Accessibility links

Надя Савченконың сан қырлы тұлғасы


Надежда Савченко Ресей түрмесінен босап шыққаннан кейін. Киев, 25 мамыр 2016 жыл.

Надежда Савченко Ресей түрмесінен босап шыққаннан кейін. Киев, 25 мамыр 2016 жыл.

Ұшқыш «лайнер Украинаның әуе кеңістігіне енді» деп хабарлағанда бортында украиналық әскери қызметші Надежда Савченко отырған ұшақтың әуеге көтерілгеніне бір сағаттай болған еді. Савченко кеудесін кере дем алып, оның түрмеден босағанын тойлап жатқан жолаушыларға қосылды.

Надежда елге оралу құрметіне бір рөмке арақ көтерді. Ресей түрмесінде ішімдіксіз өткізген екі жыл бірден сыр беріп, бетіне лезде қан жүгірді. Савченко ішімдіктен тағы бір рет алмаққа қолын соза беріп еді, оны «журналистердің алдында Украина президенті Петр Порошенкомен бірге сөз сөйлейсіз ғой, енді ішпей-ақ қойыңыз» деген кеңеспен тоқтатты. Бірақ Савченко ол өтінішті елемеді.

«Шөлмекті жұлып алдым да, қалағанымша іштім» деді кейін Надя маған Киевте берген сұхбатында. Бөтелкені тарс еткізіп орнына қойған соң президент ұшағының арт жағындағы шағын дәлізге шыққан Савченко темекі түтінін құшырлана тартты. Оны тоқтатуға ешкімнің дәті жетпеді.

Савченко «сіз екеуміздің жақын араласымыз жоқ қой» деген сөздермен Тимошенко ұсынған букетті де, оны құшақтағысы келген ниетін де елемеді.

Көп ұзамай ұшақ Киевтің халықаралық әуежайы Бориспольге келіп қонды. Отбасымен қауышқаннан кейін Савченко үстіне Украинаның үш айырлы гербі бейнеленген ақ футболка киді. Мәз-мәйрам жұрт оны қошеметтеп қарсы алды.

Қарсы алушылардың арасында Украинаның бұрынғы премьер-министрі, ал қазір Савченко парламентке сайланған «Батькивщина» партиясының жетекшісі Юлия Тимошенко де болды. Савченко «сіз екеуміздің жақын араласымыз жоқ қой» деген сөздермен Тимошенко ұсынған букетті де, оны құшақтағысы келген ниетін де елемеді.

Савченконың бәтіңкесін шешіп тастап, ұшу жолағымен жалаңаяқ жүруі оны қарсы алған журналистер мен кездесу сәтін бақылаған мыңдаған телекөрермен назарынан шет қалмады. Әлеуметтік желілерде жұрттың көбі Савченконың қылығын есуастыққа балады. Оның алғашқы айтқаны: «Ары тұрыңыздаршы... Мен мұнша қарақұрым адамға үйренбегенмін» деген сөз болды. Савченко жалаңаяқ жүруді ерсі немесе тосын қылық санамайды. Ол «аяқ астындағы бетон мен төгілген майдың исін жақсы көремін» деді.

Надежда Савченко «Борисполь» әуежайында журналистермен сөйлесіп тұр. Киев, 25 мамыр 2016 жыл.

Надежда Савченко «Борисполь» әуежайында журналистермен сөйлесіп тұр. Киев, 25 мамыр 2016 жыл.

Түрмеде өткізген 708 күннен кейін мыңдаған украиндықтың дұғасы қабыл болып, есімі «үміт» деген мағына беретін Надежда Савченко – Ресей агрессиясына қарсы Украинаның табандылық символына айналған адам үйіне оралды.

Бірақ туған елге оралу қуанышының кермек дәмі де бар. Украина Жоғарғы Радасы депутатына айналған Савченконың ендігі жағдайы Ресей түрмесіндегі кездегідей болмайды. Бірақ Украина қоғамы оның бейнесінен екінші Жанна д’Аркты көргісі келеді. Савченко – жанжалдан қорықпайтын, өмірі қайшылыққа толы, ымыраға көне бермейтін, тұқырту қиынға соғатын тұлға.

АЛҒАШҚЫ КЕЗДЕСУ

Мен Савченкомен маусым айында шыжыған ыстық күні – ол түрмеден босағаннан кейін екі аптадан соң алғаш рет кездестім. Азаттық радиосының Киевтегі студиясына келген Надя кешіккені үшін кешірім сұрады.

Шенеуніктер мен журналистермен кездесуге толы кезекті күнге дайын Савченко елге оралғаннан бері тұрған әке-шешесінің пәтерінен таңертең шыққан екен. Бірақ онымен селфи жасауға құштар табынушылары жол-жөнекей тоқтатып қойған.

Украина Жоғарғы Радасы депутатына айналған Савченконың ендігі жағдайы Ресей түрмесіндегі кездегідей болмайды.

35 жастағы Надежда кездесуге сіңлісі Верамен бірге келді. Екеуінің сырт келбеті бір-біріне мүлде ұқсамайды. Бітімі нәзіктеу Вераның шашы сәл бұйралау әрі ол көйлек пен біз өкше туфли киеді. Ал Савченконың шашы қысқа қиылған, шалбар мен жалпақ табан балетка киген.

Түрмеде өткізген уақыт Савченконың жүзінде із қалдырыпты. Дауысы – қарлығыңқы, темекіні көп тартатыны байқалады. Аштық пен тойып тамақ ішпегеннің салдарынан қатты жүдеген – Ресей түрмесінде отырған кезде салмағы 50 келіден аспаған. Қазір 70 килограмға жуық.

Түрмеден босағаннан бері Савченко ондаған сұхбат беріп үлгерді әрі талай сұраққа «Коррупция жойылуы тиіс. Соғысты тоқтату қажет. Олигархтар мен кәрі гвардиядан тұратын әрі украиналықтардың үмітін ақтамаған үкіметке «жаңа күш» құю үшін ерте парламент сайлауын өткізу керек» деген тәрізді жауабы әзір. «Украинада бейбіт өмір тек соғыс арқылы ғана орнауы мүмкін. Жеңіс абсолютті болмауы тиіс, ол өзара тиімді болуы ықтимал. Бірақ біз шайқассыз беріле алмаймыз» дейді ол.

Өзінің шорт кесіп айтатындығына қарамастан Савченко «ұстамды саяси көзқарас ұстанамын» деп мәлімдеуден танбайды. Дәл осы құбылмалы мінезіне бола жұрттың көбі оның барынша жауынгерлік тәсілдері мен алдын ала болжауға көнбейтін мінезі Украинадағы тұрақсыздықты тіпті өршітуі мүмкін деп қауіптенеді. Онсыз да ұлттық экономика күйреудің аз алдында, елдің шығысындағы соғыс әлі біткен жоқ, ал саяси партиялар жаңа фракцияларға бөлініп жатыр. Ел астанасында Украинаның ұлтшыл партиялары айлар бойы айтқан кезекті революция туралы қауесет көп. Кейбіреулер Савченко оның лидеріне айналады деп санайды.

Бірақ Савченконың пікірі өзгеше. Ол «Жұртты Майданға шақырып, қылыш сермейтін ойым жоқ. Әйтеуір, дәл қазір ондай пиғылым жоқ» дейді.

АРМАНҒА ЖОЛ

Надежда Савченко 1981 жылы Киевте туған. Әкесі Виктор – агротехник әрі СССР коммунистік партиясының мүшесі болған кісі. Тоқыма фабрикасында басшылық қызмет атқарған анасы Мария Савченко ерінің саяси көзқарастарын құптамаған. Тік мінезді әйел украин қызы екенін үнемі мақтан тұтып, Совет одағын жақтырмайтын. Коммунистік партия қатарына өту жайлы ұсыныстардың бәрін үзілді-кесілді қабылдамай қойған.

Мария және Надежда Савченколар.

Мария және Надежда Савченколар.

1983 жылы Вера дүниеге келеді. Енді төрт жаннан тұратын Савченколар отбасы Днепрдің сол жағалауында – Киевтің Троещина ауданындағы бір бөлмелі пәтерде тұрған. Үйде көбінесе украин тілінде сөйлеп, қыздар украин мектебінде оқыған. Мария қыздарын Отанын сүюге баулыған.

Надежда Савченко әке-шешесіне жақын болып өседі. 2003 жылы қайтыс болған әкесі Викторға оның әсіресе иықтары мен иегі қатты ұқсайды. Бірақ Савченкоға анасы мықты ықпал еткен. Мария «Надя маған тартқан, туғаннан дәл қазіргідей мықты қыз болған» дейді.

Надя маған тартқан, туғаннан дәл қазіргідей мықты қыз болған.

Жасөспірім шағында Надя Савченко дизайнмен шұғылданған. Көп уақытын қағаздан түрлі бұйымдар жасаумен өткізген. (Бұл қабілеті Ресейде түрмеде отырғанда көмектесіп, Савченко қамаудағы уақытын оригами жасаумен өткізген). Бұдан бөлек, ол ұшақ модельдерін жинаумен әуестенген – ұшуға деген құлшынысы осылай туған.

16 жасында Савченко әскери ұшқыш болып, Украина әскери әуе күштерінің Су-24 бомбалаушы ұшағын басқаруды армандаған. Бірақ ол армияда әуелі темір жолда оператор болып жұмыс істеген. 2004 жылы Житомирдегі 95-ші әуе-десанттық бригадасына қосылған. Оның қызметтестерінің арасында санаулы ғана әйел болған.

ӘСКЕРДЕ

Надежда Савченко соғыстың не екенін 2004 жылы алғаш рет көреді. Ол АҚШ-тың Ирактағы әскери кампаниясына қатысқан 1690 украиналық әскери қызметшінің бірі болды. Савченко мұны ұшқыш болсам деген арманын іске асыруа апаратын маңызды қадам санайды. 2005 жылы украиналық телеарнаға Иракқа сапары жайлы комментарий берген кезде ол «Меніңше, нағыз шайқасқа араласып, оқ-дәрінің иіскеп барып қана нағыз офицер бола аласың» деген еді.

Надежда Савченко.

Надежда Савченко.

Иракта өткізген төрт жылдан кейін қорғаныс министрлігі Савченконы ұшқыш мамандығын меңгеру үшін Харьковтағы әуе күштері университетіне жібереді. Ол – осы факультетте оқыған алғашқы әйелдердің бірі. Университетті 2009 жылы бітірген Савченконы Броды қаласындағы авиация полкына жібереді.

Бірақ, оның айтуынша, қорғаныс министрлігі әйел адамның Су-24 ұшқышы болғанына қарсы шыққан. Мұның орнына оны Ми-24 тікұшағының навигаторы етіп тағайындайды. Бұл шешімге Савченконың көңілі толмай, томаға-тұйықталып, күйзеліске түседі.

Мың жылдық тарихы бар Броды қаласы Киевтен 500 километр, ал Львовтан 100 километр жерде орналасқан. Бұрын еврейлердің үлкен қауымы тұрған үйде Савченко 2010-2014 жылдары қызмет атқарған үшінші авиациялық бригаданың базасы орналасқан. Броды тұрғындары өз қаһармандарын құрмет тұтады. Қала ішінде орнатылған билбордтарда шығыс Украинада қаза тапқан полк жауынгерлерінің фотосуреттеріілінген. Бұл – 2014 жылдың сәуірінде ДХР сепаратистерімен басталған соғыста жауынгерлерінен айырылған алғашқы бригада.

Савченко тұрған жатақхана коменданты Анна Бондаренко оны «біздің Надя» деп атап, жылы лебізбен еске алады. Ол Савченконың бір кереует әрең сыятын бөлмесін көрсетті. Қабырғаларда мультфильмдегі мысықтар мен ауылдағы үй жануарларының суреттері бейнеленген, қабырғалардың бірінде ойыншық ұшақ қыстырулы тұр. Савченкоға жыл сайын открытка жібергенімен, сол күйі жауап алмаған Бондаренко бөлмені әлі бос ұстап отыр екен . «Біз Надяның оралуын күтіп жүрміз» дейді ол.

Броды қаласы, Львов облысы, Украина.

Броды қаласы, Львов облысы, Украина.

Броды қаласында Савченко өзін бақытты сезінген жоқ. Оның өмірбаян кітабындағы осы қалада өткізген кезеңі жайлы тарауы «Бродының шіріген батпағы» деп аталады. Ол «кілең өсекшілер тұратын қала» деп жазады. Кітапта «жергілікті тұрғындар мені саусақпен көрсетіп, бір-бірімен сыбырласып, сыртымнан өсектейтін. Олар менің шаш қию үлгімді, жалпы бойымдағы нәрсенің бәрін ерсі көретін. Олар менен әзәзіл көргендей қорқып, балаларын тығып берекесі қашатын» деп жазылған.

Савченко кітабында қызметтестерін «жалқау болатын әрі міндеттерін дұрыс атқармайтын» деп кінәлайды. «Таңғы сағат сегізде жұмысқа келеміз, сосын класқа барасың (олар сабаққа келдік дейді, бірақ шындығында біз әңгіме соғып, шемішке шағатынбыз). Сағат тоғызда жұрттың алды сабақтан қаша бастайды. Әуелі майорлар, іле-шала капитандар тайып тұрады. Түске таман лейтенанттар кетеді».

Броды қаласындағы сүреңсіз өмір мен қызықсыз жұмыстың кесірінен қызметімнің екінші жылы араққа салына бастадым.

Броды тұрғындары Савченконың қаланы бұлай сипаттағанына қатты қорланған, ал әскери қызметшілердің көбінің зығырданы қайнаған. Бірақ көбі Савченко жайлы сұрақтарға жауап бергісі келмейді. Кейбірі бұл – әскери жарғыны бұзу деп жасқанады, өзгелері ұлт қаһарманын ашық сынаудан қорқады. «Мен ол жайлы неше түрліні айтып қойып, ертең ол қорғаныс министрі болып кетсе ше? Сонда не болады?» дейді әскерилердің бірі. Жуырда Савченко қажет болса, қорғаныс министрлігін басқаруға әзір екенін мәлімдеген.

Савченконың бұрынғы командирі Эдуард Захурский менің сұрақтарыма «жоғарыдан» рұқсат алғаннан кейін ғана жауап беруге келісті. Оның айтуынша, Савченко Броды қаласында қызмет атқарған кезде қызба мінезді «проблемалық офицер» болған. Бұйрықтарын қасақана орындамаған кездерді есіне түсірген Захурский «тәртібі онша емес болатын, субординацияны сақтамайтын» дейді.

Өштесіп алады деген қорқынышпен аты-жөнін атамаған тағы бір офицер Савченконы ес-түсінен айырылғанша ішетін, достары да аз тәртіпсіз маскүнем әйел деп сипаттайды. Ол «бірде Савченко қолындағы бөтелкені түсіріп алып, өзі шөпке құлап түскен» деп есіне алды. Сол кезде бір топ қаңғыбас ит жүгіріп келіп, Савченконың бет-аузын жалай бастаған.

Надежда Савченко әскери киімде.

Надежда Савченко әскери киімде.

Броды қаласында тұрған кезінде ішімдікке әуес болғанын кітабында Савенконың өзі де мойындайды. «Броды қаласындағы сүреңсіз өмір мен қызықсыз жұмыстың кесірінен қызметімнің екінші жылы араққа салына бастадым» деп жазады ол. Савченко мұны өзін Су-24 жойғыш ұшағының орнына Ми-24 тікұшағын басқаруды үйренуге мәжбүрлегендіктен деп түсіндіреді.

Қала тұрғындары әлдебір журналист Савченко жайлы сұрастырып жүргенін естіген кезде өз пікірімен бөлісу үшін маған тағы бірнеше сарбаз келіп жолықты. «Кімнің батыр, кімнің батыр емес екенін біз білеміз ғой. Ал Савченко...» деген біреуі сөзін аяқтамастан басын шайқап, жөніне кетті.

МАЙДАН

2013 жылдың қарашасында Майданда наразылық акциясы басталған кезде Савченко Броды қаласындағы өмірінен әбден қажыған еді. Милицияның 30 қараша күнгі таңертеңгі шабуылынан кейін бейбіт шерулер қақтығысқа ұласты. Қарусыз студенттерді шоқпармен ұрған офицерлердің фотосуреттері бүкіл әлемге тарап кетті. Украина президенті Виктор Янукович әскери бөлімдерге Киевке келіп өзін қорғауды бұйырды. Олардың арасында Савченко қызмет еткен бригада да болды.

Наразылық шерулерін сырттай бақылап жүрген Савченко: «Не болып жатқанын жұрттың бәрі түсінді. Біздің бөлімдегілердің барлығы наразыларды қолдады, бірақ құр сөзден аспады, өйткені армия саясатқа араласпауы тиіс. Бірақ өз басым мұны сырттан құр бақылап отыра алмадым. Сондықтан күндіз қызметімді өтегеннен кейін түнде Майданға барып, таңертең өз міндеттеріме қайта оралып жүрдім» деп жазады өмірбаянында.

Киевте 2014 жылғы ақпанда билікке наразылық шеруі кезінде қаза тапқандардың ("Небесная сотня") суреттері.

Киевте 2014 жылғы ақпанда билікке наразылық шеруі кезінде қаза тапқандардың ("Небесная сотня") суреттері.

Бірте-бірте бөлімнен ұзақ уақытқа рұқсатсыз кетіп, наразыларға қосылған Савченко үшін Майдан бетбұрыс сәтке айналған. Януковичтің Украинаның күштік құрылымдарын бейбіт азаматтарға қарсы айдап салғанына оның зығырданы қайнаған.

Революция Савченко үшін алғашқы саяси тәжірибеге айналды. Ол Майдан жетекшілерінің арасында болған жоқ, көбінесе өзін-өзі қорғау күштеріне көмектескен. Кейде оған Мария мен Вера қосылып, наразылық шерулеріне қатысушыларын пәтерлеріне ертіп әкеліп, душқа түсіріп, ыстық тамақ берген. Бірақ Савченко революцияның қайнаған ортасында ешқашан болған жоқ.

Наразылық кезіндегі Савченко жайлы мағлұмат аз. Грушевский көшесінде радикал шерушіні «Беркут» (полицияның арнайы жасағы) қызметкеріне Молотов коктейлін лақтырмауға үгіттеуге тырысқан сәті түсіп қалған видео бар. Ондағы Савченко сыншылар «ұлтшыл топтарды қолдайтын қанішер фашист» деп көрсететін адамға мүлде ұқсамайды.

2014 жылдың ақпанында Виктор Янукович Украинадан қашып, Ресейге барып жан сауғалады, ал революционерлер Киевтегі билікті басып алды. Савченко Броды қаласына оралып, сол жақтан Мәскеудің күш салмай-ақ Қырымды басып алғанын, ал Украина үкіметінің еш әрекетсіз отырғанын ашу-ызамен бақылайды. Украина дағдарысының келесі тарауы осылай басталды. Зығырданы қайнаған Савченконың күрескісі келеді.

СОҒЫС ШЕБІНДЕ

2014 жылдың сәуірінде Донецк және Луганск облыстарында соғыс қимылдары басталды. Қаржы мен жабдық сияқты тәжірибесі де тапшы Украина армиясы Қырымнан Ресейдің қолдауымен келген сепаратистердің соққысына әрең төтеп берді. Дұшпан көлік жолдарын, үкімет ғимараттары мен тұтас қалаларды бірінен кейін бірін басып алып жатты. Армияға көмектесу үшін майданға халық еріктілерінен құрылған жасақтар аттандырылды. Олигархтардың қолдауының арқасында олар армиядан гөрі жаңа әрі сапалы жабдықталды. Әлгі жасақ жауынгерлерінің көбі ауған соғысы ардагерлері болды, кейбірі Иракта қызмет еткен. Бірақ көпшілігі – Майдандағы қорғаныс жасақтарында болған жандар.

Донбасқа жібермеген соң Савченко Броды қаласын өз бетімен тастап, майданға аттанады. «Нақты қайда баратынымды ойламадым. Бірақ менің әскери тәжірибем кәдеге жарайтынына сенімді болдым» дейді Савченко. Ол кезінде Майданда бірге болған, ал енді «Айдар» батальонында жүргенжолдастарын жолықтырады. «Жігіттер «Бізге қосыл! деген соң солармен қалдым» дейді Савченко.

Луганск маңындағы «Айдар» еріктілер батальоны сарбаздары бақылауындағы өткізу бекеті. 29 маусым 2014 жыл.

Луганск маңындағы «Айдар» еріктілер батальоны сарбаздары бақылауындағы өткізу бекеті. 29 маусым 2014 жыл.

Оның негізгі құндылығы – әскери тәжірибесі болды, мұны халық жасағындағы жігіттер де түсінді. Ол тактикалық ұрыс тәсілдері мен алғашқы жәрдем көрсету жөніндегі білімімен бөліседі. Бірақ оның мінезінің дөрекілігі мен өзгеше әдістерінен кей жауынгерлер қашқақтай бастады. «Айдар» батальонының аты-жөнін атамауды жөн санаған екі жауынгері (бірі – депортациялаудан қорыққан шетелдік азамат, екіншісі – Украинаның ұлттық батырын ашық жазғырудан жасқанды) «бізге Савченконың өркөкіректігі ұнамайтын, ал қалғандары әйелдің бұйрығын орындағысы келмеді» деді әңгіме кезінде. Савченкомен «бірге соғыстым» деген шетелдік жігітке оның ержүректігі жайлы сұрақ қойып едім, Савченконы жамандай жөнелді. Оның айтуынша, Савченко қақтығыс алдында арақты көп ішкен, ешқашан командаға бағынбаған, шайқас кезінде топтан бөлініп кетеді екен. «Рас, оқ ату қолынан келетін. Бірақ тапаншаны кезеп, оқ ата салу қиын болып па?» дейді ол.

Шетелдік жігіт Луганскінің солтүстігіне қарай орналасқан стратегиялық маңызы бар Счастье қаласы үшін болған шайқасты есіне алды. «Айдар» батальоны сепаратистердің көпір астындағы бекетін көпір арқылы бұзып-жарып өткен кезде Савченко жоғалып кеткен. «Ол еш жерден көрінбеді. Құдды, буланып ұшып кеткен тәрізді» дейді. Қызметтестері Савченконың тұтқынға түскендерге деген көзқарасы да ұнамайтын деп еске алады. Олардың бірі «қолы байлаулы тұтқынды аяғынан винтовканың дүмімен ұрып құлатқаны есімде» деп сипаттап берді.

Савченконың баспасөз хатшысы Татьяна Проторченко бұл «қисынсыз ойдан құрастырылған әңгімелер» деп мәлімдейді. Оның айтуынша, кепілге алынғандарға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін Савченко емес, «Айдар» батальоны талай айыптаған. Amnesty International ұйымы 2014 жылғы есебінде олардың кей қылықтарын әскери қылмыс деп санауға болатынын жазған.

«Айдар» батальонында туған қаласын сепаратистерден азат етуге тырысқан шығысукраиналық әсірерадикалдар да көп. Батальонмен байланысына қарап жұрттың көбі «Савченко олардың радикал сипатты оңшыл көзқарасын қолдайды» деп жориды. Жуырда Савченко Дмитрий Ярошпен кездескеннен кейін «Правый сектордың» базасына барған, сондықтан оның сыншылары бұған сенімді.

2014 жылдың 17 маусымында Металлист кенті түбінде «Айдар» батальоны Луганск облысынан келген сепаратистермен шайқасқан. Ауада оқ зулап, екі жақтан бірдей жауған миналардан адамдар мерт болып жатты. Сепаратистер екі бронетранспортер мен бір танкті қиратып тастады. Ресейдегі сотта берген жауаптарында Савченко өзі орналасқан позициядан түтінді көргенін айтқан. Ол қарсы беттен жауған оқтан қашып, жаралы жауынгерлерге көмектесу үшін қираған жүк көлігіне қарай жүгіреді. Бірақ аласапыран кезде Савченко тобынан бөлініп қалады. Дәл осы мезетте сепартистердің патрулі оның сары түсті шарфын байқап қалып, оны тұтқынға алады. «Айдар» батальоны жауынгерлері қатты ашуланғанымен, бұған таңданбайды. Шетелдік азамат «біз оған онша алыс кетпе деп үнемі ескертіп жүргенбіз» дейді.

Үш аптадан кейін Савченконы Воронежге әкеліп, енді ол Ресейде әскери тұтқынға айналады. Кейінірек оны Дондағы Ростов қаласына әкеліп, ресейлік екі журналисті өлтіруге қатысы бар деген айыппен соттайды.

ТҰТҚЫНДА

Савченконы ұстап әкеткеннен кейін Ресей мен Украина соттары арасындағы ұсқынсыз әрі ұзақсонар тартыс басталды. Бұған дипломатия араласып, батыс елдері басшылары сот процесін ашық сынады. Ресей прокурорлары Савченконы ресейлік журналистер Игорь Корнелюк пен Антон Волошинді өлтіруге көмектесті деп айыптады. Тергеу комитеті Савченко құжатсыз босқын түрінде Ресей-Украина шекарасын заңсыз кесіп өтті, сондықтан тұтқындалды деп мәлімдеді. Украина мен Батыс елдері басшылары бұл айыптарды «сандырақ» деп атап, Савченконы «ұрлап әкетті» деп мәлімдеді.

Сотта Савченконың адвокаттары оны Луганскіге ресейлік журналистер қаза табардан бір сағат бұрын әкелгенін дәлелдейтін телефон жазбасын көрсетті. Кейінірек луганскілік сепаратистер «Медуза» сайтына берген сұхбатында Савченконы 17 маусым күні түс кезінде қалай ұстап алып, кейін жолдастары оны Воронежге апарғанын айтып берді.

Савченконы ұлтшыл әрі қанішер ретінде сипаттау арқылы Кремль ресейліктерге Украинадағы соғыстың қажеттігін дәлелдеуден үміттенді. Бірақ бұл жоспардың нәтижесі өзгеше болып шықты. Үстіне Украинаның гербі бейнеленген футболка киіп, украинша сөйлеп, өз елінің әнұранын шырқаған Савченконың сот залындағы қайсарлығы әлем назарына ілігіп, Украинаға елінің бостандығы үшін азап шеккен ұлт қаһарман сыйлады. Савченко Ресейдің сот жүйесі үшін президент Владимир Путинді жұрт алдында сөгіп, тынымсыз аштық жариялаумен болды әрі аяушылық танытуды сұрап, жалбарынудан бас тартты. Бір күні ол судья мен алқабилерге ортаңғы саусағын көрсетіп мазақтап, тура сот залында орындыққа шығып алды.

Надежда Савченко сот кезінде. Донецк қаласы, Ростов облысы, Ресей. Наурыз, 2016 жыл.

Надежда Савченко сот кезінде. Донецк қаласы, Ростов облысы, Ресей. Наурыз, 2016 жыл.

Торға көбірек ұқсайтын екі метрлік камерада отырған кезде Савченконың сағы сынып, рухы түскен жоқ. Кейінірек Савченко «түрме қызметкерлері азаптамағанымен, ұрып-соқты. Олар мені өлтіреді деген ойға дайын болдым» дейді. Оған үнемі психологиялық қысым көрсетіліп, бақылауды күні-түні үзбеді. ФСБ агенттері Савченконы жиі тергеуге алды.

Савченко түрме қызметкерлерінің өмірін өзі басынан өткергендей тозаққа айналдыруға тырысты. Ол мұны көбінесе бағынбау әрекеттері арқылы жасады. Олар отыруын сұраса – тұрып, тамақ әкелсе – тәрелкені итеріп тастады. Олар кісен әкеліп, қолдарын айқастырып артқа ұстап, бұрылуды бұйырған кезде оларға қадалған күйі қолдарын алға созатын. Ол «өзімді қорлауға мүлде мүмкіндік бермедім. Өзімді түрме қызметкерлерінен қор санамадым. Олар мені тұтқында ұстады, бірақ оларға не үшін «еңкейіп тағзым етуге» тиіс екенімді түсінбедім» деп әңгімелейді.

Прокуратура Савченконы 23 жылға соттауды сұрады. 22 наурыз күні сотта айыптау үкімін жариялаған кезде ол ән шырқап тұрды. Судья бірден үзіліс жариялады. Кейін қайта жиналған сот Савченконы 22 жылға соттады.

БОСТАНДЫҚҚА ШЫҒУ

Күзетші Савченконы 22 мамырда түн ортасында оятып, заттарын буып-түюді бұйырған. Өзін қайда апарғалы жатқанын ұқпаған Савченко «енді Сібірдегі күзеті мықты түрмеге ауыстыртын, қалған ғұмырым сонда өтетін шығар» деп қорыққан. Күзетші оған ештеңе түсіндірместен, кейін келетінін ғана айтқан.

Тек бірер секундтан кейін ғана Савченко көк және сары жолақты көрген. «Мен мұның украиналық ұшақ екенін түсіндім» дейді ол.

Савченконы алып кетуге үш күннен кейін келген. Ол үш күн бойы толқып, ұйықтамағанын айтады. 25 мамыр күні күзетші оның көздерін таңып, фургонға итеріп кіргізген. Азапты сапар шамамен бес сағатқа созылған. Сосын Савченко ұшақ гүрілін естіген. Күзетшілер фургонның есігін ашып, жүзінен таңғышты алған кезде көзіне жарық шағылысқан. Тек бірер секундтан кейін ғана Савченко көк және сары жолақты көрген. «Мен мұның украиналық ұшақ екенін түсіндім» дейді ол.

Киев пен Мәскеу арасында талай айға созылған келіссөздерден кейін Савченконы алып кету үшін Порошенконың ұшағы Дондағы Ростов қаласына ұшып барған. Дәл осы мезетте 2015 жылдың мамырында украиналық әскерилер терроризм айыбымен ұстаған екі ресейлік – Евгений Ерофеев и Александр Александров Киев әуежайында Мәскеуге бет алуға қамданған ресейлік ұшақтың бортына көтерілді.

Ростов әуежайының ұшып-қону алаңында Савченконы Украинаның қауіпсіздік қызметінің офицері күтіп тұрды. Савченко оны танымайды, бірақ ұшақ бортынан Петр Порошенконың баспасөз хатшысы Святослав Цеголко мен Жоғарғы Рада депутаты Ирина Геращенконы көріп, таныған. Савченко не болып жатқанын тек сол кезде ғана түсінген. Бірақ ол толқығанын баса алмаған. «Украина шекарасынан өтіп, аспанды көрген кезде ғана өзімді еркін сезіндім. Маған орыстар ұшақты әлі де атып түсіре алатын сияқты көрінді» дейді ол.

Анасы мен сіңілісі Надежда Савченконың келуін күтіп «Борисполь» әуежайында тұр.

Анасы мен сіңілісі Надежда Савченконың келуін күтіп «Борисполь» әуежайында тұр.

Савченконы айырбастау жөніндегі келіссөздерге тікелей қатысқан Порошенконың аға көмекшісінің айтуынша, оны босату жайлы түпкілікті шешімді норманд төрттігі түн ортасында қабылдаған. Ол бұған қоса Кремль Ерофеев пен Александровты босатуға онша құлық танытпады деп мәлімдейді. Мәскеу әу бастан Киев пен Вашингтонның қатысуымен үш жақты мәмілеге келуді ұсынған. Олар АҚШ-та қару сатумен айналысып, ұзақ жылдарға сотталған ресейлік Виктор Бут пен ұшқыш Константин Ярошенконың босатуды талап еткен.

Порошенконың көмекшісі Савченко ісіндегі прогресс биылғы көктемде ғана басталғанын айтады. Киев талап еткен негізгі шарттардың бірі – Ресей соты тағайындаған жаза мерзімі Украинада жарамсыз саналады. Бұған қоса, Савченко баспасөз өкілдері мен қоғам алдында қылмыскер ретінде көрінбеуі тиіс болған. Украина президентінің көмекшісі «орыстар журналистердің алдына оның кісендеулі күйі шыққанын қалады» дейді. Бірақ Мәскеу бұл шартты орындауды талап етпеген.

САЯСАТТА

2014 жылдың күзінде Украинадағы парламент сайлауына түскен кандидаттар тізімінде Донбастағы соғыс қаһармандары көп болды. Тимошенконың «Батькивщина» партиясынан ұсынылған Савченкоға жұрт ықыласы ерекше болды. Ол парламентке қамауда отырған кезде сайланды.

Савченко Киевке келмей жатып жұрт оны президенттікке таласта Порошенконың негізгі бақталасы болады деп атады.

«Батькивщина» партиясынан Савченкомен бірге сайланған депутат Алексей Рябчинның айтуынша, «кей партиялар саясатқа жаңа келген адамның кандидаттар тізімін басқарғанын қаламаған». Бірақ 2014 жылы Украинаның саяси сахнасына қайта оралған Тимошенко партияластарына бұл тәсіл қажет екенін түсіндірген.

Соғыс қаһарманы мәртебесі бар Надежда Савченко Киевке келмей жатып, жұрт оны президенттікке таласта Порошенконың негізгі бақталасы болады деп атады.

Савченконың саяси тәжірибесінің жоқтығы қазіргі үкіметтегі коррупция мен қаптаған элитадан әбден қажыған сайлаушылардың оған деген ықыласын оятты. Киевтегі әлеуметтану халықаралық институты биыл маусымда жүргізген «Украиналықтар жетекші 25 саясаткердің ішінде кімге көбірек сенеді?» деген тақырыптағы сауалнамаға қатысқан респонденттердің 35 пайызы Савченконы таңдаған.

Украиналықтардың елдің қазіргі басшыларына сенбейтіні айқын байқалады, өйткені Майдандағы революция жеңісінен кейін үкімет екі мәрте таратылды.

«Үкіметтің 95 пайызы – халықтан шыққан адамдар емес, жұрт революция үшін көп іс атқарды, ал үкіметте отырғандар ештеңе істеген жоқ. Мен ол жақта билікте кімдер отырғанын әлі күнге дейін түсінбеймін» дейді Савченко.

Порошенконың Савченкодан сескенетін жөні бар. Гэллап институтының 2015 жылдың желтоқсанындағы сауалнамасы Порошенконың рейтингі Януковичтің биліктегі соңғы күндерінен де төмен екенін көрсетті – оны қолдаушылар қатары 17 пайызға дейін түсіп кеткен. «Пента» қолданбалы саяси зерттеулер орталығының директоры Владимир Фесенко «Егер президент сайлауы 2019 жылы емес, келер екі жылдың ішінде өтсе, Савченко нөмір бірінші кандидат болады» дейді.

Савченко халық игілігі үшін мұндай жауапкершілік арқалауға әзір екенін жасырмайды. 27 мамырда Киевте өткізген баспасөз конференциясында Савченко: «Украиндықтар, егер сіздер менің президент болғанымды қаласаңыздар, онда мен президент болуға дайынмын. Бірақ, президент болғым келеді деп айта алмаймын» деген болатын.

Савченко саяси карьерасында ұлттық қауіпсіздік, Украинадағы әскери реформалар және Ресейде қамауда отырған украиналықтарды босату сияқты үш негізгі мақсатты көздейтінін айтады. Қазіргі кезде Ресей түрмелерінде саяси астармен сотталған 30 шақты украин азаматы отыр.

Надежда Савченко Украина Жоғарғы Радасы отырысында. Киев, 31 мамыр 2016 жыл.

Надежда Савченко Украина Жоғарғы Радасы отырысында. Киев, 31 мамыр 2016 жыл.

Бірақ қазір Савченко саясаттың қыр-сырын үйренуге тырысып, депутат ретінде қалай пайдасын тигізуді ойлайды. «Батькивщина» партиясынан сайланған депутат Рябчин Савченконың одан және партияның өзге мүшелерінен парламенттегі жұмыс мәселелері жөнінде жиі кеңес сұрайтынын айтады. «Ол сұраудан қорықпайды, өйткені ол бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсінгісі келеді» дейді Рябчин.

Бұған қоса Савченко Украинаның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесіне қосылған. Рябчин мен «Батькивщина» партиясынан сайланған әрі аты-жөнін айтпауды жөн санаған тағы бір депутаттың сөзіне сенсек, Савченконы кеңес басшысы етіп тағайындамақ болған. Бірақ бұл ұсыныстан оның өзі бас тартқан. «Ол армиядағы қызмет тәрізді саясатта да ең төменгі сатыдан бастап өрлегісі келеді» дейді Рябчин.

Үйге оралғаннан кейін Савченконың тынығуға мүлде уақыты тапшы. Ол түнде төрт сағаттан артық ұйықтай алмайтынын айтады. Ал көзі ілініп кетсе, қорқынышты түстер көреді. Қажығаны жүзінен анық байқалады, көздерінің асты көлкілдеп ісіп, қарайып тұрады. Савченко кофе, қуат беретін сусындар мен темекінің арқасында ғана сергек жүретінін айтады.

Мен қайта оралдым, енді сендерге – Жоғарғы Радада отырған бәріңе ел үшін жанын қиған жігіттерді ұмытуға жол бермеймін.

Оның әбден шаршап, қалжырағаны ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс кеңесінің жуырдағы сессияларының бірінде анық байқалды. Украиналық БАҚ түсірген видеода әбден шаршаған Савченко қалғып отыр – егер басын қос қолымен тіреп алмағанда үстелге бетін ұрып алуы мүмкін еді. Кейін Ресейде Савченко достарымен отырыстан кейін мас күйінен айықпаған деген хабар тарады. Сыншылар оны екіжүзді деп айыптайды – Жоғарғы Рададағы алғашқы күні Савченко заң шығарушыларды «жұмыстарыңнан еш нәтиже жоқ, «базардағы сияқты» жұмыс істейтін «жалқау оқушысыңдар» деп атаған.

«Мен қайта оралдым, енді сендерге – Жоғарғы Радада отырған бәріңе ел үшін жанын қиған жігіттерді ұмытуға жол бермеймін. Сендерге айтарым – ешкім де, ештеңе де ұмытылған жоқ. Ештеңе кешірілген жоқ. Сатқындық жасасақ Украина халқы бізді мына креслода отырғызбайды» деді Савченко.

Оның сөздері мен әрекеттері украиналықтардың көбінің көңілінен шықты. Рада мінберінен айтқан оның сөздерін телеарналар бірнеше мәрте көрсетіп, көп адамдар әлеуметтік желілерде бөлісті. Сарапшы Фесенко «Савченконың саясатқа айқын бейімі бар. Ол шешендік қабілеті мен саяси ерік-жігері барын көрсетті» дейді.

Бұл ерік-жігер шешім қабылдаудағы әділетсіз әдістерге жиі жүгінуімен танылған Жоғарғы Радада табысқа жету үшін керек. 5 шілде күні өткен отырыс кезінде Савченко тәжірибесі мол әріптестері сияқты дөрекі мінез танытуға да әзір екенін көрсетті. Ол парламент спикерінің орнына жайғасып алды, ал «Батькивщина» мен радикалдар партиясынан сайланған депутаттар мінбер жанына жиналып тұрды.

«Оның дөрекі қылықтары шыттай киініп, жарамсақтана сөйлейтін саясаткерлерге үйреніп қалған қауымды тез мезі етуі мүмкін. Савченко эмоцияға тез беріледі әрі қызба, соның кесірінен проблема тууы мүмкін. Әдетте тым артық үміттің көбінесе ақталмайтыны тарихтан белгілі» дейді Фесенко.

Оған мысалдар да жеткілікті. Мәселен, коррупцияны түп-тамырымен жойып, қылмыскерлерді қамауға және Еуропамен қарым-қатынасты реттеуге уәде еткен Порошенко немесе Янукович ақыры украиналықтарды тақырға отырғызды.

Савченконың сыншылары уақытты құр жібермейді. Ең көп тараған теориялардың бірі – «Савченконы Киевке Мәскеудің пайдасына тыңшылық жасау, Украинаны жаңа революцияға арандату және елдегі онсыз да шатқаяқтаған тепе-теңдікті шайқалту үшін жіберген». Ресейде байланыстары бар мықты олигархтар бақылайтын партия – оппозициялық блок мүшесі Вадим Рабинович «Савченкоға қатысты біздің қолымыздан келер ештеңе жоқ. Путин оны бізге революция жасау үшін жіберді» деп мәлімдеген.

Надежда Савченко ФСБ агенттері Ресейдің пайдасына жұмыс істеуді ұсынып, түрмеде отырған кезде оған бірнеше мәрте келгенін айтады. Бірақ оның сөзінше, көндіре алмайтынын түсінген соң олар үгіттеу әрекеттерін тоқтатқан.

Бірақ жұрттың кейбіріне бұл сөздері жеткіліксіз. Тимошенко командасының бұрынғы стратегі Тарас Березовец «ФСБ тұтқындарға белгілі бір ақпаратты ғана береді. Сондықтан Савченкода нақты жағдай туралы жаңсақ пікір қалыптасқан» дейді. Оның сөзін кей саясаткерлер де құптайды.

ФСБ агенттері Савченконы үгіттеп, Украинада саяси қастандықтар ұйымдастыру үшін жіберді деген теория тым қияли көрінетінін Березовец мойындайды. Бірақ оның мінезінің радикалдығын ескеріп, елдің берекесін қашыруы, төңкеріске арандатуы мүмкін деп санайды. «Надя – Украинаның ұлттық қауіпсіздігіне төнген қатер екенінде дау жоқ» деп санайды Березовец.

Тимошенкомен байланысы Савченконың саяси мансабын күйретуі мүмкін. Березовецтің пікірінше, бұл екі әйел партияны бірлесіп басқара алмайды. Тимошенко жұрттың көзінше Савченкоға жақындамайды, ал Украина қаһарманы Тимошенко екеуінің ара қатынасы туралы мәселені журналистермен талқыламауға тырысады. Савченко алғашқы таңдауы «Батькивщина» болмағанын, бірақ «одан да жамандары бар» екенін айтады.

Савченконың сөзінше, Жоғарғы Радаға жаңа сайлау өткізуге қол жеткізу бұдан гөрі маңыздырақ, мұны ұлтшылдар ғана емес, парламентке онымен бір жылы келген жас революционерлер де талап етеді. Журналист Сергей Лещенко мен халықтық депутат Мұстафа Найем сияқты кейбір депутаттар жаңа екі партия құру үшін 9 шілдеде өз фракцияларынан бөлініп шықты.

Порошенконың одақтастары «елдегі экономикалық ахуалды нашарлатып жібереді» деген уәжбен ерте сайлау өткізуге қарсы. Бірақ мұның түпкі себебі өзгеше – сайлаушылар арасында қазіргі президенттің беделі кеміп кеткені соншалықты, оның жақтастарына Жоғарғы Рададан ең аз орын тиеді деп қорқыныш бар.

Бірақ 9,5 мыңға жуық украиналықтың өмірін жалмаған соғыс бітіп, ал жанжал реттелуі тиіс деген ортақ пікірмен бәрі келіседі. Савченко сепаратистер басшылары Александр Захарченко мен Игорь Плотницкиймен келіссөз жүргізгісі келеді. «Егер қажет болса, мен бұл шаруамен өзім айналысуға дайынмын» деп түсіндіреді үкіметтің террористермен келіссөз жүргізілмеуі тиіс деп санайтын ресми позициямен келіспейтін Савченко. Әрине, келіссөз жүргізуге сепаратистердің келісімі керек екенін рас. Өйткені, ертеректе Захарченко Донецк жеріне Савченконың табаны тисе, оны атып тастаймын деп сес білдірген.

Бірақ Савченконы қорқыту қиын. Ол «Біз – украиналықтар жақсы дос болып кету үшін әуелі әйелге таласып, бір-біріміздің тұмсығымызды бұзып, кейін бірге арақ ішіп алуымыз керек дейміз. Біз әйел үшін – Украина үшін төбелесіп алдық. Бір-біріміздің тұмсығымызды бұздық. Енді бірге арақ ішіп, достасуымыз ғана қалды. Бірақ бір-бірімізді тоқпақтауымызды әлі қойған жоқпыз» дейді.

Донбасты қайтаруға тырысқан Киев экономикалық және саяси байланыстарды үзіп, сепаратистер басып алған аймақтарды оқшаулап тастады. Үкіметтің бұл шешімі сепаратистер басып алған территорияларда тұратын тұрғындардың өмірін тозаққа айалдырды. Савченко Киев Донбасқа көмек қолын ұсынбай, қателік жасады деп санайды. «Біз ол адамдардың біздікі, украиналықтар екенін, осы соғыстағы жеңіс үшін Ресейге, жауымызға қарсы бірігуге тиіс екенімізді түсінуіміз керек» дейді Савченко. Ол Киевте қазір қызу пікірталас тақырыбына айналған сепаратистерге рақымшылық жариялауды қолдайды.

Бұл мәселеде Савченко амнистия жариялауды ұсынғаны үшін «жауды тек шайқас алаңына жеңу керек» деп мәлімдеп, Жоғарғы Рада ғимараты алдында пикет ұйымдастырған ұлтшылдармен де келіспейді. Маусым айында Разумков орталығы жүргізген сауалнамаға сәйкес, елдің шығысындағы Киев әскери қимыл деп атайтын «антитеррорлық операцияны» украиналықтардың 31 пайызы қолдайды.

Жуырда АҚШ, Украина және Батыс Еуропаның ғалым, жұлдыздары, дипломаттары, саясаткерлері мен журналистерінің үлкен тобы Американың тәуелсіздік күнін тойлау үшін Украинадағы АҚШ елшісі Джеффри Пайеттің резиденциясына пикникке жиналды. Балкон қызыл-ақ-көк баннерлермен безендіріліп, аулаға Американың ұлттық парктерінің фотосуреттері ілінді, ал «Джек Дэниелс» бары кола мен виски таратты.

Жиналған жұрттың үстінен төнген Киевтің бойшаң мэрі Виталий Кличко өзін құрметтейтін жандармен селфи жасады. Оған таяу маңда оппозициялық блок басшысы әрі бұрынғы энергетика министрі Юри Бойко тұрды. Сыра құйылған кеспектің жанына украиналық әріптестеріне коррупциямен күресу жолдарын үйрету үшін келген бір топ ФБР тергеушісі жиналды.

Ішімдік көбейген сайын әңгіме қызып, қонақтардың үні зорая бастады. Шыжыған күннің астында гамбургердің хош иісі тер иісімен араласып кетті. Ырду-дырдудан қашып, үлкен ағаштың көлеңкесіне тығылған әйел қолындағы шанышқымен салат пен грильде қуырылған етті шұқылап тұр. Савченконың жанына жақындай бере оның жүзінен қайда тап болғанын білмей дағдарған адамның кейпін байқадым.

«Осының бәрі жайлы не ойлайсыз?» - деп сұрадым одан.

«Мұнда не болып жатқанын түсінбеймін, - деп мойындады Савченко. - Бұл мен америкалық фильмдерден көрген дүниелерге ұқсайды».

Әңгімелесу үшін емес, онымен бірге селфи жасау үшін жанына келген бірнеше адам кеткеннен кейін Савченко ауланың арғы түкпіріне кетіп қалды. Ол тіпті маңайды шолып тұрған күзетшіден де аулағырақ барып тұрды. Түрмеде отырған кезде ол «біздің Надя» еді. Енді еркіндікке шыққаннан кейін ол жұрт «тарихи сәт үшін» жымиып фотоға түсетін ескерткішке ұқсайды.

Кейінірек ауланың түкпірінде тұрған Савченконы бақылап тұрып оны Жанна д’Арк немесе алғашқы сұхбатында Савченконың өзі айтқан Максим Горькийдің «Изергиль кемпір» повесінің кейіпкері Данкомен салыстырдым. Ол кезде Савченко «Данко жүрегін жұлып алып, адамдардың жолына жарық шашқан, сосын құлап түсіп, жүрегі ұшқын болып шашырап кеткен болатын. Мен де өзімді құрбан етуге әзірмін» деген еді.

Бірақ енді ол көлеңкеде әбден титықтап, құты қашқан әрі жападан жалғыз қалған жандай боп тұрды. Ол қолына хот-дог ұстаған кәдімгі әйел сияқты көрінді.

(Кристофер Миллердің мақаласы орысшадан аударылды.)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG