Accessibility links

Рахат Әлиев құқыққорғаушы Питер Залмаевқа 60 мың доллар төледім дейді


Еуразиялық демократиялық бастама» құқық қорғау ұйымының директоры Питер Залмаев.
Еуразиялық демократиялық бастама» құқық қорғау ұйымының директоры Питер Залмаев.

Рахат Әлиевтің сайтында «Контрактідегі құқыққорғаушы» атты мақала тұр. Онда Питер Залмаевтың Нью-Йорктен қос қожайынға бірдей қызмет етіп, "екі жеп биге шыққысы" келетіндігі айтылған. Ал, Питер Залмаевтың өзі болса, Рахат Әлиевтен де, Ақордадан ақша алғандығын жоққа шығарады.

ӘЛИЕВТІҢ ШАБУЫЛЫ

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның қуғындағы бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің арасындағы драмалық әңгіме жаңа деңгейге көтерілгендей. «Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі» дегендей, қайын ата мен күйеу бала текетіресінде қосақ арасында кетіп жатқандар да бар. Солардың бірі, Нью-Йорктегі құқық қорғау ұйымының директоры Питер Залмаев бүгін бұл драманың ең басты қатысушыларының біріне айналғандай. Ол бірнеше жылдан бері «Еуразиялық демократиялық бастама» атты ұйымды басқарады.

Жақында ол Рахат Әлиевті әшкерелеушінің рөлінде көрінді. Ал, Рахат Әлиев болса, әшкерелеушілердің әрекетіне қыңбайтын сияқты. Қазақстанның бүкіл мемлекеттік машинасы Әлиевті қаралауға жұмыс істеуде. Рахат Әлиевтің пікірінше, бұл машина оны басып-жаншу үшін жаңа жауынгерлерді жалдауда. Жақында ғана күш құрылымдарының тапсырмасымен Рахат Әлиев туралы ақпарат жинаумен айналысқан бірнеше австриялық полицейлер әшкере болды.

Рахат Әлиевтің айтуынша, Питер Залмаевтың да түбінде бір шикілік бар және оның қызметі кәдімгі құқыққорғаушылық жұмыстан аулақтау.

Рахат Әлиев ұсынып отырған басты тезис мынау: Питер Залмаев соңғы бірнеше аптаның ішінде бағытын күрт өзгертіп, оның қарсыластарының жағына шығып кеткен.

Рахат Әлиев Азаттық радиосының редакциясына бірнеше құжаттың көшірмесін жіберді. Онда осыдан бірнеше ай ғана бұрын Питер Залмаевтың Рахат Әлиевпен белсенді түрде араласып, барлық бағытта оның мүддесін қорғағаны көрсетілген. Мәселен, Америка конгресмендерін Әлиевті қорғауға жұмылдыру мен Еуропа баспасөзінде Әлиевті қорғауға арналған насихат жұмыстарына дейін бар. Рахат Әлиев жіберген материалдарға қарағанда, Залмаев өзінің құқыққорғаушы мәртебесін пайдалана отырып, Австрияның мемлекеттік шенеуніктерімен де белсенді жұмыс істеген.

Рахат Әлиевтің материалдарына қарағанда, онымен пен Питер Залмаев екеуінің арасындағы бұл ынтымақтастық жай ғана екеуара қалаумен болған нәрсе емес. Болмаса, қазақстандық мемлекеттік жүйенің шабуылынан қорғанғысы келген Әлиевтің қалауымен болған жоқ. Немесе, құқыққорғаушы Питер Залмаевтың қуғын көрген тағы бір құрбандықты қорғағысы келгендігінен болған жоқ.

Рахат Әлиевтің Азаттық радиосына берген сұхбатта айтуынша, Питер Залмаевпен ынтымақтастық тиісті қаржылық схемасы бар келісімшарт - контрактімен бекітілген.

Рахат Әлиев Азаттық радиосына берген құжаттар көшірмелерінің арасында қазақстандық мемлекеттік режимнен қуғын көрген Рахат Әлиев пен оның көптеген жақтастарының мүддесін қорғау қызметі үшін Питер Залмаев ұсынған есепайырысу қағазы- счет та бар. Шот 2008 жылдың 30 қарашасында жіберілген. Онда жалпы пиар-кампанияны күшейтіп, жалғастыра түсу үшін екінші 60 мың долларды 15 желтоқсанға дейін жіберу туралы өтініш те тіркелген.

Әлиев жіберген қалған материалдар Рахат Әлиевтің және онымен байланысып биліктің құрбандарына айналған басқа да қазақстандықтардың тағдырына назар аударту үшін, Питер Залмаев жүргізген жұмыстардың бүге-шігесіне арналған.

2009 жылдың ақпан айында Питер Залмаевтың бағыты күрт өзгереді. Рахат Әлиевтің пікірінше, енді Залмаевтың шабуылдау нысанасы Нұрсұлтан Назарбаевтың режимі емес, жақында ғана оның құқыққорғау және қаржылық клиенті болған Рахат Әлиевтің өзі болып шықты.

Питер Залмаев, Вена мен Вашингтонда, жоғалып кеткен банкирдің жұбайы Армангүл Қапашева мен басқа адамдарды алып жүрген. Олар мафиялық сипаттағы бірнеше қылмысқа Рахат Әлиевтің қатысы бар деп есептейді. Питер Залмаев Австрия мен АҚШ-та берген сұхбаттарында:«Рахат Әлиевтің қанды оқиғаға қатысы бар, ол өзінің қылмыстары үшін жауап беруі керек» деген. 28 ақпанда біздің Азаттық радиосына берген сұхбатында да ол осыны айтқан еді.

Бұдан бұрынырақ, 2008 жылдың қараша айында, Азаттық радиосына берген сұхбатында Питер Залмаев Қазақстанда Рахат Әлиевтің сотталған жақтастарына қинау әрекеттерінің қолданылғанын айтқан. Әңгіме «16-лықтар тобы» деп аталатындар туралы болған. Олар жайындағы тезистер құқыққорғаушылардың қарашадағы бір конференциясында алғаш рет пайда болған-ды. Рахат Әлиев біздің Азаттық радиосына, Питер Залмаев жазды делінген, оның, яғни Әлиевтің мүддесін қорғау жұмыстары жайында есеп берген құжаттардың көшірмесін жолдады.

Рахат Әлиевтің ойынша, енді мердігер барынша ақшалы, барынша күштілеу клиентке ауысқан. Рахат Әлиев Азаттық радиосына берген түсіндірмесінде, егер Питер Залмаев бұрын Әлиевтің мүддесін қорғаса, енді адамдарды қинаумен айналысатын Ақорданың насихат машинасына қосылды, бұл әрине тегіннен тегін емес дейді. Рахат Әлиев бұл болжамнан гөрі сенімді ойын бұрынғы қайын атасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған ашық хатында да айтады. Ашық хат қазір интернет-сайттарында жүр.

«Президент мырза, сіздің серіктеріңіз «құқыққорғаушы» Питер Залмаевты жұмысқа бекер жалдады,- дейді хатының арасында Рахат Әлиев. – Сіз Нобель сыйлығының қандай иегері болсаңыз, ол да сондай америкалық құқыққорғаушы. Яғни, оның құқыққорғаушы болғысы келуі мүмкін, бірақ, жағдай (жағдай деп құқыққорғау нарығының коньюнктурасын айтып отырмын) оған келмейді. Әрине, сіздің кеңесшіңіз Александр Миртчевке қатысты дау-дамайдан соң маңызды лоббистік компаниялар сіздің елшілеріңізбен кездескісі келмейді. Содан барып кім болса сонымен жұмыс істеуге тура келеді. Бірақ, бұл жақсылыққа әкелмейді. Тәрбиелі азамат ретінде бұл жайында сізді ескерткім келеді».

Әңгіме арасында автор Нобель сыйлығы туралы кекесінмен айта кетеді. Қазақстан президентінің қашан болса да, қалай болса да Нобель сыйлығын алу туралы арманы біраздан бері қоғамдық әжуаның өзегіне айналған. Бірақ хаттың бұл үзіндісіндегі президенттің кеңесшісі Александр Миртчев туралы әңгіме назар аударарлық.

Александр Миртчев президент Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен «Суперхан» атты аса ірі жобаның ауторы болып табылады-мыс. Бұл жоба Назарбаевтың Қазақстандағы абсолюттік билігін 2025 жылға дейін бекітіп, одан әрі билікті президенттің некесіз туған ұлына беру процесін егжей-тегжейлі қарастырған. Рахат Әлиевтің пікірінше, Питер Залмаев президенттің пиар-жобасындағы кішігірім қызметкердің бірі болып қалған.

ЗАЛМАЕВТЫҢ ҚАРСЫ ШАБУЫЛЫ

Бұл айыптауларға Питер Залмаевтың өзі не деп жауап бередіі? Наурыздың басында мен телефон арқылы онымен бірнеше мәрте сөйлестім. Мен Питер Залмаевқа өткен жылдың соңында оның Рахат Әлиевпен тығыз қарым-қатынаста болғанын дәлелдейді деген материалдардың барлығы туралы айттым. Оның жауабы өте шалт, жылдам болды. Ол беретін жауабын ойланып, таразылап жатпады. Ол өзіне қатысты барлық айыптауларды жоққа шығарды. Бұның ішінде Рахат Әлиевпен қаржылық қатынастар болмаған делінді.

Питер Залмаев телефон арқылы сөйлескенімізде, Рахат Әлиевтің мүддесін қорғамағандығын қайта-қайта қадап айтты. Ол жақында ғана Азаттық радиосына берген сұхбатындағы айтқандарын қайталады. Яғни, атап айтқанда, бір-біріне қатысы жоқ екі бөлек сот бар дейді.

Біріншісі, айыпталып, Астанадағы жабық әскери соттың үкімімен әр түрлі мерзімге сотталған он алты азаматтың ісі. Олардың ішінде, Рахат Әлиев те сырттай сотталды. Питер Залмаевтың пікірінше, бұл істе Астананың әскери соты мен Қазақстан билігіне қатысты көптеген сыни ескертпелер бар.

Бірақ, Рахат Әлиевке қатысты екінші қылмыстық іс мүлдем бөлек мыс. Бұл іс банктің екі топ-менеджерін құпия ұрлауға қатысты. Осы іс бойынша Рахат Әлиев сот алдында тікелей жауап беруі керек деп Питер Залмаев тағы да сенімді түрде айтты. Рахат Әлиев пен оның адамдарына қатысты Алматыда сырттай өткен соттың обьективтілігіне Питер Залмаев күмән келтірмейді.

Питер Залмаев Азаттық радиосының редакциясына Рахат Әлиевтің мәлімдеулері мен пікірлерін жоққа шығарған хатын жолдады. Питер Залмаев өзінің хатын былай аяқтайды:

«Әлиевтің мәлімдемесінің ауырлығын ескере отырып мен оған жауап беру қажет деп шештім. Солай бола тұра мен «Азат Еуропа»/«Азаттық» радиосының Қазақ редакциясы өзінің беделді мінберін бере отырып, Әлиев мырзаның Қазақстандағы өзінің көп жылдық қызметіне қатысты басты тақырыптан жалтарып, баршаға күйе жағуына мүмкіндік туғызып, оның жетегінде кетпейді деп үміттенемін. Әлиев атап айтқанда мыналардан: адамдардың жоғалуы мен асыраушыларынан айрылған отбасылар алдындағы өзінің жауапкершілігінен; кәсіпкерлердің бизнесін тартып алу оқиғаларынан; оппозиционерлерді қудалағаны үшін; «16-лық тобының» мүшелері – бұрынғы басшыларының кесірінен түрмеге тоғытылған оның бұрынғы бағыныштылары үшін жауапкершіліктен жалтармақ».

Бір сөзбен айтқанда, Питер Залмаевтың жолдау хаты Рахат Әлиевтің айтқандарының барлығын жоққа шығарады. Рахат Әлиев ұсынған материалдар туралы Питер Залмаев:«Оның қылмыстары: бизнестегі рейдерлігі, келіспейтіндерді өз қолымен қинағандығы, Қазақстан азаматтарының соңынан аңду жүйесін ұйымдастырғаны туралы мәлімдеуге батылы баратындардың барлығына қарсы компромат даярлау арқылы өзін қорғауды жалғастыруы»,- деп есептейді.

Питер Залмаевтың келесі екі пікірін толықтай келтіру керек. Өйткені, бұл пікірлер осы жекпе-жектегі ең маңызды тұс.

Питер Залмаев былай деп жазады:«Бірден мәлімдеуім қажет, «Еуразиялық демократиялық бастама» ұйымы Әлиев мырзадан ақша алған жоқ. Және оның қызметкерлері, оның ішінде мен директор ретінде, Әлиевпен ешқашан кездескен жоқпыз. Сонымен бірге, менің Қазақстан үкіметіне «сатылғаным-мыс» туралы Әлиевтің мәлімдемесіне наразылық білдіремін...»

Демек, Питер Залмаев, Рахат Әлиевке Еуропа мен Америкада құқыққорғаушылық пиар-көмек көрсету туралы өздерінің бірлескен жұмыстарының дәлелі ретінде Рахат Әлиев ұсынған құжаттарды шындыққа сәйкес келмейді деп есептейді.

ҚОРЫТА КЕЛГЕНДЕ

Сонымен бұл әңгімеден нені түсіндік?

Рахат Әлиевтің өзінің интернет-сайтындағы блогында жарияланған, Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хаты бар. Онда хат ауторы Питер Залмаевты өзінің құқыққорғаушылық ұйымын таза коммерциялық мақсатта қолданғаны, ол тіпті Нұрсұлтан Назарбаевтың адамдарымен байланысудан тартынбағаны үшін айыптайды.

Сондай-ақ Әлиевке Питер Залмаевтың жауабы да бар. Мұнда Залмаев құқыққорғаушы ұйым мен оның басшылығының қызметіне, яғни, өзіне қарсы бағытталған құжаттарды қолдан жасалған деп Рахат Әлиевті айыптайды.

Кем дегенде 2008 жылдың қыркүйек айынан желтоқсанға дейін Питер Залмаевтың Рахат Әлиевпен ынтымақтаса жұмыс істегенін дәлелдейтін, Рахат Әлиев Азаттық радиосына жіберген электронды материалдардың тұтастай сериясы бар. Бірақ Питер Залмаев оларды қолдан ұйымдастырылған деп есептейді.

Питер Залмаевтың ақпан айында Азаттық радиосына берген сұхбаты бар. Онда Залмаев Нұрбанктің екі топ-менеджерін ұрлағаны үшін Рахат Әлиевті ашық түрде айыптайды. Осыған дейін бірнеше апта бұрын Питер Залмаев мұндай мәлімдемені Венада Армангүл Қапашеваны ертіп жүргенде де жасады. Бұл сұхбатқа дейін Питер Залмаев Рахат Әлиевтің атына жария түрде сын айтқан емес.
XS
SM
MD
LG