келіп, билікпен келіссөз жүргізген. Мәдениет министрлігі сол кезде қырғыз жағының желідегі контенттерге жас ерекшелік бойынша шектеу енгізуді және платформа ережелерін Қырғызстан заңнамасына бейімдеу туралы шарт қойғанын хабарлаған. Желтоқсанда Қырғызстанда TikTok қайта істей бастады.

XS
SM
MD
LG