Accessibility links

Қазақстанда совет-ауған соғысының ардагерлері райсәбестен гөрі комиссариатта айрықша есепте тұрады


Ауғандық жауынгерлер Сергей Ефименко мен Мұрат Әбдішүкіров.Алматы, 24 желтоқсан, 2008 жыл.

Ауғандық жауынгерлер Сергей Ефименко мен Мұрат Әбдішүкіров.Алматы, 24 желтоқсан, 2008 жыл.

25 желтоқсанда кеңес әскерлерінің Ауғанстанға кіргеніне 29 жыл толды. Осы соғыстың қазақстандық ардагерлері әлeуметтік қамсыздандырудан шет қалғандарын айтады.

Жарияланбаған соғыс 9 жылдан астам уақытқа созылған еді.Ауғанстанда соғысқандардың арасында із-түзсіз жоғалып кетті делінетіндер мен басқа елдерге алып кетілді деп есептелетіндер бар.

КСРО құлағаннан кейін әр республика Ауғанстан бойынша өз шығындарын: соғысқа қатысушыларын, құрбандары мен мүгедектерін есептеп шығарды. Бұл соғысқа Қазақстаннан 22 мың азамат қатысып, оның 924-і опат болып, 1015 жауынгер мүгедек болып қалды және 21 адам хабарсыз жоғалып кетті. Қазақстанның «ағайындық интернационалдық көмек» көрсетуінің нәтижесі осылай болды.

Қазақстандағы «ауғандық» жауынгерлердің қазіргі жағдайлары қандай, шешілмеген мәселелері бар ма, үкімет тарапынан оларға қандай көмектер мен жеңілдіктер жасалуда? Осы және басқа да сұрақтарға жауап беру үшін Азаттық радиосының Алматы бюросына Aуған соғысына қатысқан — Ауған соғысы ардагерлері үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбдішүкіров пен Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағының Медеу аудандық ұйымының төрағасы Сергей Ефименко келген еді.

Олардың екеуі де Ауғанстанда 1981-1983 жылдары болыпты. Мұрат Әбдішүкіров бірнеше рет әскери операцияларға қатысқанымен, үйіне аман-сау оралыпты. Ал Сергей Ефименко минаның жарылуы салдарынан контузия алған. Азаттық радиосы тілшісінің сұрақтарына негізінен Мұрат Әбдішүкіров жауап беріп отырды

— Әңгімені сіздер үшін аса жағымды болмаса да мына төңіректе өрбітсек, «ауғандықтардың» қоғамдық бірлестіктері неге көп дегенге жауап бере аласыздар ма, естуімізше осындай 20 шақты ұйым бар көрінеді. Мәселені жұдырықтай жұмылып шешудің орнына сіздер бөлініп, бытыраңқы жүрсіздер.

— Біз еркін елміз. Ал заңда кез-келген 10 адам бірігіп, қоғамдық бірлестік құруға құқылы деп анық жазылған. Расында, бір ғана Алматының өзінде «ауғандықтар» құрған 17 ұйым бар, олардың бәрінің мақсаттары бір.

— Мінеки көріп отырсыздар ғой...

— Бірақ, өкінішке қарай, бұл жерде де саяси партиялардағыдай тек өзі басқарғысы келетін кеудемсоқ басшылар бар. Бір қуанарлығы, соңғы кездері бұл мәселеде алға жылжу бар. Қазір 14 бірлестік үйлестіру кеңесінің құрамына енді. Енді қазір өзекті мәселелерді шешуге бірігіп кірісудеміз. Ал шешімін таппаған көкейкесті мәселелер бізде көп-ақ. Оның біріншісі «Ардагерлер туралы» заң қабылдау. Бұл дегеніміз ауған соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне көмек көрсету, олардың мүддесін қорғау және тағы басқа көптеген шаруаны қамтиды. Бұл мәселелер біздің бәрімізге ортақ. Адамдар жеке-жеке жүргеннен гөрі біріксек, мәселеміздің тез шешілетінін түсінді.

— Сонымен, мәселелеріңіз шешілуде ме?

— Өткен жылы Мәжіліс «Ардагерлер туралы» заңды Қорғаныс министрлігі дайындаған күйінде қабылдамақ болған. Міне сол кезде Қазақстандағы барлық ардагерлер ұйымдары өздерінің бірліктерін көрсетті, біз ұйымдасқан түрде аталған заңның қабылдануына қарсы шықтық

— Неге?

-Парламент мәжілісінде қабылдана жаздаған осы заңның жобасында Отан қорғаушылардың мәртебесі өте төмендеп кеткен. Біздің құқығымызды аяқасты ететін ондай заңның бізге керегі қанша? Біз бүгінде президенттің Жарлығына сай «Ұлы Отан Соғысы ардагерлерімен бірдей мәртебеге теңестірілгенбіз». Ал, біз бұл мәртебеге риза емеспіз. Біз, біздерді соғысқа қатысушылар ретінде қарастырғанын талап етеміз.

-Сіздер өз дегендеріңізге жеттіңіздер делік. Сонда неге қол жеткізесіздер?

-Көп нәрсеге. Біріншіден, жеңілдіктерге. Жәрдемақы көбейеді, тегін емделуге қол жетеді, жол жүру арзандайды, тұрғын үйге жеңілдікпен кезекке тұрамыз тағы басқалары. Оның үстіне оның моральдық жағы да маңызды. Біз, «ауғандықтар» егер Отанымыз өз ұлдарын соғысқа жіберсе, соған сай қамқорлықтар жасауы керек деп түсінеміз. Олай болмаған күнде, елімізді қорғауға ешкімнің зауқы соқпайтын жағдайға ұшырауымыз да ғажап емес. Сол кезде, құдай басқа бермесін, қарулы жанжал бола қалса, шынымен ел қорғаушылар араша бола алмауы мүмкін.

Қаншама тұздықтасаң да соғыстың аты - соғыс. Ал, солдаттар әруақытта өз міндеттерін орындаулары керек. Қазақстандық «ауғандықтар» бұл міндетті адал орындады. Ешкім де ұрыс даласын тастап қашқан жоқ, көбісі шейіт кетті, жарымжан, мүгедек болып қалды. Ал енді арада талай жылдар өте келе, мұрыны соғыс иісін сезбеген, қанын төгіп, жарылған бомбадан құлағы тұнбаған Қорғаныс министрлігіндегі шенеуніктер мен парламенттегі депутаттар бізбен саудаласып, құқығымызды таптамақ.

-Сіздердің бұл талаптарыңызға Ұлы Отан соғысы ардагерлері қалай қарайды?

-Олар бізді барынша қолдап отыр. Жазбаша да, ауызша да. 1941-45 жылдардағы соғыс ардагерлері түгелдей тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Ал көптеген «ауғандықтардың» әлі күнге дейін баспаналары жоқ, бөтен біреулердің табалдырығын сағалап жүр.

Біз бәрін де жақсы түсінеміз. Экономикамыз тұралап жатқанда елмен бірге қиналсақ та, өмір сүрдік. Бірақ кейінгі жылдарда ел еңсесін көтерді, елдің экономикасы дамыды, құрылыс салу қызды. Билік болса дамыған 50 елдің қатарына қосыламыз деп жар сала бастады. Кешіріңіз, алмақтың да салмағы бар. Қазір болмаса ол қашан болмақ? Біз артық ешнәрсе сұрап отырған жоқпыз, тек заңды түрдегі құқығымызды талап етеміз.
Соған қарамастан біз қашан да Отанымызды қорғауға әзірміз.

-Билік олар соғысып болды, енді не қалды дейтін шығар?

-Айтпаңыз. Осыдан 8-9 жыл бұрын Баткен оқиғасы кезінде Өзбекстанның ислам қозғалысы содырлары Қырғыз жеріне басып кіргені есіңізде болар? Сонда бәрі абыржыды.Тек Қырғызстан, Тәжікстан ғана емес, Қазақстан мен Ресей де. Оқиға басқаша өріс алып кетуі әбден мүмкін еді. Әскери сарапшылар, содырлар тау арқылы Қазақстанға да келуі мүмкін деп болжады. Сол кезде алматылық «ауғандықтарды» әскери комиссариат бір тәулік ішінде жинап алып, жауға қарсы аттандыруға дайындады. Себебі, тау жағдайында соғыс жүргізуден біздің аса бай тәжірибеміз бар. Біз Ауған мектебінен өттік қой.

-Сіздер шынымен де қолдарыңызға қару алуға әзір болдыңыздар ма?

-Әлбетте. Отанымыз қажет десе, ертең- ақ, қатарға сап түзеп тұрамыз.

–Әңгімемізді осындай елжандылықпен аяқтауға болса да сіздерге және бір сұрақ қоймай тұра алмайтын сияқтымын. Бірде «Чернобыль» одағының басшысы Болат Раздықов бір телехабарда өмірімдегі ең бір бақытты сәттер Чернобыль апатына қатысқан жылдарым деп айтқан еді. Ал сіздер үшін Ауғанстан деген не өзі?

-Біз Раздықовты жақсы білеміз. Оның ішкі сезімдері де бізге таныс. Соғыс та, Чернобыль да - тозақтың оты. Дегенмен әскерде, әсіресе, соғыс кезінде әскерлердің ер-азаматтық қарым –қатынасы барынша жарқырап көрінеді. Өкінішке қарай, тек соғыс кезінде ғана нағыз достықты, тазалықты, тектілікті, жанқиярлық пен таза пейілді байқауға болады. Оның несін жасырайық, «ауғандықтар» да кейде сол бір жалындаған жылдарын сағына еске алады. Әсіресе, шенеуніктеріміздің тексіздігі мен арамзалығын көргенде сол соғыс кезі есіңе еріксіз түседі.

– Мұрат, Сергей, сұхбаттарың үшін сіздерге зор алғыс.
XS
SM
MD
LG