Accessibility links

"Талибан" атынан сөйлеп жүрген молла Барадар кім?


Абдул Ғани Барадар Дохадағы келіссөздерге қатысып отыр. Катар, 18 шілде 2021 жыл.
Абдул Ғани Барадар Дохадағы келіссөздерге қатысып отыр. Катар, 18 шілде 2021 жыл.

"Талибан" қозғалысының негізін қалағандардың бірі, қозғалыстың ең танымал мүшесі молла Абдул Ғани Барадар Ауғанстанды басқаруда маңызды рөл атқаруы мүмкін.

Абдул Ғани Барадар – "Талибан" қозғалысының негізін қалағандардың және исламистік топтың негізгі лидерлерінің бірі. Ел арасында молла Барадар деген атымен танымал. Ауғанстанда өз билігін қайта орнатқан "Талибан" үкіметінде ол маңызды рөлге ие болуы мүмкін.

Тәліптер арасындағы ең танымал адам саналатын Барадар 2020 жылғы ақпанда Дохада АҚШ-пен тарихи келісімге қол қойған. Бұл келісім Ауғанстанда жиырма жылға созылған соғысты тоқтатуға бағытталған еді.

1968 жылы Урузган уәлаятында дүниеге келген Барадар пуштун халқының попалзай руына жатады.

Бір кездері ол ол "Талибанның" қорғаныс вице-министрі болған.

2001 жылғы 11 қыркүйектегі лаңкестік шабуылдан кейін АҚШ Ауғанстанға басып кіріп, "Талибан" қозғалысын биліктен кетірген соң, Барадар Пәкістанға қашқан.

2010 жылы Пәкістан барлау қызметінің агенттері өткізген арнайы операциядан кейін ол Карачиде қамауға алынып, сегіз жыл бойы түрмеде отырған. Кейін АҚШ-тың Ауғанстан жөніндегі арнайы уәкілі Залмай Халилзадтың сұрауы бойынша бостандыққа шыққан. Барадардың беделі бейбітшілік жөніндегі келіссөзге оң ықпал етеді деген үміт болды.

АҚШ пен "Талибан" 2020 жылы келісімге келді де. Бірақ бұл келісім соғысты Америка үшін елден кетуге негіз бергенімен, тәліптердің билікке тез оралуына да ашып берді. "Талибан" тамыздан бері Ауғанстанның көптеген ауданы мен қаласын басып алып, 15 тамыз күні ел астанасы Кабулге кірді.

"ӨТЕ САБЫРЛЫ АДАМ"

Барадар Ауғанстанның алдағы үкіметінде маңызды рөл атқаруы ықтимал. 15 тамызда оның Кабулге бара жатқаны хабарланған. Ол ауған астанасында жиырма жылдай болмаған.

"Талибан" атынан келіссөз жүргізіп, қозғалыстың баспасөз хатшысы болып жүрген Сухаил Шахин 16 тамыз күні Associated Press агенттігіне алдағы күндері "Талибанның" "ашық, инклюзивті ислам үкіметі" орнатуға бағытталған келіссөздер жүргізетінін айтты.

Тәліптердің саясат істері жөніндегі бюросын басқаратын молла Барадарды қозғалыс мүшелері әскери қабілеті мен келіссөз жүргізу машығы үшін құрметтейді.

15 тамызда жарияланған қысқа видеода Барадар қозғалыстың жылдам жеңіске жететінін күтпегенін, нағыз сынақ халыққа қызмет ету мен оның проблемаларын шешуден басталатынын айтты.

молла Барадар (бірінші қатардың ортасында) белгісіз жерден видео үндеу жолдап отыр. 16 тамыз 2021 жыл.
молла Барадар (бірінші қатардың ортасында) белгісіз жерден видео үндеу жолдап отыр. 16 тамыз 2021 жыл.

Көп жыл бойы тәліптер туралы жазған журналист Сами Юсуфзай Барадармен бірнеше рет кездескенін айтады.

"Барадар – өте сабырлы адам. Онымен үш-төрт рет кездестім. Мәміле жасай алатын, бос сөйлемейтін адам. Ол ұсталғанға дейін "Талибан" мүшелері оны үндемей ойланып жүретін адам ретінде таныды. Тәліптер оны қатты құрметтейді" дейді Юсуфзай Азаттыққа.

"Меніңше, ол лидер болудан үмітті. Ол – америкалықтармен келіссөзді сәтті жүргізген адам" дейді ол. "Тәліптерден естіп-білгеніме қарағанда, ол болашақта да жоғары қызметте болғысы келеді".

"ЖАСЫРЫН ЖҰМЫСЫ"

2013 жылы тәліптердің қолға түспейтін лидері молла Омар қаза тауып, молла Барадар қолбасшының орынбасары атанды. Көп жыл бойы жасырын жұмыс істеді: тәліптердің соғыс стратегиясын әзірлеп, топтың әскери командирлерін бекіткен.

Ол Пәкістанда қамауда болғанда АҚШ-қа тәліптердің ішкі қызметі туралы "пайдалы" ақпарат беріп отырған.

Барадар Ауғанстанның бұрынғы президенті Хамид Карзаймен рулас. Ал Карзай Кабулда қалып, "Ауғанстанның проблемасын бейбіт шешу үшін тәліптердің басшылығымен жұмыс істеп жатқанын" мәлімдеді.

1980 жылдары Совет әскерімен соғысқан Барадар 1996-2001 жылдары "Талибан" билік құрғанда бірнеше жоғары қызметте болған. Тәліптер ол кездері әйелдердің негізгі құқығын шектеп, олардың медициналық көмек алуына, жұмыс істеуіне, білім алуына тыйым салған еді.

Кейінгі апталарда тәліптер жақсы имидж қалыптастыруға тырысты. Бірақ елден кеткен ондаған азамат та, кейінгі жылдары тәліптердің бақылауында болған аудандарда тұратын азаматтар да тәліптердің өзгермегенін айтады.

2009 жылы Newsweek басылымына берген сұхбатында Барадар тәліптердің АҚШ әскерін елден шығарғанша соғысуға бекінгенін айтқан.

"Ауғанстан тарихына үңілсек, ауғандар елін босатпайынша, күрестен шаршамаған. Жауымыз жерімізден кеткенше жиһадты жалғастырамыз" деді ол.

2020 жылғы наурызда АҚШ-тың сол кездегі президенті Дональд Трамп "Талибанның" саяси лидерімен телефон арқылы 35 минут сөйлескен. Трамп оны "өте жақсы" адам деп сипаттаған.

Былтыр қарашада Барадар Дохада Американың сол кездегі мемлекеттік хатшысы Майк Помпеомен кездесті. Кейінгі күндері ол 15 тамызда елден қашқан Ашраф Ғанидің әкімшілігімен болған келіссөздерге де қатысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG