Accessibility links

"Шекарасыз тілшілер" Ресейді Алсу Құрмашеваны босатуға үндеді


"Шекарасыз тілшілер" ұйымы Алсу Құрмашеваны босатуды талап етіп тұр.
"Шекарасыз тілшілер" ұйымы Алсу Құрмашеваны босатуды талап етіп тұр.

Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" (RSF) үкіметтік емес ұйымы Алсу Құрмашеваның жарты жылдан бері адам төзгісіз жағдайда қамауда отырғанын мәлімдеді.

Азат Еуропа/Азаттық радиосында істейтін журналист 2023 жылдың 18 қазанынан бері Ресейде қамауда отыр. Алсу Құрмашевада Ресеймен қоса АҚШ-тың азаматтығы бар. "Шекарасыз тілшілер" ұйымы оның денсаулығына алаңдаушылық білдіріп, Ресей билігін журналисті дереу босатуға шақырды.

Жарты жылдан бері алғаш рет туыстары Алсу Құрмашеваның дауысын ести алған. 1 сәуірде оның күйеуі Павел Буторин X әлеуметтік желісінде видео жариялады. Онда журналист Қазандағы сот залында, әйнек қоршауда отырғаны көрінеді. Сол күні ол қандай жағдайда қамауда отырғанын айтты. Құрмашеваның айтуынша, ол қыстың суығына қарамастан, жылу қосылмаған кішкентай камерада отыр, онда екі төсек пен бір сөре ғана бар, жылы су жоқ. Жақында Азаттық журналисінің қамау мерзімі 5 маусымға дейін ұзартылды.

"Шекарасыз тілшілер" ұйымы мұны "адамды қорлайтын қамау жағдайы" деп сипаттады.

Қамауға алған сәттен бастап, яғни, 2023 жылдың 18 қазанынан бері Алсу Құрмашева күйеуі, 12 және 15 жастағы екі баласын, сырқат қарт анасын көрмеген. Ресей билігі АҚШ азаматтығы бар Құрмашеваның Америка консулдығына қайырылуына мүмкіндік бермеді.

"Ресей түрмелеріндегі адам төзгісіз жағдайға байланысты Алсу Құрмашеваның денсаулығы нашарлап барады, оның Америка азаматы ретіндегі құқығын [Ресей] билігі қайта-қайта таптап отыр. АҚШ консулдық көмегіне жүгінуіне рұқсат бермеу бұл консулдық қатынас туралы Вена конвенциясына қайшы. RSF АҚШ-ты оны босату бойынша талпыныстарды жандандыруға шақырады" деді ұйым өкілдері.

RSF АҚШ мемлекеттік департаментіне қайырылып, Алсу Құрмашеваны дереу "заңсыз қамалған" азамат ретінде танып, оны босату үшін бар күшті салуға үндеді. Бұдан бұрын Ресейде ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамалған америкалық журналист Эван Гершковичті мемлекеттік департамент "заңсыз ұсталды" деп таныған.

Ресей RSF-тің халықаралық сөз бостандығы рейтингісінде 180 елдің арасында 164-орында тұр.

XS
SM
MD
LG