Accessibility links

Қазақ жұртшылығының құрбан айт мейрамын айрықша бір ыстық ықыласпен қарсы алатын әдеті бар. Қазақ бұл діни мейрамды дұрыстап қарсы алуды өмірдегі ең ұлы парызым деп санайды.

Соңғы тиын-тебенін жұмсаса да ол оған аса бір үлкен ыждаһаттылықпен дайындалып, құдды бір Құдайын күткен пендедей әзірлік қамын жасайды. Құрбан айт мейрамы күні қай қазақтың үйіне бас сұқсаңыз да, көл-көсір жайылған дастарханды, адамдардың жүзінен төгілген мейірімді, бір-біріне кешіріммен қараған кішіпейілділікті, өзге халықтың ешқайсысында да кездеспейтін дархандықты сезінесіз. Далаға шықсаңыз - көшедегі қайыршыларға садақа беріп жүрген қазақтардан көзіңіз сүрінеді.

Теледидарды қоссаңыз – құрбан айт мейрамымен құттықтаған, жаныңа жылу шуағын сыйлайтын ыстық лебіздерден, имандылыққа шақырған әдемі уағыздардан басыңыз айналады. Құрбан айт мейрамында Құдайға құлшылық ету үшін, президенттен бастап, мешітке ағылатын нөпір халықта есеп жоқ-ау, есеп жоқ.

Дәл осы күні кеудеңізді бір қуаныш сезімі кернеп, қазақтың аспанын имандылықтың нұрлы сәулесі жаулап алғандай бір рахат көңіл-күйдің бесігіне бөленесің. Бойыңды билеген белгісіз бір қуаныштан жарылып кете жаздаған жүрегіңіз алып-ұшып, басқа халықтарға қарағанда ең алдымен қазақ бейбақтың Құдайға жақын екендігіне, өзге жұртпен салыстырғанда қазақ байғұстың жанында ғана имандылық шуағының мол екендігіне риясыз сенгің келеді. Алланың салып берген түзу жолынан адаспай келе жатқан жалғыз халық та - қазақ па деген ойға батасың. Тіпті, көңіліңе қуаныш шапағатын сыйлаған алабұртқан сезімнің ыңғайына жығылып «әлемде Құдайды дәл қазақ секілді шын сүйетін, жүрегінде имандылықтың оты өшпеген халық жоқ» деп, айғай сала жаздайсың.
Құрбан айт мейрамы кезінде халықтың көкейінде сайраған адамгершілік, әділеттілік, тазалық, ар-ождан туралы сезімдердің тиегі ағытылып, имандылыққа баулитын алтын сөздер айтылады. Бір-бірімізбен көрісіп, құшақтасып, бір-бірімізді дос-бауыр қыла жаздайтын қимастық сезіміміз оянады. Жұрттың бәрі де осы күні базарға ағылып, байларымыз атан түйені, қалғандарымыз шамамыз келгенше бір-бір қойды бауыздатқазып, Құдайға құлшылық етіп, құрбандық шаламыз. Ит екеш иттің өзі де құрбан айт күндері тастаған сүйегіңізді таңдап кеміреді.
Дастархан басында айтылған ғибратты әңгімелерден кейін жүрегіңіз толқып, көз алдыңызға ертеңгі күні халқымыз имандылыққа бет бұрып, басқаша өмір сүретіндей елестейді. Адамның өмірге деген құштарлық сезімін оятатын, осы бір қасиетті айт мейрамынан соң қазақтың жүрегінде имандылықтың оты тұтана ма деп үміттенесің. Ұлтыңның бағы жанып, бір-бірін көре алмайтын іштарлықтан, бір-біріне жаны ашымайтын қатігездіктен, тойымсыздықтан, түйені түгімен жұтып жіберетін жалмауыздықтан арыла ма деп, армандайсың.

Жемқорлықтың, халықты тонаудың арқасында дәулет жинаған байлардың мешітке барып, Аллаға құлшылық етіп жатқанын көргеніңізде, ендігі уақытта олардың сол арам істерін қайта жалғастырмайтындығына, райынан қайтып Құдайдың жолына түсетіндігіне шүбә келтіргіңіз келмейді. Ең бастысы құрбан айт мейрамынан кейін, өз елінде өгей баланың күйін кешіп, жұмыссыз қаңғырып, күнін көре алмай жүрген байғұс қазағыңның бағы жанса екен деп қиялдайсың. Ендігі уақытта билік басындағы атқамінерлер қазақтың мұңына құлақ асып, өз ұлтына жанашырлықпен қарай ма деп, дәмеленесің.
НЕГЕ КЕРЕК БҰЛ МЕЙРАМ?
Бірақ, айт мейрамы өте салысымен тіршілік шындығының мүлде басқаша екендігіне көзіңіз жетіп, көңіліңіз сенгенде дүние-жалғаннан түңіліп, өмір сүргіңіз келмей қалады. Өмірдің қатал шындығына мойынсұнып, құрбан айт кезіндегі тіршілігіміздің бәрінің де Құдайды да, өзімізді де алдау үшін жасалып жатқан уақытша ғана адамгершілік, уақытша ғана қайырымдылық, уақытша ғана имандылық екендігін түсінгенде көңіліміз көрдей суып қоя береді. Күні кеше ғана рухани келбетінен имандылықтың нұрлы шуағы төгілген әлемнің қабағы қайтадан қатуланып шыға келгенде, жүрегіңізді суық ызғар қарып, жаныңыз түршігеді.
Құрбан айт мейрамынан соң, дүниеде ешқандай да өзгерістің болмағанын, адамдардың жүрегінде имандылық шырағының жанбағанын, баяғы өмірдің қайтадан таз қалпына түскенін көресіз. Бәз-баяғы қалпында жалғасып жатқан арсыз тіршілікке қарайсыз да, құрбан айт мейрамы кезінде алған әсеріңіздің бәрінен айырылып, жүрегіңіз шерге толады.
Пара алумен күнін көріп жатқан заң қызметкерлері;халықты езіп-жаншып есірген шенеуніктер;биліктің тастаған сүйегіне бола құрдай жорғалаған зиялылар; халықты алдаудың арқасында байыған үстіне байыған бизнесмендер; тәнін саудалаған қазақтың қыздары;арын сатқан алаяқтар;тұрмыстың ауырлығы мен неше түрлі қорлыққа жаны шыдамай, ауыр қылмысқа барып жатқан жастар;жан-дүниесі күйзеліп рухы тозған қарапайым халық...
Жүрегіме мұң ұялататын осы бір көңілсіз көріністерге назарым ауған сайын «егер де қасиетті айттан соң, шын ниетімізбен имандылыққа бет бұра алмасақ, оны атап өтудің қаншалықты қажеті бар» деген ойдың ылғи да менің жаныма тыныштық бермейтіні бар.
Егер айт мейрамынан кейін де лас тірлігімізді жалғастыра берсек, құдайшыл бола қалып құрбандық шалғанзығымыздың кімге керегі бар
Неге керек бұл мейрам? Бұл Құдайды мазақ қылу ма, әлде өзімізді-өзіміз алдау ма? Кешегі адамгершілік, ізгілік, тазалық туралы айтқан әңгімелеріміздің бәрі қайда қалған? Егер айт мейрамынан кейін де лас тірлігімізді жалғастыра берсек, құдайшыл бола қалып, Аллаға құлшылық етіп, құрбандық шалғандығымыздың кімге керегі бар? Сонда не? Біз бұл құрбандықтардың бәрін осы күнге шейін жасаған күнамыздан арылып, Алладан жалбарынып, кешірім сұрау үшін емес, келешектегі арам істеріміздің өтеуі ретінде шаламыз ба?

Әлде біз Алланы да дүниенің қызығына тоймайтын, дәл өзіміз секілді парақор көреміз бе? Дүниеден өткен ең абзал жандарымыздың аруағы бақай есеппен шалған біздің құрбандығымызға шынымен разы ма? Мүмкін, біздің осы ұсақ тірлігімізге разы болмаған олардың жаны о дүниеде қиналып жүрген шығар? Неге біз осы жағын ойламаймыз. Неге біз шын ниетпен имандылыққа бет бұрған адамның шалған құрбандығын ғана Алланың қабыл алатындығын түсінбейміз? Қазақтың екі дүниеде де бақытты бола алмай жүргендігінің бір сыры осында жатса керек.
ЖҮРЕК СӨЗІ
Санасын сайтан билеген ХХІ –ші ғасырдың қазағы, Алланың алдындағы адамдық парыздың жылына бір рет шалынатын құрбандықпен өлшенбейтінін, кез-келген екі аяқты жұмыр басты пенде жүрегіндегі имандылықтың отын өзі тұтатуы керек екенін ұмытқан секілді. Ал, жүректегі имандылықтың отын тұтату үшін, Абай атамыз айтатын «амалдың емес, жүректің сөзін сейлейтін» батырлық керек. Құдайшылығын айтыңызшы, біздің қоғамда жүректің сөзін сөйлей алатын қазақ бар ма өзі?
Күнін көре алмай жүрген бейшара қазақтың жүректің сөзін сөйлей алатынына мен сенбеймін. Тіпті, сол үшін үйсіз-күйсіз қаңғырып, тапқан-таянғаны пәтерақысынан артылмай, не дұрыс тамақ іше алмай, не дұрыс киім кие алмай жүрген ол байғұстарға кіна артудың да қажеті шамалы. Көзін ашқаннан бергі көрген тірлігінің бәрі қатігездік, мейірімсіздік, жоқшылық болса – жүректің сөзін сөйлеуді ол кімнен үйренеді. Жүректің сөзін сөйлеу үшін ең құрығанда оның есін жиып алатындай жағдайы болуы керек қой. Жүректің жылуын сезіне алмаған ол бейбақтан бірдеңе күтуіміздің өзі әбестік емес пе?
Құранға қол жайған қазақтар. Алматы, 2005 жыл
Біздің қоғамда орташа қазақ та жүректің сөзін сөйлей алмайды. Қайта ол керісінше амалдың сөзін айтып, ар-ұятын сатып, күнін көреді.
Халықты тонаудың немесе парақорлықтың арқасында байыған біздің «крутой» қазақтарымызды –жүректің сөзін сөйлей алмадың деп жазғырып, аузымызды былғаудың өзі артықшылық шығар.
Жүректің сөзін сөйлей алмағаны үшін қарапайым халықты да жазғыруға болмайды.
Біздің қоғамдағы арсыз билік шындықты айтатын тәуелсіз басылымдарды күшпен жапқызып, батыр мінезді саяси тұлғаларымызды өлтіріп, өзіндік ой пікірі бар азаматтарымызды қудалап жатса, жүректің сөзін айтуға кімнің батылы барады. Бірақ біз жүректің сөзін сөйлеуді үйренбесек, қазақ халқы ешқашан да имандылыққа бет бұрып, бақытты бола алмайды.
Нар, тәуекел! Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Егер жүректің сөзін мен айтпасам, оны кім айтады деп, осы әңгімені бастадым.
АДАМ ӨМІРГЕ ЖАЛАҢАШ КЕЛІП;ЖАЛАҢАШ КЕТЕДІ
Осыдан бірнеше ай бұрын ресми биліктің әділетсіз саясатына қарсы шыққаны үшін, қаза тапқан белгілі саясаткер Заманбек Нұрқаділовтың асына бардым. Асты ақын Иран-Ғайып жүргізді. Өз сөзінде ақын Иран-Ғайып жиналған жұртқа, рамазан айында «Нұр-Астана» мешітіне барып, Аллаға құлшылық еткен Нұрсұлтан Назарбаевтың «Адам мына өмірге жалаңаш келіп, жалаңаш кетеді» - деп, ғибратты сөз айтқандығын әңгімелеп берді.
Ақын көкемнің осы сөзінен соң, мен іздеп жүріп газеттен президенттің «Нұр-Астана» мешітіне барып, Аллаға құлшылық етіп отырған сәтін түсірген фотосуретін тауып алдым. Бұрын-соңды ол кісінің суреттерінің бәріне де селқос қарай салатын мен, сол жолы оның Аллаға құлшылық етіп отырған бейнесіне ұзақ үңілдім. Фотосуреттегі жүзіне қарап, ол кісінің ендігі уақытта ана дүниені де ойлай бастағанын арқаммен сезінгендей болдым. Жүрегімде ол кісіге деген бір аяушылық па, түсінушілік пе, әйтеуір бір белгісіз сезімім оянды.
Шіркін-ай, егер де бұл сөзді ол осыдан он жыл бұрын айтып, шаш ал десе, бас алуға әзір тұрған әзірейілдер тәубасына түссе, биліктің оспадарлығына қарсы шыққан Заманбек Нұрқаділов, Алтынбек Сәрсенбайұлы секілді саясаткерлеріміз оққа ұшпас па еді? Шындықты айтудан сескенбеген Нүри Мүфтах, Асхат Шәріпжанов, Батырхан Дәрімбет сынды журналистеріміз белгісіз жағдайда қазаға ұшырамас па еді? Бәлкім билік, елдің сөзін сөйлеген «Солдат», «Республика», «Жас Алаш» секілді тәуелсіз басылымдардың соңынан шырақ алып түспес пе еді? Мүмкін, қазақтың бүкіл байлығының игілігін билік басына шоғырланған азғантай топ қана емес, бүкіл халық көрер ме еді? Ең бастысы қоғамның санасын үрей билемей, адам сияқты өмір сүрер ме едік?
Ия, расында да адам баласы дүниеге жалаңаш келіп, жалаңаш кетеді. Көзі тоймай, араны ашылып, қанша байлық жинаса да, өлгеннен соң оған мына жалған тіршіліктен бұйыратыны – екі метр жер ғана. Бір өкініштісі біз осы шындықты өміріміздің соңында немесе дүниеде сенер адамымыз қалмай, жалғыздыққа ұшыраған кезімізде ғана мойындаймыз.
Күні кеше ғана бүкіл халықты жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстаған Түркіменстан президенті Сапармұрад Ниязов дүние салды. Алла біледі, өзін Құдаймын деп есептеген, тіпті мешітке шейін өзінің сөзін жазғызып қойған Сапекең дәм-тұзының таусылғанын өлерінің соңғы сәтіне шейін сезінген жоқ. Кейбір ақпарат құралдарының хабарлауынша, өлерінен екі күн бұрын ғана Түркіменстан президентінің көңіл-күйі жақсы болған екен. Бірақ, амал нешік? Қанша күтушің болса да, өміріңді создырту үшін қандай амал жасасаң да Алладан жарлық түскен күні, сен бір сәтке де мына дүниеде аялдап қала алмайсың.
Түркіменстан президенті дүние салғаннан кейін мен ол туралы теледидардан берілген хабарлардың бірқатарын арнайы қарап шықтым. Сапармұрад Ниязовтың қазасына қабырғасы қайысып, шын қайғырып сөйлеген бірде-бір адам болмады. Тіпті, Қазақстандағы авторитарлық билікті жақтап, жанын салып қорғап жүретін депутаттардың өздері «өлген адам туралы жаман сөз айтуға болмайды ғой» деп, журналистердің қойған сұрағынан оңай құтылып кетті.
Өкінішке қарай Сапармұрад Ниязовтың аты түркімен халқының есінде өз елінде қатаң авторитарлық билікті орнатқан, оппозицияның бәрін қудалап, олардың белсенділерін түрмеге қамаған, көптеген өнер ошақтарын жаптыртқан, «Рухнама» атты кітап жазып, жұрттың бәрін соған табындырғысы келген Елбасшы ретінде қалады. Бір діндар адамнан естігенім бар. Өз елінің азаттығын жеке басының мүддесі үшін пайдаланған адам - о дүниеде тозақтың ең ауырына барады. Тәніміз өліп, жанымыз Құдайдың алдына барғанда біздің мына дүниедегі іс-әрекетіміздің бәрі де қаншалықты адал болғандығымызбен өлшенеді екен. Сенің о дүниеде бақытты болуың, мына дүниеде артыңнан қандай сөз еретіндігіне байланысты көрінеді.
Міне, сондықтан да рухы биік адамдардың жаны жұмақтың төріне көтеріліп, нұры пейіште шалқи береді де, дүниенің байлығына көзі тоймаған, жақынына жақсылық жасай алмаған адамдардың жаны тозақтың отына қарай төмендей береді екен. Бұл өмір адамның мәңгілік жұмағы мен тозағына барар алдындағы өтпелі кезеңі ғана. Екі аяқты саналы тіршілік иесінің ең ұлы парызы – мына өмірді адам құсап өткізу, Құдайдың берген ырыздығын адамның игілігі үшін дұрыс пайдалану. Бақ-дәулет, билік, өнер ... бәрі-бәрі адамға Құдайдан берілген.
Алладан бұйырған байлықты жетім-жесірлер мен күнін көре алмай жүрген кедей-кепшіктің игілігі үшін жұмсаған дәулеттілер, әділетті қоғам орнатуға ұмтылған патшалар, басына қандай ауыр күн түссе де бойындағы өнерін сатпаған талантты адамдар, өз ұлтының мүддесін қорғап, шындықты айтқан зиялылар ғана о дүниеде Алланың шапағатына бөленеді екен. Ал, біздің «соқыр, мылқау, таскерең» қоғамда Құдайдың ризашылығын алуға лайық осындай абзал жандар бар ма?
Қасиетті айт кезінде, халықтың имандылыққа бет бұрып жатқандығы туралы әңгімелер көп айтылғанымен, неліктен, біздің байларымыздың араны күннен-күнге ашылып, тойымсыз болып барады? Неліктен, біздің елімізде жемқорлық пен парақорлық қоғамның айықпас дертіне айналды? Неліктен, айдың күні аманда билікке қарсы шыққан саясаткерлеріміз атылып кетеді? Неліктен, «Бақай» мен «Шаңырақтағы» халықтың үйлері бульдозермен талқандалып жатқанда, біздің зиялыларымыз өз қазағын қорғаудың орнына, биліктің сойылын соғып, оларға «қанішер» деп, қарғыс айтады? Егер халық «қанішер» болса, оларды осындай жағдайға жеткізген биліктің «кім» болғаны?

Неліктен, біздің «өнерлі» жастарымыз өзінің әкесінен де үлкен ақсақалдарға сенің тарихшылығыңа, жазушылығыңа түкіргенім бар деп, өңешін жыртып айғайлады? Неліктен, біздің ақын-жазушыларымыз биліктің тастаған сүйегіне таласып, атаққа, мансапқа, кеудеге тағатын темір-терсекке құмар болып кетті? Ең қорқыныштысы, неліктен біздің қоғам кері кетіп барады? Неліктен, біздің ресми билік осындай сорақылықтардың бәріне жол беріп, ештеңе көрмегендей көзін жұмып отыр?

Неліктен, қоғамда неше түрлі құйқа тамырыңды шымырлататын қылмыс жасалып жатса да, біздің халық ештеңе көрмегендей үнсіз қалады? Халқымыздың имандылыққа бет бұрғандағы сиқы осы ма? Неліктен тәуелсіздік алғаннан бері елімізде жүздеген мешіттер салынса да, рухымыз күйзеліп, азып-тозып, жыл өткен сайын ұсақталып, хайуандықтан де төмен деңгейге түсіп, құрт-құмырсқаға айналып барамыз. Құдай үшін айтыңызшы, неліктен?
КҮРСІНБЕШІ ЖҮРЕГІМ
Ия, расында да, адам баласы өмірге жалаңаш келіп, жалаңаш кетеді. Жүрегінде иманы жоқ адамдардың билік басына келуі, кейде бүкіл қоғамды жалаңаштандырады. Ар-ұяттың бәрін де бойынан сыпырып тастаған ол қоғамдағы адам, ендігі уақытта амалдап, хайуанша жүріп күнін көреді. Қоғамда жасалып жатқан әділетсіздіктердің бәріне де көзін жұмып қарайды. Міне, сондықтан да біздің бүгінгі қоғамның табытта жатқан жалаңаш мәйіттен айырмасы шамалы.
Басқаларын білмеймін, айт мерекесі кезінде мен ылғи да қоғамдағы әділетсіздіктерден әбден шаршап, күрсіне беретін жүрегімді қалай жұбатамын деп қиналамын. Қасиетті айт кезіндегі бір-бірімізге көрсететін жасанды ылтипатымыздың кімге керегі бар? Маған ылғи да айт мерекесі өзіміздің жалаңаштанған сықпытымызды жасыру үшін жасалған көзбояушылық секілді болып қана көрінеді.

Ұлы Жаратушыны шын жүрегімен сүймейтін, Алланың жолынан адасқан біздің қазақ бір күн ғана Құдайға құлшылық етіп, қалған жыл он екі айдың бәрінде жалғанды жалпағынан басып, өзінің арсыз тірлігін жалғастыра бергісі келеді. Өтірік ғұмыр кешуді - өмір сүруінің негізгі тірегіне айналдырған ХХІ ғасырдың қазағы – қасиетті айттың ең ұлы парызы құрбандық шалуда ғана емес, Алланы шын жүрегімен сүюді үйреніп, имандылыққа бет бұруда екендігін мүлде есінен шығарған.
Жыл сайын келетін құрбан айт мейрамы шынайы махаббатты сезіне алмаған қазақтың жүрегін қуанышқа бөлеген емес
Міне, сондықтан да жыл сайын келетін құрбан айт мейрамы шынайы махабатты сезіне алмаған қазақтың жүрегін қуанышқа бөлеген емес. Өтірік таным, өтірік мораль, өтірік қоғам, өтірік саясаттың соңынан ерген біз шынайы бақыт дегеннің не екендігін мүлде ұмытқанбыз. Аста-төк мол байлығымыз, кең байтақ жеріміз болса да ізгілікті ойларымыз алдыға жылжымағандықтан – біздің қоғамның мыйын май басып барады.
Орыс жазушысы Гоголь «Достармен сырласу» атты ғажайып еңбегінде «Адамның бойындағы ізгілікті ойы алға жылжымайынша, қоғам ілгері қадам баса алмайды» деп, жазыпты. Ал, ар-ұяттың не екендігін ұмытып, сатқындыққа бет алған біздің қоғамның ізгілікті ойы алдыға жылжуы мүмкін бе? Екіжүзділік пен жағымпаздықтың арқасында күнін көріп жүрген бейбақтардың сатқандығына өкпелеудің де, қорқудың да қажеті шамалы. Алайда қоғамның ізгілікті ойын алдыға сүйреуге тиіс, халық үміт артқан азаматтарымыз өзінің бойындағы ар-ұятын сата бастаған заманда, расында да Отаныңның келешегі үшін қорқып, «иман сақтайтын қорықпас жүрек, айнымас көңілдің» (Абай) қалмағанын сезіп, санаңды үрей билейді екен.
Жүрегінде иманы, ақылында сәулесі бар азаматтар билік басына келіп, Құрандағы Алланың сөзі өмірдің заңдылығына айналғанда ғана адамның бойындағы ізгілікті ойы алдыға қадам басады. Батысты қанша жамандағанымызбен, ол жақтағы халықтың бақытты өмір сүретіндігінің ең басты себебі, ол елдегі протестанттар мен католиктер Тәурат пен Інжілдегі Құдайдың өсиетін, өмір сүрудің басты қағидасына айналдырған. Батыста біздегідей бір үлкен мінберден айтыла салған сайтанның сандырағы емес, адамның ақыл-ойы мен еңбегі бағаланады. Ал, біз болсақ, Құдайдың өсиетін бұрмалап бетіміз былш етпестен мұсылманбыз деп мақтанамыз-ау!
МҰСЫЛМАНБЫЗ
Мұсылманбыз! Адамгершілік, мейірімділік, адалдық, шынайылық, ізігілік секілді жүрегіміздегі періште сезімдеріміздің бәрін де өз қолымызбен буындырып өлтіріп, ұялмай-қызармай мұсылманбыз деп мақтануымыз нағыз сайтанның тірлігі емес пе! Мұндай мұсылманшылық, қай халықты бақытты қылып, қай халықты ұжмаққа жеткізген. Халықты өтірік өмір сүруге үйретіп, оны арамдыққа, сатқындыққа, екіжүзділікке баулитын мұсылманшылығымыздың, барынан жоғы жақсы емес пе? Шынайы имандылыққа бет бұрған адам ғана мұсылман бола алады. Ал, нағыз имандылық әділетті қоғамда ғана өмір сүреді. Сол себептен де Алланың өсиеті Құран-кәрімде «О дүниеде Алланың ризашылығына бөленуің, мына дүниеде қаншалықты әділетті болғандығыңа байланысты» деп, жазылған.
Адам баласы Алланың жердегі кішкентай көрінісі болғандықтан, оның жаны ауыр қиындықтардың бәріне шыдағанымен, әділетсіздікке төзбейді. Тарихты оқып көріңіз, әлемдегі ең ұлы қантөгістердің бәрі де халықтың өзіне жасалып жатқан әділетсіздігіне төзбегендігінен туындаған. Құр босқа даурығып, өтірік айғайлай бергеннен гөрі, бір сәтке болса да, ойланып көрейікші. Әділетсіз қоғам орнатып жатқан біз, халқымызды қантөгіске әкеле жатқан жоқпыз ба? Неге біздің билік өзіндік ой-пікірі бар азаматтардың бәрін де халықтың жауы көреді? Неге біздің қоғамда адамның ақыл-ойы мен парасаты емес, оның қаншалықты билікке жағымпаздана алатын қабілеті бағаланады? Неге біздің ресми басылымдар тек оппозицияны қаралаған мақалаларды ғана береді? Неге біздің елімізде халықтың бәрі тоңып секіріп жатқанда, билікке жақын атқамінерлеріміз ойына келгенін істеп, тойып секіреді?
ҚОҒАМДЫ ЖАЛАҢАШТАНДЫРҒАН КІМ?
Ұмытпасам, осыдан бір-екі жыл бұрын «Жас Алаш» газетінде сыншы Әмірхан Меңдекенің бір мақаласы жарық көрді. Мақалада бір үлкен кісінің туысқанының баласын сүндетке отырғызып, ұлан-асыр той жасағаны айтылыпты. Сыншының айтуынша, Абайдың, Мұхтардың, Жамбылдың, Махамбеттің тойы да дәл осындай дәрежеде өтпепті. Бәйге ұйымдастырылып, оған оннан астам джип тігілген. Той әбден қызып, шарықтау шегіне жеткенде, шектен тыс астамсыған той иесі жұрттың үстінен бірнеше вертолетпен кілең бес, он мың теңгеліктерді жаңбырша жаудыртқан.
Мақаланы оқып шыққаннан кейін, «қазақ халқының біртуар перзенттері Абай, Мұхтар, Жамбыл, Махамбеттің тойларынан да қымбатқа түскен бұл не деген «әтпішау» деп, басымды шайқадым. Кейбір адамдар нанға ақша таба алмай отырған заманда, дәл осылай астамсу халықты қорлау емес пе? Ал, халықты қорлау мен Құдайды қорлаудың еш айырмашылығы жоқ. Себебі халық –Құдайдың бір аты.
Әділеттілік болмаған қоғамда, адамның бойындағы адалдық, мейрімділік, тазалық секілді асыл қасиеттері емес, керісінше, екіжүзділік, алаяқтық сынды арам қабілеттері бағаланады. Осылайша бірте-бірте қоғам жақсы менен жаманды айырудан қалады.
Ендеше біздің қоғамдағы сана-сезімнің суалып, тіршіліктің қатігезденіп, адамдардың ар-ұяттан айырылып, жан дүниесінің жалаңаштанып бара жатқаны үшін халыққа өкпелеуге бола ма? Халықты дәл осындай сормаңдай күйге жеткізген кім?
Қазақстанның бүкіл байлығын шет елдік алпауыттар қалайша тонады? Халықтың денесіне аш кенеше жабысып алып, сүлікше сорса да тоймайтын, имансыз атқамінерлер билікте неге қаптап кетті? Қазақстандағы бүкіл ақпарат құралдары «шықпа жаным шықпамен» әрең күнін көріп жатқан еліміздің шынайы тұрмыс-тіршілігін жасырып, неге тек бір жақта ғана мәлімет береді? Еліміздегі бизнесмендерге қырғиша тиіп, күн көрсетпей жатқан кім? Қазақтың несібесіне бұйырған жер асты, жер үсті байлықтың игілігін халық қашан көреді?
Әрі-беріден соң сатылып кеткен жердің үстінде отырып шалған біздің құрбандығымызды Құдай қабыл ала ма?
Мұнайдан түскен миллиардттаған доллар ақшаның рахатын кімдер көріп жатыр? Біздің елімізде билікке қарсы сөз айтқан кәсіпкерлер неге жауапқа тартылады? Басқасын айтпағанда, Парламент те, үкімет те қазақ халқының ХХІ ші ғасырдағы қасіретіне айналған, келешекте халқымызды құлға айналдыратын жер сату туралы заңды қандай мақсатпен қабылдады? Әрі-беріден соң, сатылып кеткен жердің үстінде отырып, біздің шалған құрбандығымызды Құдай қабыл ала ма? Қазақтың жері үшін жанын берген біздің ата-бабаларымыздың аруағы жерді сатқан ұрпағының бұл ісіне шынымен разы ма?
Бәріміздің де көкейімізде жүрген осы сауалдарға жауап таба алмасақ, мына дүниеде бізді - халық, ана дүниеде - Құдай кешірмейді. Егер құрбан айт мейрамынан кейінгі біздің қоғамның имандылыққа бет бұрғаны рас болса, жанымызға тыныштық бермей жүрген осы сұрақтарға жауап іздеген жөн шығар. Амин!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG