Accessibility links

Иранда не болып жатыр?


Наразылық Иранның шетелдегі елшіліктері алдында да өтті. Иранның Грузиядағы елшілігі алдында наразылыққа шыққан адамдар қолдарына "Хаменеиге өлім келсін!" деген ұран мен Иранның шах дәуіріндегі туын алып шықты. Тбилиси. 4 қаңтар, 2018 жыл.
Наразылық Иранның шетелдегі елшіліктері алдында да өтті. Иранның Грузиядағы елшілігі алдында наразылыққа шыққан адамдар қолдарына "Хаменеиге өлім келсін!" деген ұран мен Иранның шах дәуіріндегі туын алып шықты. Тбилиси. 4 қаңтар, 2018 жыл.

Ираннның «қасиетті» қаласы Мешхедте басталған наразылық акциясы оныншы күні елдің 100-ден астам қаласын қамтыды.

28 желтоқсанда Иранда «қасиетті мекен» саналатын Мешхед қаласында наразылық акциясы бұрқ ете қалды. Әуелде реформаторлық бағыттағы президент Хассан Роуханиге қарсы айтылған ұрандар кейін елдің жоғарғы басшылығындағы консерваторларға да қарсы бағытталды. Мешхедте он екі имамдық шиға мұсылмандары қасиетті санайтын имам Риза жерленген. Сондықтан бұл қаланы дәріптегендер «Ризаның қасиетті табаны тиген жер» деп атайды. Бұрын Хорасан провинциясы орталығы болған Мешхед кейіннен бөлінген Құдс-е Резави (Қасиетті Риза) провинциясының орталығына айналды.

НЕГЕ МЕШХЕД?

Тұрғын саны екі миллионнан асатын Мешхед – Иранда Тегераннан кейінгі халқы көп қала. Иранда бірнеше жыл аралатып болып тұратын наразылықтар аса таңсық құбылыс емес. Дегенмен осы жолғы наразылықтың артта қалған сүнниттер қоныстанған шеткері қалалардың бірінде емес, орталық билік айтатын «сепаратистік элементтер кездесетін» Күрдістанда емес, тіпті болмаса зілзаладан зардап шегіп, тұрғындары қаза тауып, аман қалғандары әлі де суық шатырларда күнелтіп жатқан Керманшахта емес, шиит мұсылмандары үшін зиярат туризмінің орталығы Мешхедтен басталуы назар аудартқан.

Президент Хассан Роухани (сол жақта) мен оған сайлауда бәсекелес болған Ибрагим Раиси.
Президент Хассан Роухани (сол жақта) мен оған сайлауда бәсекелес болған Ибрагим Раиси.

2017 жылы өткен президент сайлауында жеңіске жеткен Хассан Роуханидың негізгі бәсекелесі Ибрагим Раиси болды. Ол елдегі ірі қаржы мекемелерінің бірінен саналатын имам Риза кесенесі қорының басшысы, кесененің шырақшысы қызметін атқарады. Иранда қасиетті мекеннің шырақшысы болу - мәртебелі қызмет. Елдің жоғары рухани басшысы аятолла Әли Хаменеи бастаған дінбасылар имам Риза кесенесін кезекшілікпен тазалауды да дәстүрге айналдырған. Осы кесененің шырақшысы Ибрагим Раиси сайлаудан 38,5 пайыз дауыс жинап, Роуханидан кейін екінші орын алды.

Иранның жоғары рухани басшысы Әли Хаменеидің Қасиетті Риза провинциясындағы өкілі, Мешхед жұма намазының имамы, аятолла Сеид Ахмад Әламулхұда - Ибрагим Раисидің қайын атасы. Сайлау алдында Әламулхұда уағыздарында консерваторларға дауыс беруге шақырып отырған. Әламулхұда - реформаторларға қарсы бағытымен танылған тұлға. Мұның алдында ол өнер ұжымдарының концерттеріне де қарсы болып ел назарын өзіне аудартқан. Аятолла Әламулхұданың наразылық басталғаннан кейін Тегеранға жоғары қауіпсіздік кеңесіне шақыртылғаны айтылады. Алайда оның кеңсесі бұл мәліметті жоққа шығарды.

Наразылықтың алғашқы күні. Мешхед. 28 желтоқсан 2017 жыл.
Наразылықтың алғашқы күні. Мешхед. 28 желтоқсан 2017 жыл.

Оған дейін наразылықтың артында Әламулхуданың тұрғаны, оның Роуханиге қарсы арандату ұйымдастыруы мүмкін екені туралы мәлімет тараған. Мәліметке қарағанда, Иран жоғары қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әли Шамхани аятолла Әламулхұдаға қатаң ескерту жасаған. Ал билік «негізсіз» деп сипаттаған осы хабардың таратылуына себепші болған адамдар Мешхедтегі сотқа шақыртылған.

АЯТОЛЛА «АЙТАРЫМ БАР» ДЕДІ - АЙТПАДЫ

Бүгінгі жексенбіні қосқанда 10 күн бойы жалғасып жатқан наразылық басталғалы ел президенті Хассан Роухани екі рет реакция білдірді. Ал жоғары рухани басшы Әли Хаменеи оқиғаның бесінші күні Иран-Ирак соғысы құрбандары мен соғыста зардап шеккендердің жанұяларымен кездесуінде наразылық жайлы аз-кем тоқталып өтті.

Президент елдің бейбіт жиын өткізу хақы барын, бірақ соңғы оқиғалардың маңызға ие болу мүмкіндігін жоққа шығарған сипатта мәлімдеме жасады. Президент те, рухани басшы да әдеттегідей бұл оқиғаға Иранның ескі «дұшпандарын» кінәлады.

Иранның жоғары рухани басшысы аятолла Әли Хаменеи (сол жақта) Иран-Ирак соғысы құрбандары мен соғыстан зардап шеккендердің жанұясымен кездесіп отыр. 2 қаңтар 2018 жыл.
Иранның жоғары рухани басшысы аятолла Әли Хаменеи (сол жақта) Иран-Ирак соғысы құрбандары мен соғыстан зардап шеккендердің жанұясымен кездесіп отыр. 2 қаңтар 2018 жыл.

Әли Хаменеи оқиғаның маңызын төмендетіп көрсетуге тырысты. Оның наразылық туралы «бұл туралы менің халыққа айтар сөзім бар, уақыты келгенде айтамын» деуі елең еткізді. Хаманеидің нені меңзегені жайлы Иран мәселесі бойынша сарапшылар әртүрлі болжам жасап отыр.

Қалай болғанда да рухани басшының айтарын ішіне бүгіп қалуы мәселенің ішкі қыртысынан хабар беретіндей. Ол ең алдымен консерватор, реформатор болып екі саяси лагерьге бөлінген басқарушы элитаның арасы қашықтап бара жатқанын байқатты. Наразылықтың алғашқы күнінде шеруге шыққандар әлеуметтік теңсіздік пен экономикалық саясатты сынап, «Роуханиге өлім келсін!» деп ұрандады. Кейіннен Роуханиге қарсы ұран азайып, наразылыққа шыққандар «Хаменеиге өлім келсін!», «Диктатура жойылсын!» деп ұрандайтын болды.

МЕШХЕДТЕН-ҚҰМҒА ДЕЙІН, ЗАХЕДАННАН-ХАМАДАНҒА ДЕЙІН

Бұл жолғы Мешхедтен басталған наразылыққа елдің басқа қалаларымен қоса дінбасылар үшін маңызы Мешхедтен кем емес Құм қаласы тұрғындары да қосылды.

Құм - шииттік бағыттағы ірі діни оқу орталықтары шоғырланған қала. Және осы оқу орындарында шетелдіктер де оқып жатыр. Шетелдік діни талапкерлердің бір бөлігін араб елдерінен келген шиға мұсылмандары, сүнниттіктен шииттік бағытқа өткендер немесе жаңадан мұсылмандықты қабылдағандар құрайды. Құм қаласын ирандықтар әзілдеп «молда экспорттайтын зауыт» деп атайды.

Әдетте наразылықтың нақты ошағы болса, ұйымдастыру, үйлестіру шаралары да сол маңға орталықтанады. Бұл жолғы наразылықтан оған ишара болатындай белгі байқалмады.

Тегеран университеті қалашығы ішіндегі наразылық акциясы. 30 желтоқсан 2017 жыл.
Тегеран университеті қалашығы ішіндегі наразылық акциясы. 30 желтоқсан 2017 жыл.

Ресми есеп бойынша оқиға барысында наразылармен қоса арасында тәртіп сақшысы, жасөсіпірімдер мен әйел де бар, 22 адам қаза тапқан. 1700 шамалы адам ұсталған. Ұсталғандардың ішінде 100 шақты адам – студенттер. Ресми мәліметпен келіспейтіндер ұсталғандардың саны бұдан әлдеқайда көп дейді. Және де биліктің оларды ел білетін түрмелердің абақтысында емес, әскери гарнизондарда да қамап ұстап отырғаны жайлы айтылады. Осының бәріне қарамастан, ресми билікті жақтап, оны қорғайтын ұйымдар наразылықтың сырттан ұйымдастырылғанын, тіпті наразылыққа шыққан адамдардың оқу-жаттығудан да «өткендігін» айтып отыр.

Азаттықтың парсы тілінде хабар тарататын Фарда радиосының хабарлауынша, наразылық шарасы оныншы күнге ұласқанда Иранның 101 қаласында болып жатыр. Ал әзірге наразылық акциясына қосылмаған қалаларда тәртіп айрықша күшейтілген.

«ЖАСЫЛДАР» ЖАЙЛЫ АЙТЫЛМАДЫ

Иранда бұдан алдыңғы ірі наразылық 2009 жылғы Ахмадинежад президент болып сайланған сайлау нәтижесіне қарсылық сипатында өрбіді. 2005 жылғы және 2009 жылғы сайлауға кандидат болып қатысқан реформатор саясаткерлер Мирхусейн Мусави мен Мехди Карруби осы сайлау нәтижесінің бұрмалануына наразылық білдіріп, оның соңы ел ішінде наразылық шеруіне ұласқан. Соңынан Мусави мен Карруби мен үйқамаққа алынып, әлі босатылмады. Олардың жақтаушылары сайлау науқанында мойындарына жасыл түсті шарф тағып жүргендіктен 2009 жылғы наразылық «Жасылдар қозғалысы» атауына ие болды. Яғни, сол кездегі наразылықтың нақты ұйымдастырушылары белгілі болатын.

ВИДЕО - Шерудегі ұран: "Хаменеи, ұялғын! Мемлекетті босатқын!"

Ирандағы наразылық шеруіндегі ұран
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:18 0:00

Ал 2017 жылдың 28 желтоқсанында басталып, әлі жалғасып жатқан қазіргі наразылықтың нақты бір ұйымдастырушысы немесе серкелері де жоқ. Және бұл наразылыққа жиналғандар Мусави мен Каррубиді ұмытып кеткендей әсерде қалдырады. Шерулерде оларды азат ету, немесе толықтай бостандыққа шығару талаптары қойылмады. Әуелде Мешхедте туындап, соңынан бағаның шарықтауы мен әлеуметтік теңсіздікті ұран қылған наразылықтың соңы саяси ұранмен жалғасып біртіндеп жалпыхалықтық сипат алып барады. Бұл шеру алдағы апталарда тоқтамайтын болса, билікке келген отыз тоғызыншы көктемі ислам республикасына сын болғалы тұр. Наразылық тоқтады деген күннің өзінде, бұл осымен бәрі бітті дегенді білдірмейді. Кейін де көлемді наразылық толқыны бұрқ ете қалмасына ешкім кепілдік бермейді.

Осы наразылық кезінде Иранның бір топ мәдениет, қоғам қайраткерлері халықтың бейбіт жиын өткізуін қолдайтынын білдірсе, парламент депутаттары қамалғандарды анықтау ісімен айналысатын қоғамдық комитет құрды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Иран билігіне қарсы шет елдердегі наразылық

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG