Accessibility links

Журналист Павел Шеремет мерт болды


Журналист Павел Шеремет.

Журналист Павел Шеремет.

Бүгін Украина астанасында автокөліктегі жарылыс салдарынан 44 жастағы журналист Павел Шеремет қаза тапты.

Журналист істеген «Украинская правда» басылымының хабарлауынша, оқиға бүгін таңертең Богдан Хмельницкий мен Иван Франко көшелерінің қиылысында болған. Редакцияға бағыт алған журналист отырған автокөлік орнынан қозғалған соң оншақты метр ғана жүріп өтіп, іле-шала жарылыс болған.

Жарылыс болған жерді полиция қоршап тұр. Автомобильдің иесі – «Украинская правда» газетінің басшысы Алена Притуланың өзі көлікте болмаған.

Украина президенті Петр Порошенко құқық органдарына журналист Павел Шереметтің қазасының мән-жайын жедел тергеуді тапсырды. Ол марқұмның туған-туыстарына Facebook парақшасы арқылы көңіл айтты.

Украина бас прокуроры Юрий Луценко журналист Павел Шереметтің қазасын «қасақана адам өлтіру» деп атап, бұл қылмысты ашу үшін «қолдан келгеннің бәрін жасауға» уәде етті.

Украина ішкі істер министрінің кеңесшісі Антон Геращенконың хабарлауынша, журналист отырған автокөлікте қуаты 0,4-0,6 келі тротилға тең қолдан жасалған жарылғыш зат іске қосылған. Оның алдында Геращенко «жарылыс қашықтан басқарылатын немесе сағат механизмі арқылы іске қосылатын құрылғы көмегімен жасалған болуы мүмкін» деген.

Шереметтің қазасы. Азаттықтың Украин қызметінің видеосы:

44 жастағы Павел Шеремет – Беларусь, Ресей және Украина бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек еткен танымал журналист. Кәсіби қызметін Беларусь телеарнасында бастаған Шеремет 1998-2008 жылдар аралығында ресейлік «Первый канал» телеарнасының арнайы тілшісі, «Время» бағдарламасының жүргізушісі және бірнеше деректі фильмнің авторы ретінде танылды. Соңғы жылдары ол Украина астанасында тұрып, еңбек етті.

Павел Шеремет Ресей қоғамдық телеарнасынан 2014 жылы шілдеде, Қырым аннексиясы мен Украинаның шығысындағы қарулы жанжал басталған соң жұмыстан кеткен. Ол өз ұстанымы жайлы: «Соңғы кезде Ресейде Украинадағы оқиғалар мен ресей-украина жанжалы туралы кремльдік сарыннан өзгеше айтатын журналистерді қудалауға шындап кірісті. Өз басым Қырым аннексиясы мен Украинаның шығысындағы сепаратистерді қолдауды қанқұйлы авантюра және ресейлік саясаттың қатерлі қателігі деп білемін» деген. Бұл туралы Павел Шеремет Азат Еуропа / Азаттық радиосынан берілген хабарларда да айтқан.

Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбаттарының бірінде Павел Шеремет: «Әрбір кездесуімізде менің әріптестерім, ерікті я еріксіз түрде, өздерінің келісімпаздыққа баруын мойындағы ипотекалық қарыз, қара қазан, сары баланың қамы, ауру қарт ананы қарау немесе тағы басқа жағдайлармен түсіндіріп, ақталуға тырысатын. Оларға неліктен «Единая Россияны» (Ресейдегі билік партиясы – ред.) соншалықты мақтап, ақты - қара деп айтатындығын айқын түсіндіру әрдайым қиынға соғатын және ондай жұмыстағылар өзін іштей қолайсыз сезінетін. Бірақ енді Украинадағы соғыс оларға жақсы сылтау болды, енді олар бейшара кейіптегі насихатшы, ар-ұятты ипотекаға айырбастаған қорқақ емес, Орыс әлемінің қорғаушысына айналып шыға келді» деген еді.

XS
SM
MD
LG