Accessibility links

Ауған сайлауының соңы ақпараттық соғысқа ұласты


Ауғанстан сайлау комиссиясының қызметкері аймақтардан келген сайлау жәшіктерін санап тұр. Кабул, 7 сәуір 2014 жыл.
Ауғанстан сайлау комиссиясының қызметкері аймақтардан келген сайлау жәшіктерін санап тұр. Кабул, 7 сәуір 2014 жыл.

Ауған президент сайлауының нәтижесі әлі жарияланған жоқ. Ал кандидаттар бірін-бірі «алаяқтық жасады» деп айыптап, әрқайсысы өзі шығарған «сайлау қорытындысын» жариялауға кірісті.

Ауғанстанда өткен президент сайлауының алғашқы турының қорытындылары бірнеше аптадан соң жарияланады. Бірақ сайлауға түскен кандидаттар дауыстарды өз беттерінше санап, әрқайсысы өзін жеңімпаз жариялап, қарсыластарын «алаяқтық жасады» деп айыптауға кірісті.

Сайлау туралы жаңа заңға сәйкес елдің түкпір-түкпірінде шашырай орналасқан 20 мың учаскенің барлығы дауыс беру аяқтала салысымен оның нәтижелерін қағазға басып, көрнекі жерге іліп қоюы керек. Бұл жаңа ереже кандидаттардың сайлау штабтары мүшелері мен қарапайым қолдаушыларды желпіндіріп жіберді. Олар жер-жердегі дауыс беру хаттамаларының нәтижелерін қосып, өз кандидаттарын жеңдіге жорып, даурығысып жатыр.

«НӘТИЖЕ» ЖАРЫСТЫРУ

Сайлау учаскелерінің хаттамалары арқылы «нәтиже» жариялау әдісін белсенді түрде қолданып отырған кандидат – бұрынғы қаржы министрі Ашраф Ғани.

Оның сайлау штабы дауыс беру қорытындыларын жариялайтын арнайы сайт ашты. Бұл сайтта сайлау туралы мәліметтер түрлі графика, кестелер мен схемалар арқылы бейнеленген. Сайттағы ақпаратқа қарағанда, дауыстардың 25 пайызын санағаннан кейінгі нәтиже бойынша Ашраф Ғани 58 пайыз дауыс жинап, бірінші турда-ақ жеңіске жеткен.

Бірақ «жеңдім» деп отырған жалғыз Ғани емес.

Президент сайлауына түскен кандидаттың бірі, бұрынғы сыртқы істер министрі Абдулла Абдулла да жер-жерден хаттамаларды жинап, өз есебін шығарған. Оның командасы да «ең көп дауыс алған – біздің кандидат» деп мәлімдеді.

ЖЕЛІДЕГІ АЙТЫС

Абдулла мен Ғани жақтастары Twitter және Facebook сияқты әлеуметтік желілерде кімнің жеңгені туралы қырықпышақ айтысып, «нәтижелерді бұрмалады» деп бірін-бірі күстаналап жатыр.

Олар алдын ала жарияланған бұл мәліметтердің «асығыс» болуы мүмкін екенін айтқан немесе олардікімен сәйкес келмейтін «нәтижелерді» жариялаған БАҚ-ты да айыптауға көшті.

Мәселен, Абдулланың сайлау штабы Pajhwok ақпарат агенттігін «Ғаниді қолдап отыр» деп айыптайды. Агенттік таратқан ақпаратқа қарағанда, Кабул қаласы мен бірнеше аймақтан алынған мәліметтер бойынша, Ғани 42 пайыз дауыс жинап бірінші орынға шықса, Абдулла 40 пайыздай дауыспен екінші орынға тұрақтаған.

Алдын ала жарияланған осы мәліметтердің өзі негізгі бәсеке Ғани мен Абдулланың арасында болатынын аңғартады.

Ауғанстан халқының 20 пайыздайын құрайтын Кабулдағы сайлау учаскелерін шолып шыққандағы нәтиже бойынша, Абдулла Абдулла қалған кандидаттардан айқын басымдықпен озып тұр, Ашраф Ғани – екінші, ал елдің тағы бір бұрынғы сыртқы істер министрі Залмай Расул - үшінші орында. Ауғанстанның солтүстігі мен шығысында Ғани алға шыққан сияқты. Көп жерде Расул басты екі үміткердің ізін өкшелеп келе жатқаны байқалады.

«ЗАҢСЫЗДЫҚ» ЖӘНЕ «САЙЛАУДЫ МАЗАҚ ЕТУ»

Кандидаттардың ешқайсысы айқын басымдылықпен ұтпайтын тәрізді. Сондықтан Абдулла мен Ғанидің екінші турға шығатынын болжауға болады. Егер бірде-бір кандидат 50 пайыздан артық дауыс жинамаса, мамыр айының соңында сайлаудың екінші айналымы өтеді.

Қалған бес кандидат әр жерден жиналған хаттамаларды сайлау нәтижесі деп жариялап жатқандардың әрекеттеріне кейіс білдіріп, мұны «заңсыздық» және «сайлауды мазақ ету» деп бағалады. Олардың айтуынша, «олар нәтижелерді бұрмалап көрсетіп, ресми қорытынды шыққанға дейін жұрт арасында басқаша эмоция қалыптастырмақ».
Ауған балалары сайлау учаскесі ілген дауыс беру нәтижесінің хаттамаларын қарап тұр. Кабул, 7 сәуір 2014 жыл.
Ауған балалары сайлау учаскесі ілген дауыс беру нәтижесінің хаттамаларын қарап тұр. Кабул, 7 сәуір 2014 жыл.


Ауғанстан сайлау комиссиясы да «ақпарат агенттіктері мен кандидаттардың веб-сайттары «сайлау нәтижесі» деп қандай да бір ақпарат жарияламауы тиіс» деп мәлімдеді. Тәуелсіз сайлау комиссиясы сайлау қорытындысы әлі шықпайтынын айтып, кандидаттарды «ұстамды әрі төзімді болуға» шақырды.

«АЛДЫҢҒЫДАН АНАҒҰРЛЫМ ӘДІЛ САЙЛАУ»

Негізгі үш қарсыластың сайлау штабтары дауыс беру нәтижелерін сан-саққа жүгіртіп қана қоймай, сайлаушылардың арыз-шағымдарын, қарсылас кандидаттың «сайлауды бұрмалағанын дәлелдейтін» фото- және бейне-айғақтар жинап жатыр.

Жүздеген адам сайлау мекемелеріне «сайлаудағы заңсыздықтарды көрсететін» айғақтар жіберуге кірісті. Енді бір азаматтар Twitter желісі арқылы ешқандай дәлелі жоқ қаңқу сөз таратуға көшті.

Мына видео Facebook желісінде сәуірдің 6-сы күні шықты. «Бағлан провинциясында түсірілді» деп жарияланған бұл видеода бір топ адам Залмай Расул алдын ала белгіленіп қойған бюллетендерді қолға түсіреді. Twitter және Facebook-те Абдулла мен Ғанидің сайлау штабтарының заңсыз әрекеттерін «әшкерелейтін» неше түрлі видео көп.

Ауған сайлауындағы негізгі үш кандидат та «заңсыздықтан жапа шектік» деп, комиссияға арыз жаудырған.

2009 жылы өткен соңғы сайлау кезінде нәтижелерді бұрмалау фактілері көп тіркелгендіктен, бұл жолы да сайлау жәшіктеріне топ-тобымен бюллетень тастау, әкімшіліктің араласуы сияқты заң бұзушылықтар болады деген болжамдар жасалған еді. Сондықтан кандидаттардың көбі сайлау учаскелеріне мыңдаған бақылаушысын отырғызды.

Сайлауға қатысты арыздарды қарау комиссиясының айтуынша, «сегіз кандидатқа да қарсы арыз-шағымдар көп түсіп жатқанына қарамастан, бұл сайлау 2009 жылғы науқанға қарағанда анағұрлым таза әрі әділ өткен».

Ол сайлауда 1 миллионнан астам бюллетень жарамсыз деп танылған еді.

«ДӘЛЕЛІ ЖОҚ АРЫЗДАР»

Сайлау кезіндегі заңсыздықтар туралы арыздардың өте көп түсіп жатқаны рас. Сайлауға қатысты арыздарды қарау комиссиясына қазірге дейін 3 мың 103 арыз түскен. Бірақ олардың арасында айғақпен дәлелденгендері аз. Арыздың көбінде сайлау учаскесіне кіруге толық мүмкіндік жасалмағаны, бюллетеньдердің жетіспеуі, жалған дауыс беру карталарын пайдалану, қауіпсіздік күштері мен сайлау комиссиясы өкілдерінің бір кандидатқа дауыс бер деп қысым жасауы сияқты мәселелер айтылған.

Арыздарды қарау комиссиясының өкілі Нәдір Мохсени сәуірдің 8-і күні «Арыздардың бәрін қараймыз. Соның ішінде бұрмалау мен сайлау заңын бұзу фактілеріне баса назар аударамыз. Бұрмалау мен заң бұзу оқиғаларының болғаны рас. Біз Ауғанстан азаматтарының берген дауыстарын қорғап, ашық та таза сайлау өткізге уәде береміз» деді.

2009 жылғы сайлауда да кандидат болған Абдулла «жәшіктерге топтап бюллетень тастау, сайлаушылар мен бақылаушыларға қоқан-лоқы жасау фактілері болды» дейді. Ғани мен Расул да бұрмалау мен қорқытып-үркіту оқиғаларының болғанын айтады.

Ашраф Ғани «Елдің солтүстігінде және Кабулда дауыс беру бюллетеньдерінің жетпей қалуының себептерін зерттеп, түсіндіру керек. Ауғанстан сайлау комиссиясы бұрмалау, бюллетеньдердің жетіспеуі сияқты нақты жағдайларға байланысты есеп беруі керек» дейді.

Ашраф Ғани мен Абдулла Абдулла «билік Залмай Расулға қолдау білдіріп, жағдай жасады» деген мәлімдеме таратты. Ал Залмай Расул мұны жоққа шығарып отыр. Ол - биліктен кететін қазіргі президент Хамид Карзай ұсынған кандидат саналады.

(Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG