Accessibility links

Ташкенттің бір қадам ілгері, екі адым кейін жүрісі


Өзбекстандық құқық қорғаушы Елена Урлаева.

Өзбекстандық құқық қорғаушы Елена Урлаева.

Өзбекстанда ұзақ уақыт түрмеде отырған кей саяси тұтқындардың шығуын жұрт жақсылыққа жорыған. Үкіметті сынайтын құқық қорғаушыны қайтадан психиатриялық емханаға күштеп жатқызуы биліктің баяғы тәсілге жүгінуді жөн санайтынын көрсетті.

Өзбекстанның жаңа президенті Шавкат Мирзияев адам құқығы саласында оң істер бастағандай көрінген еді. Өткен жылы қыркүйектің 2-сінде өмірден өткен бұрынғы президент Ислам Каримовтің тұсында түрмеге қамалған кейбір саяси тұтқындар билік басына жаңа адам келгеннен кейін бостандық алды.

Төрт белсенді (олардың үшеуі 17 жылдан астам қамауда отырды) түрмеден босады, психиатриялық емдеу мекемесінде 10 жылдай отырған тағы бір белсенді еркіндікке шықты.

Алайда наурыздың 1-і күні Өзбекстан билігінің адам құқығын қорғаушы Елена Урлаеваны психиатриялық ауруханаға күштеп жатқызуы көңілдегі жылт еткен үміт отына су құйғандай болды.

Өзбекстан президенті болып сайланған Шавкат Мирзияев жақтастарының алдында сөйлеп тұр. Ташкент, 5 желтоқсан 2016 жыл.

Өзбекстан президенті болып сайланған Шавкат Мирзияев жақтастарының алдында сөйлеп тұр. Ташкент, 5 желтоқсан 2016 жыл.

Президент Мирзияев үкіметінің ісін қалай түсінуге болады? Каримов билік құрған ширек ғасыр уақытта түрмеге қамалған белсенділер, саяси қарсыластар мен тәуелсіз журналистерге қатысты жаңа саясат ұстанбақ па? Әлде белсенділерді босатудың басқа себептері бар ма? Жаңа президент бұрынғы дәстүрден айнымай ма?

Азаттық өткізген дөңгелек үстел жиыны осы сұрақтарға жауап іздеп көрді. Азаттықтың БАҚ-пен байланыс жөніндегі менеджері Мұхаммед Тахир жүргізген талқылауға Германиядан адам құқығы жөніндегі өзбек-неміс форумының директоры Умида Ниязова, АҚШ-тан Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Стив Свердлоу және осы жолдардың авторы Брюс Панниер қатысып, ой-пікірлерімен бөлісті.

КАРИМОВ ТҰСЫНДА ТҮРМЕГЕ ҚАМАЛҒАНДАР

Өзбекстанда Ислам Каримов билік басында болған 25 жыл ішінде үкімет мыңдаған адамды түрмеге қамады. Олардың көбі діни сенімі үшін сотталды – билік діншілдерге қатысты сезікті саясат ұстанды.

Өзбек үкіметін сынаған кез келген адамды қырына алған билік олардың қоғамға ықпал етуіне жол бермеуді көздеді. «Эзгулик» (Аяушылық) тобы белсендісі Бобомурод Раззагов пен бұрынғы парламент мүшесі, Ислам Каримовке қарсы шыққаны үшін 1993 жылы түрмеге қамалған Самандар Кукановтың еркіндік алған уақытын есептеген Стив Свердлоу содан бері алты ай өткенін айтады.

«Нельсон Манделадан кейін ең ұзақ уақыт түрмеде отырған саяси тұтқын Куканов шығар» дейді ол.

Өзбекстанда алғаш рет жеке банктің негізін қалаған, оппозициялық «Ерік» партиясының мүшесі, 1998 жылы сотталған Рустам Усманов та биыл ақпанда бостандыққа шықты.

Түрмеден босап шыққан өзбек журналисі Мұхаммед Бекжан телефонмен сөйлесіп отыр. Зарафшан, 22 ақпан 2017 жыл.

Түрмеден босап шыққан өзбек журналисі Мұхаммед Бекжан телефонмен сөйлесіп отыр. Зарафшан, 22 ақпан 2017 жыл.

Human Rights Watch әлемдегі ең ұзақ мерзімге сотталған журналист деп атаған Мұхаммед Бекжан 17 жылдан соң түрмеден босатылды. Бекжан – Өзбекстанның оппозициялық «Ерік» партиясының жетекшісі, шетелде қуғында жүрген Мұхаммед Салихтың бауыры.

Стив Свердлоу осы оқиғалардың маңызын айта келе, «көпшілік Мирзияев өзгелерді босатса да, өзбек үкіметінің ең қас жауының інісін босатпас деген еді. Бірақ ол журналисті түрмеден шығарды» дейді.

Умида Ниязова аталған төртеудің азаттық алғанына қуанышты екенін білдіреді, бірақ «Мирзияев оларды босатқан жоқ... Олардың үшеуі сот кескен мерзімді өтеп шықты. Олардың бостандыққа шығатын уақыты Мирзияевтің билігіне тұспа-тұс келді» дейді.

Свердлоу да өзбекстандық тұтқындардың көбінің (соның ішінде жоғарыда аталғандар да бар) түрмедегі мерзімі өтіп кеткенін айтады. «Мирзияевтің сол мерзімді қайтадан ұзартайық демегеніне шүкір» дейді Ниязова.

Өзбекстандық тәуелсіз журналист Джамшид Каримов.

Өзбекстандық тәуелсіз журналист Джамшид Каримов.

Аталған адамдар қазір 60-70 жастан асып кеткен, демек, олар өзбек билігіне қауіп төндіре қоймайды. Ақпанның соңында бұрынғы президенттің немерелес туысы Жамшид Каримов те психиатриялық ауруханадан шыққан. Адам құқығы бойынша белсенді және тәуелсіз журналист Жамшид Каримов 2006 жылдың соңында писхиатриялық ауруханаға жатқызылған еді. Өзбекстанның бұрынғы президенті оған туысым деп қарамады, олардың қарым-қатынасы ертеректе үзілген.

«ӨЗБЕКСТАНДА МҰНДАЙ АДАМДАР ӨТЕ АЗ»

Белсенділердің еркіндікке шығуы жұрт көңілінде үміт ұялатқан еді. Бірақ наурыздың 1-і күні өзбек полициясы елдегі адам құқығын қорғаушы Елена Урлаеваны ұстап әкетті.

«Сол күні кешке өзін писхиатриялық емхана дәрігерімін деп таныстырған ер кісі Еленаның ұлына анасының мәжбүрлі түрде емдеуге жатқызылғанын хабарлаған» дейді Ниязова.

Құқық қорғаушы Елена Урлаеваның сөзі жазылған видео:

60 жастағы Елена Урлаева ұзақ жылдардан бері Өзбекстандағы мақта алқаптарында балаларды мәжбүрлі жұмысқа жегу, адам құқықтарын бұзуға қатысты өзге де оқиғалар мен экологияға байланысты проблемаларды зерттеумен айналысып жүрген құқық қорғаушы ретінде танымал. Ол Өзбекстан үкіметінің билікті асыра пайдаланатынын айтып, жыл сайын бір миллион адамды мақта жинауға күштеп шығаратынын сынаған.

Осы жылдар ішінде Елена Урлаеваның қанша рет тұтқындалып, таяқ жегенін есептеудің өзі мүмкін емес.

​Урлаева мен басқа да белсенділердің еңбегі арқасында бұрын балаларды ауыр жұмысқа салатын Өзбекстанда аздап болса жағдай өзгерді (алайда билік кәмелетке толмаған балалардың орнына ата-анасын не басқа ересектерді шақырып, жұмысқа салады).

Адам құқығы жөніндегі өзбек-неміс форумының директоры Умида Ниязова Елена Урлаеваны 15 жылдан бері танитынын айтады.

«Осы жылдар ішінде Елена Урлаеваның қанша рет тұтқындалып, таяқ жегенін есептеудің өзі мүмкін емес» дейді ол.

Өзбек билігі белсендіні қамау себебі туралы ештеңе айтқан жоқ. Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Стив Свердлоу бұған қатысты өз жорамалымен бөлісті.

«Урлаева Дүниежүзілік банк және Халықаралық еңбек ұйымы өкілдерімен кездесіп, мақта жинауға қатысты жұмыстарының нәтижесін талқыламақ болған еді» дейді ол.

Құқық қорғаушы Елена Урлаеваның (ортада) Өзбекстандағы мақта алқабындағы балалармен бірге түскен суреті.

Құқық қорғаушы Елена Урлаеваның (ортада) Өзбекстандағы мақта алқабындағы балалармен бірге түскен суреті.

Өзбекстан билігі Елена Урлаеваны сан рет психиатриялық ауруханаға жатқызған, солайша оны елдегі жағдайларды сараптауға ой-өрісі жетпейтін адам етіп көрсеткісі келеді дейді құқық қорғаушылар.

«15 жыл бұрын менің көзімше бір адам (Өзбекстан қауіпсіздік қызметінің өкілі болса керек) көшеде тұрған Еленаны бар күшімен ішінен теуіп кетті» деп еске алады Ниязова.

«Ол жарақат алды, Еленаға медициналық көмек көрсетіп тұру керек» дейді құқық қорғаушы. «Бірақ бұның бәрі оның құқық қорғауға қатысты іс-әрекетіне кедергі жасамайды, өзбек билігі Еленаның сырқатын өз мақсатына пайдаланып отыр. Үнін естіртпеу үшін оны психиатриялық емханаға жиі қамайды» дейді Умида Ниязова.

Свердлоудың айтуынша, Урлаева қиын жағдайға тап болған жандарға жәрдем беруге тырысатын белсенді ретінде танылған.

«Қоғамның түрлі сатысындағы және түрлі діни көзқарастағы адамдардың бәріне жаны ашиды және оларды түсінеді, әркез көмектесуге қолын созып, сол азаматтардың үйіне немесе қамалған жеріне барып, олар туралы ақпарат жазады, олардың басындағы жағдайды естиді-ау деген жандардың бәріне хабарлайды» дейді ол.

Ниязова Урлаеваның Өзбекстан үшін маңызын айта келе: «тұрғындары үрей астында өмір сүретін, ойындағысын ішке бүгіп, сырт құлаққа басқа нәрсені айтатын өзбек қоғамында Елена тәрізді адамдар өте сирек» деп түйіндеді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG