Accessibility links

"Талибанның" билікке келуі "Әл-Қаида" тобына қалай әсер етеді?


"Әл-Қайда" террор ұйымы басшысы Айман әз-Зауахири (сол жақта) мен "Талибан" басшысы мавлави Хайбатулла Ахундзада суретінен коллаж.
"Әл-Қайда" террор ұйымы басшысы Айман әз-Зауахири (сол жақта) мен "Талибан" басшысы мавлави Хайбатулла Ахундзада суретінен коллаж.

"Талибан" қозғалысы билікке келген Ауғанстанда "Әл-Қайда" террор тобы қайта күш алуы ықтимал. Бірақ тәліптерге кесірін тигізуден қашқақтап, бұрынғыдай жаһандық шабуылдар жасап емес, жергілікті жихадшыларға болысып, әдіс-тәсілін өзгертуі мүмкін дейді сарапшылар.

Ауғанстандағы "Талибан" радикал қозғалысы (Қазақстан мен басқа да елдерде террор тобы деп танылған ұйым – ред.) содырлары ел аумағын лаңкестер орталығына айналдырмайтынын жылдар бойы айтып келді. Былтыр "Талибан" АҚШ-пен келісім жасап, "Әл-Қайданың" АҚШ пен оның одақтастарына ауған жерінен қауіп төндіруіне жол бермейтінін айтқан.

Бірақ тәліптер Кабулды басып алғанына бір ай толғанда АҚШ қауіпсіздік қызметі өкілдері жақын үш жылдың ішінде "Әл-Қайда" АҚШ-қа шабуыл жасауы мүмкін деп айта бастады.

– "Әл-Қайданың" қайта түрленуіне осынша уақыт не үшін керегін түсінбеймін, – дейді Ауғанстандағы Еуроодақ және БҰҰ бұрынғы кеңесшісі Майкл Семпл. – Ауғанстанда "Әл-Қайдаға" қолайлы жағдай пайда болды. Топ соны пайдаланып қалғысы келсе, бәлендей қатты кедергіге тап бола қоймас деген пікір басым.

"ТАЛИБАН" ҮКІМЕТІНДЕГІ "ӘЛ-ҚАЙДА" ЖАҚТАСТАРЫ

Ол Ауғанстанда "Әл-Қайданың" қайта күшеюі мүмкін деген сөзге дәлел ретінде "Талибан" үкіметінде ішкі істер министрінің орынбасарлығына молла Тәжмир Жауадтың тағайындалғанын келтірген. "Әл-Қайда" жиырма жыл бұрын АҚШ-қа шабуылдар бастап, 11 қыркүйектегі терактіні ұйымдастырғанға дейін топ жетекшілері Ауғанстанды паналаған еді.

Осама бен Ладен (сол жақта) кеңесшісі әрі ізбасары Айманом әз-Зауахиримен бірге пәкістандық басылымға сұхбат беріп отыр. 2001 жылғы қараша айы.
Осама бен Ладен (сол жақта) кеңесшісі әрі ізбасары Айманом әз-Зауахиримен бірге пәкістандық басылымға сұхбат беріп отыр. 2001 жылғы қараша айы.

Тәжмир Жауад – "Талибан" қозғалысының атышулы бөлімі саналатын Хаккани желісінің бұрынғы командирі. Ең жойқын шабуылдарды ұйымдастырды деп айыпталған ол қазір ел қауіпсіздігіне қатысты аса маңызды мәселелермен айналысады.

– Өткен айға дейін ол жанкештілерді жаттықтыратын лагерьді басқарып келді. Міне, [Ауғанстанда] ["Әл-Қайдаға"] осындай қолайлы жағдай туды, – деді Семпл Азаттықтың Ауған қызметіне. – "Әл-Қайда" өз әріптесі әрі жақтасы санайтын адамдар жанкешті дайындайтын орталықтан шығып, төтесінен ішкі істер қызметін басқаруға барып жатыр.

Жауад – "Талибан" қозғалысындағы халықаралық лаңкестікке байланысты айып тағылған жалғыз жетекші емес. Бірақ сарапшылардың сөзінше, осы жолы "Әл-Қайда" Ауғанстанда жасырынатын орын іздемей, мұсылман әлеміндегі бөлімдерімен байланыс орнатуға талпынуы мүмкін.

Белфасттағы Квинс университетінің профессоры Семпл "Талибан" үкіметінде Хаккани желісі мүшесінің маңызды қызметте болуы "Әл-Қайданы" ынталандыра түседі дейді. Себебі, 1980 жылдардың аяғында Хаккани отбасының ақсақалдары мен "Әл-Қайданың" араб жетекшілері ұйымды ресми түрде құрудың алғышартын жасаған.

Бүгінде Хаккани отбасы ұлғайып, оның жақтастары "Талибан" үкіметінің маңызды бөлігіне айналды. Сиражуддин Хаккани – желі лидері мавлави Жалалуддин Хакканидің ұлы қазір ішкі істер министрлігін, ал мавлавидің інісі Халил әл-Рахман Хаккани босқындар ісі министрлігін басқарады.

Әлем бойынша іздеу жарияланған лаңкестер тізімін жариялаған Вашингтон оларды ұстауға септесетін қандай да бір ақпаратқа 10 миллион доллар сыйлық тағайындаған.

– Егер сіз "Әл-Қайда" мүшесі болсаңыз, лидердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жергілікті биліктің жайсыздығынан қашуға тырыссаңыз, ішкі істер министрлігінде жақтасыңыз болғанынан артық олжа бар ма? – дейді Семпл.

Ол "Талибан" билікті басып алмай тұрып-ақ Ауғанстанда "Әл-Қайда" тобының аймақтарда филиалы болғанын, қозғалыс құрамына шетелдік содырлар кіргенін айтты. Олардың көбі "Әл-Қайда" шурасының (басқару кеңесі – ред.) немесе 2014 жылы маусымда Пәкістан әскери операциясынан кейін Ауғанстанға кеткен Солтүстік Вазиристан жеріндегі кеңестің мүшесі болған.

"Әл-Қайданың" Сириядағы бұрынғы бөлімшесі "Хаят Тахрир аш-Шам" тобының содырлары автокөлікке орнатылған қарудан атып жатыр. Идлиб аймағы, Сирия, 2019 жылғы тамыз айы.
"Әл-Қайданың" Сириядағы бұрынғы бөлімшесі "Хаят Тахрир аш-Шам" тобының содырлары автокөлікке орнатылған қарудан атып жатыр. Идлиб аймағы, Сирия, 2019 жылғы тамыз айы.

БҰҰ маусымдағы баяндамасында Ауғанстанның әр жерінде тәліптерге байланысы бар "Әл-Қайда" мен басқа да шетелдік террор топтардың содырлары барын жазған.

– Ресейдің түрлі өңірінен келген содырлар фракциясы бары белгілі. Өзбектер, ұйғырлар, тәжіктер, біршама түрік барын жақсы білеміз, – деді Семпл.

Ол "Талибан" мен "Әл-Қайда" арасын Хаккани желісі жалғап тұрғанын айтады.

– Екі топтың тығыз байланысы ортақ күрес пен аралас одақ нәтижесінде пайда болған идеологиялық бірлікке, қарым-қатынасқа негізделген, – дейді Семпл.

Сарапшылар "Талибан" мен "Әл-Қайданы" байланыстыратын ортақ тарихы барын да айтады. 1990 жылы Осама бен Ладен молла Мохаммад Омарға адал болуға серт берген. Содан бері "Әл-Қайда" сол сүрлеумен келе жатыр. Омардың ізбасарлары молла Ахатар Мохаммад Мансұр мен мавлави Хайбатулла Ахундзаданың да "Әл-Қайдамен" байланысы тонның ішкі бауындай.

"Талибан" исламның Деобанд ілімін ұстанса, "Әл-Қайданың" лидерлері мен мүшелерінің көбі – пуритан салафилер. Екі ұйым да осы ерекшеліктері өзара қатынасқа кесірін тигізбеуіне барынша күш салған. Ал салафидің аса радикал тобы – "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы содырларының пайда болуы олардың байланысын нығайта түскендей. Екі топ та "Ислам мемлекеті" жихадшыларының үстемдік орнатуына жол бермей, алдын алуға тырысқан.

АУҒАНСТАНДА "ӘЛ-ҚАЙДА" МҮШЕЛЕРІ БАР МА?

Майкл Семпл "Әл-Қайданың" араб басшылығы Ауғанстанға қоныстануы мүмкін дейді. Кейінгі жиырма жылда олар Иран мен Пәкістанды паналаған еді. "Қазір АҚШ-тың террорға қарсы операциясы сәтсіз аяқталып, "Талибан" елде билігін орнатқаннан кейін Ауғанстанға баратындар көбейеді деп ойлаймын" дейді ол.

Бірақ тәліптер Ауғанстанда "Әл-Қайда" мүшесі жоқ деген сөзінен қайтпай отыр.

– Елде "Әл-Қайдаға" қатысы бар ешкім жоқ, – деді журналистерге өткен аптада "Талибанның" ресми өкілі Забиулла Мужахид. – Ауғанстаннан ешбір елге ешқандай қауіп төнбейді.

Бірақ "Талибан" ұшқышсыз дрон шабуылын тоқтатуды талап етеді. АҚШ ресми өкілдері Ауғанстаннан қауіп төндірген террористерге қарсы қолдануды көздеген. 28 қыркүйекте тәліптер Вашингтонды Ауғанстан әуе кеңістігінде ұшу аппаратын қолданып, халықаралық заңдар мен 2020 жылғы ақпандағы Доха келісімін бұзды деп айыптады.

АҚШ штаб жетекшілері біріккен комитетінің жетекшісі генерал Марк Милли сол күні сенаттың қарулы күштер комитетіндегі тыңдауда отыр. Вашингтон, 28 қыркүйек 2021 ж.
АҚШ штаб жетекшілері біріккен комитетінің жетекшісі генерал Марк Милли сол күні сенаттың қарулы күштер комитетіндегі тыңдауда отыр. Вашингтон, 28 қыркүйек 2021 ж.

АҚШ штаб жетекшілері біріккен комитетінің жетекшісі генерал Марк Милли сол күні сенаттың қарулы күштер комитетінде сөйлеген сөзінде "Талибанды" "Әл-Қайдамен" байланысын үзбеген террористер ұйымы деп атады.

– Қайта жаңғырған "Әл-Қайда" немесе ДАИШ ("Ислам мемлекеті" экстремистік тобы – ред.) содырлары АҚШ-қа шабуыл жасағысы келетінін мүлде жоққа шығаруға болмайды. Басқарылмайтын кеңістіктегі қызметін олар алдағы 12-36 айда жүзеге асыруы мүмкін, – деді ол.

Қыркүйекте АҚШ орталық барлау басқармасы (ЦРУ) директорының орыбасары Дэвид Коэн Вашингтон "Әл-Қайда" мүшелерінің Ауғанстанға барғанын білдіретін белгілер байқағанын айтты.

Ауғанстан мен Пәкістандағы радикалды топтарды зерттейтін Абдул Саид "Әл-Қайда" Ауғанстанды жаһандық базаға айналдыруға ынталы емес дейді.

"11 қыркүйек оқиғасына дейін "Әл-Қайда" бүкіл әлем бойынша лаңкестік шабуыл жасап, мұсылман әлеміне жихад қозғалысын таратқысы келді, – деді Саид Машаал радиосына. – Бірақ кейінгі жылдары Ауғанстанда олардың назары "Талибан" (билігі) мен Пәкістанда құрылған "Техрик Талибан" секілді аймақтағы жихад желісін қолдау мен нығайтуға ауды.

Саидтың сөзінше, "Әл-Каида" "Талибанға" проблема тауып беріп, ақыр соңында 11-қыркүйектегі шабуыл кейін Ауғанстанда тәліптер режимін құлатуға әсер еткен. Бірақ сол 1990 жылдарға қарағанда қазір топтың әдіс-тәсілі өзгерген. "Әл-Қайда" "Талибан" басқарып отырған Ауғанстанмен тығыз байланыс орнатуға, бірақ тәліптерге проблема туғызатын нәрседен қашқақтауға тырысады" дейді сарапшы.

Сингапурдағы С.Ражаратнама атындағы халықаралық зерттеу мектебінің ғылыми қызметкері Абдул Басит бұл пікірмен келіседі. Ол "Әл-Қайда" қандай да бір ірі шабуыл жасай қоймас деп санайды.

– "Әл-Қайда" тәліптердің жеңісін тағы да қолдан бергісі жоқ. Бірақ олардың билігін Йемен, Сомали, Сахил секілді субконтиненттегі филиалдарын нығайту үшін қолданып көруге кетәрі болмайды, – деді ол Машаал радиосына.

Орталық басшысының жақындағы мәлімдемесіне сүйеніп, Басит "Әл-Қайда" жаңа мақсатқа жұмылатынын айтады.

– Олар жақындағы жауына қарсы жұмылуға тырысады. Бұл олардың алыстағы дұшпаны, яғни АҚШ-қа шабуыл жасағанша, кей мұсылман елдердің үкіметіне қарсы жұмылатынын білдіреді, – дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG