Accessibility links

Төңкерістің сәтсіздікке ұшырауының себептері


Түркия президенті Режеп Ердоған халықты мемлекеттік төңкеріске жол бермей, «заңды билікті қорғауға» шақырған мәлімдемесін смартфон арқылы жасады.

Түркия президенті Режеп Ердоған халықты мемлекеттік төңкеріске жол бермей, «заңды билікті қорғауға» шақырған мәлімдемесін смартфон арқылы жасады.

Түркияда әскерилер 1960 жылдан бері билікті үш рет басып алған, ал 1997 жылы және бір үкіметті биліктен күшпен кетірген. Ал бұл жолғы төңкеріс әрекеті неге сәтсіз болды?

ХАЛЫҚ ҚОЛДАУЫНЫҢ АЗДЫҒЫ

Алдыңғы төңкерістердің барлығында қақтығыс пен әлеуметтік араздықтан зәрезап болған халық «бейбітшілік пен тәртіп орнауын» жақтап, бүлікшілерді ашық қолдаған. Бұл жолы төңкеріс жасамақ болғандар халықтың қолдауына ие бола алмады, оларды жақтап көшеге шыққандар өте аз болды. Керісінше, телефон арқылы халыққа «заңды билікті қорғау» туралы мәлімдеме жасап, бүлікшілердің бетін қайтару үшін көшеге шығуға үндеген президент Режеп Тайып Ердоғанды қолдап алаңға шыққан жұртта есеп болмады.

ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ ҮШІН КҮРЕС БОЛҒАН ЖОҚ

Түркия әскері бұрыннан зайырлылықтың сақшысы рөлін атқарып келді. Алдыңғы төңкерістер кезінде олар зайырлылық дәстүріне қауіп төндірді деген өкіметтерді биліктен кетірген. Ал бұл жолы ел басшылығы президент Ердоғанның ең басты қарсыласы, қазір АҚШ-та тұратын діни тұлға – Фетхулла Гүленді «билікті төңкермек болды» деп айыптады (Гүленнің өзі мұны жоққа шығарады). Елдегі ең ірі екі оппозициялық партия да «бұрынғы әскери төңкерістер кезіндегі қателіктердің қайталануына жол бермеу керек» деп, үкімет жағына шықты.

ПОЛИЦИЯ БҮЛІКШІЛЕРМЕН БІРІКПЕДІ

Алдыңғы төңкерістер кезінде армия билікті ала салысымен полиция солардың жағына өткен. Бұл жолы полиция заңды үкіметті қолдайтынын көрсетті. Тәртіп сақшылары әскерилер арасындағы төңкеріс ұйымдастырмақ болғандардың ізін аңдып, бүлікшілер жағына өткендерін бірден тұтқынға алды.

БҮЛІКШІЛЕР – АРМИЯНЫҢ ШАҒЫН ҒАНА БӨЛІГІ

Үкімет те, оппозиция өкілдері де төңкерісті қарулы күштердің әрі кетсе 10-20 пайызы қолдады деп отыр. Бұрынғы төңкерістерде билікті құлатуға армия тұтасымен қатысқан.

БҮГІНДЕ БАҚ-ТЫҢ АУЗЫН ЖАБУ ҚИЫН

Алдыңғы төңкерістердегі тәрізді бұл жолы да бүлікшілер теле- және радиоарналарды басып алып, эфирді өшіріп тастады. Бірақ, ақпарат CNN Turk сияқты мемлекеттік емес телеарналар арқылы таралып отырды, оның үстіне Twitter және WhatsApp сияқты әлеуметтік желілер төңкеріске қарсылардың хабар алмасатын негізгі платформасына айналды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG