Accessibility links

Назарбаев қоры биліктің су тасқынымен күрес шараларын қолдайтынын мәлімдеді


Болат Назарбаевтың қазасына орай өткізілген аста отырған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 18 қараша 2023 жыл.
Болат Назарбаевтың қазасына орай өткізілген аста отырған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 18 қараша 2023 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаев қоры биліктің су тасқынының салдарын жою бойынша жүргізген шараларын тұтас қолдайтынын мәлімдеді. 16 сәуірде қор мәлімдеме таратып, елде су тасқыны жалғасып жатқан шақта "Назарбаев қоры биліктің беделін түсіруге талпынып жатыр" деген тұжырымды жоққа шығарды.

Қордың мәлімдеуінше, бұған дейін "кейбір әлеуметтік медиада" Нұрсұлтан Назарбаев қоры "биліктің беделін түсіру және қоғамды тұрақсыздандыруға" бағытталған ақпараттық кампанияны жүргізіп жатқаны жөнінде мәлімет жарияланған.

Қор өкілдерінің айтынша, мәліметті анонимді дереккөзі жариялаған және оны жекелеген медиа тұлғалары да қайталап, "негізсіз жала жапқан".

"Нұрсұлтан Назарбаев қоры бұл жарияланым мен мәлімдеменің ешқандай объективті әрі нақты негізі жоқ деп мәлімдеме жасау қажет деп санайды" деп жазылған хабарламада.

Қор сонымен бірге "қоғамға шынайы және сенімді ақпарат берудің маңыздылығын" атап көрсеткен.

"Нұрсұлтан Назарбаев қорының қызметінде саяси да, ақпараттық-манипуляциялық та сипат жоқ. Қордың жұмысы тек әлеуметтік жобалар мен азаматтық бастамаларды дамытуға, жастарды қолдауға, қайырымдылық көмек көрсетуге бағытталған" деп жазылған хабарламада.

Қордың мәлімдемесінде экс-президенттің ұстанымы да жазылған.

"Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты және оның саяси бағытын әрдайым қолдағанын және қолдайтынын айтамыз. Осы күндері ел азаматтары сияқты тұңғыш президент те су тасқынынан зардап шеккен жандарға алаңдап отыр. Біз мемлекет басшысы мен үкіметтің ел өңірлерінде бұрын-соңды болмаған су тасқынының салдарын жою жөніндегі шарасын толығымен қолдаймыз." деп жазылған хабарламада.

Мәлімдемені бұрынғы президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай X желісіндегі парақшасында таратты. Президенттің өзі су тасқыны ахуалына байланысты пікір білдірген жоқ.

Elbasy.kz-тен Nazarbayev.kz болып өзгертілген экс-президенттің ресми сайты кейінгі күндері ашылмайды.

  • Төтенше жағдай министрлігінің хабарлауынша, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5,8 мыңнан астам жеке тұрғын үй және 1350 аула әлі су астында қалып отыр. 9,8 млн текше метр су сорылған. Су тасқыны аймақтарынан 116 мың эвакуацияланған.
  • Осы айдың басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынын кейінгі 80 жылдағы ең ірі тасқын деп бағалаған. Оған негізінен күннің күрт жылынуы және қыс кезінде жаңбырдың жаууы себеп болды деп айтылады.
  • Бір күн бұрын Солтүстік Қазақстан облысына сапары кезінде президент Қазақстанның су тасқынынан зардап шеккен әрбір аймағына Forbes тізіміне енген ірі кәсіпкерлер бекітілетінін айтқан.
  • 16 сәуірде Ақорда үкіметке "су тасқынына байланысты әрі ресурсты үнемдеу мақсатында" елдің беделін арттыруға бағытталған шаралардан бас тарту тапсырылғанын жазды.
  • Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы президент қызметінен кетіп, орнын Қасым-Жомарт Тоқаевқа тастап кеткен. Алайда Қаңтар оқиғасына дейін Назарбаев мемлекет аппаратына ықпал етіп, өзінің өкілетін сақтап қалды. 2022 жылдың басында Қазақстанның бірқатар қалаларында тәртіпсіздік болып, соңы 200-ден астам адамның қазасымен аяқталды.
XS
SM
MD
LG