Accessibility links

Австрияда әсіреоңшыл кандидат президент бола алмай қалды


Австрия президенті болып сайланған Александр Ван дер Беллен. Вена, 20 мамыр 2016 жыл.

Австрия президенті болып сайланған Александр Ван дер Беллен. Вена, 20 мамыр 2016 жыл.

Австрия Жасылдар партиясының бұрынғы төрағасы Александр Ван дер Белленді президент етіп сайлады. Еуропа Одағына (ЕО) мүше мемлекетте алғаш рет билік басына әсіреоңшыл саясаткер келуге шақ қалды.

Мамырдың 22-сіндегі сайлауда екі үміткер тең тұрған, алайда Австрияның ресми қызметкерлері поштамен жіберілген жүздеген мың бюллетеньді санаған соң Ван дер Беллен Бостандық партиясының басшысы Норберт Хоферден басым түскені белгілі болды.

Сөйтіп, Еуропаның саяси басшылығы бір қатерден аман қалды: құрлықтағы миграция дағдарысы мен экономикалық өсімнің төмендеуі және жұмыссыздықтың артуы сияқты проблемалардың арқасында беделі көтерілген, ЕО-ға қарсы популист саясаткер жеңілді.

ЖЕҢІСКЕ ЖЕТКІЗГЕН 31 МЫҢ ДАУЫС

22 мамырдың кешіндегі алдын ала мәліметтер бойынша, президент сайлауының екінші кезеңінде Хофер қарсыласынан 3,8 пайызға алда тұрған еді. Алайда 23 мамырда поштамен жіберілген 700 мың бюллетенді санағаннан соң 4,6 миллион сайлаушының ішінде Ван дер Белленді қолдайтындар саны 31 мыңға артық болып шықты. Австрия ішкі істер министрі Вольфганг Соботка Ван дер Белленнің – 50,3 пайыз, ал оның антииммиграция ұранымен додаға түскен қарсыласы Норберт Хофердің 49,7 пайыз дауыс жинағанын хабарлады.

Австрия президенттігіне өтпей қалған Норберт Хофер. Вена, 22 мамыр 2016 жыл.

Австрия президенттігіне өтпей қалған Норберт Хофер. Вена, 22 мамыр 2016 жыл.

24 сәуірде өткен сайлаудың бірінші кезеңінде 72 жастағы интеллектуал Ван дер Беллен өзінен әлдеқайда кіші қарсыласынан 14 пайыз аз дауыс жинаған. Сонда сарапшылардың көбі оны "жеңіледіге" жорыған еді.

Facebook-тегі парақшасында жеңілгенін мойындап мәлімдеме жасаған Хофер жақтастарын мойымауға шақырды.

8,5 миллион халқы бар Австриядағы сайлау Еуропаның барлық елінің, соның ішінде әсіресе Германияның дегбірін қашырды. Мұнда соңғы кездері иммиграцияға қарсы саясат ұстанатын «Германия үшін балама» (AfD) партиясы күшейіп келеді.

Келесі жылы президент сайлауы өтетін Францияда Марин Ле Пеннің «Ұлттық майданы» сауалнама бойынша алдыңғы орында тұр. Франция премьер-министрі Мануэль Вальс Ван дер Белленнің әсіреоңшыл қарсыласын жеңгенінен «жеңілдеп қалғанын» айтты. «Австриялықтардың популизм мен экстремизмді қолдамағанына қуаныштымын. Еуропадағы әрбір адам бұдан сабақ алуы керек» деп жазды Вальс Twitter аккаунтында.

Ұлыбританиядағы оңшыл Тәуелсіздік партиясы еді ЕО-дан шығаруға үгіттеп жатыр. Бұл елде 23 маусымда осы мәселеге байланысты референдум өтеді.

Сайлау билбордтары. Вена, 19 мамыр 2016 жыл.

Сайлау билбордтары. Вена, 19 мамыр 2016 жыл.

ЕО-ға мүше Австрия Таяу Шығыстан ағылған мигранттар нөпірінің астында қалып, соның кесірінен Екінші дүниежүзілік соғыстан бері саяси билікте үстемдік жүргізіп келе жатқан Социал-демократтар (SPO) мен консервативтік Халықтық партияға деген наразылық күшейді.

Сайлауда жеңілген 45 жастағы Хофер өзін орташыл-оңшыл саяткер ретінде көрсетеді, бірақ ол басқаратын Бостандық партиясы нацистік кезеңнен бастау алады. Соғыс және тұрақсыздық кесірінен Таяу Шығыс пен басқа аймақтардан миллиондаған босқын ағылып келіп, пана сұрап жатқан тұста елдің бойындағы үрейді ұтымды пайдаланған ол ЕО-ға қарсы ұран тастап, сайлауға түскен.

Өткен жылы Австрия 90 мың адамға саяси баспана берді, бұл – ел халқының 1 пайызы. Көршілес Германия Сириядағы соғыстан қашқан босқындар мен басқа да мигранттарға шекарасын ашқан соң олардың нөпірі тіпті көбейді. Содан бері Венадағы үкімет иммиграция мен саяси баспана беру шарттарын қатаңдатты, бірақ олардың бұлайша құбылуы оңшылдарға деген қолдауды одан сайын арттырып жіберді.

Ван дер Беллен – экономика профессоры, табиғатты қорғау мен азшылық өкілдерінің құқықтарын сақтау мәселелерін де қозғап жүрген Жасылдар партиясының бұрынғы төрағасы. Өзінің де «Австрияның қамқорлығына бөленген босқындар отбасында дүниеге келгенін» айтып ағынан жарылған Ван дер Белленнің әкесі – орыстың ақсүйегі, ал шешесі – эстон қызы. Олар Сталин салған сүргіннен қашып, Еуропаны паналаған.

Ван дер Беллен өзін «солшылдарға көп жақтасады» деп айыптаған консерватор сайлаушыларды үгіттеуге көп күш жұмсады. Сонымен бірге халық оны «тұрақсыз адам» деп кінәлады. Себебі ол бір кездері социал-демократтардың қатарында болып, 1990-жылдардың басында жасылдар жағына өткен.

Біржынысты некені ашық қолдайтын, ажырасып, жақында екінші мәрте үйленген, екі баласы бар Ван дер Белленді халық «Профессор» немесе орыстарға жақындығын ескеріп «Саша» деп атайды.

Жеке өмірде Ван дер Белленнің екі «әлсіз» тұсы бар. Ол «Дональд Дак» мультфильмін көргенді ұнатады әрі темекіні көп шегеді.
«Бір рет темекіні төрт айға тастағаным бар... Бірақ осы жасымда өзімді қинап қайтемін?» дейді ол.

XS
SM
MD
LG