Accessibility links

Бейсенбі күні «Халыққа баспана қалсын» қоғамдық қозғалысының жетекшілері мен оның мүшелері бас қосып, несие дағдарысының төңірегіндегі мәселелерді қозғады.

Аталмыш қозғалыс жетекшілері үкіметке несиелік тұрақтылық қорын құрып, 3-5 жылдық мерзімдермен банктердің проблемалық несиелерін сатып алып және оның пайызы мүмкіндігінше төмендетілсе деген ұсыныс жолдады. Олардың айтуынша, бұл дүниежүзінде жиі қолданылатын тәжірибе. Егер де үкімет бұл ұсынысты қабылдайтын болса, қарапайым халыққа, кезінде оларға несие берген банктерге де жеңілдік болар еді.
Бүгінгі таңда құрылғанына көп уақыт өтпеген аталмыш қозғалыстың мүшелері күн санап көбейуде. Оның жетекшісі Елмира Ысқақованың сөзіне қарағанда, дәл қазіргі уақытта қозғалысқа мүше болуға ниет білдіргендердің саны мыңнан асып жығылады. Бүгінгі бас қосуға келгендердің барлығы дерлік несие проблемасына душар болған адамдар. Кезінде баспаналы болу үшін банктерден мыңдаған доллар қарыз алған олар, бала-шағаларымен бірге далада қалайын деп тұрғандарын жеткізді. Бұл мәселе мемлекеттік деңгейде шешілмейтін болса, көптеген қазақстандық отбасылардың зардап шегетіні туралы бүгінгі бас қосуда бірнеше рет айтылды.
«Халыққа баспана қалсын» қозғалысы маусым айының басында құрылып, содан бері банктер мен несие алушылардың арасындағы мәселелерді көтерумен айналысуда. Қазір бұл қозғалыстың 1500 мүшесі бар. Соның 600-ге жуығы Алматы қаласының тұрғындары екен.
XS
SM
MD
LG