Accessibility links

Ауған сайлауынан шыққан үш қорытынды


Мектеп ғимаратында орналасқан сайлау учаскесіне дауыс беруге келген әйелдер. Герат, 5 сәуір 2014 жыл.

Мектеп ғимаратында орналасқан сайлау учаскесіне дауыс беруге келген әйелдер. Герат, 5 сәуір 2014 жыл.

Ауғанстанда сәуірдің 5-і күні президент сайлауы өтті. Халық көп келді. «Талибан» шабуыл жасаған жоқ. Ал армия мен полиция мақтау естіді.

Азаттық тілшісі «Ауғанстанда шетел көмегінсіз өткен алғашқы тәуелсіз сайлаудан қандай сабақ алуға болады?» деген сауалға жауап іздеді.

АҚШ президенті Барак Обама сайлауды «өз елі үшін жауапкершілікті толық мойнына алған ауған халқы үшін маңызды кезең» деп атады. БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун ауғандар «қауіп-қатер мен қорқытып-үркітуге қарамады», «зорлықшыл күштердің оларды жеңе алмайтынын көрсетті» деп мәлімдеді.

НАТО бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен сайлаушылардың «ынтасын» мақтап, ауған қауіпсіздік күштерінің «ерекше еңбегін» атап өтті.

Шын мәнінде, Ауғанстанда сәуірдің 5-і күні өткен президент және аймақтық сайлауға келген адамның қарасы көпшілік күткеннен асып түсті. Сайлаудың алдын ала нәтижесі сәуірдің 24-і күні белгілі болады, нақты қорытынды мамырдың 14-і күні жарияланады.

Егер үміткерлердің ешбірі 50 пайыздан артық дауыс жинай алмаса, басым дауыс жинаған екі кандидат мамырдың 28-і күні сайлауға қайта түседі. Комиссия дауыс санап жатқанда Азаттық жергілікті халықтың бұл шарадан қандай қорытынды шыққанын саралап көрді.

«ДЕМОКРАТИЯ ҚАЛЫПТАСЫП КЕЛЕДІ»

7 миллионға жуық адам немесе дауыс беруге құқығы бар халықтың 60 пайызы қоқан-лоқы мен нөсерге, ұзын-сонар кезекке қарамастан сайлау учаскелеріне кіріп, дауыс беріп шықты. Мұны «Талибанға» берілген тойтарыс деуге де болар.

Бұл сайлаудан 13 жыл бойы ауғандар мен шетелдіктер қаны төгілген және миллиардтаған доллар қаржы құйылған бұл елде демократияның апыл-тапыл қалыптасып келе жатқаны көрінді. Ауғандардың көбі «күш - қаруда емес, дауыста» (дауыс беруді айтады – ред.) деген сөзді ұғынды. Бұл ұран Кабул көшелері мен көптеген ғимараттарда сайлау қарсаңында ілініп тұрды.
Сайлау комиссиясы қызметкерлері дауыс берген адамдардың бюллетеньдерін санап отыр. Ауғанстан, Кандагар, 5 сәуір 2014 жыл.

Сайлау комиссиясы қызметкерлері дауыс берген адамдардың бюллетеньдерін санап отыр. Ауғанстан, Кандагар, 5 сәуір 2014 жыл.

Сайлаушылар көп келгендіктен, дауыс беру уақыты бір сағатқа ұзартылды. Ондаған мың ауған сайлау бөлімшелері жабылған кезде де сыртта кезекте тұрды. Сондықтан дауыс беру уақыты созылды. Сайлауға келгендердің көптігі соншалық, кейбір аудандарда бюллетень жетпей қалған. Мыңдаған адам дауыс бере алмады.

Сайлауға келген әйелдердің саны да болжамды мөлшерден асып түсті. 2009 жылғы – президент, 2010 жылғы парламент сайлауында «Талибан» ықпалынан аса алмаған оңтүстік пен шығыс тұрғындары да бұл жолғы сайлауға белсенді түрде қатысты. Олар бойларындағы «Талибаннан» үрейлену сезімін жеңді. Бірақ бұл аймақтардағы жағдай әлі де қауіпті саналады.

Бірақ сайлауды мінсіз өтті деуге келмейді. Қалалы жерлерде дауыс беру орталықтарына халық көп келгенімен, шығыс пен оңтүстік аймақтарда қауіпсіздік мәселесі туындап, ондаған сайлау бөлімшесі ашылмай қалды.

Ал кейбір мазасыз аудандарда сайлаушылар қауіп-қатерге қарамастан белсенді түрде дауыс берген. Мысалы, Газни провинциясының Андар ауданында 2010 жылы үш адам ғана дауыс берсе, осы жолғы сайлауда мыңдаған адам саяси белсенділік көрсеткен.

Көптеген ауғандар мен шетелдік бақылаушылар дауыс беру учаскелеріне сайлаушылардың көп келгенін Ауғанстандағы демократияның бастапқы белгілеріне балайды. Халықаралық бақылаушылар «халықтың 50 пайыздан астамының дауыс бергені - үлкен жетістік» деп мәлімдеді.

Парламенттегі әйел депутат Шукрия Баракзай «Арманым орындалды. Ауғанстан демократияға әлі дайын емес деп ойлайтындар жерге қарады» дейді.
Хат танымайтын азаматтар саусақтарын сияға матырып дауыс берді. Кабул, 5 сәуір 2014 жыл.

Хат танымайтын азаматтар саусақтарын сияға матырып дауыс берді. Кабул, 5 сәуір 2014 жыл.

Ауғанстандағы АҚШ-тың бұрынғы елшісі Залмай Халилзад «The Diplomat» басылымына сәуірдің 6-сы күні жарияланған мақаласында «Бұл сайлау ауғандардың саяси санасы өскенін көрсетті. Ауғандар өз болашағына деген жауапкершілікті сезіне бастаған, енді сыртқы күштердің ел тағдырына араласуына мүмкіндік бермейді» дейді.

Бұл сайлау ауғандардың бұдан ары өзге күштерге бағынғысы келмейтінін байқатты. Мәселен 2009 жылғы сайлауда Кандагар қаласының орта жастағы тұрғынының саусағын «Талибан» өкілдері сайлауға барып, дауыс бергені үшін кесіп тастаған еді. Ол ер адам қайсарлық көрсетіп, осы жолғы сайлауға тағы қатысты.

Кабул қаласында көзі көрмейтін бір зағип адам жаңбыр астында бірнеше сағат тұрып, өмірінде бірінші рет сайлауға қатысты. Кабулдың кедей ауданындағы егде әйелдер хат танымайтын болған соң, бюллетеньге бармақ басып дауыс берді.

«ТАЛИБАН» МҮМКІНДІГІ АСЫРА БАҒАЛАНЫП КЕЛГЕН

Қаншалықты қоқан-лоқы жасаса да, «Талибан» сайлауға кедергі келтіре алмады. Биыл шетел әскері Ауғанстаннан кетеді. Осының қарсаңында бүлікшілер қайта оралып, бұл елге ықпалын қайта орнатуы мүмкін деген қауіп бар.

«Талибан» қозғалысы «сайлау күні біз мыңдаған адамға шабуылдап, ондаған кісі өлтірдік» деп мәлімдеді. Бірақ олардың асыра айтуы мүмкін. Шын мәнінде олар жол шетіне он шақты кішкене бомба қойып, бірнеше сайлау бөлімшесіне шабуылдаған.

Ал үкіметтің мәліметі бойынша, «сайлау күні Ауғанстанда 140 шабуыл жасалып, 20 адам қаза тапқан». Опат болғандардың көбі - полиция қызметкерлері. Мұндай адам шығыны Ауғанстан үшін аз саналады. Есесіне ірі шабуылдар болған жоқ.
Сайлау күнгі тексеріс. Ауғанстан, 5 сәуір 2014 жыл.

Сайлау күнгі тексеріс. Ауғанстан, 5 сәуір 2014 жыл.

«Талибан» бүгін жеңілді» дейді дауыс берген ауғандардың көбі. Көп жұрт елдегі қарулы топтардың «тынысы» тарыла бастағанын айтып жүр. Кабулдың бір тұрғыны «АҚШ әскер кіргізіп, 13 жыл бойы «Талибанды» жеңе алмап еді. Біз оларды бір күнде дауыс беру арқылы жеңдік» дейді.

Кейбір ауғандықтар дауыс берген сияның түсіне қарап, сайлауды «күлгін төңкеріс» деп атады. Олар сайлауға жиналған журналистерге сияға боялған сұқ саусақтарын мақтана көрсетті.

Көптеген ауғандар Timе журналының Twitter-ге «Талибанның» оралуы» деген мақала басқанын күлкі етті. Ол мақалада бурқа (денені бастан-аяқ жабатын киім – ред.) киген әйел суреті салынған. Тақырыпшада «Бұл әйелдердің дауыс бергісі келеді. Бірақ оларға «Талибан» тыйым салған. Сонда АҚШ-тың артында не қалды?» деп жазылған.

Бір Twitter қолданушы «Time соңғы бетіндегі осы мақаласы үшін кейін өкінетін шығар. Бұлары несі? Олар үшін мен ұялып отырмын» депті.

Сайлау күні сәтсіздікке ұшыраса да, «Талибанды» санаттан шығарып тастауға ерте. Кабулдегі халықаралық дағдарыс тобының аға сарапшысы Грэм Смит «Талибан» үгіт-насихат шерулеріне шабуыл жасамаса да, дауыс беруге келген адамдарды қырып тастамаса да, олардың әлі бүлік шағыруы мүмкін» дейді.
Дауыс беру орталығын күзетіп тұрған полиция. Ауғанстан, 5 сәуір 2014 жыл.

Дауыс беру орталығын күзетіп тұрған полиция. Ауғанстан, 5 сәуір 2014 жыл.

Оның айтуынша, «Талибан» әлі күнге өз істерінің заңды екеніне жұртты сендіруге тырысады, мақсат-мұраттарын теріс деп білетін адамдарға күш қолданады».

Кейбір бақылаушылар сайлаудың тыныш өтуін «алдамшы көрініс» дейді. «Талибан» елде тұрақтылық орнағандай әсер қалдырып, шетелдік әскердің шығуын тездетеді, содан кейін жұртты өздеріне қаратып алуға тырысады. Сайлау алдында «Талибанның» бірнеше шабуыл ұйымдастырғаны белгілі.

АУҒАНСТАН ҚАУІПСІЗДІК КҮШТЕРІ КҮШЕЙГЕН

400 мыңға жуық ауған сарбазы, оның ішінде ауылды жерлердегі өзін-өзі қорғау жасақтары мен полиция кадеттері де бар, сайлаудың салыстырмалы түрде тыныш өтуін қамтамасыз етті.

Ірі қалаларда бақылау-өткізу пункттері құрылды, олар «Талибан» содырларына тосқауыл болу үшін қызмет етті. Бұл 2001 жылы «Талибан» режимі құлағаннан бергі ең ірі қауіпсіздік операциясы болды.

НАТО әскерін шығарғаннан кейін Ауған ұлттық армиясы мен Ауған ұлттық полициясы елдегі тұрақтылықты сақтай ала ма? Әскери сарапшылар мен шенеуніктерді, ел тұрғындарын осы мәселе алаңдатып отыр. Армия мен полицияның жауынгерлік рухы төмен, қатарында сауатсыздар көп. Әскери қызметтегілер бөлімдерінен жиі қашып жатады.
Дауыс беруге келген сайлаушылар. Ауғанстан, 5 сәуір 2014 жыл.

Дауыс беруге келген сайлаушылар. Ауғанстан, 5 сәуір 2014 жыл.

Бірақ елдегі қауіпсіздік жасақтары сайлау күні үкімет пен сайлау органынан бастап, қарапайым тұрғындардың ризашылығына бөленді.

«Армия мен полицияның мықтылығы сайлауда көрінді» деушілер көп. Көшедегі ауғандар полицейлер мен солдаттардың қолын алып жатты. Кейбір адамдар тіпті оларға сусын мен тамақ апарды. Кабулдың орталығында бір солдатқа қария гүл сыйлап тұрып, «еліміз үшін өзіңді құрбан етуге даяр болғаныңа рақмет» деді.

«Ауған ұлттық қауіпсіздік күштері (АҰҚК) сайлау күні қызметтерін жақсы орындады» дейді Смит. Оның айтуынша, «олар тәртіпке бағынып, қауіпті аудандарды бақылауға алған».

Кабулдегі саяси сарапшы Ахмад Саиди де АҰҚК-нің қызметін барынша табандылықпен атқарғанын айтады.

«Полиция мен солдаттар жарылыстардан әбден қорқып қалған адамдардың үрейлерін сейілтті. Олар азаматтарға кәсіби тұрғыда қызмет етті. Егер лайықты қару-жарақ пен жақсы жалақы берсе, олардың еркіндігіміз бен егемендігімізді қорғай алатынына сенемін» дейді ол.
Ауғанстанның биліктен кететін президенті Хамид Карзай дауыс берген саусағын көрсетіп тұр. Кабул, 5 сәуір 2014 жыл.

Ауғанстанның биліктен кететін президенті Хамид Карзай дауыс берген саусағын көрсетіп тұр. Кабул, 5 сәуір 2014 жыл.

Биліктен кететін президент Хамид Карзай барлық ауған қауіпсіздік күштеріне алғысхат пен медаль, сыйақылар тағайындады. Бір Кабул тұрғыны Азаттыққа сайлау күні «Мен жаңа ғана дауыс беріп шықтым. Қауіпсіздік күштерін мақтан етемін. Өзімді қауіпсіз сезіндім» деді.

Ауғанстанның АҚШ-тағы бұрынғы елшісі Саид Джавад Twitter парақшасына «Бұл 700 мың ауғанның (қауіпсіздік күштері, 200 мың бақылаушы мен халықаралық сайлау комиссиясы мүшелерін айтады – ред.) біліктілік пен жігер, шынайы адалдық танытқан күні болды» деп жазды.

(Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG