Accessibility links

Еуромайданның ақталмаған үміті


Киев орталығында наразылық шеруіне шыққандар. 24 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет.)
Киев орталығында наразылық шеруіне шыққандар. 24 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет.)

17 жастағы Святослав Юраш алыстағы Калькуттада жүрсе де сабақ арасында Киевтегі миллиондаған адам шыққан шеруді жіті бақылап отырды. Кейін наразылық көтеріліске ұласқан кезде ол солардың қатарына қосылды.

Қарашаның 30-ы күні Киевте полицейлердің негізінен студент жастардан тұратын жүздеген демонстрантты соққыға жыққанын көрген Юраш бұдан әрі жай қарап отыра алмайтынын түсініп, отанына ұшып келді. Ол бірден Тәуелсіздік алаңына, яғни «Майданға» тартты. Көп ұзамай ол Еуромайдан баспасөз орталығын құрып, соның арқасында көтерілісшілердің ой-пікірі әртүрлі платформалардың көмегімен әлемге алты тілде тарала бастады.

2010 жылғы президент сайлауында Виктор Янукович жеңіске жеткен кезде елде өзгеріс болатындығына сенімі солған Юраш Украинадан кетіп қалған еді. Майдан басталғанда үміті қайта оянды. Басқа көтерілісшілермен бірге ол Батыспен байланысты күшейтіп, өкіметтің жұмысы ашық болуы үшін күресті. Полицияның таяғынан қашып жүрген сол күндері Юраш Украина өзі ойлағандай дұрыс, демократиялық жолға түсіп, Ресейдің шеңгелінен шығып, гүлденген Еуропаға бет түзейді деп сенді.

Бірақ, арада үш жыл өткенде олар қайтадан сарыуайымға салынып отыр. Янукович Ресейге қашып кеткенімен, ешқандай ілгері жылжу байқалмайды дейді украин революционерлері. Олардың айтуынша, Украина қазір Еуропа бағытынан кері бұрылуға шақ тұр.

Украинаның бұрынғы президенті Виктор Янукович баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Ростов, Ресей, 28 қараша 2016 жыл.
Украинаның бұрынғы президенті Виктор Янукович баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Ростов, Ресей, 28 қараша 2016 жыл.

Еуромайданнан кейін құрылған үкімет биыл көктемде отставкаға кетті. Түрлі лауазымды қызметтерде болған реформаторлар саяси сахнадан кетті. Олардың орнына негізінен «ескі гвардия» өкілдері, соның ішінде президент Петр Порошенконың айналасындағы адамдар келді.

- Майданнан кейін билікке келген саясаткерлер Украинаны басқа негізде құрады деген үмітімізді ақтамады. Елді сақтап қала алғанымен, олардың өзгеруге еш құлқы жоқ, - дейді 20 жастағы Святослав Юраш.

Украинадағы ең өзекті мәселелердің бірі – жемқорлық. Прокуратура Майданда қызмет бабын асыра пайдаланғандарды, соның ішінде 100-ден аса адамның қазасына себеп болған қазіргі және бұрынғы шенеуніктерді жауапқа тарта алмады. Украина экономикасы 2014 жылғы аласапыраннан соң басталған тұрақсыздық кезеңінен шыға алған жоқ. Гривна құны бұрын-соңды болмаған деңгейге құлдырады. Халықтың төрттен үші айына орта есеппен 200 доллар табыс табады және кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр. Жақында жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша, украиндардың 82 пайызы революциядан кейін жағдайлары бұрынғыдан нашарлады деп санайды.

Үш жыл бұрын көп жұртты Еуромайданға алып келген идеализм сөніп қалған. Socis әлеуметтану тобының деректеріне қарағанда, Еуромайдан қазір болған жағдайда оған төрт украинның біреуі ғана қатысуға құлықты.

Сауалнамаға қатысқандардың жартысына жуығы мұндай наразылық шарасы 2017 жылдың басында қайталануы мүмкін деп болжайды.

Еуромайдан кезінде айтылған “Ганьба!” [Масқара!], “Зека – геть!” [Қылмыскер, кет!] деген сияқты ұрандарды қазір де президент пен үкіметке қарсы көше шерулерінен жиі естисіз. Желтоқсанның 8-і күні Украина кәсіподақтары федерациясының мыңға тарта өкілі парламент ғимаратының алдында митингіге шығып, коммуналдық қызмет ақысы өссе де әлеуметтік төлемдерді арттырмай отырған депутаттардың атына сын айтты. Әсіреұлтшыл топтардың өкілдері қарашаның 21-інде наразылық шарасын өткізіп, «билікке келген қылмыскелердің» отставкасын талап етті. 12 жыл ішінде екі революцияны бастан кешірген Киевте енді үшінші революция болуы мүмкін деген болжамдар айтыла бастады.

«Егер барлығы осы қалпында қала берсе, онда бізде нағыз контрреволюция болуы әбден мүмкін», - деп жазды Facebook-тегі парақшасында журналист әрі Жоғарғы Рада депутаты Мұстафа Найем. Ол 2013 жылғы қарашаның 21-і күні әлеуметтік желі арқылы халықты бас көтеруге шақырып, төңкерістің басталуына дем бергендердің бірі еді.

Украина президенті Пётр Порошенко.
Украина президенті Пётр Порошенко.

Реформалар баяу жүріп жатыр деген сыни пікірдің бәрі президент Петр Порошенкоға бағытталған. Президент пен оның айналасындағылар парақорлық пен тамыр-таныстықты жоюға кедергі келтіріп отыр деген бірнеше реформатор үкіметтен кетіп қалды. Елден қашып кеткен Жоғарғы Рада депутаты Александр Онищенко президент пен оның маңындағыларды «жемқорлық былығына батқан» деп айыптап жүр. Порошенко әкімшілігі оның бұл сөздерін түбірімен жоққа шығарады.

«Арсыз жемқорлықтың бетпердесі болмаймын», «ескі биліктің стилімен мемлекет ақшасына бақылау жасағысы келетіндердің ойыншығы болмаймын» деген литвалық Айварас Абромавичюс ақпан айында Украинаның экономикалық даму министрі қызметінен кеткен.

Қарашада Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили өзі істеп келген Одесса губернаторы қызметін босатты. Ол да Порошенко мен оның айналасындағыларды жемқор деп айыптады. “I am a Ukrainian” деген ағылшынша клипімен аты шығып, кейіннен Одесса кедені басшысы болып тағайындалған Саакашвилидің серіктесі Юлия Марушевская Азаттық радиосына берген сұхбатында әу баста олардың реформа жүргізуіне «жасыл түс жағылып, кейін оның қызыл түске ауысқанын» айтты. Порошенко өкіметінің, соның ішінде премьер-министр Владимир Гройсманның «бірдеңені өзгертуге деген саяси ерік-жігері мен құлшынысы мүлде жоқ» деген Марушевская Саакашвилиден кейін бір аптадан соң қызметінен кетті.

Саяси тұтқындарды қолдау акциясына қатысушылар. Киев, 1 желтоқсан 2016 жыл.
Саяси тұтқындарды қолдау акциясына қатысушылар. Киев, 1 желтоқсан 2016 жыл.

Кей мәселелерді шешуде Киевтің қолы байланып отырғаны рас. Ресейдің қолдауына сүйенген сепаратистердің шығыстағы соғысы мен Қырым аннексиясы реформа жүргізуге кедергі болып отыр. Желтоқсанның 6-сында майдан шебіне барған президент Порошенко 31 ай бойы жалғасып жатқан соғыстың қаралы статистикасын келтірді. Осы аралықта 10 мыңдай адам қаза тапқан, олардың 2500-і әскери болса, 7500-і - бейбіт тұрғын. Мәскеу бұл соғысты Украинадағы ахуалды тұрақсыздандырудың тетігі ретінде пайдаланып, әскери қысымды арттырып отырады. Соның кесірінен Украина күніне 5 миллион доллар шығындайды.

Батыс елдері Украинаны жан-жақты қолдауға тырысып келеді, дегенмен Вашингтон да, Брюссель де реформалардың баяу жүріп жатқанына, Порошенконың өзгеріс жасауға деген құлықсыздығына наразы. Мұны Батыстың екі елінің елшіліктерінің өкілдері Азаттыққа берген сұхбатында айтып берді. Киевке қараша айында келіп қайтқан Халықаралық валюта қоры өкілдері үкімет жемқорлықпен нақты күрес жүргізіп, жоғары лауазымды қызметтегі жемқорларды сотқа тартпаса келесі транш берілмеуі мүмкін деп ескертті.

Желтоқсанның 7-інде жарияланған мәліметінде Еуропа есеп палатасы Украинадағы реформаларды қолдау мақсатында бөлген қаржының «тиімділігі төмен болды» делінген.

Украина президент әкімшілігі басшысының орынбасары Дмитрий Шимкив Азаттыққа сұхбатында бұл реформаларды жүзеге асыруда жылдамдық емес, бірізділік маңызды рөл ойнайды деді. «Егер тоқтап қалсақ, бұл ел үшін қауіпті болады. Кері жол жоқ», - деді ол.

Дегенмен, үміт күттірер жайттар да жоқ емес. Украина жемқорлықпен күрес жөніндегі жаңа мемлекеттік агенттік құрды, мемлекеттік тапсырыс шарттары және шенеуніктер мүлкін жариялайтын электрондық жүйелер енгізді, қарулы күштерді модернизациялап, Ресейге энергетикалық тәуелділіктен құтылды.

Бұрын әлімжеттік және жемқорлығымен аты шыққан полицияда жүргізілген реформа – көзге түскен өзгерістердің бірі болды. «Үш жыл бұрын біз полицияға қарсы шыққан едік, енді оны қолдаймыз», - деді Twitter-де Еуромайданнан репортаж жүргізіп көпшілікке танылған 25 жастағы Катерина Крюк есімді белсенді.

Желтоқсан айында Украина үкіметі денсаулық сақтау саласындағы бюрократиялық аппаратты біраз азайтып, жемқорлықты жоятын реформаларды бастады дейді осы саланың министрі Ульяна Супрун. АҚШ-та туып-өскен ол Еуромайдан қарсаңында атамекеніне оралған. Ол Майдан кезінде медициналық жәрдемді ұйымдастыруға көп еңбек сіңірген. Оның айтуынша, Украина 1 қаңтарда «революциялық» өзгерістерді жариялайды, соның арқасында барлық украиндар алғашқы медициналық көмекке қол жеткізеді.

Украина басшылығы Еуроодақты иландыру үшін осының өзі жеткілікті деп санайды. Мәселен, жақында қабылданған Украина азаматтарының Шенген аймағына визасыз кіруіне рұқсат беретін келісім – соның бір айғағы. Еуромайданның негізгі талаптарының бірі де осы болатын.

Бірақ, мұнымен билікке наразы халықты реформалар жалғасып жатқанына сендіре қоюы қиын.

- Dream Team тарағаннан соң шынайы реформаларға деген үміт те үзілді, - дейді Абромавичюс. Оның Dream Team деп отырғаны – Арсений Яценюк бастаған технократтар үкіметі. Абромавичюстің өзі де жұмыс істеген бұл үкіметте АҚШ-та туған Наталья Яресько қаржы министрі қызметін атқарған. Бұл үкімет сәуір айында отставкаға кетті.

Бір кездері Еуромайданның баспасөз орталығы орналасқан, кейіннен өртке оранған Кәсіподақтар үйінің қалқасында отырған Святослав Юраш бәрібір болашаққа сенімін жоғалтпаған. Дегенмен, Украина билігінен көңілі қалған ол өзгерістердің мүмкіндігін қолдан шығарып алдық деп санайды.

- Қазір билікте отырғандар тарихта жаңа Украинаның негізін қалаушылар ретінде қалу мүмкіндігінен айырылып қалғандарын түсінбейді. Порошенко Украинаның Джордж Вашингтоны болар еді. Ол бұл мүмкіндікті жіберіп алды, - дейді Юраш.

XS
SM
MD
LG