Accessibility links

Стамбул қазағы: «Билік қалпына келгенге дейін көз ілмедік»


Түркия президенті Режеп Ердоған жақтастарымен бірге. Стамбул, 16 шілде 2016 жыл.

Түркия президенті Режеп Ердоған жақтастарымен бірге. Стамбул, 16 шілде 2016 жыл.

Cтамбулда докторантурада оқып жатқан Қазақстан азаматы Нұрат Ілияс шілденің 16-сына қараған түні қалада болған оқиғалар жайлы Азаттыққа айтып берді.

37 жастағы Нұрат Ілияс 2013 жылдан бері Стамбул университетінде «Түркі халықтарын тану» бойынша докторантурада білім алып жатыр. Қазір зайыбы және екі баласымен Стамбулдың этникалық қазақтар көп қоныстанған ауданында тұрады.

Ол Түркияда шілденің 16-сына қараған түні әскерилердің мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекетінен соң Стамбулда өрбіген оқиғалар туралы Facebook желісіндегі парақшасында белсенді хабар таратқан болатын. Нұрат Ілиястың айтуынша, ол тұратын аудан бүлік шығарған әскерилерді Ердоған жақтаушылары бөгеген Ататүрік атындағы халықаралық әуежайдан алыс емес.

Стамбулда тұрып жатқан қазақстандық Нұрат Ілиястың (сол жақта) көршісі түрік азаматымен түскен суреті.

Стамбулда тұрып жатқан қазақстандық Нұрат Ілиястың (сол жақта) көршісі түрік азаматымен түскен суреті.

Азаттық: - Түркиядағы төңкеріс әрекеті туралы қайдан естідіңіз?

Нұрат Ілияс: - Кеше кешкісін сағат тоғыздарда балконда тұрғанмын. Әскери тікұшақтар арлы-берлі ұшып жатты. Алдында да ұшатын. Бірақ, кеше әуежай мен Босфор жаққа қарай жиі ұшып кетті. Бір сағаттай балконда тұрып қалдым. Үйге кіріп телевизорды қоссам төңкеріс жайлы айтып жатыр екен. Қалғанын көршілерден, осы жердегі этникалық қазақтардан естідім. «Әскерилер төңкеріс жасаған, президент сөйлей алмай жатыр» деді. Түн ортасына қарай президент Режеп Ердоған скайппен шығып, елді көшеге шығуға шақырды. Сосын Ердоған жақтастарының бәрі көшеге толып кетті. Бәрі жалауларын көтеріп, әуежай жаққа кетті. Келгендерден сұрастырдық. Олар «әскерилерді қоршап алды, танкілер қайтып жатыр» деді. Әуеде F-16 жойғыш ұшақтары ұша бастады. Бақылап отырдық.

Азаттық: - Сіздер жаққа жарылыс, атыс естілді ме?

Нұрат Ілияс: - Үш рет естілді. Тағы бір рет соңынан естілді. Кейіннен «F-16 ұшақтардың төмен ұшқаннан жарылыс сияқты дауысы шығады екен» деп түсіндіріп жатты теледидар мен Facebook желісінде. Біз бірдеңе жарылды деп ойладық. Алдында Facebook-тің жылдамдығы әлсіреп қалған. Кейін сағат үш жарым, төрт кезінде қайтадан жылдамдығы көбейді. Сағат түнгі екі шамасында болу керек, ұялы телефонға «көшеге шығыңдар» деген SMS-хаттар келе бастады. Біз, шетелдіктер шықпаймыз ғой, ал Ердоғанның жақтастары көшеге шығып жатты. «Әскерлер мемлекетттік мекемелерді қолға алып жатыр, халық демократияны жақтап шықсын, көмектессін» деген SMS-хаттар барлық операторлардан келіп түскен. Сосын көше елге толып, жұрт қолына жалау-байрақтарын алып, әскерлер басып алған жерге кетіп жатты. Онда не боп жатқанын сонда кеткен түрік достардан біліп отырдық. Олар әскерлерді қоршап алған, бір жағы әскерилер халыққа оқ атуға батпаған. Адам қазасы болған деген әңгімелерді түрік достардан естідім.

Түркия президенті Режеп Ердоған халықты "заңды билікті қорғауға" шақырған мәлімдемесін смартфон арқылы жасады. 16 шілде 2016 жыл.

Түркия президенті Режеп Ердоған халықты "заңды билікті қорғауға" шақырған мәлімдемесін смартфон арқылы жасады. 16 шілде 2016 жыл.

Азаттық: - Сонда түні бойы ұйықтамағансыздар ғой?

Нұрат Ілияс: - Иә, не болады, не болып кетеді, құдай сақтасын деп күтіп отырдық. Өйткені теңізге жақын болғаннан кейін әскери ұшақтар қайта-қайта ұшып жатты ғой. Таңертең «билік өкіметтің қолына өтті» дегеннен кейін барып жаттық қой.

Азаттық: - Facеbook желісінде оқиға орнынан суреттер жариялапсыз.

Нұрат Ілияс: - Иә. Бірақ оны мен түсіргем жоқ. Сонда барған көршілерім түсірген. Ал танкінің үстінде отыратын жігіт мынау үйдің жанында кеңсе тауарларын сататын адам. Мен таңертең сағат 11 кезінде соған жолығып, оқиға жайлы сұрастырдым. Таңертең көшелермен жүріп, бір-екі сурет түсірдім. Үкіметті жақтап шыққан дөнер жасайтын түрік бар еді, сол оққа ұшыпты. Әскерилер атқан дейді.

Азаттық: - Қазір қалада үрей сезіле ме?

Нұрат Ілияс: - Бәрі күндегідей жүріп жатыр. Бірақ көшеде адам аз түндегіден. Қатты ыстық болып тұр. Мүмкін содан да болар.

Азаттық: - Көшеде шашылып, қирап жатқан дүние бар ма?

Нұрат Ілияс: - Біздің көшеде болған жоқ. Оқиға болған үлкен көшелерге барған жоқпын.

Нұрат Ілиястың Facеbook парақшасында жариялаған жазбасы.

Нұрат Ілиястың Facеbook парақшасында жариялаған жазбасы.

Азаттық: - Сіз тұрып жатқан үй қай жерде орналасқан?

Нұрат Ілияс: - Бес қабатты үйде пәтерде тұрамын. Көршілерім – этникалық қазақтар. Түндегі атыс-шабыс болған жерден алыс емес. Бес-алты шақырым шығар, одан да көп болуы мүмкін.

Азаттық: - Ал олардың көңіл-күйі қандай?

Нұрат Ілияс: - Олардың барлығы қазіргі өкіметті жақтайтындар деп ойлаймын. Түнде балкондарына түріктің жалауларын іліп, біреулер машиналарына іліп, өкіметке жақтасамыз деп үлкен-кішісі бар көпір жаққа, әуежай жаққа кетіп жатты.

Азаттық: - Олардан қазіргі өкіметті неге жақтайтыны жөнінде сұрап көрдіңіз бе? Адамдар өздерінің өмірлерін қатерге төндіріп, неге көшеге шығып жатты екен?

Нұрат Ілияс: - Халықтың арасында Ердоғанды қолдайтындар көп. Олардың айтуынша, экономикалық жағынан Түркия бұрын болмаған тұрақтылыққа жеткен. Екінші бір фактор – Ердоған дінге рұқсат беріп отыр. Орамал тағатын әйелдер мәжіліске кірді. Экономикалық және діни фактор қатты әсер етіп отыр деп ойлаймын.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет.

XS
SM
MD
LG