Accessibility links

"Грузин сценариі Қазақстанда қайталануы мүмкін..."

  • Есен СМАҒҰЛОВ

Д.Медведев "басым бағыттар" туралы Сочидегі сөзінде айтты, 31 тамыз, 2008 жыл

Д.Медведев "басым бағыттар" туралы Сочидегі сөзінде айтты, 31 тамыз, 2008 жыл

АҚШ пен Еуропаның жетекші басылымдары Кремль Қазақстан мен басқа да постсоветтік республикаларды бөлшектеуге тырысуы мүмкін деген тұрғыда бірқатар болжамдар жариялап отыр

Өткен жексенбі күні Ресей президенті Дмитрий Медведев телеарнадан берілген сұхбатта сыртқы саясатының басты бес бағытын белгіледі. Бұл мәлімдемені бағдарламалық деп те есептеуге болады, өйткені Мәскеудің басым мүддесі бар аймақтарды Ресейдің бақылау құқы туралы мәселе бірінші рет ашық айтылып отыр.

Бұған әрі таңданып, әрі мазасызданып қалған Батыс Медведевтің сөздерінен империялық өктемдікті іздегендей.
Дегенмен де еуропалық және батыстық мерзімді басылымдар Ресей президенті мәлімдемесінің мазмұнын емес, айтылу сипатын күтілмеген кездейсоқтық деп бағалады.
Шын мәнінде Ресей президенті Кремлдің соңғы жылдары көршілес мемлекеттерге қатысты ұстанып келе жатқан де-факто бағытын бекіте түсті. Кремлдің бұл бағытының шырқау шыңы Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін тануы болды.

Мұнда бұрынғы советтік территорияларды қатаң бақылауға алу туралы ашық жариялануын жаңалық деп есептеуге болады.
Дмитрий Медведев өз көршілеріне не Ресеймен дос боласың, не одан қорқып, бұғып отыратын боласың дегенді анық байқатты.
Егер бұған дейін Кремль Батысқа жалтақтап, біршама сақтықпен қимылдап келген болса, енді Ресейдің жоғары дәережедегі саясаткерлерінің аузынан әзірге әріптестер болып қалып отырған елдер атына қатаң да өткір мәлімделер жиі-жиі шыға бастады.
Мәскеудің Еуропа мен АҚШ-қа қатысты жауластық тұрғыдағы батылдау бағытты күшейте түсуіне Грузиядағы "жеңісі" серпін берді.

Ресей президентінің мәлімдемсіндегі осындай астарларды тарқата келіп батыстық басылымдарда жарық көрген мақалалар ауторлары грузин сценариі постсоветтік кеңістіктегі басқа елдерде, оның ішінде Қазақстанда да оған лайықталып, қайталануы мүмкін деген ойды ортаға салады.

Британдық Guardian Оңтүстік Осетия мен Абхазия үлгісі бойынша славяндықтар басым тұратын Қазақстанның солтүстік аймақтарының тәуелсіздігінің жариялану мүмкіндігі жайында қиялдап, бал ашса, американдық Newsweek апталығы Әзірбайжан, Қазақстан немесе Украинаға қатысты әскери күш қолданылу мүмкіндігі жайында болжам жасайды.

Ал британдық беделді Financial Times газеті Дмитрий Медведевтің Ресейдің басты мүдделері бар аймақтар туралы мәлімдемесі көршілес елдерде, әсіресе орыстар көп тұратын аймақтарда, саяси қызуды арттырып жіберуі мүмкін деп есептейді.
"Медведевтің Ресейдің басты мүдделері бар аймақтары туралы мәлімдемесін бұрынғы Совет Одағы территориясында Мәскеудің империялық өктемдігінің жариялануы деп білетін Батыстың алаңдаушылығын арттыруы әбден мүмкін. Оның үстіне ол этникалық орыстар басым тұратын Украинаның Қырым аймағында, этникалық орыстар көп Қазақстанның солтүстік облыстарында , орыс ұлтының өкілдері біршама болатын Балтық жағалауы елдерінде өзіндік резонанс тудыруы ықтимал,"-деп жазады Financial Times газеті.

Медведев Ресейдің көз тігіп, ықпалын жүргізгісі келіп отырған аймақтарды нақты атын атап, түсін түстемесе де, батыстық мерзімді басылымдардың болжамдары ондай аймақтар қатарына ең алдымен бұрынғы Совет елдері кіреді деген төңіректе бір жерден шығады. Әсіресе, Кремль үшін көмірсутегі шикізатын сыртқа шығару ағынын қадағалау өте маңызды.
Кремлдің өз бақылауын кеңейткісі келіп отырған шекаралар мен аймақтар турасында көптеген басылымдар болжам ғана айтып жатса, американдық The Trumpet басылымы "Ресейдің ықпал аймағы Қазақстанды да қамтитынына" күмән келтірмейді. Осындай тақырып қойылған мақала Медведевтің мәлімдемесінен бірнеше күн бұрын 26 тамызда жарық көргенін айта кету керек. Аталған мақалада Кремлдің өз ықпалын орнату барысында ең жақсы көретін әдіс-тәсілдері ретінде "Қызыл Армия" мен энергетикалық экспорт бағыттары аталған.

"Грузиядағы оқиғаларды бақылап отырған қазақтарға барлық жайды есепке ала келе қуат қорларын экспорттауда Путиннің қалауын ескеруіне тура келетін шығар",-деп жазады бұл мақала ауторы. Аутор сондай-ақ бұдан бұрын Қазақстан басшылығы баламалы экспрот жолдарын іздестірген болатын, енді бірақ Ресейдің Грузиядағы қанды әрекеттері Астана мен басқа да бұрынғы советтік сателлиттарға айқын ескерту болды деп атап көрсетеді.
Аутордың пікірінше, Қазақстанның қуат көздерін Ресейді айналып өтіп сыртқа шығару бағыты бойынша таңдауы тарыла түскендігі айқын.

Мақалада " Жалғыз ғана баламалы бағыт - Қытай болып табылады, бірақ Қазақстан қазіргі таңда оңтүстік-шығыс көршісіне өз мұнайының тек 13 процентін тасымалдап отыр деген деректер келтіріледі де, бұдан шығатын қорытынд Қазақстанның мұнай ағынын Ресей құбырлары арқылы өткізуден басқа амалы қалмайды" деп жазылған.
Ал қазіргі күнде жекелеген елдер мен аймақтарға саяси бақылау орнатуда мұнай ағыны ең ықпалды құралға айналып отыр.

XS
SM
MD
LG