Accessibility links

Совет Одағы Семейде жарған атом бомбаларының құрамында Алтайдың ураны болған


Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық көтерілісінің қаһарманы Оспан батырдың жансерігі Нұрғожай батыр. (сурет аутордың мұрағатынан алынды)
Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық көтерілісінің қаһарманы Оспан батырдың жансерігі Нұрғожай батыр. (сурет аутордың мұрағатынан алынды)

Биыл туғанына 110 жыл толатын Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық көтерілісінің қаһарманы Оспан батыр Сіләмұлының серіктерінің бірі болған Нұрғожайдың естеліктері негізінде жаңа еңбек жарық көрді. Онда бұрын белгісіз болып кеген бірқатар тың деректер бар.

Жақында Астана қаласында Оспан батыр туралы жазылған «Азаттықтың өшпес рухы» атты жаңа кітаптың ресми тұсаукесері өтті. 1000 дана болып басылған бұл кітап Қазақстандағы кітапхана және оқу орындарына тегін таратылады. Оның 300 данасы Алматыдағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы арқылы шетел қазақтарының еншісіне беріліп отыр.

Кітаптың ауторы Әбдіуақап Қара мырза бұл еңбегі жайында Азаттық тілшісіне сұхбат берген еді.

ОСПАН БАТЫРДЫҢ 9 ЖАНСЕРІГІНІҢ БІРІ - НҰРҒОЖАЙДЫҢ ЕСТЕЛІГІ

– Әбдіуақап мырза, бұл жаңа кітабыңызға қандай деректер арқау болды?

– Оспан батыр Сіләмұлы жайындағы бұл кітапты жазуға – оның 9 жансерігінің бірі, Түркияға барып көз жұмған Нұрғожай батырдан көзі тірісінде жазып алынған естелік деректері негіз болды.

Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық көтерілістің қаһармандары – арасында Оспан батыр да бар – 9 адамның сегізі шәйіт болып, олардан тірі қалғаны сол Нұрғожай батыр еді. Ол көтеріліс басталған күннен аяқталғанға дейін, яғни 1940 жылдан 1951 жылға дейін Оспан батырдың үзеңгілесі болған.

Демек, оның айтқан мәліметтерін басқа еш жерден табуымыз мүмкін емес. Естелік 200 беттен тұрады. 1984 жылы қайтыс болған оның қолжазбасын туыстары күні бүгінге дейін сандық түбінде сақтап келген екен.

Олар оны менің қолыма тапсырғанда, бұған дейін естеліктің біреуге қолды болып кетуінен немесе сенімсіз авторлардың бұрмалауынан сақтанып, тығып келгендіктерін айтты.

Мен бұл кітапты жазуға бір жарым жыл уақыт жұмсадым. Өйткені, төте араб қарпімен жазылған оның тек транскрипциясын жасап қана қойған жоқпын. Сондай-ақ, бұған дейінгі деректермен салыстырдым.

Бұл кітаптың құндылығы сонда, онда Қытайдағы, Түркиядағы, Моңғолиядағы қазақтардың жазған естеліктері мен Қазақстанда жарық көрген деректерді, тіпті Америка ғалымдарының Оспан батыр көтерілісі жайында жазған еңбектерімен салыстыра зерттеп шықтым.

– Нұрғожай батырдың естелігінің түпнұсқасы сақталған ба, жоқ көшірмесі ме?

– Әрине, онда толып жатқан тың деректерге шүбәлана қараушылар жеткілікті. Бірақ, оған ғылыми сараптама жасалса, оның осыдан 25 жыл бұрын жазылғандығы қағазынан және сиясынан айқындалады. Енді шүбә келтірушілер болса, мен түпнұсқаны көрсете аламын.

Сонымен қатар Нұрғожай батырдың отбасы сол құнды мұраны Қазақстан мемлекеттік архивіне тапсыруға да дайын. Сондай-ақ, кітаптың жалпы көлемі – 400 беттен тұрады. Оның 200-іне сол Нұрғожай атамыздың естеліктерінің түпнұсқасын беріп отырмыз. Демек, біз аманатқа қиянат жасамауды мақсат тұттық.

Бұл кітап Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тікелей қолдауымен жарық көріп отыр.

КІТАПТАҒЫ ДЕРЕКТЕР ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕКТЕРМЕН ҮНДЕСЕДІ

– Кітапты астаналық ғалымдар қалай бағалады?

– Кітапқа Еуразия университетінің профессоры, тарихшы Хангелді Әбжанов ағамыз өте жоғары баға бере отырып, кітаптың бірінші құндылығы ретінде оның тілі мен жазылу стилі ерекшелігін атады.

«Қазақ шалдарының ауыз екі сөйлеу стилінде бере отырып, қазақ тілінің байырғы байлығын көрсете білген. Екіншіден, қазақ тарихында бұдан өзге де ұлт-азаттық көтерілістер көп болған.

Айталық, Махамбет Өтемісұлы, Кенесары Қасымұлының көтерілістерінің қазақ тарихында алар орны ерекше. Бірақ, ол көтерілістер туралы деректерді біз орыс зерттеушілерінің айтқанымен ғана жазып келдік.

Олардың өз қолдарымен жазылған төл деректер бізге жеткен жоқ. Бұл Оспан батырдың өз үзеңгілесінің естелігімен шығып отырған бірден-бір кітап. Өйткені, бұл естелікте бөгде адамның емес, көтерілісшілердің өз көзқарасы айтылып отыр.

Үшіншіден, кітап деректерінің дәйектілігімен құнды» дегенді айтты Хангелді Әбжанов. Сонымен қатар профессор Рымғали Нұрғали ағамыз да еңбекке жоғары баға беріп, тілінің өте жатық және жеңіл оқылатынын баса көрсетті.

Бұл еңбектің Оспан батыр үшін фильм түсірушілер болса, дайын тұрған сценарий екені де айтылып отыр. Сондықтан мен Нұрғожай батырды бір тарихтың әрі жасалуына, әрі жазылуына бірдей үлес қосқан тек қазақ халқында емес, бүкіл әлем халықтары арасында некен саяқ кездесетін ұлы тұлға деп сипаттаймын.

– Түпнұсқаны өзге де ғылыми жазбалармен салыстырдым деп отырсыз ғой? Бұған дейінгі жазбалар мен аталған естеліктің қарама-қайшылығы кездесе ме екен?

– Жоқ. Мені таңқалдырғаны да сол. Әртүрлі мемлекеттегі әртүрлі ғылыми еңбектердегі Оспан батыр көтерілісі жайындағы деректер мен атамыздың жазып қалдырған естеліктері бір-бірімен орайлас шығып отырған.

Мәселен, сол кездегі Моңғолияның мемлекет басшысы Чойбалсанмен кездесуі жайында оның генералы қазақтар Мәжик атап кеткен Батын Доржының «Отан үшін соққан жүрек» деген еңбегі жарық көрген.

Оны моңғолиялық қазақтар қазақ тіліне аударған болатын. Сондағы деректер мен атамыздың естелігіндегі деректер өте сәйкес келіп тұр. Міне бұл да Нұрғожай атамыздың мергендігі, жаужүрек батырлығына қоса зеректігі мен жадының күштілігінің айғағы болып отыр.

Яғни, онда бір адамның басында кездесе бермейтін көптеген игі қасиеттер баршылық. Сондықтан естелік құнды болып отыр емес пе?

«СТАЛИН ОСПАН БАТЫРҒА КӨМЕКТЕСУДІ БҰЙЫРҒАН»

– Бұған дейінгі деректерге қосымша тың әңгімелер бар ма екен?

– Ондайлар өте көп. Мысал үшін, Совет одағының Оспанға берген көмектері онда жан-жақты талданады. Осы орайда Оспан батырға Коминтерннің берген көмегі басқа еш жерде кездеспейді. Кездессе де бұлыңғыр.

Мәселен, Бұлғын деген жерде «Шығыс Түркістан ақ үй соғыс комитеті» ашылыпты. Бұндай дерек еш жерде жоқ. Ол қалай құрылды? Оның құрамына кімдер кірді? Оспан батыр мен жолдастарына советтік саяси қызметкерлер қандай дәрістер оқыды?

Үш аймақшылдардың жетекшісі генерал Сүгірбаев пен Оспан батыр арасындағы келіспеушіліктің негіздері не? Соның бәрі бүге-шігесіне дейін айтылған. Совет одағы компартиясының саяси бюросы Оспанға көмек беру жөнінде арнайы шешім қабылдаған екен.

Шың Сысай Сталиннен Чан-Кай-Чиге бет бұрып кеткеннен кейін, Сталин Оспан батыр көтерілісін қолдау туралы бұйрық беріпті. Сол секілді Чойбалсанның Оспан батырмен кездесуі де Мәскеудің тікелей нұсқауымен жүзеге асқан.

– Оспан батырдың үзеңгілес серіктерінің кейбір әңгімелеріне құлақ түрсеңіз, Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық көтерілісінің көсемдері мен Алаш қозғалысы жетекшілерінің арасында рухани байланыс болды деген әңгімелерді айтады. Осыған қатысты деректер кездесе ме екен?

– Оспан батырдың көтеріліске әлі жетекшілік ете қоймаған кезінде, Есімхан батыр, Ырысхан батыр сияқты аталарымыз 1940 жылы алғашқы көтерілісті бастаған. Сол кезде біздің батырларымыз орыстың бірнеше генералын атып тастаған екен.

Кейін өзара бітімге келгеннен соң, орыстар генералдарының сүйегін сұрапты. Сонда Ырысхан атамыз: «Сіздер біздің көсемдеріміз болған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы сынды қайраткерлерді атып тастадыңыздар. Сіздер бізге солардың сүйегін беріңіздер, біз сіздерге генералдарыңыздың сүйегін берейік» деген екен.

Орыстың Баймурзин деген консулы бұл талапқа жауап бере алмай, кетіп қалыпты. Бұның өзі біздің батырларымыз бен Алаш көсемдерінің арасындағы рухани сабақтастықты білдірсе керек.

– Оспан батырдың тағы бір үзеңгілесі Қалибек хакім туралы жазбаларда Мағжан Жұмабайұлының «Жауынгер жыры» өлеңін ұран етіп алғандығы туралы айтылады. Бұған не дейсіз?

– Кітапта Қалибек атамыз туралы нақты деректер кездескенімен, Мағжан туралы дерек кездеспейді.

«СОВЕТТЕР АТОМ ҚАРУЫНА ҚАЖЕТ УРАНДЫ АЛТАЙДАН ІЗДЕГЕН»

– Тағы басқа оқырманды елең еткізетін қандай жаңалық кездеседі екен?

– Совет одағының 1949 жылы қазақ даласында тұңғыш рет ядролық қаруды сынағаны белгілі. Биыл соған 60 жыл толып отыр. Нұрғожай батырдың естелігінде осыған орай да дерек кездеседі.

АҚШ ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде Жапонияның Хиросима, Нагасаки деген қалаларына ядролық бомба тастап үстемдікке жеткеннен кейін, сыртқы саясатының негізі сол бомбаны ешкімге жасатпау болған екен.

Ядролық монополияны мейлінше ұзақ уақыт қолда ұстап тұруды ойлапты. Ал Сталин болса қандай құнға түссе де ядролық қаруды жасап шығару туралы Берияға тапсырма береді. Сонымен мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) қызметкерлері бұл жоспарларды Америкадан ұрлап алып, іске кірісе бастағанда Америка біліп қойыпты.

Америка енді оны іске асыра ала ма жоқ па, соны іздестіре бастаған көрінеді. Оны тек бомбаны жарғанын анықтаған кезде білуіне болады екен. Осы орайда Үрімжідегі америкалық консул шекараларға қондырғылар орнатып, әуедегі радиацияның деңгейін бақылай бастайды.

Сол кездегі деректерге қарағанда, бүкіл Совет одағында атом бомбасын жасайтын көлемде уран болмапты. Тек оның 30 пайызы ғана қолда бар екен. Өйткені, оған кемінде 100 метрика тонна уран керек екен. Сондықтан Сталин жан-жақтан уран іздете бастайды.

Сонау Шығыс Германия, Чехия және Болгариядан іздеттіріпті. Уран біздің Алтайдан табылған екен. Бірақ, ол кезде Оспан батыр уранның не екенін білмейді. Орыс машиналары қара тасты тиеп әкетіп жатқанын байқап, оған бірнеше рет бөгет те болыпты.

Бір-екі машинасын өртеп те жіберіпті. Сонда Оспан батыр осының жайын Америка консулынан: «Орыстар мына бір қара тасты өлердей әкетеді. Ол не алтын емес, не күміс емес, оның не құдіреті бар?» деп сұрапты.

Америка консулы ол тастың қалдығын Вашингтонға жіберіп, сараптан өткізсе, оның құрамында уран бар болып шығыпты. Демек, Семей өңірін талқандаған атом бомбасына Алтайдың уранының да қатысы болған екен.

– Осы еңбектен кейін Оспан батыр тану ғылымының деңгейі жоғарылады деп айта аламыз ба?

– Нұрғожай батырдың естеліктерінде өте тың деректер болғаны жоғарыда айтылды. Біз кітапты баспаға дайындау барысында тек ғылыми позиция ұстандық.

Тек Оспан батыр туралы шындықтардың ортаға шығуын көздедік. Кейде бізге мұндай кітаптардың Қазақстанның көрші Қытай елімен байланыстарына салқынын тигізбей ме деген сұрақтар көлденеңдейді.

Бұндай алаңдаушылықтарға негіз жоқ. Оспан батырдың тарихынан тек біз қазақтар ғана сабақ алмаймыз ғой. Одан Қытай Халық Республикасы да, тіпті Ресей Федерациясы да, Моңғолия да сабақ алады.

Өйткені, әрбір ел өткеніне сараптама жасай отырып келешекке бағдарлама жасайды. Оспан батыр көтерілісі кезінде Қытайлар қателік жасамады дейсіз бе? Олар да Шың Сысайдың озбырлықтарын қарап шығуға, Оспан батыр және үзенгілестерінің көтеріліске шығуына себеп болған негіздерді шынайы тұрғыдан зерттеуге мүдделі.

Міне осы тұрғыдан алғанда Қытай тарихшыларының осы кітаптың негізінде Оспан батырға жаңа баға беретін уақыты келген шығар деп ойлаймын. Өйткені соған негіз боларлық шынайы деректер осы кітапта баршылық. Міне сондықтан Оспан батыр тануда жаңа бір кезең басталғалы тұр деп айта аламыз.

– Сұхбатыңызға рахмет, Әбдіуақап мырза.
XS
SM
MD
LG