Accessibility links

Қанды Қаңтардағы адам ұрлау, азаптау. "Дикий Арман" тобы мен күш құрылымдары өкілдерінің таяғы


Қаңтар оқиғасы кезіндегі азаптау туралы мақалаға иллюстрациялық сурет.
Қаңтар оқиғасы кезіндегі азаптау туралы мақалаға иллюстрациялық сурет.

Алматыда жабық сот процесінде ҰҚК-нің 11 қызметкерінің ісі қаралып жатыр. Оларға азаптау бабымен айып тағылған. Жәбірленушілер Қаңтар қырғыны кезінде өздерін "Дикий Арманның" адамдары көшеден ұстап әкетіп, ұрып-соғып, кейін күш құрылымдары өкілдерінің қолына тапсырған дейді.

ҚОНАҚҮЙ, КОНТЕЙНЕРЛЕР, ПОЛИЦИЯ ЖӘНЕ АБАҚТЫ. ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ КЕЗІНДЕГІ АЗАПТАУ КОНВЕЙЕРІ

Қолдың қарына ақ түсті таңғыш байлап, қара күрте киген екеу әлдекімді үстел басында отырған сұсты ер адамның алдына сүйреп әкелді. Ол алдына күштеп әкеліп, тізерлеп отырғызып қойған адамның самайына тапанша тақап, ұрып-соғуға кірісті. Жанындағы әлгіндей таңғыш тағып алған, қара күртелі оннан аса жігіт бұл әрекетке шімірікпестен қарап тұр.

Бақылау камерасына түсіп қалған осы бейнежазба интернетте былтыр ақпанда тараған. Жазбадағы жайт Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы "Қазақстан" қонақүйінде – билік өкілдерінің айтуынша, тәртіпсіздікті ұйымдастырған "бүлікшілердің командалық штабы" орналасқан жерде болған.

Бейнежазбадағы тапанша ұстаған ер адам – қылмыс әлеміне "Дикий Арман" деген лақап атымен тағылған Арман Жұмагелдиев. Қанды қырғыннан кейін ол "тәртіпсіздік ұйымдастырды", дүрбелең кезінде "кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдарды ұрлады", "заңсыз қару сақтады", "ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оны басқарды" деген айыппен қамауға алынған.

Бейнжазбада соққыға жығылған адам – Алматы қаласының тұрғыны, 54 жастағы Бекболат Исабеков.

2022 жылғы 6 қаңтарда ол көлігімен қалаға шығады. Әдетте жеке адамдарды тасып, такси қызметімен айналысатын Бекболат қала көшелерінен ғимараттардың әйнегі сынғанын, тонауға түскен дүкендер мен банкоматтарды көреді. Республика алаңының маңынан өтіп бара жатқанда оқ атылғанын естиді де, ол маңнан тезірек кетуге тырысады. Достық көшесімен төмен түсіп келе жатып, "Қазақстан" қонақ үйінің жанынан қолының қарына ақ таңғыш байлап алған адамдарды көреді. Көлігі тоқтаған сәтте оның қасына ірі денелі бірнеше ер адам жетіп келген. Өздерін "тонаушылардың жолын кесіп, қалада тәртіп орнатып жүрміз" деп таныстырып, Исабековке қонақүйдің ішіне жүр дейді. Ол келіседі.

– Мені ол адамның алдына апарды, – деп бастады Исабеков Жұмагелдиевпен қалай кездескені туралы әңгімесін. – Екеуміз амандастық. Оған: "Қаладағы ұрлық пен бассыздықты тоқтатып жатқандарың дұрыс болыпты", – дедім. Ол: "Мына ақ таңғышты қолыңа байла да, бізге қосыл", – деді. Сол кездегі қателігім – таңғышты тағуға келіспегенім шығар. Тұрдым да, бұрылып кетіп қалдым. Бірінші есіктен шықтым. Осы кезде арт жағымнан "Ананы ұстаңдар! Таксисті бері алып келіңдер!" деген дауыс естідім.

Оны ұстап алып, қайтадан Жұмагелдиевтің алдына апарған. Осы кезде "Дикий Арман" оған қару кезеніп, қорқыта бастайды – дәл сол сәт бақылау камерасына жазылып қалған.

– Ол маған "Кімнің адамысың? Мойында, әйтпесе атып тастаймын!" – деді. Ешкімнің адамы емеспін деп жауап бердім. Ол адамдарына көзімен ымдап еді, олар мені жұдырықпен, таяқпен ұрып, тебе бастады. Содан соң залдың түкпіріне алып барды. Арман Жұмагелдиев жағамнан ұстап алды да, қазір оның адамдары мені жертөлеге апарып, басымды салбыратып іліп қойып, атып тастайтынын айтты. Мынаның аяғын сындырыңдар деген бұйрық берді. Сосын аяғымнан ұра бастаған кезде, жаным көзіме көрініп, айқайладым. Біреуі мачетеге ұқсайтын темір бірдеңемен сүйегіме дейін тіліп жібергенде, қан сау ете түсті, – дейді Бекболат.

Исабеков есінен танып қалады. Есін жиып, көзін ашса, бөлмеге көшедегі адамдарды топырлатып әкеліп жатыр екен. Олардың бірі тамақ жеткізушілер, енді бірі кезедйсоқ кетіп бара жатқан адамдар.

– Ұсталғандардың ішінен екі адамды ғана босатты. Біреуінің жанында әйел адам болды. Әйелі сияқты. Екіншісі ІІМ зейнеткері болып шықты. Бірақ оны өлімші етіп сабап тастады, – дейді Исабеков.

Былтыр ақпанда Бас прокуратура "Дикий Арманның" қарулы тобы Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде көшеде кездейсоқ кезіккен жиырмадан астам адамды ұрлап, қамап ұстағанын, оларды қала көшелерімен алып жүргенін және күш көрсеткенін" хабарлаған болатын.

Бекболаттың сөзінше, сол күні түнге қарай оны басқа ер адамдармен бірге шағын автобусқа тиеп, Ritz Carlton қонақ үйінің автокөлік тұрағына апарған. Кейбіреулерін әбден сабап тастаған. Кейін оларды Ангарск көшесінің бойында орналасқан бір жеке қойманың аумағына алып барған. Қойманы қолында қаруы бар, арнайы киім киген адамдар күзетеді екен.

– Бізді түрмеге ұқсатып жасаған контейнерге қамады. Терезелерінде темір тор болды. Біреуі даусын қатты шығарып, күзетшіге: "Мыналар – лаңкестер, кісі өлтірушілер, педофилдер! Қашып кетуге оқталса, ескертусіз атып тастаңдар. Олар бала зорлаған, полиция бөлімшелеріне шабуыл жасаған, сауда орталықтарын тонаған" деп айтты, – деп еске алады Бекболат контейнерде өткізген түнін. – Мен қосқабат төсекте жаттым, жанымдағы жігіттің аяғын зілбалғамен сындырып тастапты. Ол жата алмай қиналды, кірпік ілген жоқ, мен де түнімен ұйықтай алмадым. Күзетші бір-ақ рет су әкеліп берді, ол бәрімізге жетпеді. Амал жоқ, жылу батереясының суын ішуге тура келді. Әжетханаға шығармады, ешқайсымызға медициналық көмек көрсетпеді.

Сонымен қатар ол ертесіне таңертең қоймаға қару асынған әскери киімдегі адамдар келіп, оларды ұрып-соға бастағанын айтады. Содан соң қалалық әуежай ауданына алып кетіп, онда да азаптаған.

Олардың бізге қойған жалғыз талабы: хаттамаға лаңкеспін, әуежайға, әскери бөлімшелерге шабуыл жасадым, қаланы тонадым деп жазу

– Әуежайға кіретін жерге жеткенде бізді автобустан қолымызды артымызға қайырып, кісен тағып алып шықты. "Ласточка" деген тәсілмен жүргізді. Барғанымыз да азаптайтын жер екен. Алдымыздан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) адамдары шықты. Тергеу барысында олардың Алматы ҰҚК департаментінің офицерлері екенін білдім. Өтіп бара жатқан офицерлердің әрқайсысы бізді автоматтың шүйдесімен ұрып кететін, – дейді Бекболат. – Контейнердің ішінде ірі денелі жігіттер болды. Олар бізді бір ауыз сөзге келместен, әбден есімізден танғанша ұра берді. Олардың бізге қойған жалғыз талабы болды: хаттамаға лаңкеспін, әуежайға, әскери бөлімшелерге шабуыл жасадым, қаланы тонадым деп жазуымыз керек.

Бекболат Исабеков өзін қанша уақыт ұрып-соққанын білмейді. Ол ешқашан бітпейтін азаптай көрінген.

– Бір кезде қызметкерлердің бірі мені басқа бөлмеге алып кетті. Бөлменің іші қанға бөгіп қалған. Мені газбен улады. Тұншығып, есімнен танып қалдым. Сосын жағамнан ұстап алды да, әскери қызметкерлер отырған тағы бір бөлмеге алып келді. Олардың біреуі: "Аға, ең дұрысы хаттамаға қол қойыңыз, әйтпесе өлтіріп тастауы мүмкін", – деді. Мен оған: "Ұлыммен жасты бала екенсің. Қарағым, мен тек жүрген адаммын. Мені бандиттер ұстап алып, сендерге алып келді. Бұл қалай болғаны? Мына айыптарыңды мойныма ала алмаймын. Қалай бар, солай айтамын. Сен жаз, сосын оқуға бер. Содан кейін ғана қол қоямын", – дедім. Ол айтқанымды жазды да, оқуға берді. Мен қол қойдым. Содан кейін жанындағыларға қария қол қойды деп айтты, – дейді Исабеков.

Оны далаға алып шыққан. Бет-аузын тұмшалап алған қарулы адамдар оларды бүкірейіп, қолын басына қойып, аяқтарын алшақ қойып тұруға мәжбүрлейді. Содан соң бәрін полиция департаментіне алып келген.

– Бұған дейін бізді лаңкестер, тонаушылар деп атаса, полицейлерге апарған кезде әуежайға шабуыл жасаушылар деп айтты. Аулаға кірген бетте қабырғаға басымызды сүйеп тұрғызып қойды. Мен тағы да: "Біз кінәлі емеспіз", – деп айқай салдым. Бірақ одан бетер таяқ жедім. Үндемей тұрғандарды көп ұрған жоқ. Күзет қызметі батальоны келді. Жап-жас, зіңгіттей жігіттер. Басында каска, үстінде оқ өткізбейтін кеудеше. Олар бізді, 15-20 адамды 5-6 адамдық шағын автобусқа тықты. Тергеу изоляторына алып келіп, тағы да ұрып-соқты. Біз тағы да басымызды төмен түсіріп тұрдық, тағы тапаншаның дүмбісімен ұрды. Содан соң камераларға бөліп кіргізіп, қамап қойды. Алғашқы күндері мүлде тамақ бермеді. Камераның есігі кез келген сәтте ашылатын: ішке қызметкерлер кіріп, сапқа тұрғызып қойып тағы да ұратын. Кейде тізерлеп тұрғызады, кейде кеудені жерден көтеріп, жаттығу жасататын. Бұл қорлау бітпестей көрінді. Содан қалай тірі шыққанымды білмеймін, – дейді Бекболат.

Оны қамаудан 13 қаңтарда босатқан.

Көшеден такси ұстап, үйге ақсаңдап әрең жеттім. Туыс-туғаныммен құшақтасып көрістім. Олар мені ауруханалардан, мәйітханадан іздеп, таба алмапты

– Камераға прокурор кірді де: "Сіздің қылмыс жасамағаныңызға көзіміз жетті. Кешіріңіз. Қазір үйіңізге апарып тастайды", – деді. Бірақ өзім тұратын ауданға апарғанымен, өзім көшеден такси ұстап, ақсаңдап үйге әрең жеттім. Үйге кірісімен туыс-туғаныммен құшақтасып көрістім. Олар мені ауруханалардан, мәйітханадан іздеп, таба алмапты.

Бекболат Исабеков денесіндегі зорлық-зомбылық іздерін тіркету үшін сараптама жасатқан. Оны тергеу амалдарына шақырған. Көлігін қайтарып берген. Жұмагелдиевтің адамдары көлігінің мемлекеттік нөмірін шешіп тастап, қала көшелерінде жүрген. Көліктің кілтінен бөлек олар Бекболаттан телефонын тартып алған, ол кейін тергеушілерде болып шыққан. Бекболаттың айтуынша, телефонды оған сол күйі қайтармаған.

ҰЛЫНЫҢ ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕНІН ТОЙЛАЙМЫН ДЕП ШЫҒЫП, АЗАПТАУДАН КӨЗ ЖҰМДЫ

Бас прокуратураның мәліметінше, Жұмагелдиевтің адамдары Ritz Carlton мен "Қазақстан" қонақ үйінің көлік тұрағына барлығы 24 адамды қамап ұстап, соққыға жыққан. Ұрланған адамдардың біреуі ауыр соққыдан қаза тапқан. Оның аты-жөні Ербол Өтепбаев.

42 жастағы Асқар Смағұлов досы Ерболдың қазасын тергеу изоляторында жатып естіген. Изоляторға түскенге дейін ол да Бекболат Исабеков сияқты азап пен қорлық көрген.

Оқиға 5 қаңтар күні кешке басталған. Асқар мен Ербол әл-Фараби даңғылы мен Шашкин көшесінің қиылысына дүкен іздеп шығады. Ол уақытта қаланың бұл тұсы әлдеқайда тыныш еді: дүрбелең басқа аудандарда болып жатқан. Достар Ерболдың ұлының дүниеге келгенін атап өтпек болады. Бұл кезде оның әйелі әлі перзентханада жатқан. Бірақ сол жерде оларды қолына ақ таңғыш байлап алған бір топ ер адам ұстап алады да, әй-шәй жоқ, ұрып-соға бастайды. Содан соң өздері сияқты көшеде ұсталып қалғандар жеткізіліп жатқан Ritz Carlton қонақүйінің көлік тұрағына апарған.

– Қарулы адамдар төбемізден төніп тұрды. Бізді ұрып-соқты. Кейін тергеу барысында автокөлік тұрағының бейнежазбасын алған. Ол жерде бізді ұрып жатқаны көрініп тұр. Олар бізді ұры-қары, зорлықшы деп атады. [Қолға түскен] адамдар әртүрлі еді. Арамызда 15 жастағы жеткіншек те, бізден үлкен ағалар да болды. Қарулы адамдар бізді камераға түсіріп тұрып, Әблязовқа, ҚДТ-ға (Мұхтар Әблязов – Еуропада тұратын бұрынғы банкир, Қазақстан билігін сынаушы, елде тыйым салынған және экстремистік ұйым деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының негізін қалаған. Еуропарламент ҚДТ-ны бейбіт оппозициялық қозғалыс деп атаған – ред.) қарсымыз деп айтуға мәжбүрледі, бірақ оған түк қатысым жоқ. Кейін, оларды тұтқындаған уақытта телефонынан осы жазбалаларды өшіріп тастамағаны анықталды. Оның бәрі заттай айғақ ретінде қолданылған. Түсінгенім, бұлар "Дикий Арманның" адамдары екен. Бәрі қарапайым киім киіп алған, қолына байлап алған ақ таңғышы болды. Сол күндері екі қонақүйді бақылауда ұстады, – дейді Асқар.

6 қаңтар күні күндіз Асқарды басқа адамдармен бірге "Газель" көлігіне салып, Ritz Carlton қонақүйінің көлік тұрағынан Ангарск көшесіндегі қоймаға – Бекболат Исабеков пен "Қазақстан" қонақүйінен жеткізілген адамдар қамауда отырған жерге апарған. Ол жерден әскери киім киген адамдар әуежайға жеткізген.

– Мені әскери адам көтеріп тұрғызды да, күртемен басымды бүркеп тастады. Түк көре алмадым. Автобустан шыққаным сол еді, жан-жақтан сатырлап соққы жауды да кетті. Сасқанымнан бір жағымды қолыммен қорғаштап, бір бүйіріммен автобусқа жабысып алдым. Соққы қарша борады. Бір кезде тізем бүгіліп бара жатқанын сездім. Қайтадан көтеріп алды. "Алдыңдағы адамнан ұста!" деп бұйырды. Алдымда кетіп бара жатқан кісінің белдігінен ұстадым, ол да әбден таяқ жеген, еңкейген күйі алдындағы адамнан ұстап жүруі керек. Солай тізбекпен жүріп отырдық. "Тағы төмен еңкей!" деп бұйырады. Еңкейе алмаймын, қабырғамның бәрі ауырады, әбден тепкілеген. Тағы ұра бастады, құлап түстім. Алдымдағы екі адам да құлады. Қайта тұрғызып қойды, мен еңкейе алмаймын.

Асқар телефонын алып, осыдан бірнеше ай бұрын интернетте тараған бейнежазбаны көрсетті. Онда әуежай аумағында әскери киімдегі біреулердің жай киім киген адамдарға дөрекі сөйлеп, күш көрсетіп, олардың қолын бұрап жатқаны көрінеді. Асқар сол жазбадан әскерилердің жетегінде тәлтіректеп әрең жүріп келе жатқан адам өзі екенін, ал оның артында келе жатқан – Ербол екенін айтты.

Ұсталғандарды контейнерге кіргізген. Ол – жұмысшылар шешінетін орын, Асқардың суреттеуінше қырық футтық үш контейнер.

– Ішке кіргізгеннен кейін одан бетер қатты ұрып-соқты. Жан-жағымыз қанға бөкті. Маған 15-20 минут ұрғандай көрінді, сөйтсем мені 1 сағат 47 минут азаптап, ұрып-соғыпты. 20 минут қана жауап алды. [Жауап бергенде] бар шындығымды айттым, әйелі босанып жатқан досыма келгенмін дедім. Сөзіме сенбеді, тағы да азаптауға кіргізді. Әрқайсымызды 2-3 адам жабылып ұрды. Олар ҰҚҚ қызметкерлері мен әскери адамдар болатын. Кейін ҰҚҚ қызметкерлерінің біреуін таныдым. Аяусыз ұрып-соққаны сонша, соққы аздау тисін деп басымды орындықтың астына тығып алдым. Орындық темір ғой, темірді ұрмайды. Қолыммен денемді жаптым.

Асқардың айтуынша, оны бірнеше рет тергеуге шақырған, бірақ күш құрылымдары қызметкерлері мұның берген жауабына қанағаттанбай, аямай сабап, азаптай берген.

– Кезекті бір азаптаудан соң, "қалағаныңның бәрін жаз, қол қойып беремін" дедім. Есімнен адаса бастаған едім, әрі қарай осылай ұрып-соға берсе, тірі қалмасымды түсіндім. Қағазда не жазылғанын білмеймін, қол қойып бердім. Оқуға күшім де болған жоқ, жағдай да жоқ, – бүкіл денем сыздап, жан-жақта адамдар айқайлап жатты. Бар ойым – "мына тозақтан тезірек құтылу" болды, – дейді Асқар.

Кейін, тергеу кезінде әуежайдағы бейнежазбаларды көрсеткенде ол досы Ербол Өтепбаевтың қалай қайтыс болғанын көрген.

Жартылай жалаңаш күйі далада, қар аралас жаңбырдың астында жатты. Біреуі теуіп кетеді, біреуі темекісін басып өшіреді. Жыртқыш айуанның қылығы!

– Ол "азаптау бөлмесіне" жете алмаған. Көшеде құлап қалған. Сол жерде ұра бастаған. Контейнерге кіргізбеген көрінеді. Жартылай жалаңаш күйі далада, қар аралас жаңбырдың астында жатты. Біреуі теуіп кетеді, біреуі темекісін басып өшіреді. Жыртқыш айуанның қылығы! Бұл уақытта контейнердің ішінде мені ұрып-соғып жатқан. Сосын Ерболды контейнерге кіргізген. Контейнердің ішінде оны көрген жоқпын – ол кезде мені алып кеткен еді. Бір кезде фельдшерлер келді, – деп суреттейді Асқар видеожазбаны. – Оның қайтыс болғанын тергеу изоляторында отырғанда білдім.

Тергеу изоляторына апармас бұрын Асқарды да Бекболат сияқты әуежай аумағындағы "азаптау бөлмесінен" полиция департаментіне апарған, онда тағы ұрып-соғып, азаптаған. Кейін тергеу изоляторында да қорлық жалғасқан.

– Алғашқы түні камерада ұйықтатпады. Біреу қозғалса болды, жетіп келіп, ұрады. Содан жауап алуға апарады. Қаңтардың 5-інен бастап 9-ына дейін нәр татқан жоқпыз. Суды краннан іштік. Екінші күні де ұйықтатқан жоқ. Жарықты сөндірмейді, отырғызбайды, жатқызбайды. Тікеден тік тұрдық. Бізді қозғалмасын деп, тесіктен сығалап отырды. Арасында жауап алуға апарды. Содан соң ауруханадан жаралыларды алып келді. Бәрі қан-жоса, кейбірі жалаңаш. Он адамдық камерада 12 адам болдық. Ешқандай медициналық көмек көрсеткен жоқ. Дәрігер кіреді де, "ә, тірі ме, бопты" дегендей шығып кетеді. Ешқандай ем-дом жасаған жоқ. Мұрным, қабырғаларым сынды. Тұла-бойым көкала қойдай болды.

13 қаңтарда ол №18 тергеу изоляторынан шыққан. Сот-медициналық сараптамаден өтемін деп сабылып, ақыры ақпанда ғана өте алды.

– Бір айдан кейін не қалады? Сараптама "бәрі жеңіл дене жарақатын алған" деп қорытынды шығарды. Мен арыз түсірдім [азаптау фактілері туралы]. Ангарск көшесіне әлгі қоймаларды іздеуге бардық. Ол жерді бірден таныдым. Азаптаған адамдардың кім екенін анықтауға бардым. 5-7 адамды тани алдым. Олар отырғызғысы келген адамды ғана біздің алдымызға алып шықты. Басқаларын тіпті көрген жоқпын, оларды маған көрсеткен жоқ. ҰҚК-нің 2 қызметкерін таныдым. Қалғанын басқалар таныды, – дейді ол.

11 СОТТАЛУШЫНЫҢ ҮШЕУІ ҒАНА ҚАМАЛҒАН. АЛМАТЫДАҒЫ СОТ ПРОЦЕСІ

"Дикий Арманның" адамдары ұстап, кейін күш құрылымдарының қызметкерлері азаптағандардың ешқайсысына әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзу туралы айып тағылмаған.

Қаңтар оқиғасынан тура бір жыл өткенде парламент отырысында бас прокурор Берік Асылов 2022 жылдың қаңтарында Қазақстанда мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетінің жолы кесілгенін, ұйымдасқан қылмыстық топтар оған бір жылдан аса уақыт дайындалғанын айтты. Прокуратураның мәлімдеуінше, қастандықты арнайы қызмет басшылығы ұйымдастырған, ал "Дикий Арман" "ҰҚҚ өкілінің бағыт-бағдарымен әрекет еткен". Сол кездегі арнайы қызмет басшысы Кәрім Мәсімов ұсталғаннан кейін, ереуілге шыққан топтарды басқарып, тобырды бақылауда ұстай алмаған қылмыстық топ "мародерлермен күрескен болып, қала тұрғындарына шабуыл жасауға" нұсқау алады дейді Бас прокуратура.

Қазақстандық интернет-басылымға түрмеде отырып берген сұхбатында Арман Жұмагелдиев өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды және "сол кезде төтенше жағдай жарияланып, билік өкілдерінен ешкім болмағандықтан күш құрылымдарының қызметін өз мойнына алғанын" айтты. Ол "ұсталған тонаушылардан" жауап алғанын, "кейбірін ұрғанын", бірақ "ешкімді ешқайда апармағанын", ҰҚҚ-ға тапсырғанын мәлімдеген. Ербол Өтепбаев оның қолынан емес, қала әуежайындағы күш құрылымдары штабында қайтыс болды деп есептейді Жұмагелдиев.

Арман Жұмагелдиев әлі тергеу изоляторында отыр, оның ісі сотқа жеткен жоқ.

2023 жылы сәуір айында Астанада жабық өткен Кәрім Мәсімовті 18 жылға бостандығынан айырды. Оған "мемлекетке сатқындық жасады", "билікті күшпен басып алмақ болды", "қызмет лауазымын асыра пайдаланды" деген айыптар тағылды. Кәрімовке қоса үш орынбасары да түрмеге қамалды. Қылмыстық іс материалдарын құпия деп, жұртқа жарияламады.

Биыл жазда Алматыда ұрып-соғып, азаптау ісі бойынша сот процесі басталды. Жәбірленушілер арасында Бекболат Исабеков пен Асқар Смағұлов бар. Айып тағылған 11 адам – арнайы қызмет өкілдері.

Жәбірленушілер сотқа тартылып жатқандардың бәрі тергеу изоляторында отыруы керек деп есептейді. Бірақ сот айыпталушылардың үшеуін ғана қамауға алған. Қалғаны бостандықта жүр.

Адвокат Гүлнар Жуаспаеваның айтуынша, 54 жәбірленушісі бар бес оқиғаның (қонақүй, Ангарск көшесіндегі контейнер, әуежай маңындағы контейнер, полиция департаменті және тергеу изоляторы) тек біреуі ғана сотқа жеткен.

Арман Жұмагелдиев пен оның адамдары лауазымды тұлға болмағандықтан олардың үстінен істі "Азаптау" бабымен емес, "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру", "Адам ұрлау", "Бас бостандығынан заңсыз айыру" деген баптары бойынша қозғаған.

Исабеков пен Смағұловтың айтуынша, ұрып-соғуға қатысы бар деген айып тағылған әскери қызметкерлердің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы хабарланбаған.

Алматы қалалық полиция департаментінде адамдарды ұрып-соқты және азаптады деп үстінен арыз түскен полицейлерге қатысты қылмыстық іс "айғақ-дәлел жоқ" деген уәжбен тоқтатылды.

Асқар Смағұлов "азаптады деп айыпталған ҰҚК қызметкерлерінің соты баяу жүріп жатыр" дейді.

– Сот ісі осылай жүретін болса, тез бітті дегенде жылдың аяғында аяқтаймыз. Ондағы [тергеу изоляторындағы] бір күн екі күн болып саналады, ал бұл бап бойынша ең аз мерзім – 5 жыл. Үкім шығатын уақыт жеткенде олар мерзімінің жартысынан көбін өтейді де, бостандыққа шығады! Ал Ерболдың өліміне кім жауап береді сонда?! – дейді Смағұлов.

Қазақстанда азаптау қылмысы туралы істер сотқа сирек жетеді. Қаңтар оқиғасы кезіндегі жаппай қамауға алу шараларынан кейін азаптау фактілері бойынша жүздеген шағым түскен, бірақ істің көпшілігі "айғақ-дәлел жоқ" немесе "азаптаушыларды анықтау мүмкін болмады" деген желеумен жабылған.

Тәні де, жаны да жаралы Бекболат Исабеков көрген азабын өмір бойы ұмыта алмайтынын айтады. Аяғы сынған ол әлі де ауруханаға барып ем қабылдап жүр. Құқық қорғау ұйымы психолог қызметіне ақы төлеп, көмек берген.

– Алғашқы күндері өте ауыр болды. Небір азапты көріп, үйге келгеннен кейін, ызаға булыққаным сонша, қолыма жарылғыш зат алып, мені азаптағанның бәрін жарып жібергім келді. Уақыт өте келе ашу басылды, бірақ жан жарасы қалды. Сол күні қонақүй жаққа барғаныма өкінемін бе? Бәлкім, тағдырым солай шығар, – дейді Бекболат. – Аяғым әлі жазылған жоқ. Бұрын тым болмағанда такси болатын едім. Ал енді жұмыс істей алмаймын. Зайыбым онкологиямен ауырады. Болған оқиға бүкіл отбасымды күйретіп кетті. Қазір балалардың тапқан ақшасына күн көріп жатырмыз. Азапталғандардың кейбіріне өтемақы төленді деп естідім, бұл дұрыс. Бірақ мемлекеттен өтемақы алған жоқпын, тіпті кімге хабарласарымды да білмеймін. Бар тілегім – әділдік орнаса деймін.

Асқар Смағұлов тергеу мен сот процесі оны әбден титықтатқанын айтады. "Соның салдарынан толық жұмыс істеп, отбасын асырай алмай қалдым" дейді.

– Бұл жұмысты аяғына жеткізбейінше, басқа ештеңені қолға ала алмаймын. Басымнан өткен оқиғадан не түйдім? Әрине, елде неше түрлі жағдай, тіпті бұдан да сорақысы болып жататынын білемін. Бірақ өз басымнан дәл осындай оқиға өтеді деп, шынымды айтсам, үш ұйықтасам да түсіме кірен емес. Одан зорғысы, Ерболды өлтіреді деп мүлде ойламаппын – бұл бөлек азап. Әрине, әділдікке қол жеткізуге болады, бірақ қайталап айтамын: мен Жаңа Қазақстанға сенбеймін, сол баяғы жемқорлық жойылған жоқ. Осы бассыздықтан кейін, бәрінен көңілім қалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG