Accessibility links

Мерей Қосынның минималистік қосы


Мерей Қосын, жас жазушы. Фото Facebook парақшасынан алынды.

Мерей Қосын, жас жазушы. Фото Facebook парақшасынан алынды.

Бұл ағым түрлі маргиналдардың жағдайына үңіліп, оларды билеуші әлеуметтік топтан еш кем көрмеген постмодернистерден бастау алады.

Оның шығармаларында тапа тал түсте тозақ отына күйген жандар жүгіріп бара жатады, жерді ұстап тұрған тартылу заңы емес, адамдардың бір біріне деген "ультрамахаббаты", қарсыласын тек бесатармен ататын суық қанды адалдық тірлік етеді. Оның әңгімелерінің алдыма түскеніне екі айдай болды. Әрбірінің көлемі бір жарым-ақ бет. Соншама шағын алаңға не сыйдыруға болады? Бірақ ол сыйдырады, тіпті, соны өзінің парызы санайды. Менің бұл жолғы кейіпкерім Мерей Қосын - Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының кинотеледраматургия мамандағының 4-курс студенті. Жасы 22-де. Меніңше, оны ерте қалыптасқан талант деп толық мойындауға болады. Шығармалары күрделі, кейде түсініксіздеу. Әйтсе де, одан заман лебі сезіледі. Қазіргі постмодернистік күрделенген заманның лебі. Ол енді танысқан кезімізде өзі туралы, әдебиеттегі принциптері туралы жазған. Бұл хаттарын Мерей Қосынның әдеби манифесі деуге болады. "Телевидение, киномен біраз "ауырып" жүрдім де, ақыры өз жолымды, өз мінезімді, өз келбетімді постмодерн бағытындағы әдебиеттен таптым. Борхеспен ауырып, артынан Стивен Кинг, Дэн Браун сияқты қазіргі контемпорари әдебиет соңына түстім. Жалпы мен қазіргі қазақ әдебиетінде әлі қалыптаса қоймаған постмодерн, гипертекст, интертекстке жақынмын".

Шынымен де, әңгімелерінде әлгі дүниелерге жақын аллюзиялары жеткілікті. Мысалы, Дерриданың іздер туралы ілімі аталады, кейіпкерлері онлайн араласуға бейім, атам заманда қайтыс болған кішкентай қыздың тағдырына таң қалып, автор оны іздестіріп, өте ерекше құбылыс болғанына көзін жеткізеді. Мен үшін бұл біздегі алғашқы постмодернистердің, әсіресе, жақында ғана өте күрделі жағдайда қайтыс болған философ Жанат Баймұхаметовтің еңбегі зая кетпегенінің белгісі. Егер біздің жастар бұрынғы совет әдебиетімен шектелмей, қазіргі заман биігіндегі ағымдарға ілессе, онда болашағымыз бар деп сенемін.

Махаббат - бұл дүниедегі ең сирек сезім. Ол бұл дүниенің картасында жоқ Буве деген аралда. Адам ол аралға тек түсі арқылы жетеді.

Ал махаббатқа арналған жалғыз әңгімесі "Буве нүктесінде" махаббат - бұл дүниедегі ең сирек сезім. Ол бұл дүниенің картасында жоқ Буве деген аралда. Адам ол аралға тек түсі арқылы жетеді. Мен мұны махаббат сезімін қатты қастерлеу деп санаймын. Және бұл символизм мен экзистенциализмге тән нәрсе. Буве нүктесі тек мұз бен таудан тұратын арал екен. Автор кейіпкерлерін неге мұнда орналастырады? Өйткені олар бүкіл айналаны өз сезімімен жылытады.

Әңімеде төмендегі рефрен басым. "Оянып кетті. Көзін ашқанда жайылып жатқан көңілсіз, жұпыны тіршлікке ызасы келді. Кеудесінде түсінен қалған сезімі бойын жылыта берді, бірақ ешнәрсе есінде жоқ еді. Тек белгісіз бір адам оны түсінде шақырып тұратынын білетін". Міне, бұл да символизациялаудың белгісі. Айтпақшы, әңгіме былай басталады. "Сіз мың бір түн ертегісін оқыдыңыз деп үміттенемін. Әрине, сіз менің айтып отырғандарыма ешқашан сенбессіз, бірақ мен дәл осы күндері сол ертегінің өзіне айналып кеткендеймін. Тыныштықта ұйықтай бергім келеді, оянудан қатты қорқамын. Ояна қалсам ғажайып әлемнің бәрі ғайып болады да, тек менің бойымда сол сәттегі сезімдер ғана қалады, басқа ешнәрсе есіме түспейді". Бұл деген нақты дүниеден тыс сезімдерді дәріптеу емес пе? Себебі кейіпкеріміздің өмірі өте қиын. "Оның құлағы жанұшыра шыңғырып шулаған адамдар мен күн сайын төбеден құлайтын тұрақты дүмпудің айқасқан дауыстарына әбден көніп алған. Анасы мен бір бауырының осындай шудың астында ғайып болғандарына біраз жылдар өткен, ал әкесі туралы тіпті ештеңе білмейді. Бірақ, "Құдайдың жолында кетті" деген миына сіңіп қалған тіркес әкесінің өлгенін білдірмейтіндігін түсінетін. Ол кішкентай лашықтың ішінде қойнына тығылып отырып қалған төрт бауырының өмірі үшін жанталасып жатты. Ол таң ата бәрі тыныштала бастағанда ұйқыға кетті".

Таңдаған тақырыбынан еш ауытқымайтын, тек соны ғана өмірлік мәніне айналдырған сирек сауатты интеллектуалдар. Олар материалдық, немесе әлеуметтік өсуге тырыспайды, тек тереңге ұмтылады.

Міне, осындай ұйқыға кеткенде ғана ол әлгі түстерін көреді. Және тек сол түстерімен ғана бақытты. Сонда махаббатқа тек түс көру арқылы жетсек, әлемді қандай қорқынышты мекенге айналдырғанбыз сонда? Менің ұққаным - Мерей Қосын тек постмодернист емес, жаңа гуманизмді аңсаушы жас тұлға. Оны «Мультимахаббат» әңгімесінен де байқауға болады. Бұл ізденісінің негізі де жоқ емес. Қазір әлемдік философияда гуманизмге қайтадан бетбұрыс басталды. Жанат Баймұхаметов айтқандай, «Гуманизм - адамның айнымас қасиеті (құқықтық, экономикалық, ар-ұждандық). Гуманизмге деген әрекетшіл қөзқарас: гуманизм саналы түрдегі ұстаным. Гуманизм құрып тынған жоқ».

Әсіресе бұл тұрғыда Мерей Қосынның «Нерд» әңгімесі зерделеуге сұранып тұр. Ол тіпті бүкіл топтаманың квинтенцессиясы сияқты. Әрине, қазіргі жастардың субкультурасы туралы хабары жоқ адамның бұл әңгімені ұғуы қиын. Әңгіме бір жалғыздықты жақсы көретін түсініксіз жанға арналған. Оның өмірінің бар мағынасы «Адам ағзасының жаңа қуаты» деген жазуын бітіру. Қазіргі жастар ондай адамды «нерд», немесе «гиг» деп атайды екен. Екіншісі - компьютерлер технологиясын өте жақын, ал біріншісі, - таңдаған тақырыбынан еш ауытқымайтын, тек соны ғана өмірлік мәніне айналдырған сирек сауатты интеллектуалдар. Олар материалдық, немесе әлеуметтік өсуге тырыспайды, тек тереңге ұмтылады. Мерей Қосын таңдаған жаңа гуманизм сондай тұлғаларды дәріптеу гуманизмі болар. Бұл ағым түрлі маргиналдардың жағдайына үңіліп, оларды билеуші әлеуметтік топтан еш кем көрмеген постмодернистерден бастау алады. Енді келе-келе өзінің де бағытқа айналатын түрі бар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG