Accessibility links

Билік пен бизнестің "қамқорлығындағы" ақындар айтысы


Айтыскер ақындар Қанат Мырзахан және Мөлдір Айтбай. Алматы, 6 ақпан 2017 жыл. Көрнекі сурет.
Айтыскер ақындар Қанат Мырзахан және Мөлдір Айтбай. Алматы, 6 ақпан 2017 жыл. Көрнекі сурет.

"Нұр Отан" партиясы айтыс алдында билікті дәлелсіз сынауға, халықты наразылыққа шақыруға болмайтынын ескертеді" дейді айтыс ақыны. Әдебиет зерттеушілері "коммунистік партия айтысты идеология құралына айналдырды, қазіргі билік партиясы да айтысты үгіт-насихат құралы ретінде пайдаланып отыр" деп санайды.

«ХАЛЫҚҚА ЖАҚЫНДАҒАН «НҰР ОТАН»

Биыл қыркүйек айының басында "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек "айтыс сүйер қауымнан сүйінші" сұрап, жыл соңына дейін «Нұр Отан» партиясы бес айтыс өткізетінін хабарлады.

Қыркүйек айынан бері бес айтыстың үшеуі өтті. Айтыс жүргізушісі Жүрсін Ерманның қыркүйек айының соңына қарай qamshy.kz сайтына берген сұқбатына қарағанда, "Нұр Отан" партиясы биыл ғана емес, келер жылы тағы да сегіз айтысты қаржыландыруды мойнына алған.

"Нұр Отан" партиясының айтысты қаржыландыруға кіріскені әлеуметтік желіде түрлі пікір тудырған еді. Билік партиясы ақындардың еркіндігін шектейді деген де пікірлер айтылды. Айтысты жүргізуші Жүрсін Ерман да «айтысты қолға алған "Нұр Отан" партиясы өзінің сөзін сөйлететінін" растайды. Бірақ ол "Нұр Отан" партиясындағы өзгерістерден үміт күтеді.

- Қазір "Нұр Отан" халықтың партиясы боламын деп жанталасып жатыр. Бауыржан Байбек "НұрОтанға" барғалы бері "халыққа жақындаймыз", "халықтық партия боламыз" деп барын салып, ұлттық өнерімізді қолдауға ерекше ықылас танытып отыр. Билік партиясы айтысқа демеушілік танытамыз деп жатса, одан неге бас тартуымыз керек? - дейді ол.

"Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек. Көрнекі сурет.
"Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек. Көрнекі сурет.

Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасарлығына биыл маусымның соңында тағайындалған. Ол Қазақстанда соңғы отыз жылда орныққан саяси жүйеге қызмет етуші жас шенеуніктердің бірі саналады.

Бауыржан Байбек "Нұр Отан" партиясына барғалы үш айдан асқанымен партияның қандай да бір саяси реформалар немесе өзгерістер жасайтыны жайлы арнайы бағдарлама жариялаған жоқ. Сондықтан қазіргі "Нұр Отанның" осыдан бір немесе төрт-бес жыл бұрынғы "Нұр Отаннан" қандай айырмасы бар екенін аңғару қиын.

Жүрсін Ерман баспасөзге берген сұқбатында "Нұр Отан" партиясы "айтыскерлер халықты билікке қарсы үндемесін", "ұлтаралық алауыздық туғызатын сөздер айтпасын" деген талап отыр. Ол – дұрыс қой. Ақын деген елдің басын біріктіретін, бітімге шақыратын сөздер айтуы керек" деп санайды.

"АҚЫНДЫ ЕШКІМ ТОҚТАТА АЛМАЙДЫ"

Азаттық тілшісі "ақындар айтысы қаншалықты тәуелсіз" деген сұрақты айтыс ақындары мен әдебиет зерттеушілерінен сұрап көрген еді. Айтыс жүргізушісі Жүрсін Ерман Азаттық сауалына жауап бермеді. 2012 жылы күзде мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан құрылған, Жүрсін Ерман басқаратын "Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының" қызметкері, ақын Шұғайып Сезімхан биліктің айтысқа назар аударғаны биыл ғана емес екенін еске салды.

Айтысты ұйымдастырушылар жеке басқа тиісуге, жала жабуға, нақты дәлелсіз билікті сынауға, ұлтараздықты қоздыруға, я халықты наразылыққа шақыруға болмайтынын ескертеді.


Ақынның сөзінше "Нұр Отан" партиясы биыл өткізетін бесінші айтыс - "Алтын домбыраға" осымен сегізінші рет демеуші болып отыр.

- Айтыс алдында ұйымдастырушылар жеке басқа тиісуге, жала жабуға, нақты дәлелсіз билікті сынауға, ұлтараздықты қоздыруға немесе халықты наразылыққа шақыруға болмайтынын ескертеді. Бірақ нақты нұсқау берілмейді,- дейді ол.

Шұғайып Сезімханның айтуынша, айтыс кезінде билік өкілдері жетістіктерін өлеңге қосуды сұрайтын кездер де кездеседі. Бірақ "айтыс бірыңғай мадақтан тұрады" деген пікірлер жаңсақ ұғым деп санайды.

- Биыл қыркүйекте "Нұр Отан" партиясы Атырау мен Қарағандыда ұйымдастырған айтыста мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божконың "халық билік алдында тізерлеп тұрып кешірім сұрасын" деген сөзі сыналып, наразалыққа шығып жүрген көп балалы әйелдердің тағдыры да сөз болды. Ақынның аузына Алла салған сөзді ешкім тоқтата алмайды,-дейді ол.

Шұғайып Сезімхан әлеуметтік желіде "Ринат қатыспаған айтыс - айтыс емес. Ақын Жандарбек Бұлғақов қайда? Шындықты айтатын ақындарды айтыстан ысырып тастайды" деген пікірлерді жиі оқитынын, шындыққа жанаспайтынын айтады. Оның сөзінше "Нұр Отан" партиясы Қарағандыда ұйымдастырған айтысқа Жандарбек Бұлғақов шақырылған, Ринат Зайытов оған дейінгі айтыстарға қатысқан.

Шұғайыптың сөзінше, "ақындар жырлаған шындықтың бәрі бірдей халыққа жетпейді, телеарналардың эфирінен қиылып қалатын кездер болады". Ол ақындардың сахнада айтқан сын-ескертпелерінен кейін нәтиже болатынын, билік партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің өзі уәде бергенін айтады.

Биыл тамыз айында "Нұр Отан" партиясы мен "Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің" халықаралық одағы және "Қазақстан" теле-радио корпорациясы арасында үш жақты келісім жасалып, билік ұйымдастырған айтыстарды өзге ақпарат құралдарынан көрсетуге тыйым салынған. Алайда,Қазақстан телеарнасы "Нұр Отан" партиясы ұйымдастырған қыркүйектен бергі үш айтысты да әзірге эфирден көрсеткен жоқ.

Шұғайып Сезімхан сөз еткен Ринат Зайытов биыл маусымның 16-сына Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында өткен айтыстан шеттетілген еді. Мұны айтыс көрермендері Ринат Зайытовтың биыл 9 маусымда өткен Қазақстан президентін сайлау кезінде наразылық акциясына шығуымен байланыстырған. Сайлау өтісімен Ринат Зайытов бастаған бір топ белсенді Алматыдағы "Алатау" театрының жанында "сайлаудың әділетсіз өткені және саяси партия құратыны жайлы" мәлімдеме жасай бастағанда полиция алып кеткен еді.

Көпшілік алдында сөйлеп тұрған Ринат Зайытов. Алматы, 10 маусым 2019 жыл.
Көпшілік алдында сөйлеп тұрған Ринат Зайытов. Алматы, 10 маусым 2019 жыл.

"Ринат Зайытовты қамауға алды" деген хабар әлеуметтік желіден естіген жастар сол күні кешке Алматы қалалық полиция департаментінің жанында рұқсат етілмеген жиын өткізген. Жұртшылық талабынан кейін Ринат Зайытовты көпшілік алдына шығарған.

Айтыс жүргізуші ақын Жүрсін Ерман Ринаттың Тарбағатай ауданындағы айтысқа осы белсенділігі себеп болғанын меңзеп, айтысты ұйымдастырушылар Ринатты қатыстырмауды талап еткенін айтқан еді.

Айтыстың тәуелсіздігі жайлы бүгінде Батыс Қазақстан облысындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы өнер және мәдениет орталығын басқарып отырған Бауыржан Халиолла да пікірін айтты.

Ол билік ұйымдастырған айтыста ақындарға белгілі бір шектеу қойылып, ескертпелер берілетінін растайды, қалай болғанда айтыс өнеріне билік партиясының қамқорлық жасағаны жөн деп есептейді.

"КОМПАРТИЯ МЕН "НҰР ОТАННЫҢ" ҚҰРАЛЫ"

20 ғасырдың 80-90 жылдары айтысқа қатысқан ақын Құдайберлі Мырзабековтің айтуынша "қазіргі айтыста сыннан гөрі мадақ көп". Ақмола облыстық музей жетекшісі болып жүрген ол облыстық айтыстарға қазылық етіп, республикалық сөз сайыстарын сырттай бақылайды.

Оның сөзінше, "қазіргі ақындар айтыстың демеушілерінің талабынан аса алмайды, ал ұзақ мадақ арасында айтқан сындарын билік қаперіне алмайды. Билік ақындар айтысын үгіт-насихат құралы ретінде пайдаланатыны байқалады". Ол мұны советтік кезеңдегі айтыс ақындарыныың идеология құралы болғанымен салыстырады.

Құдайберлі Мырзабеков "совет кезінде ақынның аузынан шыққан сөз обкомның бюросында қаралатын еді" деп еске алады.

Қазақтың дәстүрлі айтыс өнерін зерттеп, ғылыми дәреже алған Қойлыбай Асановтың пікірінше, Құдайберлі Мырзабеков еске алған совет кезінде "қазақ ауыз әдебиетінің кейбір жанрларына "ескіліктің сарқыншағы" деп қараған коммунистік партия тек айтысқа ғана тиіспеген"

- 1943 жылы екінші дүниежүзілік соғыс күшейіп тұрғанда да айтыс ұйымдастырғаны – айтыстың үлкен саяси құрал болғандығын білдіреді. Совет үкіметі айтысты пайдаланғаны соншалықты, кедей мен байдың айтысы жалшы мен қожайынның айтысы секілді айтыстарды жасады. Қазақстанның барлық аймақтарында айтыс өтті. Айтыс ақындарына коммунистік партия ерекше құрмет көрсетті,-дейді ол.

Совет өкіметі тұсында қазақ ауыз әдебиетінің кейбір үлгілері "советтік идеологияға жат үлгілер" ретінде бағаланып, мектеп оқулықтарына да кірмей қалған еді.

Әдебиет және өнер институтында өткен айтыс. 1961 жыл

Киіз үйде конференция түрінде өткен айтыс
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:27 0:00

Әйтсе де екі сарапшының сөзінше "айтыс өнерін билік қамқорлыққа алғаны дұрыс, айтыс ақыны жүректегі сөзін бәрібір айтады".

Азаттық тілшісі сөйлескен әдебиет зерттеушісі Серік Ерғали қазіргі айтыс саяси технологияға айналды деп санайды. 2000 жылдары айтыскерлердің ұпайын көрермен дауысы арқылы анықтауды ұсынған ол "Нұр Отан" партиясына айтыс форматын қайта өзгертуді биыл да айтып көрген. "Бізге партиялық сипаты керек деп қабылдамады" деп ренішін білдірді.

- Айтыстың бұрынғы табиғаты басқа еді. Тіпті, совет өкіметі кезіндегі айтыстардың өзінде саяси технология қатты байқалмайтын, қарапайым сөз сайыс болатын. Қазір тек саясатқа қабысатын тұсын бір жақты дамытты да, айтыскерлердің соңғы бір буынын саяси технология құралына айналдырды. Халықты "мынау шындықты айтты, анау айтқыш" дегізу үшін ғана айтыс болып жатыр. Айтысты саясаттан ажыратуға көп уақыт керек,-дейді.

«БИЗНЕСТЕН БИЛІККЕ ӨТУ»

Серік Ерғали "ақша тауып, көлік үлестіру айтысты дамытпайды. Егер "Нұр Отан" айтысты дамытқысы келсе жүлдеге емес, айтыстың формаларын, теорияларын жасауға, академиялық мазмұнын қалыптастыратын жұмыстарға назар аудару керек" деп санайды.

Азаттық тілшісі сөйлескен ақын Мырзан Кенжебай айтыс бастапқы табиғатынан ажырап, ақындардың күнкөріс көзіне, демеушілердің атағын шығаратын өнер түріне айналды деп біледі.

Совет өкіметінің ықыласына ие болған айтыс өнері Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін кәсіпкерлердің қаржылай қолдауымен өте бастаған еді. Халыққа кең таралатын әдебиет жанрына қаржылай қолдау көрсеткен кәсіпкерлердің кейін біртіндеп жоғары билікте көрінетіні байқалған.

Кәсіпкер кезінде айтысқа бірнеше жыл қомақты жүлде тігіп есте қалған Нұртай Сабильянов кейін парламент депутат болды. "Қазақ айтыс өнерінің меценаты" аталған Мұхтар Құл-Мұхаммед те көп ұзамай жоғары билікке жетіп, орнықты. 2002 жылдары "Нұр Отан" партиясы төрағасының міндетін атқарушы, тең төрағасы болған Амангелді Ермегияев те кәсіпкер ретінде "айтыстың Атымтай жомарты" ретінде көзше түсті.

Парламент мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов. Астана, 31 наурыз 2010 жыл.
Парламент мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов. Астана, 31 наурыз 2010 жыл.

1990 жылдардың басынан бері айтысқа қатысып, жеңіске жеткен кейбір ақындар демеушілер қолынан жүлдеге 40-тан астам автокөлік алғаны, бір шоғыр айтыс ақыны отызға дейін көлік мінгені жайлы деректер айтылады.

Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылар "билік партиясы 2012 жылы Алматыда қаласында өткен айтыстан соң айтысты қолына ала бастады" деп болжайды. 2012 жылы Азаттыққа берген сұқбатында айтыс жүргізушісі Жүрсін Ерман "Осы уақытқа дейін биліктен теперіш көріп келген айтыс өнеріне биліктің беті бұрылды" деген еді.

2012 жылы Алматы қаласында өткен "Қонаевтай ер қайда?" атты айтыста ақын Бауыржан Қалиолла "Нұрсұлтан сенен не пайда?" деп сауал тастап, "Нұрсұлтан Назарбаев алты ай аштық жариялаған Жаңаөзен мұнайшыларына бармады" деп сынаған еді. Осыдан кейін айтысқа сирек қатыса бастаған Орал ақыны кейін мүлдем қол үзгендей көрінген. Бірақ оны өзі «қызметке орналасуыма байланысты» деп түсіндіреді.

Бауыржан Халиолла, айтыскер ақын. Алматы, 11 ақпан 2012 жыл.
Бауыржан Халиолла, айтыскер ақын. Алматы, 11 ақпан 2012 жыл.

1990 жылдан бері бірде кәсіпкердің, бірде билік партиясының қолдауымен өтіп келген айтыстың тәуелсіз форматын қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әр жылдары айтылғанымен, сөз күйінде қалған.

Айтыс ақындары Қазақстанда билік ұйымдастарған саяси шараларда шеткері қалмайды. Биыл наурыз айында Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатқан соң Жүрсін Ерман бастаған айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы "Нұр Отан" партиясының кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайтынын мәлімдеп, үндеу тастаған.

Ал, "Нұр Отан" партиясы айтысты қамқорлығына алғанын "айтысты тәуелсіздігінен айыру" деп санамайды. "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек әлеуметтік желіге сүйіншілеген хабарында "Ежелден "Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ" деп, хан алдында дат айтып, еркін ойға ерік берген, баршаға бірдей теңдік берген елміз. Сондықтан ұлтымыздың осындай озық өнерін, ізгі дәстүрлерін жалғастыру бізді кемелдендіре түседі" деп жазады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG