Accessibility links

Атырауда қаза болған 5 адамның мәйіті табылды, қалғандары іздестірілуде


Атыраудағы Баймұханов және Мечников көшелерін жалғай, Жайық өзенінің үстінен салынып жатқан көпірдің апаттан кейінгі көрінісі. Атырау, 12 қыркүйек 2009 жыл.

Атыраудағы Баймұханов және Мечников көшелерін жалғай, Жайық өзенінің үстінен салынып жатқан көпірдің апаттан кейінгі көрінісі. Атырау, 12 қыркүйек 2009 жыл.

Атырауда салынып жатқан көпірдің бір бөлігінің құлауы салдарынан қаза болған 5 адамның мәйіті табылды. Қазір көпірдің суға құлап түскен бөлігін көтеріп, қалған үш адамды іздеу жұмысы жүріп жатыр. Апатқа байланысты Атырау облыстық ішкі істер департаменті қылмыстық іс қозғады.


АСТАНАДАН КЕЛГЕН КОМИССИЯ АПАТТЫҢ СЕБЕП-САЛДАРЫН АНЫҚТАУҒА КІРІСТІ


Атырау облыстық ішкі істер департаментінің тергеу бөлімі ҚР Қылмыстық кодексі 245-бабының 2-тармағына сәйкес, «құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзып, соның салдарынан абайсызда кісі өліміне және ауыр зардаптарға әкеп соқтыру фактісі бойынша» қылмыстық іс қозғады деп хабарлады қыркүйектің 14-інде облыстық ІІД-нің баспасөз қызметкері Гүлбану Рахимова.

Қыркүйектің 11-і күні кешке қарай Атыраудағы Баймұханов және Мечников көшелерін жалғай салынып жатқан Жайық өзені арқылы өтетін автокөлік көпірінің бір бөлігі құлағанын Азаттық хабарлаған еді.
Көпір апатынан кейін құтқарушылар жұмыс үстінде. Атырау, 12 қыркүйек, 2009 жыл.


Атырау облысының төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) оқыс оқиға салдарынан 8 адамның із-түссіз жоғалғандығын жария еткен болатын.

Соңғы ақпарат бойынша, олардың бесеуінің мәйіті суға шөккен көпір бөлігінің астынан табылып, аты-жөндері анықталған. Қалған жұмысшыларды іздеу жалғасуда.

Жергілікті билік марқұмдардың үйіне хабарлап, жерлеу рәсіміне көмекті өз мойынына алмақ. Сондай-ақ, 2 адамның түрлі жарақаттармен ауруханаға түскені, ал 1 жұмысшының дәрігерлік көмектен бас тартқаны да белгілі болып отыр.

Қазір өзен арқылы және оның айналасындағы қозғалыс түгелдей тоқтатылған. Апат болған жерді полиция қызметкерлері тұтастай бақылауға алған.

Атырауға Астанадан арнайы келген комиссия төтенше жағдайдың себеп-салдарын анықтап, сараптауға кірісті.

Азаттық тілшісі болған жағдайды көзбен көру үшін қайықпен құлаған көпірдің тұсына барған еді. Ауыр тонналы құрылым Жайық өзенінің дәл ортасына құлап түскен екен. Жайықтың арнасын жағасына дейін бөгеп жатып қалған ұзындығы - 106, ал ені 18 метрлік көпірдің құлаған бөлігінің үстінде төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, құтқарушылар мен «Трансстроймост» АҚ-ның кейбір жұмысшылары жиналып тұрды.

Ал құлаған көпір бөлігінің бір шетінде судан шығарылған жұмысшылардың жансыз денелері жатты. Олардың бірі қанға бөгіп жатса, енді бірінің жұдырығы бір нәрсені қармап қалуға тырысқандай тарс жұмулы екені байқалды.

«КӨПІРДІ ТОЛЫҚТАЙ ЖАЛҒАП БІТУГЕ ЕКІ-АҚ КҮН ҚАЛҒАН ЕДІ»

Қайғылы оқиғаның куәгері құрылыс шебері Ерік Мүсәпіровтың айтуынша, көпір құлаған кезде 50 шақты адам жұмыста болған. Дегенмен ол өзінің ешнәрсенің байыбына барып үлгермегенін айтады.

- Қатты күрсіл естіліп, көпір бір жағына қисая бастады, мен төмен сырғи жөнелдім. Бір темірге жармасқанымды білемін. Бірақ мен палубаның үстінде болғандықтан аман қалдым. Қаза болғандар оның астында қалған, - дейді ол.

Қазір бір ажалдан аман қалған Ерік Мүсәпіров ауруханада жатыр. Оның бет терілері сыдырылып, аяғы сынған. Бірақ дәрігерлер оның денсаулығы жайлы ақпарат бермей отыр. Ол Атырауға көпір құрылысын салуға Талдықорған облысы, Кербұлақ ауданынан келіпті. Үйінде 4 баласы мен әйелінің күтіп отырғанын айтады.
Құлаған көпірдің жалпы көрінісі. Атырау, 12 қыркүйек, 2009 жыл.


«Көпірдің екі жағын қосу үшін 30-ақ см қалған еді. Оның сол жақ қанатының үстіндегі жұмыстарды мен басқардым, ал оң жақ қанатын Ринат Қадырымбеков басқарған. Бар болғаны екі күннен соң көпірді толықтай жалғап бітеміз деп ойлаған едік», - деді Азаттық тілшісіне Ерік Мүсәпіров.

Көпір құрылысын салып жатқан алматылық «Трансстроймост» компаниясында жұмыс істейтіндердің бәрі мұнда Алматы, Қызылорда облыстарынан келген жас жігіттер екен.

ЖЕРГІЛІКТІ ХАЛЫҚ ҚАЛАДА САЛЫНҒАН ӨЗГЕ КӨПІРЛЕРДІҢ САПАСЫНА ДА АЛАҢДАП ОТЫР

Оқыс оқиғадан кейін журналистермен кездескен Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев көпір апатына байланысты екі түрлі болжамын жария етті. Ол алдын ала белгілі болған мәліметтерді көлденең тарта отырып, көпірдің қирауына құрылыс технологиясының бұзылуы себеп болды деп мәлімдеді. Содан соң іле-шала полиция қызметкерлеріне сілтеме жасай келе, «8 жұмысшының мас болғанын және тағы да 9 жұмысшы алдында ішімдік ішкені анықталған» деп хабарлады.

Ал ТЖД-нің бастығы Жасұлан Жұмашев «алдын ала мәліметтер бойынша, көпірдің ортаңғы бөлігі жылжымалы тірекке бекітілген домкраттардан тайып кетіп, соның салдарынан көпірдің орта тұсы ауыр салмақты көтере алмай құлап түскен» дейді.

Алайда журналистердің «бұдан басқа көпірлер тексеруден өткізіле ме?» деген сауалдарына Астанадан келген шенеуніктер де, жергілікті билік те нақ жауап айта алмады. Тек төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі Нұрсіләм Дүйсекенов «бұл біздің қарамағымыздағы нысандар емес. Жалпы кешенді бақылауды басқа органдар жүргізетін болар» деп екіұшты жауап берді.

Баймұханов пен Мечников көшелерін жалғастыру үшін салынып жатқан көпір - Атыраудағы ауқымды жобалардың бірі. Жалпы ұзындығы 609 метрлік бұл көпірдің құрылысы былтыр басталған еді. Оны салу үшін 6 миллиард теңгеден (40 миллион доллардан) астам қаржы жұмсалған.

«Трансстроймост» АҚ Атырауда басқа да бірнеше көпірлер салған. Бірнеше адамның ажалымен аяқталған мына оқиғадан кейін енді жергілікті халық осында салынған басқа көпірлердің сапасына да алаңдап отыр.

Дүйсенбі күні ҚР президентінің баспасөз қызметі «Президент Нұрсұлтан Назарбаев премьер-министр Кәрім Мәсімовтың адам қазасына алып келген Талдықорғандағы облыстық наркодиспансерде болған өрт және Атырауда құрылысы жүріп жатқан көпірдің құлауы оқиғалары туралы есебін тыңдады» деп хабарлады.

«Мемлекет басшысы үкіметке, Алматы және Атырау облыстарының әкімдеріне зардап шеккендердің отбасыларына материалдық көмек пен қолдау көрсетуді тапсырды», - деп атап көрсетілген баспасөз мәлімдемесінде.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG