Accessibility links

Обама Ирак содырларын әуеден атуды бұйырды


"Ислам мемлекеті" содырларымен соғысып жатқан күрд жауынгері. Ирак, 6 тамыз 2014 жыл.
"Ислам мемлекеті" содырларымен соғысып жатқан күрд жауынгері. Ирак, 6 тамыз 2014 жыл.

АҚШ президенті Ирактағы содырларды ұшақпен атқылауға шешім қабылдады. «Ислам мемлекеті» ұйымы христиандар қоныстанған аймақты басып алған еді. Ондаған мың адам босып кеткен.

АҚШ президенті Барак Обама керек болған жағдайда Ирактағы әсіредіншіл содырларды әуеден атқылауға шешім қабылдады.

АҚШ президенті Барак Обама. АҚШ, 7 тамыз 2014 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама. АҚШ, 7 тамыз 2014 жыл.

Ол ұшақ шабуылдарының «Ирактың солтүстігіндегі Эрбиль қаласындағы АҚШ әскерилері мен дипломаттарын қорғау мақсатында жасалатынын» айтты.

Обама бұл шешімнің «геноцидті болдырмау және Ирак үкіметінің қоршауды бұзуына, сонда қалған бейбіт тұрғындарды қорғауына жәрдемдесу үшін» де қабылданғанын мәлімдеді.

Бірақ ол «АҚШ-тың бұл соғысқа түбегейлі араласпайтынын» айтады. АҚШ ұшақтары содырлар қоршауында ас-сусыз, баспанасыз қалған христиандар мен өзге де босқындарға гуманитарлық көмек жеткізуге кірісті. Тамыздың 8-і күні АҚШ ұшақтары оларға әуеден азық-түлік тастады.

Эрбиль қаласында ондаған АҚШ әскери кеңесшілері жұмыс істеп жатыр, қалада 1 миллион 500 мыңдай адам тұрады. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі содырлар шабуылын айыптап, халықаралық қауымдастықты Ирак үкіметі мен халқына көмектесуге шақырды.

ХРИСТИАНДАРҒА ШАБУЫЛ

Өткен аптаның соңында өздерін сүннит санайтын экстремистерден күрд әскері күйрей жеңілген еді. Бұдан соң «Ислам мемлекеті» ұйымының содырлары Ирактағы христиандардың Каракош қаласын басып алды. Әсіредіншілдер Талл Кайф, Бартелла, Карамлеш сияқты христиандар көп қоныстанған елді мекендерді де жаулап алған. Бұл аймақтан ондаған мың адам босып кетті. Оларға «Ислам мемлекеті» содырлары «кету немесе ислам мемлекетін мойындау» туралы талап қойған.

Күрд телеарнасының хабарлауынша, Күрдістан астанасы Эрбильден батысқа қарай 40 километр жердегі күрдтер қоныстанған екі қала – Махмур мен Гуарды «Ислам мемлекеті» тамыздың 6-сы күні алған.

Жихадшылар әскері Күрд автономиялық ауданының солтүстік шекарасына 20 километр жетпей тоқтады.

"Ислам мемлекеті" содырларымен соғысып жатқан үкімет жауынгерлері. Ирак, 7 тамыз 2014 жыл.
"Ислам мемлекеті" содырларымен соғысып жатқан үкімет жауынгерлері. Ирак, 7 тамыз 2014 жыл.

«Ислам мемлекеті» Ирактың батысы мен солтүстігіндегі үлкен аудандарды басып алып, маусым айында «Халифат» құратындарын мәлімдеген. Каракоштың халқы бұған дейін 50 мың адамға жуық еді, оның көбі христиандар болатын. Бірақ экстремистер маусымда Мосул қаласын алған соң мыңдаған ирактықтар күрд әскері қорғап тұрған Каракош пен соған жақын қалаларға ағылды.

«Ислам мемлекеті» тамыздың 7-сі күні басып кірген басқа қалаларда шииттердің азғантай қауымдастығы – шабактар бар еді. Ақпараттарға қарағанда, ол қалалардың барлық тұрғындары баспаналарын тастап, басқа аймақтарға қашып шыққан. Езидтер азшылығына жататын мыңдаған ирактықтар өткен демалыста көрші Синжар қаласына қарай қашты. Қазір езидтер Синжар тауын паналап жатыр. Олардың қолындағы су мен азық-түлік көпке жетпейді.

КҮРДТЕРМЕН КҮРЕС

Ирактағы езид азшылығы 4 мың жылдық тарихы бар, тамырын зароастризмнен алатын ерекше дін ұстанады. Езид жетекшілері «әсіредіншілдер оларды жаппай өлтіруі» немесе «қуғынға түскен қауымның аштан қырылуы мүмкін екенін» ескертті. Олардың жағдайына алаңдаған БҰҰ көмек көрсетуге әрекет жасап, тамыздың 6-сы күні біраз адамды көшіріп алды.

БҰҰ «бұған дейінгі Ирак босқындарының саны жиһадшылардың кейінгі шабуылдарынан қашқан адамдардың қасында елеусіз көрінеді» дейді. Тамыздың 7-сі күні БҰҰ өкілі кейінгі күндері 200 мыңға жуық адамның солтүстік Ирактан соғыса жүріп қашқанын айтып, бұл жағдайдың «өте зор трагедия» екенін ескертті.

Каракош қаласынан қашып шыққан христиандар Ербиль қаласының шіркеуінде отыр. Босқындардың бірі Иисус Христос мүсінін алып келген. Ирак, 7 тамыз 2014 жыл.
Каракош қаласынан қашып шыққан христиандар Ербиль қаласының шіркеуінде отыр. Босқындардың бірі Иисус Христос мүсінін алып келген. Ирак, 7 тамыз 2014 жыл.

Тамыздың 6-сы күні Мосулдағы күрд жауынгерлері Ирак үкіметі әскерімен күш біріктіріп, әуе шабуылын ұйымдастырды. Бірақ экстремистер оларды қаладан қуып шыққан.

Ирак шенеуніктерінің айтуынша, сол күні ұшақ шабуылдарынан Мосулдағы сүннит әскерінің ғимаратына бомба түсіп, кемінде 60 адам қаза тапқан. Медицина қызметкерлері «Мосулды басып алған «Ислам мемлекеті» ұйымы ғимаратты түрмеге айналдырған» дейді.

Ал Ирак әскерінің ақпаратына қарағанда, «ғимаратты жиһадшылар шариғат сотына айналдырған». Күрд әскері тамыздың 6-сы күні Мосулдың шығыс және солтүстік-шығыс аудандарын атқылады, бірақ әсіредіншілдердің шабуылына төтеп бере алмай шегінді.

(Кеңейтілген жаңалықты ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG