Accessibility links

Ауғанстанда бейбітшілік орнату жоспары жарысқа айналып бара ма?


Лифтіде тұрған Ауғанстандағы бейбітшілік келіссөзіне келген адамдар. Мәскеу. 6 ақпан, 2019 жыл
Лифтіде тұрған Ауғанстандағы бейбітшілік келіссөзіне келген адамдар. Мәскеу. 6 ақпан, 2019 жыл

АҚШ пен Ресей Ауғанстандағы соғысты тоқтату үшін Талибанмен бөлек-бөлек келіссөз жүргізіп жатыр. Мұның мәнісі не? Ауғанстанға пайдасы қандай?

Ауған соғысын тоқтату мүмкіндігі зорайған шақта Талибанмен бейбіт келіссөз жүргізу процесіне стратегиялар бәсекесі зиян тигізуі мүмкін. Ресей мен АҚШ түрлі саяси топпен жеке-жеке келіссөз жүргізу арқылы қиын ахуалды күрделендіре түсті. Талибан өткен аптада Қатар астанасы Дохада америкалық өкілдермен кездесті. Одан кейін Мәскеуде ұйымдастырылған ықпалды ауған жетекшілерінің делегациясымен бейбітшілік шарттарын талқылады.​

АУҒАНСТАННЫҢ САЯСИ ЭЛИТАСЫН БӨЛШЕКТЕУ

Қаңтардың 21-26 күндері АҚШ-тың бейбіт келіссөз өкілі Залмай Хализад Дохада Талибанмен тіке сөйлесіп, болашақ бейбіт келісім құжатының негізін пысықтады. Ал Мәскеуде 5-6 ақпан күндері дәл осы Талибан өкілдері Ауғанстанның ықпалды топтарымен бірге екі жиынға қатысты.

Залмай Хадилзад (ортада) АҚШ елшілігіндегі баспасөз мәслихатында отыр. Кабул. 28 қаңтар, 2019 жыл
Залмай Хадилзад (ортада) АҚШ елшілігіндегі баспасөз мәслихатында отыр. Кабул. 28 қаңтар, 2019 жыл

​Екі келіссөз де Ауғанстан үкіметінің өкілдерінсіз өтті. Өйткені Талибан Кабулдағы қазіргі билікпен кездесуден бас тартып отыр. Содырлар Ауғанстан үкіметін "Батыстың қуыршағы" деп таниды, тіке Вашингтонмен сөйлесуді қалайды.

Сарапшылар Мәскеудің АҚШ бастаған бейбіт келіссөздерге бәсекелес бола алатын делдал екенін дәлелдеуге тырысып жатқанын айтады.
Кабулдағы Afghanistan Analysts Network зерттеу ұйымының тең-төрағасы Томас Руттиг Мәскеудің бейбіт келіссөздері "Ресейдің [АҚШ-қа қарсы] саяси жеккөрінішіне" тұнып тұрғанын айтады.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров ақпанның 4-інде АҚШ Талибанмен келіссөзге монополия орнатпақшы, аймақ елдерін қатыстырмай жасырын өткізіп жатыр деген.

Кабулда тұратын саяси сарапшы Харун Мир Азаттыққа берген комментариінде Талибанның әу бастан екі келіссөзді қатар жүргізу стратегииясын құп көргеніне назар аударды.

- Талибан әуелі АҚШ-пен келіссөз жүргізуге күш салды, сосын Ауғанстан үкіметін айналып өтіп, ауғанстандық түрлі саяси топтармен диалог бастады. Осылайша [талибтер] соңғы 18 жыл бойы конституциялық процесті қолдап келген Ауғанстанның саяси элитасын бөлшектеуге қол жеткізді, - деді Харун Мир.

ЕКІ ТҮРЛІ КЕЛІССӨЗДЕН НЕ ШЫҒАДЫ?

Сарапшылар мұндай қос келіссөз Ауғанстан президенті Ашраф Ғанидің әкімшілігі мен елдегі басқа саяси оппозициялық топтардың арасын алшақтата түседі деп пайымдайды. Оппозиция қатарында елдің бұрынғы президенті Хамид Карзай да бар.

Мәскеудегі келіссөзге қатысқандардың ішінде алдағы шілде айында өтетін президент сайлауына Ғанидың қарсыласы болып түсемін деп жариялаған ықпалды тұлғалар да бар.

Руттиг Ресейдің Мәскеудегі келіссөзге Ауғанстан үкіметін қатыстырмағаны кімге жақтасатынын байқатады деп санайды.

Ауғанстанның бұрынғы президенті Хамид Карзай (ортада) ауған диаспорасы ұйымдастырған конференцияда бата жасап отыр. Мәскеу. 5 ақпан, 2019 жыл
Ауғанстанның бұрынғы президенті Хамид Карзай (ортада) ауған диаспорасы ұйымдастырған конференцияда бата жасап отыр. Мәскеу. 5 ақпан, 2019 жыл

- Біріккен "Кабул тобы" жақсырақ болар еді. Бірақ қиялға айналып бара жатқандай. Бірлікті қалап отырған Ресей үкіметі жоқ. Бөлшектеп тастап, ішкі ісіне араласпақ, - дейді ол.

Ашраф Ғанидың АҚШ пен Ресей ұйымдастырған келіссөздерден тыс қалғанына наразы екені айтылады.

Президент кеңсесі Мәскеудегі келіссөзді сынап, жиынға қатысқан ауған саясаткерлері билікке жетуді көксейді деп мәлімдеді. Кабулға жай таптырмай тұрған және бір мәселе - Вашингтон Дохадағы келіссөздер кезінде үкіметке хабарламай мәміле жасап қоя ма деген қауіп.

Харун Мирдің пікірінше, Талибан АҚШ-пен және Ресеймен жүргізіп жатқан келіссөздеріне Ауғанстан үкіметін қатыстырмау арқылы Кабулдағы биліктің заңдылығы туралы көптің сеніміне селкеу түсірмек.

КІМ ЖЕҢІП, КІМ ЖЕҢІЛМЕК?

Халықаралық дағдарыс орталығының консультанты, Ауғанстан бойынша сарапшы Грэм Смит әзірше ешкімнің бәсекеде озып тұрмағанын айтады.

- Бұл келіссөз Ауғанстандағы ішкі татуласу процесіне жол ашса, халқы ең бір қанқұйлы соғыстан ес жияр еді. Егер келіссөзге барлық тарап қатыстырылмаса, одан баянды бейбіт нәтиже шықпаса, халықтың тағы бір азамат соғысынан зардап шегуі мүмкін, - дейді ол.

Бір бұрышта қалып қойған, әлсіз, нәумез әрі беделсіз ауған үкіметі әзірше ең қатты жеңіліске ұшыраған тарап болып тұр.

Талибан өкілі Ширмұхаммед Сатанакзай ауған диаспорасы ұйымдастырған конференцияда сөз сөйлеп отыр. Мәскеу. 5 ақпан, 2019 жыл
Талибан өкілі Ширмұхаммед Сатанакзай ауған диаспорасы ұйымдастырған конференцияда сөз сөйлеп отыр. Мәскеу. 5 ақпан, 2019 жыл

Харун Мир мұндай жағдайда үкімет қана емес, соңғы 18 жыл бойы конституциялық құрылымды қорғап келген топтардың бәрі жеңіліске ұшырауға шақ тұр деп ойлайды.

Сарапшылардың сөзінше, ауған келіссөздері Ресей үшін өзін әлемдегі Батыс ықпалын азайтатын ғаламдық саяси ойыншы қылып көрсетуге ыңғайлы болып тұр.

Руттиг Мәскеудің бұл жолғы рөлі "стратегиялық ойынға қайта кірістік" деген ишараға ұқсап тұрғанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG