Accessibility links

Ауғанстанда екі аяғынан айрылған қазақ сарбазы кедейлікпен күресіп келеді


Талғат пен Айгүл Мүсіреповтер. Ақтөбе, 14 мамыр 2010 ж.

Талғат пен Айгүл Мүсіреповтер. Ақтөбе, 14 мамыр 2010 ж.

Талғат Мүсіреповтың Ауғанстандағы соғыстан оралғанына да ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Екі аяғынан айрылса да, таксист болып күн көріп жүр. Жұбайының айтуынша жергілікті билік ардагердің күнделікті тіршілігін жеңілдетуге ешқандай көмек көрсетпейді.


ТАНЫСА САЛЫП ҮШІНШІ КҮНІ ҮЙЛЕНУ

Жиырма төрт жыл бұрын Ауғанстаннан, қайғы-қасіретке толы совет-ауған соғысынан қатардағы жауынгер Талғат Мүсірепов екі аяқсыз оралды. Екі жылдан кейін он сегіз жасар Айгүл сұлумен шаңырақ көтерді.

Айгүл Мүсірепова біздің Азаттық радиосына берген сұхбатында сол жылы Қарағандыда оқығанын айтады. Қысқы демалыста үйіне қайтқанда автобус болмай қалып, жолай Хромтау ауданы Сарысай ауылындағы құрбысының үйінде аялдауға тура келген.

- Сол кеште Талғатпен таныстым. Ол маған дәл сол кеште-ақ ұсыныс жасады. Басында ойнап тұрған шығар деп ойладым. Бірақ шын болып шықты. Мен келісімімді беріп, келесі күні той жасадық, - дейді Айгүл.

Айгүл өз анасының басында қарсы болғанын айтады. Ал әкесі, екінші дүниежүзілік соғыстағы тыл ардагері, қолдаған. Талғатпен тағдыр қосуының басты себебі – онымен танысқан кезде Айгүлдің жігітке ерекше мейірімі түскен.

- Оның аянышты күйі жанымды ауыртты. Ешкімге керексіз. Ауған соғысында аяқтан айрылған. Соңыра менде сезім, бірте-бірте сүйіспеншілік пайда болды. Әкем маған "күйеуіңді сыйла, өйткені ол мемлекеттік адам, Отан алдындағы борышын өтеген адам" деді, - дейді Айгүл Мүсірепова.

«АУҒАНДЫҚТАР» АРАСЫНДАҒЫ ӨЗАРА СЕПТЕСУ

Талғат Мүсірепов Қандағарда, былайша айтқанда, мұсылмандар батальонының құрамында соғысқан. Баласының әскери ауруханаға түскенін естіген анасының сол сәтте шашы ағарып кеткен.

- Елге оралар кезімде совхоз директоры мен үшін барлық жағдайды жасап қойды, қолмен басқарылатын «Запорожец» көлігін тарту етті, үйге сумен жылыту жүйесін орнатып берді. Ауыл адамдары қолдарынан келгенше болысты. Оларға дән ризамын, - дейді Талғат Мүсірепов.
Соғыс ардагерлері Жеңіс күнін атап өтуге шықты. Ақтөбе, 9 мамыр 2010 ж.

ССРО тараған уақытта елді жайлаған жұмыссыздық Мүсіреповтардың отбасын қалаға көшуге мәжбүрлеген. «Ауғандықтарға» арналған үйден пәтер алған. Үйдің лифтісі істемеген. Айгүл күйеуін көшеге құшақтап алып шығатын.

- Өте қиын болды, екі бөлмелі пәтерімізді нашарлау жер үйге айырбастауға тура келді. Есесіне күйеуім далаға өзі кіріп-шығатын болды, - дейді Айгүл Мүсрепова.

Ауған ардагері Талғат Мүсірепов 30 мың теңге көлемінде (200 доллар шамасында) зейнетақы алады. Жұбайын жиі-жиі ақысыз демалысқа жібереді, сол себепті таксист болып нәпақа табуға мәжбүр болған. Екі жыл бұрын екеуі «Опель-Вектра» көлігін несиеге алған.

- «Опель-Вектраға» қолмен басқару жүйесін орнатып алдым. Зейнетақы жетпейді, ең болмаса 60-80 мың болғанда әйтеуір өмір сүруге болар еді. Өзге мүгедектерге көліктеріне қолмен басқару жүйесін орнатып алуына көмектесемін. Мүгедектерден ақша алмаймын, олар дастархан жаяды. Біздер, ауғандықтар бір-бірімізге жәрдемдесеміз, өзара көмек барлық жерде болуға тиіс қой. Жұбайымды қатты жақсы көремін. Әрине, қызғанамын. Ол менің сүйенішім, ылғи қасымда жүреді, - дейді Талғат Мүсірепов.

НАҚТЫ КӨМЕК ЖОҚ

Талғат Мүсірепов - Ақтөбе облысы бойынша Жауынгерлік қызыл ту орденін иеленген жалғыз ауған соғысы ардагері. Өткен жылғы бір іс-шарадан кейін оның костюмінің жағасындағы ордені жоғалып кеткен.

- Сол кезде күйеуім төрт күн бойы ұйқы көрмеді, қатты мазасызданды. Орденін анан да, мұнан да іздеді, қай жерде жоғалды екен дегенді ойлаумен болды. Ол төс белгілерін ұқыптылықпен ұстайды, жиі тазалайды. Өйтпегенде қайтеді - достарынан, екі аяғынан айырған соғыстың ескерткіштері ғой, - дейді Айгүл Мүсірепова.

Екеуінің бақытты өмір кешіп, екі бала тәрбиелеп жатқандарына 22 жыл болды. Үлкен ұлдары құрылысшы-жөндеуші оқуының екінші курсында сырттай оқиды, қыздары бүгін-ертең мектеп бітіреді.

Бес жыл бұрын бұл отбасы кеңірек зал мен ыңғайлы жуынатын бөлме салуға кіріскен еді, бірақ ақша тапшылығынан құрылыс тоқтап қалған.

- Қайта-қайта медаль бергенше жергілікті билік жауынгер-мүгедекке қолайлы жағдай туғызуға көмектессе ғой. Күйеуімді шылапшынға жуындырам, - дейді Айгүл.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG