Accessibility links

Қазақстан суицид көрсеткіші бойынша әлемде алдыңғы орындардың бірінде тұр


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, Қазақстанда 100 мың тұрғынға шаққанда 53 кісі өзіне қол салып қаза болады екен. Бұл көрсеткіш Орта Азия елдері бойынша Қазақстанда ең жоғары деңгейде екен.


ЖАЛҒЫЗДЫҚ – СУИЦИДКЕ ИТЕРМЕЛЕЙТІН БІРДЕН БІР СЕБЕП


Американың Nydailynews басылымы Қазақстандық супермодель Руслана Коршунованың өлімін тергей отырып, 20 жасар бойжеткеннің Отанында өз-өзіне қол жұмсау фактілері АҚШ-пен салыстырғанда 3 есе көп болатындығын анықтаған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, қазақстандық әйелдер арасындағы суицидтің көрсеткіші – 15 пен 24 жас аралығында 100 мың тұрғынға шаққанда 11,1 оқиғаны құрайды. Салыстырмалы түрде АҚШ-та бұл көрсеткіш – 2,9-ға тең.

20 жасар алматылық бойжеткен Руслана Коршунова өткен жылы Манхэттендегі өз пәтерінің 9-шы қабатынан құлап қайтыс болған еді. Пәтердің ішінде қандай да бір арпалыстың ізі анықталмаған. Сол кезде жергілікті басылым Руслана өз-өзіне қол жұмсаған деген болжам айтқан болатын.

Қазақстанның тумасы Руслана Коршунова өз карьерасын сән әлемінде 2005 жылы бастаған болатын. Сол кездің өзінде Vogue журналының еуропалық басылымы бойжеткенге арнайы мақаласын арнап, «мысық пішінді» Руслананың болашағынан зор үміт күтетіндіктерін жазған еді.

Жас фотомодель «Кристиан Диор», «Кензо», «Москино» сияқты беделді сән үйлерінің жарнамасында түсіп, жетекші сән көрсетілімдеріне қатысқан. Руслананың осындай бір ғана көрсетілімге қатысуы 5 мың АҚШ долларына бағаланып, бойжеткен сән-салтанатты өмір сүрген. Осылайша бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп, әлемдік сән әлемінде өзіндік орынға ие болған Руслана өз-өзіне қол жұмсап, 2008 жылдың 28 маусымында бұл әлеммен қош айтысқан еді.

Америкадағы таныстары Руслананың өз отбасы мен туған жерін қатты сағынатындығын еске алады. Руслана өте көп жұмыс істеп, өзінің сыртқы бейнесіне қатты мән берген деседі. Алайда, оның ішкі күйзелісі ешкімге белгісіз болып қала бермек...

Психолог мамандар, әдетте жалғыздық – суицидке итермелейтін бірден-бір себеп екендігін айтады.

– Өз-өзіне қол салу – түсініспеушілік пен жалғыздықтан туындайтын проблема. Әрдайым адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасында түсініспеушілік орын алып жатса, ата-ана баласын түсіне алмаса, күйеуі әйелін түсінбесе немесе керісінше дегендей, жақын жандардың бір-бірін түсінбеуі осындай қайғылы оқиғаларға алып келеді, – дейді біздің радиомызға сұхбат берген Қазақстан психоаналитиктер ассоциациясының президенті Анна Құдиярова.

ҚАЗАҚСТАНДА КІСІ ӨЛТІРГЕНДЕРДЕН ӨЗ-ӨЗІН ӨЛТІРГЕНДЕР КӨП

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне жүгінсек, Қазақстан әлем бойынша 100 мың тұрғынға шаққанда 53-і өзіне қол салу оқиғасы көрсеткішімен алдыңғы орындардың бірінде. Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша «тұрақты лидерлер» саналатын – Венгрия (88) мен Литвадан (96-99) сәл төмен тұр. Ал кейбір деректер бойынша, Қазақстан Ресей мен Латвиямен бір қатарда көрінеді.
Облыстық прокуратура алдында өзін-өзі өртеген Қабидолла Шолақовтың автокөлігі мен өртенген аяқ киімі. Атырау, 26 мамыр, 2009 жыл.


Ал енді Қазақстанның ішіндегі жағдайға назар аударсақ: соңғы бірнеше жылда осындай қаза бойынша көш басында Оңтүстік Қазақстан облысы (72 оқиға), Ақтау (64-67 оқиға) және Солтүстік Қазақстан облысы (100 мың тұрғынға шаққанда 57 адам өз-өзіне қол жұмсаған). Бір атап өтерлігі – елде адам өлтіргендерге қарағанда өз-өзін өлтіргендер саны әлдеқайда көп екен.

Жалпы әлемде жыл сайын шамамен миллионға жуық адам өз-өзіне қол салып көз жұмады. Олардың 8 мыңы – қазақстандықтар, яғни республикада әр сағат сайын бір адам өз еркімен өмірмен қош айтысып жатады.

ӨЗ-ӨЗІНЕ ҚОЛ САЛУ ЕРЛЕР АРАСЫНДА ЖИІ КЕЗДЕСЕДІ

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда 2007 жылы 342 суицид фактісі тіркелген. Оның 2/3-і ер азаматтар.

Психологтардың сөзіне қарағанда, өз-өзін өлтіру оқиғалары әйелдерге қарағанда ер адамдар арасында жиі ұшырасады келеді. Ер адам өз-өзіне қол саламын деп шешсе, онда олар өз ісін аяғына дейін жеткізуге тырысады. Ал әйелдер әдетте өлуді емес, өзіне назар аудартуды көздейді. Сол себепті, статистикада өз-өзіне қол жұмсап өмірін қиған ер адамның 1 оқиғасына әйелдердің өз-өзіне қол жұмсауға талпынған 5 фактісі сәйкес келеді екен.

Қазақстан психоаналитиктер ассоциациясының президенті Анна Құдиярованың айтуынша, өзіне қол жұмсаған ер адамдар көбінесе асылып өлуді таңдайды екен.

– Маған көбіне қыз-келіншектер келеді. Олар әдетте өз-өзіне қол салуда дәрі-дәрмектерді пайдаланады. Олардың қолына қару алып атылу мүмкіндігі жоқ, ал дәріхана дегеніңіз кез-келген жерде бар. Әйелдерге қандай дәрі ішу маңызды емес, тек ол көп болса болғаны, – дейді А. Құдиярова.

ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ СУИЦИД ЖЫЛ САЙЫН КӨБЕЙІП ОТЫР

Мамандар жыл сайын Қазақстанда 14 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында 6-8 суицид фактісі тіркелетіндігін айтады.

Елде 2005-2007 жылдары кәмелетке толмағандар арасында 1364 өз-өзіне қол салу фактісі анықталып, оның – 887-і қазамен аяқталған. 2005 жылы – 261, 2006 – 274, ал 2007 – 352 суицид тіркелген.

Мақсат Айтбаев, алыстағы Америкада өзіне қол салып қаза болған қазақ ұланы.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының 2008 жылы «Балалар суициді» тақырыбында жүргізген арнайы зерттеуінде балаларды суицидке итермелейтін негізгі себептер ретінде баланың күрделі әлеуметтік-психологиялық жағдайы, одан кейін – ұлтаралық қатынас, отбасылық тұрмыстың қолайсыздығы мен қолдаудың болмауы сияқты факторлар аталған.

Айта кету керек, жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің әрбір үшіншісі – көрнекі құбылыс, нақтырақ айтсақ, олар өлгісі келмейді, тек осы әрекеттерімен өздеріне назар аудартқысы келеді. Мамандар мұның өте қауіпті құбылыс екендігін айтады. Өйткені, келесі талпынысы қазаға ұласып жатады.

Балалар өз-өзін өлтірудің себебі көп деп түсіндіреді. Алайда, олардың басты проблемасы – жалғыздық. Егер мектепте қандай да бір проблема туындап жатса – ата-ана балаға көмек көрсету керек, ал отбасында проблема туындап жатса – ұстаздар балаға назар аударуы тиіс. Қазақстанда тіпті 10 жастағы балалар арасында өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары тіркелген.

«Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында тұратын 1997 жылы дүниеге келген Гриша К. анасы мен өгей әкесімен ұрсысып қалғандықтан, 2007 жылы өз-өзін өлтірмек болған. Мектепте 4 пен 5-ке ғана оқыған жасөспірім «кетан» таблеткаларының бірнеше қаптамасын ішіп, дәріден қатты уланған Гриша тек дәрігерлердің уақытылы көмегінің арқасында ғана аман қалған» (ҚР Бас прокуратурасының есебінен).

Мамандар өлуге құмарту – психиканың проблемасы екендігін айтады. Сондықтан әрдайым жақындарыңмен бірге болып, бір-бірін бағалап, әрдайым түсіністікпен өмір сүре білу қажет дейді психолог мамандар.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG