Accessibility links

"Басқа амалымыз жоқ". "Талибан" қыспағынан қашқандар қайда кетіп жатыр?


Паспорт алуға өтініш тапсыруға кезекте тұрған адамдардың қасынан өтіп бара жатқан бала жетектеген әйел. Кабул, Ауғанстан, 25 шілде 2021 жыл.
Паспорт алуға өтініш тапсыруға кезекте тұрған адамдардың қасынан өтіп бара жатқан бала жетектеген әйел. Кабул, Ауғанстан, 25 шілде 2021 жыл.

АҚШ пен НАТО Ауғанстаннан әскерін шығара бастасымен "Талибан" қозғалысы елдің бірқатар аймағын басып алды. Тәліптердің қыспағы күшейгендіктен күніне мыңдаған ауған азаматы шетелге кетіп жатыр.

Ауғанстанның оңтүстік-батысындағы Нимруз уәлаятының орталығы, елдің контрабанда орталығы атанып кеткен Зарандж қаласынан күн сайын адамға лық толы автокөліктер кетіп жатыр. Қаладан шыққан көліктер шөл даламен оңтүстікті бетке алып, Пәкістанға жол тартады.

Пәкістанның оңтүстік-батысындағы Белуджистан аймағының Дак қаласында контрабандашылар Ауғанстаннан келген босқындарды басқа көлікке отырғызады. Жиырмадан астам адам бір көлікке отырып, бірнеше сағат бойы Белуджистанның шөл даласы мен Машкель тауы арқылы Иранға жол жүреді.

Ауғанстаннан үдере көшкен босқындар мен мигранттардың көбі Иранға жетіп, сол жақта заңсыз тұрып жатыр. Қара жұмысқа орналасып, тапқан-таянғанын Ауғанстанда қалған туыстарына жібереді. Тағы біразы контрабандашыларға ақша төлеп, Түркияға кетеді, кейбірі сол жақтан Батыс Еуропаға кетуге үміттенеді.

Бұл – өте қауіпті сапар. Шекарашылар, контрабандашылар немесе қылмыстық топтар шекарадан заңсыз өткен ауған азаматтары қолға түссе, оларды ұрып-соғады, тіпті өлтіріп тастауы да мүмкін. Босқындардың кейбірі суға кетеді немесе аштан өледі.

Бірақ Ауғанстаннан тәліптердің қыспағы мен кедейліктен қашқан, жеке басының қауіпсіздігін ойлап, жұмыс табуды армандаған азаматтар тәуекелге барудан тартынбайды.

Сәуірде АҚШ Ауғанстаннан әскерін әкететінін мәлімдеген соң Ауғанстаннан шетелге қашатындар көбейді. 31 тамызда шетел әскерінің тағы бір бөлігі елден шығады деп жоспарланған. Соның қарсаңында "Талибан" қозғалысы Ауғанстанның бірқатар аймағын басып алды.

"Талибан" шабуылды үдейткен соң ондаған мың адам елден көшуге мәжбүр болды. Ауғанстанға гуманитарлық дағдарыс қаупі төнді.

Ауғанстанның Пәкістанмен шекарасы маңындағы Дак қаласына тақау жерде жол-жөнекей демалуға аялдаған адамдар. Олар ары қарай Пәкістанның Белуджистан аймағы арқылы Иранға жол жүреді. 2021 жылғы наурызда түсірілген сурет.
Ауғанстанның Пәкістанмен шекарасы маңындағы Дак қаласына тақау жерде жол-жөнекей демалуға аялдаған адамдар. Олар ары қарай Пәкістанның Белуджистан аймағы арқылы Иранға жол жүреді. 2021 жылғы наурызда түсірілген сурет.

"Зарандждан күніне 450 пикап, 10 мыңдай адам кетеді" дейді тәуелсіз зерттеуші Дэвид Мэнсфилд. Ол Ауғанстандағы топтардың табыс көзі, оның ішінде адам саудасы секілді мәселелерді зерттейтін британ талдау орталығы – Халықаралық даму институты (Overseas Development Institute) әзірлеп жатқан баяндаманың авторы.

"АҚШ әскерін әкететінін жариялағаннан кейін "Талибан" шабуылының екі есе күшейгеніне, Ирандағы президент сайлауынан кейін қауіпсіздіктің әлсірегеніне куә болдық" дейді Мэнсфилд. Ол зерттеуінде босқын таситын көлік жүргізушілері мен жолаушылардың айтқан әңгімесін, спутниктен түсірілген суреттерді пайдаланған.

"Пәкістан мен Иран арқылы өтетін бұл қиын сапар адамдардың үміті қаншалықты үзілгенін көрсететіндей" дейді ол.

БАТЫСҚА БОСУ

Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым (IOM) дерегінше, кейінгі айларда Ауғанстаннан кетуші көбейіп, 30 пайыздан 40 пайызға жеткен.

1 мамырға дейін контрабандашылар көмегімен немесе басқа да заңсыз жолмен Иранға, Түркияға, Парсы шығанағы елдеріне, Еуропаға 18-26 жас аралығындағы 750 мың – 1 млн адам кеткен дейді Бишоп.

IOM ұйымы көші-қонды бақылау матрицасының (Displacement Tracking Matrix (DTM) бағалауынша, Ауғанстаннан апта сайын 20-30 мың адам, 600-700 отбасы кетіп жатыр.

"Мұндай қарқынмен 2021 жылы пана, қауіпсіздік, жұмыс іздеген 1,5 млн ауған азаматы батысқа қашуы мүмкін" дейді ол.

Ауғанстандағы контрабанда орталығы саналатын Зарандж қаласынан күн сайын адамға лық толы жүздеген ескі жүк көлігі жолға шығады.
Ауғанстандағы контрабанда орталығы саналатын Зарандж қаласынан күн сайын адамға лық толы жүздеген ескі жүк көлігі жолға шығады.

Ұйым Иранға бет алған 33 мыңнан астам ауған азаматынан дерек жинаған. Олардың 81 пайызы Иранда қалатынын, 12 пайызы Түркияға, 4 пайызы Еуропаға, 2 пайызы Пәкістанға кеткісі келетінін, Ауғанстаннан кетуіне соғыс пен жұмыссыздық басты себеп болғанын айтқан.

Шетелге кетіп жатқандардың көбі Ауғанстандағы 34 уәлаяттың 14-інен шыққан. Тізімде ел астанасы Кабул қаласы, солтүстіктегі Балх, Бағлан, Сари-Пул, Тахар, Құндыз өлкелері, солтүстік-батысындағы Фарияб, Бадгис, батыстағы Герат пен Гор, орталықтағы Ғазни мен Вардак, шығыстағы Лағман мен Нангархар аймақтары бар. Кейінгі айларда "Талибан" қоғалысы шабуылынан осы 14 уәлаят қатты зардап шеккен.

"БЕЙБІТШІЛІК ОРНАЙДЫ ДЕГЕН ҮМІТ ЖОҚ"

"Біз кедей өмір сүріп жатырмыз" дейді Құндыз уәлаятында тұратын, шетелге кетуге дайындалып жүрген Хафизулла Насери. "Бейбітшілік орнайды деген үміт жоқ. Соғыс әлі жалғасып жатыр. Сондықтан қауіпсіз елге кетуіміз керек" дейді ол.

Ауғанстан мен Пәкістанның оңтүстік-батысындағы Белуджистан аймағының шекарасында тұрған сарбаздар. Көрнекі сурет.
Ауғанстан мен Пәкістанның оңтүстік-батысындағы Белуджистан аймағының шекарасында тұрған сарбаздар. Көрнекі сурет.

45 жастағы ер адам отбасындағы алты адамды Иранға апармақ. Насери контрабандашыларға ақша төлеу үшін мүлкінің көбін сатып жібергенін айтты. "Талибанның" шабуылы кезінде жүздеген адам өліп, жарақат алған. Зорлық-зомбылықтан қашып, үйін тастап босып кеткендер одан да көп. Тәліптер атыс кезінде бос үйге тығылу үшін кей адамдарды үйінен қуып жіберген.

"Сұмдық жағдай. Бұл өмір сүретін жер емес. Соғыс бар, жұмыс жоқ. Біз сияқты жүздеген отбасы шетелге кетіп жатыр" дейді Құндызда тұратын Әмір Хан Лудин.

Ауғанстанның оңтүстігіндегі Қандағар қаласында Мұхаммед Ханиф Йардың дәріханасы бар.

"Ешкімнің өміріне, ешбірінің отбасына немесе мүлкіне қауіп-қатер төнбейтініне кепіл жоқ. Қауіпсіздік күннен күнге нашарлап барады" дейді ол.

Ауғанстанның Қандағар уәлаятында Пәкістанмен шекарадағы бекетті басып алған "Талибан" күштері өздерінің ақ түсті туын (оң жақта) тікті. Шекараның Пәкістан жағынан түсірілген сурет. 14 шілде 2021 жыл.
Ауғанстанның Қандағар уәлаятында Пәкістанмен шекарадағы бекетті басып алған "Талибан" күштері өздерінің ақ түсті туын (оң жақта) тікті. Шекараның Пәкістан жағынан түсірілген сурет. 14 шілде 2021 жыл.

600 мың тұрғыны бар Қандағар мен оған жақын маңда Ауғанстан үкіметінің әскері мен "Талибан" күштері соғысып жатыр. Кейінгі айларда тәліптер қалаға жақын бірнеше ауданды басып алып, полиция бекетіне шабуылдады. Ал 9 шілдеде Қандағар қаласына басып кірді.

Мұхаммед Ханиф Йар қауіпті болса да, Еуропаға кетуге бел буғанын айтады.

"Ешбір ел виза бермейді, сондықтан заңсыз барамын. Қиын әрі қауіпті екенін түсінеміз. Бірақ аласапыран мен соғыс болып жатқан кезде өмір сүре алмаймыз. Қалай өмір сүріп жатырмыз? Біздің де бейбіт өмір сүруге хақымыз бар" дейді 26 жастағы жігіт.

ГУМАНИТАРЛЫҚ ДАҒДАРЫС ҚАУПІ ТӨНДІ

БҰҰ әскери қақтығыс ушыққан елде бейбіт халықтың мехнаты артып, жұрт басы ауған жаққа үдере көшуге мәжбүр болып жатқанын, салдарынан Ауғанстанға "дағдарыс қаупі төніп тұрғанын" мәлімдеді.

БҰҰ дерегінше, 2021 жылдың қаңтарынан бастап 270 мың ауған азаматы үй-жайын тастап, босып кеткен. Ауғанстанда соғыс кесірінен үйінен айырылған халық саны 3,5 миллионға жеткен. БҰҰ Ауғанстандағы 38 миллион адамның жартысына жуығына гуманитарлық көмек керегін мәлімдеді.

Соғыс оты өршіген Ауғанстанға көрші елдер осы елден ағылатын босқындар мен мигранттарды қабылдауға дайындалып жатыр.

Әскери қақтығыс болып жатқан аймақтан қашып, Гераттың шетінде уақытша баспанада тұрып жатқан отбасы. Ауғанстан, 15 маусым 2021 жыл.
Әскери қақтығыс болып жатқан аймақтан қашып, Гераттың шетінде уақытша баспанада тұрып жатқан отбасы. Ауғанстан, 15 маусым 2021 жыл.

Пәкістан көрші елдегі қырық жылға созылған соғыстан босыған 2 миллионға жауық ауған азаматын қабылдайды. 13 шілдеде Пәкістан ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Моид Юсуф өз елі "бұдан артық босқынды қабылдай алмайтынын", БҰҰ шекараның Ауғанстан жағында босқындарға арнап лагерь салуы керегін айтты.

Пәкістан Ауғанстанмен шектесетін 2670 шақырым жерінің 90 пайызын қоршап қойды. Бұл шекараны заңсыз кесіп өтуге жол бермейді.

БҰҰ дерегінше, ауған босқындары мен мигранттарының көбі Иранға барады. Ондағы 1 миллионға жуық ауғаның көбі заңсыз жүргендіктен, тиісті құқыққа қол жеткізе алмайды.

IOM дерегінше, 2021 жылы Иранда тұратын 604 мыңнан астам ауған өз еркімен депортацияланған немесе еліне оралған.

Шекарашылар, контрабандашылар немесе қылмыстық топтар шекарадан заңсыз өткен ауған азаматтары қолға түссе, оларды ұрып-соғады, тіпті өлтіріп тастауы да мүмкін. Босқындардың кейбірі суға кетеді немесе аштан өледі.
Шекарашылар, контрабандашылар немесе қылмыстық топтар шекарадан заңсыз өткен ауған азаматтары қолға түссе, оларды ұрып-соғады, тіпті өлтіріп тастауы да мүмкін. Босқындардың кейбірі суға кетеді немесе аштан өледі.

Ауғанстаннан баратын босқындардың жаңа толқынының алдын алуға тырысқан Иран қарашада жаңа заң шығарды. Ол заңға сай, құжатсыз мигрантты түрмеге қамайтын болды, ал қауіпсіздік қызметіне заңсыз босқын таситын автокөлікке оқ атуға рұқсат берілді.

Түркия баспасөз құралдарының хабарлауынша, кейінгі апталарда күн сайын Иран арқылы Түркияға мыңға жуық ауған азаматы барып жатыр.

Анкара ауған босқындары мен мигранттардың келуін азайту үшін Иранмен шекарада дуал салуға кірісті.

Қазір Түркияда 200 мың ауған босқыны тұрып жатыр.

Кейінгі аптада Түркия қауіпсіздік күштері 1500 заңсыз мигрантты ұстаған. Олардың көбі Иранмен шекара маңында ұсталған деп мәлімдеді 19 шілдеде ресми өкілдер.

Еуроодақ ауған босқындарының ағынын шектеу үшін Ауғанстан, Пәкістан, Иранға қаржылай көмек көрсету жолын қарастырып жатыр. Еуроодақ шенеуніктерінің бірі одақтың босқындарға үйіне оралуына көмектесіп, пана сұрайтындарды азайтқысы келетінін айтты.

"Талибан" шабуылынан Фарах уәлаятындағы үй-жайын тастап қашқан ауған отбасының қызы. Видеодан скриншот.
"Талибан" шабуылынан Фарах уәлаятындағы үй-жайын тастап қашқан ауған отбасының қызы. Видеодан скриншот.

Тәжікстан Ауғанстаннан келген 100 мың босқынды қабылдайтынын мәлімдеді. Орталық Азиядағы кедей елде мыңнан астам ауған азаматы тұрады. Ал Тәжікстанға қашқан жүздеген ауған әскери қызметкері ұшақпен Кабулға жеткізілген.

11 маусымда Ауғанстан үкіметі елде тәліптердің қатыгездігі күшейгендіктен, Еуропа елдерінен пана сұраған ауған азаматтарын депортациялауды үш айға тоқтата тұруды сұрады. Финляндия, Швеция, Норвегия депортацияны уақытша тоқтатуға келіскенін мәлімдеді.

"ОТБАСЫМЫЗҒА ҚАТЕР ТӨНІП ТҰР"

Шетелге барудың машақаты көп екеніне қарамастан, Ауғанстан азаматтары арасында елден кеткісі келетіндер аз емес.

Кабулда күн сайын, кейде бірнеше күнде мындаған адам құжат дайындау үшін паспорт басқармасында ұзын-сонар кезекте тұрады.

Құжатқа қол жеткізгендері виза алуға өтініш береді. Кейінгі айларда Ауғанстаннан шетелге ондаған танымал журналист, белсенді және бұрынғы мемлекеттік қызметкер кетіп қалған.

Паспорт алу үшін кезекте тұрған азаматтар. Кабул, Ауғанстан, 30 маусым 2021 жыл.
Паспорт алу үшін кезекте тұрған азаматтар. Кабул, Ауғанстан, 30 маусым 2021 жыл.

Виза ала алмағандар немесе жолға қаражаты жоқтар мүлкін сатып, контрабандашыларға ақша төлейді. Солардың бірі – 26 жастағы Йама Аюби Кабулдағы үйін тастап, елден кетуді ұйғарғанын айтады.

"Отбасымызға қауіп төніп тұр. Егер қалсақ, елді құртып жатқан терроршы топтың құрбанына айналамыз" дейді ол.

Кабулдағы құрылыс және тасымал компаниясының қызметкері Массуд Азизи Еуропаға баруды армандайды.

"Маған Еуропаға виза бермейді. Сондықтан заңсыз (жолмен) барамын. Қауып-қатер туралы естідік. Басқа не істей аламыз? Бәрімізге қауіп төніп тұр. Басқа амалымыз жоқ" дейді ол.

Мақаланы әзірлеуге Азаттықтың Ауған қызметінің тілшілері қатысты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG