Accessibility links

Бакудің референдумы Пхеньянның билік әулетін еске салды


Әзербайжан президент Илхам Әлиев референдумда дауыс беріп тұр. Баку, 26 қыркүйек 2016 жыл.

Әзербайжан президент Илхам Әлиев референдумда дауыс беріп тұр. Баку, 26 қыркүйек 2016 жыл.

Әзербайжанда үшінші рет ел конституциясына түзету енгізу туралы референдум өтіп жатыр. Қазақстандық сарапшылар мұны «әулет билігін заңдастыру» деп сипаттайды.

Референдумда Әзербайжан президенті қызметінің мерзімін бес жылдан жеті жылға ұзарту, президентке бірінші вице-президент пен вице-президент тағайындау және парламенттті тарату құзырын беру мәселесі көтерілген. Сонымен бірге парламент депутаттығына және президенттікке кандидаттың ең төменгі жасы (қазіргі конституция бойынша 35 жас) туралы талапты алып тастау тәрізді өзгерістер де ұсынылған.

Әзербайжан оппозициялық күштері «бұл мәселелердің барлығы да – президент Илхам Әлиевке шексіз билік беру және оның отбасына билікті қалдыру мақсатында жасалған әрекет» деп бағалаған. Олар парламент депутаттығына кандидаттың жасын 25-тен 18-ге түсіру жөніндегі ұсынысты Илхам Әлиевтің ұлы Гейдар Әлиевтің жасы 19-ға толуымен байланыстырады.

Референдумда дауыс беріп тұрған адам. Баку, 26 қыркүйек 2016 жыл.

Референдумда дауыс беріп тұрған адам. Баку, 26 қыркүйек 2016 жыл.

Таңертең дауыс беру процесі басталған соң көп ұзамай-ақ дауыс беру шарттарының бұзылғаны, бір адамға бірнеше бюллетень берілгені, тіпті кәмелет жасына толмағандар да қатыстырыла бастағаны туралы хабарланды. Кейбір сайлаушылар өз учаскелерінде «сағат таңғы тоғыз болмай-ақ сайлау жәшіктерінің толып тұрғанын» айтады. Референдум кезінде бақылаушылардың ісіне бөгет жасалғаны да, сайлаушылардың белсенділігі төмен екені де мәлімденген. Бірақ Әзербайжанның сайлау комиссиясының өкілдері мұндай ақпараттарды теріске шығаруға тырысқан.

«КЛАНҒА ҚАРЫЗДАРЛЫҚ» НЕ «ДИНАСТИЯЛЫҚ МОНАРХИЯ»

Қазақстандық саяси сарапшылар Әзербайжандағы референдум постсоветтік елдердің көбіндегі жағдайға ұқсастығын айтып, оны «президент билігін нығайту жолы» деп санайды.

Саясаткер Әміржан Қосановтың айтуынша, мұнайға бай болса да халқы кедей тұратын өзге республикалар секілді Әзербайжанның да бұл қадамы демократиялық процеске сай келмейді.

– Бірақ Әзербайжанды Әлиевтер отбасы билегелі демократияның өзі де болған жоқ. Қарсы пікір айтатын оппозициялық күштері қуғындалады. Илхам Әлиев қазірдің өзінде барлық билікті қолға алғанына қарамастан, әлі жас болса да сақтық жасағысы келетіні байқалады. Билікке әкесі тағайындап кеткен Илхам Әлиев бұл өзгерістерді халық үшін жасады деу күлкілі естіледі, – дейді ол.

Әзербайжан президенті Илхам Әлиевтің балалары Гейдар мен Арзу және Лейла Әлиевтер дауыс беруге келген кез. Баку, 26 қыркүйек 2016 жыл.

Әзербайжан президенті Илхам Әлиевтің балалары Гейдар мен Арзу және Лейла Әлиевтер дауыс беруге келген кез. Баку, 26 қыркүйек 2016 жыл.

Әміржан Қосановтың сөзінше, «авторитарлық билікте ұзақ отырып, кландық жүйеге арқа сүйейтін постсоветтік елдердің басшылары қашан да өз кландарына қызмет қарыздар болып жүреді».

– Бәлкім, жаңа қызметтерді сол үшін де енгізіп отырған болар. Конституцияны өзіне мейлінше ыңғайлап өзгерткен тек Әзербайжан емес. Суперпрезиденттік конституция жасаған Өзбекстандағы Ислам Каримов өлгеннен кейінгі жағдайдан билік ауысымы президенттердің жоспарына сай келмеуі де мүмкін екенін көруге болады, – дейді ол.

Сарапшы Сұлтанбек Сұлтанғалиев те Әзербайжандағы референдумды постсоветтек елдердегі билік транзиті проблемасымен байланыстырады.

– Әзербайжан элитасының құпия ойындарын нақты болжау қиын. Бірақ референдумдағы ұсыныстар қандай да бір дағдарыс бола қалған жағдайда билікте өзгеге бермеуді көздейтіні көрініп тұр. Референдум қорытындысы шықпаса да, нәтижесі билік күткендегідей болатыны белгілі. Бұл – тек Түркіменстанның жолымен жүру емес, Солтүстік Кореяның династиялық монархиясының жолына, әулет билігінің жолына түсу деген сөз, – дейді ол.

Сұлтанбек Сұлтанғалиевтың айтуынша, бұл референдум постсоветтік елдерде «әкеден балаға, одан немереге билік қалдыру дәстүрін» алғаш рет орнықтыруы мүмкін.

Әзербайжанның бұрынғы президенті Гейдар Әлиев пен қазіргі президенті Илхам Әлиевтің портреті.

Әзербайжанның бұрынғы президенті Гейдар Әлиев пен қазіргі президенті Илхам Әлиевтің портреті.

Әзербайжанды 1993 жылдан бастап 10 жыл басқарған Гейдар Әлиев көзі тірі кезінде өз ұлы Илхам Әлиевті президенттікке ұсынған. Әкесінен кейін, 2003 жылдан бері президент қызметін атқарып келе жатқан Илхам Әлиев үш рет сайлауда жеңіске жеткен. Әзербайжан оппозициялық күштері бұл сайлаулар нәтижелерін мойындамаған.

Биыл қыркүйектің 14-інде Түрікменстан президенті, елді 2006 жылдан бері басқарып келе жатқан Бердімұхаммедов те президенттік мерзімді бес жылдан жеті жылға ұзартып, 70-тен асқан адамның президенттікке кандидат ретінде тіркелуіне шектеуді алып тастаған.

Қазақстанда да 2011 жылы конституцияға өзгерістер енгізілгеннен кейін ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзін президенттікке шексіз ұсынатын мүмкіндікке ие болған.

Таяуда Біріккен ұлттар ұйымының бас хатшысы Пан Ги Мун «көптеген елдердің басшылары билікте қалу үшін конституцияны өзгертетінін, сайлау процесін бұрмалап, түрлі шараларға баратынын» айыптап сөйлеген.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG