Accessibility links

Ирандағы көрге түнейтіндер елді шошытты


Тегеранның сыртындағы бейітте тұрып жатқан адамдар. Иранда күнделікті шығатын Sharvand газетіндегі сурет.
Тегеранның сыртындағы бейітте тұрып жатқан адамдар. Иранда күнделікті шығатын Sharvand газетіндегі сурет.

Тегеранның сыртындағы зиратта қазулы қабірде тұрып жатқан үй-күйсіз жандардың суреттері қоғамда наразылық тудырып, жұрт бұл шаруаға мемлекеттің араласуын талап етті.

Суреттерден шынымен жан түршігеді – баспанасыз ерлер, әйелдер мен балалар барар жер таппаған соң моланы паналап келген. 50 шақты ирандық азаматтың Тегеранның сыртындағы зиратта тұрып жатқанына бірнеше жыл болған тәрізді.

Қайыршылықтың шегіне жеткен жандардың қазулы көрдегі [Иранда қабірді алдын-ала қазып қояды] тірлігі жайлы қорқынышты суреттер қатардағы азаматтарды да, биліктегі лауазым иелерін де шошытты, жұрт үкіметтің шара қабылдауын талап етті.

Күнделікті шығатын Шахрванд (Shahrvand) газетінің бірінші бетінде желтоқсанның 27-сі күні жарияланған үйсіз-күйсіз жандар туралы мақалада Тегеранның сыртындағы Шахрияр кентінде тұрып жатқандардың көбі нашақорлар деп сипатталған. Олардың ауыр тағдырын бейнелейтін суреттер әлеуметтік желіге лезде тарап, қарапайым тұрғындар мен танымал адамдар бұған бей-жай қалмай, пікір білдірді.

ҚОҒАМ НАРАЗЫЛЫҒЫ

Иран президенті Хассан Роухани зиратта өмір сүруді "үкімет пен халық үшін өте өрескел жағдай" деп атады.

"Кедейшілік, мұқтаждық пен қиындықтарға үкімет те, халық та жауапты. Батыс елдерінде кедей адамдар көпір астында картон жастанып немесе метро бекетінде ұйықтайды деп естіген едім, бірақ бейітте өмір сүргендер жайлы естімеппін" деген Роухани желтоқсанның 28-і күні.

Президенттің бұл сөзі Оскар сыйлығы иегері, ирандық режиссер Асгар Фархадиге жауап ретінде естілді. Фархади желтоқсанның 27-сі күні Роуханиге жазған хатында "суық түндерін молада өткізіп жатқан ер, әйел және балалар үшін өкініп, ұялатынын" айтқан. "Осы өкінішімді сізбен және елдегі жауапкершілікті сезінетін басқа жандармен бөліссем деймін" деп жазған режиссер.

Көпшілік жұрт ашу-ызасын әлеуметтік желіде білдірді. Facebook қолданушы Кухе Сефид үкіметті "сириялық Алеппо қаласын қалпына келтіру тәрізді шетелдік жобаларға араласқанша елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешпей ме" деп айыптады.

Тегеранның сыртындағы зиратта тұрып жатқан адам. Ирандық Sharvand басылымындағы сурет.
Тегеранның сыртындағы зиратта тұрып жатқан адам. Ирандық Sharvand басылымындағы сурет.

Тағы бір Facebook қолданушы Жавад Сиадат "Құдайым-ау, қандай сұмдыққа куәгер болып жүрміз?" деп жазды.

Мохесен Эб есімді азамат "абырой, ұят пен қорқыныштан жұрдай" деп билікті айыптаған.

Желтоқсанның 28-і күні бейітте тұратын жандар тақырыбын жалғастырған мақаласында Shahrvand басылымы билік шара қабылдауға уәде еткеннен кейін қауіпсіздік күштері үйсіз адамдарды моладан мәжбүрлеп әкеткені жайлы жазған. Газет дерегі бойынша, кейбіреулердің әлгі бейітте тұрып жатқанына он жылдан асқан.

НАШАҚОРЛАР КӨБЕЙІП БАРАДЫ

ISNA жартылай ресми ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында Тегеран провинциясының губернаторы Сайед Хосейн Хашеми мола тұрғындарын "есірткі діңкелеткен жандар" деп сипаттаған.

"Бұл адамдардың ішерге асы болмай аштықтан бұралып жүрді деген ақпарат ойланбай, жөнсіз жарияланған, өйткені бұлар есірткіге әбден салынып біткен кілең нашақор" деген губернатор желтоқсанның 28-і күні. Ол сонымен бірге әлгі адамдар зиратқа жақын маңдағы сауықтыру лагеріне орналастырылғаны туралы хабарлаған.

Иран ресми орындарының мәліметі бойынша, Тегеранда 15 мыңға жуық үйсіз адам бар, оның 5 мыңы - әйелдер. Үйсіздердің көбі - нашақорлар. Ресми дерек бойынша, елде емдеу-сауықтыру бағдарламасына 1,4 миллион нашақор тіркелген, бірақ белсенділер 80 миллион тұрғыны бар елде нашақорлар саны 2 миллионнан асады дейді.

Есірткімен ұсталғандарға жазаның ауыр екендігіне қарамастан нашақор саны көбейіп келеді деп саналады. Оның негізгі себептерінің бірі - әлемдегі героин өндіруші басты ел Ауғанстаннан есірткінің Иран арқылы тасымалдануымен байланысты. Қазан айында БҰҰ-ның есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы (UNODC) Ауғанстанда апиын өсіру 201 мың гектарға артып, 2015 жылдан бері 10 пайызға көбейгені туралы хабарлаған.

XS
SM
MD
LG