Accessibility links

Текебаев: «Ешқандай революция ақшамен жасалмайды»


Қырғызстан парламенті депутаты, «Атамекен» партиясының жетекшісі Омурбек Текебаев.

Азаттыққа берген сұхбатында қырғыз оппозициясының жетекші саясаткері конституцияны өзгертуге неге қарсы екені жайлы, Мұхтар Әблязовтің «Қырғызстандағы төңкерісті қаржыландырдым» деген мәлімдемесі мен Қазақстан-Қырғызстан қатынастары туралы пікірін айтты.

Желтоқсанның 11-інде Қырғызстанда конституциялық реформа туралы референдум өтті. Ресми мәлімет бойынша, дауыс берушілердің басым бөлігі президент өкілетін күшейту, премьер-министрдің өкілеті арқылы билікті орталықтандыруды жақтаған. Жаңа өзгерістерге сәйкес жергілікті кеңестер сайлап келген әкімдерді премьер-министр тағайындайды. Бұл – Қырғызстанда 2010 жылғы сәуірдегі революциядан кейін қабылданған жаңа конституцияға енгізілген алғашқы өзгерістер.

Президент Алмазбек Атамбаевтың ұсынысымен басталған конституциялық өзгерістерді референдумға шығаруға оппозициялық «Атамекен» партиясы қарсы болған. Азаттық тілшісі «Атамекен» партиясының жетекшісі Омурбек Текебаевпен сұқбаттасты.

Омурбек Текебаев 2005 жылы сол кездегі Қырғызстан президенті Асқар Ақаев пен 2010 жылы Құрманбек Бакиев қызметтерінен кеткен кезде белсенді әрекет еткен қырғыз саясаткерлерінің бірі болды. 2010 жылы шілдеде Қырғызстан Уақытша үкіметі төрағасының орынбасарлығына тағайындалып, конституциялық реформаларды жүргізуге жауапты конституциялық кеңес төрағасы қызметін атқарған. Кейіннен Қырғызстанның сот жүйесін әрі қарай реформалау бойынша комиссияны басқарған. 2015 жылы «Атамекен» партиясының тізімімен парламент депутаты болып сайланған.

«МАҚСАТЫМЫЗ – ЖАҢА АЗАМАТ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЕДІ»

Азаттық: - Референдум өткізуге не себептен қарсы болдыңыз?

Омурбек Текебаев: - Конституция – төңкерістен кейін уақытша үкімет қабылдаған тарихи және саяси құжат. Екі төңкерістен кейін ел қалауымен жаңа саяси жүйеге көшетінімізді анықтадық, басқаша шешім мүмкін емес еді. Негізгі мақсатымыз жаңа саяси мәдениет қалыптастыру, жаңа азамат, жаңа сайлаушы қалыптастыру болатын. Сол үшін конституция он жылға дейін өзгертілмесін деп келіскенбіз. Өйткені жаңа дәстүр бір күнде пайда болмайды. Қиыншылықты жеңіп, шыдау керек. Бұл біз үшін саяси-моральдық үлкен саты әрі сын еді. Бірақ президент Атамбаев он жылды күтпей конституцияны өзгертуге әрекеттенді. Екіншіден, конституцияны өзгертудің жазылған және жазылмаған ережелері бар. Конституцияға кірген өзгертулерге ел мұқтаж болуы керек. Оны ел ішінде ашық талқылағанда өзгерістің де легитимділігі пайда болады. Өкінішке қарай, Атамбаев бұл өзгерісті кулуарда жасап, депутаттарға қысым жасау жолымен Жогорку Кенешке (парламентке – ред.) енгізді. Кейбіреулер қандай өзгерістер екенін де білмейді. Бұл өзгерістер саяси жүйені дамыту үшін емес, ескі жолды қайыра енгізу үшін жасалған әрекет болды. Енді президент Атамбаев қызметінен кетсе де, өзінің саяси ықпалын қалдырып, партиясы арқылы Қырғызстанды басқара беруіне мүмкіндік алады.

Омурбек Текебаев журналистерге сұхбат беріп тұр. Бішкек, 11 желтоқсан 2016 жыл.

Омурбек Текебаев журналистерге сұхбат беріп тұр. Бішкек, 11 желтоқсан 2016 жыл.

Азаттық: - Атамбаев кейін қайтадан президенттік сайлауға қатысуы мүмкін бе? Қырғызстан президенті мұндай болжамдарды жоққа шығарды емес пе?

Омурбек Текебаев: - Менің ойымша, бір-екі жылдан кейін премьер-министр болып келіп, 2020 жылы парламент сайлауынан кейін тағы да бес жылға премьер-министр болып қалғысы келетін секілді. Бұл - Путин-Медведевтің қырғызша нұсқасы.

Азаттық: - Конституцияға енгізілген өзгерістен соң президенттің өкілеті күшейе ме?

Омурбек Текебаев: - Премьер-министр мен президенттің билігі күшейеді. Енді премьер-министр әкімдерді өзі тағайындайды, қызметтен өзі босатады. Бұрын ол жергілікті депутаттардың құзырында болатын. Президент қорғаныс министрі мен мемлекеттік қауіпсіздік министрін өзі тағайындайды. Оған премьер-министр араласа алмайды. Сөйтіп президент премьердің есебінен өзінің өкілеттігін күшейтті. Күштік құрылымдар премьерге бағынбауы – болашақта конфликтіге соқтыратын қауіпті жайт. Енді сот билігі де тәуелді болады. Президент тәртіптік комиссия арқылы судьяларды қызметтен босата алады.

Азаттық: - Таяуда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев ірі қала басшыларын сайлау қажеттігін айтты. Ал Қырғызстан конституциясындағы өзгерістер сайланбалы әкімдерін тағайындауды көздейді. Себебі не деп ойлайсыз?

Омурбек Текебаев: - Демократия жөнінен аймақтағы басқа елдерден айырмашылығымыз бар елміз. Авторитарлық елдің жаңа президенті демократиялық өзгерістер жасаймын, жергілікті жерлерге құқық беремін деп отыр. Ал бізде керісінше қайтадан орталықтандыруға көшу дұрыс болмады.

«ОЙЛАНБАЙ АЙТҚАН СӨЗ»

Азаттық: - Қырғызстанда билік пен оппозицияның қатынасы қандай? Оппозиция қуғындала ма?

Омурбек Текебаев: - Мүмкіндігі жеткенше қуғындауға тырысады, қуғындалғандар да, қамалғандар да бар. Бүкіл мемлекеттік ресурстар жұмылады кейде. Бірақ бізде оппозиция мен азаматтық қоғам басқа көршілес елдерге қарағанда күштірек. Қырғызстандағы оппозицияны шектеуге президент Атамбаевтың уақыты жетпейді деп ойлаймын.

Азаттық: - Ақаев пен Бакиев кезімен салыстырғанда қазіргі Қырғызстанда демократия қай деңгейде?

Омурбек Текебаев: - Соңғы бір жарым жылда қайыра ескі жолға түсіп келеміз. Атамбаев авторитарлық жолға түсті.

Азаттық: - Президент Атамбаев таяуда «Назарбаев пен Путин тағы бір мерзімге қал деп айтты, мен қалмаймын» деді. Бұл пікірге қалай қарайсыз?

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев (солдан оңға), Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Ресей президенті Владимир Путин ҰҚШҰ саммиті аясындағы кездесу кезінде. Бішкек, 28 мамыр 2013 жыл.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев (солдан оңға), Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Ресей президенті Владимир Путин ҰҚШҰ саммиті аясындағы кездесу кезінде. Бішкек, 28 мамыр 2013 жыл.

Омурбек Текебаев: - Атамбаевтың ойланбай айтқан сөзі деп есептеймін. Мұны әлдебір саясаткерлер, депутаттар, саяси сарапшылар айтса, бәлкім болатын шығар. Тығыз қарым-қатынастағы ел басшыларының намысына тиюі мүмкін сөздерді дұрыс болса да, біздің елдің мүддесіне зиян келтірмесе де, президент айтпауы тиіс еді. Атамбаев әлі бір жыл болса да, сол президенттермен жұмыс істейді, сондықтан ол сөз еларалық қарым-қатынасқа әсер етуі мүмкін.

Азаттық: - Өзбекстан президенті Ислам Каримовті жерлеуге президент Атамбаев не себептен бармады деп ойлайсыз?

Омурбек Текебаев: - Орталық Азия елдерімен тарихымыз бір туысқан елміз, мәдениетіміз, менталитетіміз бір. Жақсылықта да, жамандықта да бір-бірімізді қолдауымыз керек. Революциядан кейінгі ахуалда Назарбаев пен Каримов бізді сөз жүзінде болса да қолдады. Каримов өлгеннен кейін Атамбаев өзі барып құрмет көрсетуі керек еді. Атамбаев пен Каримовтің қарым-қатынасы жақсы болмағаны жасырын емес. Сол үшін бармады деп ойлаймын. Біз жеке мәміле, қарым-қатынастардан, саяси конъюнктурадан жоғары тұруымыз керек. Өкінішке қарай, Каримовтің қазасына Өзбекстанға барып көңіл айтпаған Орталық Азиядағы жалғыз президент – біздің президент болып қалды.

«ҚАЗАҚСТАНҒА ЭКСПОРТЫМЫЗ 60 ПАЙЫЗ АЗАЙДЫ»

Азаттық: - Еуразия экономика одағына кіру Қырғызстанға пайдалы болды ма?

Омурбек Текебаев: - Еуразия экономика одағына кіргеннен кейін Қазақстанның қолында шекараны жауып тастау, түрлі санитарлық талаптар қою сияқты көп инструментттер пайда болды. Қазақстанға экспортымыз 60 пайызға азайды. Атамбаев «қазақ туғандар лаборатория құруға ақша береміз деп бермей қойды, біз рынокқа даяр болмай қалдық» деді. Назарбаевтың уәдесін күтпей 30 миллион долларды өзіміз табуымыз керек еді. Оның орнына біз 30 миллион долларға екінші көшпенділер ойынын өткердік. Өкінішке қарай, Еуразия экономика одағы Қырғызстан экономикасына үлкен соққы болды. Челябинскіден қызанақ, Беларусьтен сүт пен ет әкелетін жағдайға жеттік. Бұрын оларды біз экспорттайтын едік.

Азаттық: - Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген бір комментариіңізде «Атамбаев қызметінен кеткен соң сөйлесемін» деп нені меңзедіңіз?

Қырғызстан Уақытша үкіметінің мүшелері (солдан оңға): Алмазбек Атамбаев, Роза Отунбаева және Омурбек Текебаев. Бішкек, 17 мамыр 2010 жыл.

Қырғызстан Уақытша үкіметінің мүшелері (солдан оңға): Алмазбек Атамбаев, Роза Отунбаева және Омурбек Текебаев. Бішкек, 17 мамыр 2010 жыл.

Омурбек Текебаев: - Біз биліктің көп заңсыз әрекеттерін білеміз. Әзірге қолымызда тергеу құжаттары жоқ. Көріп тұрған құжаттарды ала алмаймыз. Бірақ Атамбаев биліктен кеткеннен кейін ондай мүмкіндіктер болады.

Азаттық: - Қазақстан оппозициясымен байланыстарыңыз бар ма? Олардың қандай жағдайда екенін білесіз бе?

Омурбек Текебаев: - Бұрын Социал-демократиялық партиямен қарым-қатынасымыз болған. Өкінішке қарай, соңғы бірнеше жылда байланысымыз азайды. Бәлкім біздің қызығуымыз азайды ма екен? Оның үстіне Қазақстан оппозициясы да сапалық өзгерістерге ұшырады. Олар да ел аралық мәмілелерге, қырғыз тәжірибесіне қызықпай қалды.

Азаттық: - Бірқатар халықаралық және жергілікті құқық қорғаушылар мен сарапшылар, саясаткерлер Қазақстанды «автократиялық басқару жүйесі орныққан ел» деп сипаттайды. Сіздің пікіріңіз қандай?

Омурбек Текебаев: - 2010 жылы біз Уақытша үкімет құрғанда шекара жабылып экономикалық блокадаға алындық. Қырғызстан тәжірибесін ақпарат құралдары ақылы дискредитация жасауға тырысты. Кейбір мемлекет басшылары біздегі саяси реформаларға қарсы шықты. Сол кезде Қытай елшісі «бұл – сіздердің ішкі істеріңіз, біз кез-келген режиммен жұмыс істесеміз» деді. Қоңсы мемлекеттер осындай ұстанымда болуы керек. Саясаткер тұрғысынан айтсам, Қазақстанда қандай режим болса дағы Қырғызстан үшін пайдалы болса, ол режиммен жұмыс істесем, жаман не жақсы деп айтпаймын. Бұл – елдің тағдыры, елдің шешімі. Ал адами тұрғыдан айтсам, әлбетте қазақтар да біздей намысты ел. Еркіндікті біздей сүйеді, оларға да демократия жарасады. Демократиялық режим болса сауда келісімдері, экономикалық келісімдер жеке адамның ұстанымдарына тәуелді болмайды.

Азаттық: - Қуғындағы қазақстандық банкир, оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязов жуырда франциялық «Либерасьон» газетіне берген сұхбатында: «2005 жылы Қырғызстандағы режимді құлату үшін оппозициясын қаржыландырдым. Пост-советтік республикалардың бірінде болсын процестің басталғаны, дұрыс реформалар жүргізгені мен үшін маңызды еді» депті. Бұл сөз шындыққа сай келе ме?

Омурбек Текебаев: - Біріншіден, ешқандай революция ақшамен жасалмайды. Революция болу үшін объективті шарттар керек. Қырғызстандағы екі революцияға да қатысқан адаммын. Сырттан да, іштен де үлкен қаржылай қолдау болған емес. Елдің өз бастамасымен жүзеге асқан оқиғаны біреулер өз беделіне пайдаланғысы келетіні байқалады.

Қырғызстанда билікте отырғандан мен президент Асқар Ақаевтың биліктен кетуін талап еткен шеруге қатысушылар. Жаппай өткен наразылық шерулері Ақаевты биліктен кетірді. 24 наурыз 2005 жыл.

Қырғызстанда билікте отырғандан мен президент Асқар Ақаевтың биліктен кетуін талап еткен шеруге қатысушылар. Жаппай өткен наразылық шерулері Ақаевты биліктен кетірді. 24 наурыз 2005 жыл.

Азаттық: - Дегенмен, Әблязов мүлдем қаржылай көмектеспеген деуге бола ма?

Омурбек Текебаев: - Оны нақты айта алмаймын. Қырғызстанда «БТА банктің» акционері, директорлар кеңесінің мүшесі Данияр Үсенов (Құрманбек Бакиев кезеңіндегі Қырғызстанның премьер-министрі – ред.) деген жігіт болған. Бәлкім сонымен мәміле жасаған шығар. Бірақ революцияға Әблязовтың ешқандай қаржылай да, саяси да әсері болған емес.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG