Accessibility links

Чех телеарнасы босқындарды қауіп ретінде көрсеткен


Прага маңындағы босқындар тұратын орынның терезесінен қарап отырған әйел. 2015 жылдың қарашасы. (Көрнекі сурет)

Прага маңындағы босқындар тұратын орынның терезесінен қарап отырған әйел. 2015 жылдың қарашасы. (Көрнекі сурет)

Чехиялық телеарна журналистерге мигранттар дағдарысын елге төнген қауіп ретінде сипаттау туралы нұсқау бергені үшін дауға қалды.

Чехиядағы TV Prima журналистері редакциялық жиында «мигранттар дағдарысы мен басқа елде жұмысқа орналасу туралы теріс пікір қалыптастыру керек» деген нұсқау естиді. Содан бері чех телеарнасы көпшілік назарына ілініп, бұл мәселе қызу талқыланып жатыр.

БОСҚЫНДАРДАН ҚОРҚУ

Өткен жылдың қыркүйек айында TV Prima телеарнасы жиналысынан жазылған құпия аудио жазбада жаңалықтар редакторы журналистерге «босқындарды елге төнген қауіп ретінде сипаттау керек» екенін айтады. Бұл ақпаратты таратқан сайт редактордың «бұл пікірге келіспейтіндер басқа жұмыс іздей берсін» деп қорқытқанын жеткізді.

Компанияның директорлар кеңесі төрағасының орынбасары (телестанцияның меншік иесі) Любош Йетмар да кездесу кезінде журналистерге қойылатын талапты нақты айтқан. Босқындарға қатысты қазіргі жағдайды «ақырзаманның басы» деп сипаттаған Йетмар «9 жасар қызым 20 жылдан кейін буркамен (кейбір мұсылман әйелдер оранып жүретін киімді айтады – ред.) жүргенін қаламаймын» деген.

Йетмар жиынға қатысқан БАҚ қызметкерлеріне «мигранттар дағдарысы біз ойлағаннан да үлкен мәселе болады деп қорқатынын» ескерткен.

«Қазір Еуропада бірнеше жүздеген мың мигранттар бар, мүмкін миллион шығар, нақты білмеймін. Бірақ олар қазір көп келді, енді біздің қағидаларымызды сыйламайтын болады» дейді ол. Йетмар «мигранттар өз сенімдерін, дүниетанымдарын, діндері мен қағидаларын ала келеді» деп қорытындылайды.

Осы құпия дерек жария болған соң «Чехия ақпарат құралдары мигранттар дағдарысы туралы қалай баяндап жатыр?» деген тақырып қызу талқылана бастады.

Орталық Еуропаның көптеген елдері тәрізді Чехияның баспасөз құралдары да соңғы айларда Сирия мен Ауғанстан тәрізді шиеленісті мемлекеттерден қашып, Еуропаға ағылған мигранттар туралы көп айтып, жазып жатыр. 2015 жылы Чех Республикасынан небәрі 1 мың 525 адам баспана сұрады (салыстыру үшін айтсақ, Швецияға 162 мың босқын барған).

Бірақ Батыс Еуропаға бет алған адамдар легін көрсеткен ақпарат арналары мигранттар дағдарысын «қатерлі жағдай» етіп сипаттады. Соңғы уақытта болған бірқатар келеңсіз жағдайлар - босқындар орталығын бомбалау, Прагада мұсылман адамды пышақтап кету сияқты оқиғалар осы мәселенің өзекті бола бастағанын көрсетеді.

ВИДЕО: Чехиядағы наразылықтан кейінгі тазалау жұмыстары (ағылшын тілінде):

"БОСҚЫНДАРДЫ ТОБЫР РЕТІНДЕ КӨРСЕТЕДІ"

Жақында алынған сауалнама бойынша, чехтардың 70 пайыздан астамы «елде тұрып жатқан шетелдіктер ұлттық қауіпсіздікке жаппай қауіп төндіреді» деп ойлайды. Ал құқық қорғаушы заңгер және In IUSTITIA ұйымында босқындарға көмек көрсететін Клара Калибова «бұқаралық ақпарат құралдары жағдайды әсірелеп жіберді» дейді.

- Олар нақты санмен сөйлемейді, маңызды дереккөздерден ақпарат алмайды, сенімді мекемелердің дерегіне сүйенбейді. Кейде олар миграция мен босқындар мәселесі бойынша өзін сарапшы санайтын адамдарды шақырады. Шын мәнінде олар сарапшы емес – кей маргинал партиялардың саясаткерлері, әсіреоңшыл көзқарастағы адамдар болуы мүмкін, - дейді ол.

Калибова чех ақпарат құралдарының көбі сандарға мән бермейді десе де, TV Prima арнасын «ерекше құқық бұзушы» ретінде айыптайды. Елдегі медиа нарықтың төрттен біріне жуығын иеленіп отырған телестанцияны «ақпараттарды әсірелеп беріп, қоғамда қорқыныш тудырады» деп айыптаушылар көп. Бұрын елдерінде шетелдіктердің мұнша көп болуына үйренбеген адамдар үрейлене бастады. Қолға түскен құпия жазба бұл айыптаудың негізсіз емес екенін көрсетті.

Сауалнамаға жауап берген респонденттердің 70 пайыздан астамы босқындар Чехияның ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп санайды.

Сауалнамаға жауап берген респонденттердің 70 пайыздан астамы босқындар Чехияның ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп санайды.

TV Prima жиынында болған тілшілердің бірі Азаттық радиосына аноним түрде «басшылықтың өздерін шақырып, қатты ашуланып сөйлескенін» айтып берді. Телеарна басшыларына мигранттар жайлы айтылған екі ақпарат ұнамапты. Олардың бірі босқындарға азық-түлік пен киім таратқан еріктілер орталығы туралы болса, екіншісі "мигранттар Еуропаға қатерлі сырқаттар әкеледі" деген сыбысты жоққа шығарған хабар екен.

Журналистің айтуынша, кездесуден кейін бірнеше апта бойы жаңалықтан көптеген материалдар алынып тасталған, оның ішінде зардап шеккен босқындармен сұхбаттар да болған.

«Олар босқындарды кәдімгі адам етіп көрсетуді қаламайды, тобыр ретінде көрсетеді. Бізге "әділ болмай-ақ қойыңдар, тепе-теңдікті сақтау керек емес" деді. Бұл журналистік этиканы дөрекі түрде бұзу ғой» дейді дереккөз.

ЖУРНАЛИСТИКА ЕРЕЖЕСІ

сы ақпаратты жария еткен Hlidaci Pes сайтының бас редакторы Роберт Брестан қыркүйекте болған жиыннан соң TV Prima арнасының хабар таратуында өзгеріс байқалғанын айтады. Оның сөзінше, TV Prima арнасының мигранттар дағдарысы туралы хабарлары «барынша тура, қалыпты» болған, бірақ редакция жиынынан соң «ақпарат беру тәсілі қатты өзгерген». Брестанның пікірінше, «қазір TV Prima жаңалықтарында пікір тықпалау көп, бұл журналистика ережесіне қайшы келеді».

«Бүкіл әлемдегі журналистика мектебінің бірінші ережесі – журналист өз пікірі мен айтатын ақпаратын араластырмауы керек» дейді ол. Hlidaci Pes дерегін басында «арандату» деп теріске шығарған TV Prima кейін бұл мәселеге қатысты мәлімдемесін жариялады.

«Жаңалықтарымыз оқиғаны тәуелсіз сипаттауға негізделген» деп сендіргеніне қарамастан, телестанция қыркүйек айындағы жиынның «қазіргі босқындар мәселесіне... оңтайлы және бірізді көзқарас ұстану үшін өткенін» айтады.

Телеарна «журналистерге мигранттар туралы теріс пікір қалыптастыру туралы нұсқау берілмегенін» айтады.

Мен TV Prima басқаларға ықпал етті деп ойлаймын, себебі өзге жаңалық құралдары осындай әдістің тиімді екенін аңғарып, соған ауыса бастады. Prima рейтингі өскенін байқаған соң олар да тақырыптарын өзгертті.

Ал құқық қорғаушы Клара Калибова «Prima-ның сыңаржақ ұстанымы бүкіл БАҚ кеңістігін ластап жатыр» дейді.

- Мен TV Prima басқаларға ықпал етті деп ойлаймын, себебі өзге жаңалық құралдары осындай әдістің тиімді екенін аңғарып, соған ауыса бастады. Prima рейтингі өскенін байқаған соң олар да тақырыптарын өзгертті, - дейді Клара Калибова.

TV Prima өзін қорғау мақсатында Чех ақпарат саласын реттеуші мекемесінің желтоқсандағы баяндамасын алға тартып, онда өздерін «теңдікті ұстанатын хабарлар береді» деп бағалағанын айтады.

Шын мәнінде, Радио және телевизия хабарларын тарату жөніндегі кеңес TV Prima-ның мигранттар туралы хабарлары «босқындардың болашағын шектен тыс көмескілеп, оларды еуропалықтар үшін үлкен мәселе етіп көрсетті» деген еді. Ол есепте «тым еуропашыл позиция чех қоғамындағы босқындарды жақтырмауды күшейтеді» деп жазылған. Бірақ кеңес «мұндай қатынас хабар тарату актісі ережелерін бұзбайды» деген шешімге келді.

Hlidaci Pes анықтаған жағдайдан соң Чехияның ақпарат саласын бақылайтын билігі «мигрант дағдарысына қатысты хабарларға» толық талдау жасайтындарын айтты.

Коллин О’Коннордың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG