Accessibility links

"Туыстарымның қай лагерьде отырғанын білмеймін"


Үш туысы Қытайда қамауда отырған жігіттің тағдыры
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:54 0:00

Видео: Үш туысы Қытайда қамауда отырған жігіттің тағдыры.

Павлодар тұрғыны Нұрлан Бекбосынұлы Қытайдағы туған екі інісі және туысқан қарындасынан хабар ала алмай отыр. Ол жақындары Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу лагерінде" қамауда отыр деп күдіктенеді.

"БҮТІН БІР ОТБАСЫНЫҢ ОЙРАНЫ ШЫҚТЫ"

Нұрлан Бекбосынұлы Ержан және Ерлан есімді туған інілерінің және жақын қарындасының қай саяси тәрбиелеу орталығында отырғанын білмейді. Бір жарым жылдан бері хабар үзілген.

- Екеуі Қазақстанда "оралман" статусын алған. Бір жақыным – Қытай азаматы. Қазақстанға емін-еркін келіп жүрген. Әкем бір үйде үш баладан айырылып отыр. Бір үй үш азаматтан айрылып отыр. Бүтін бір отбасының ойраны шықты, - деп Нұрлан көзіне жас алды.

Нұрланның өзі Қытайдың Шыңжаң аймағынан Қазақстанға тоғыз жыл бұрын көшіп келген. 2017 жылы Қазақстан азаматтығын алған. Ал жақындарының қамалғанын Шыңжаңда қалған туысқандарынан естіген.

- Аты саяси үйрену орталығы дейді, бірақ затында – түрме. Не туыстары тамақ, киім-кешек апарып, жағдайын сұрап бара алмайды. Әке-шеше, туыс туғандардын жолықтырмайды. Қай жерде, қай түрмеде екенін ешкім білмейді. Үйрену орталығы болса, барыс-келіс жасатар еді. Барыс-келіс те жоқ, - дейді ол.

Қытайдан келген қазақ Нұрлан Бекбосынұлы "Қытайда қамалған" туыстарының суретін ұстап отыр.
Қытайдан келген қазақ Нұрлан Бекбосынұлы "Қытайда қамалған" туыстарының суретін ұстап отыр.

Нұрлан Қытайдағы ата-анасымен де хабарласа алмай отыр. Жақындары телефонмен сөйлесуге жасқанады.

- Үлкен шешем (әкесінің ағасының әйелі-ред.) менің қайта-қайта телефон соққанымды жақтырмаған сыңай танытты. Түсінемін ғой, әке-шешеме зияным тиіп кетпесін деп алаңдап отыр. Хабарласа бермесін деп бірнеше рет айтты, - дейді ол.

Қамаудағы бауырларының, ата-анасының өміріне алаңдаған Нұрлан Бекбосынұлы Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне, Президент әкімшілігіне және "Нұр Отан" партиясына хат жазған. Соңғы екеуінен жауап болмаған.

- Сыртқы істер министрлігінен жауап келді. Қытайдағы екі інім мен қарындасымның жеке төлқұжатының көшірмесі мен мекенжай анықтамаларын сұрады. Олардың төлқұжаттарын сыртқы істер министрлігіне салғанды қойып, Қытайда қалған әке-шешеммен жеті айдан бері хабарласа алмай отырмын, - дейді Нұрлан Бекбосынұлы.

Қытайдан келген қазақ Нұрлан Бекбосынұлы.
Қытайдан келген қазақ Нұрлан Бекбосынұлы.

Қамаудағы туыстарына араша сұраған Павлодарда жалғыз Нұрлан ғана емес. Қытайдан келген этникалық қазақ Нұртөлеу Тұрсынәлінің әйелі де "саяси тәрбиелеу лагерінде отыр". 2016 жылы отбасымен Қазақстанға оралған ол азаматтық алу үшін құжаттарын тапсырып қойған. Екі баласы бар. Былтыр әйелі Шыңжаңдағы ата-анасына қыдырып барғанда ұсталған.

- Әйелімнен хабар жоқ. Ол жақтағылар артық-ауыс әңгіме айта алмайды. Мен өзім қайта-қайта сұратқанның арқасында аман-есен екенін білдім. Бостандық алып келіп, бала-шағамның қасында болса екен деп тілеймін, - дейді ол.

"ҚАРЫНДАСЫМНАН ХАБАР ЖОҚ"

Шаттық Бердібекұлының 22 жастағы қарындасы Гүлара Бердібекқызы да бір жылдан бері хабар-ошарсыз кеткен.

Қазір хабар жоқ. Бір жыл болып қалды. Үй жаққа да хабарласа алмай отырмыз.

- Қарындасым 2016 жылы желтоқсанда Алматыға келіп, сегіз ай тұрды. Кейін Қытайға шақырған. Тамызда шекарадан өткенде, телефонын тексерген. Таза болған. Үйде бір күн болған. Кейін лагерьге алып кетті. 15 күн деп айтқан. Бір жарым айдан кейін шықты. Кейін күзде қайта алып кетті. Қазір хабар жоқ. Бір жыл болып қалды. Үй жаққа да хабарласа алмай отырмыз, - дейді ол.

Қытайда туыстары қалса да, бұл жігіттер Шыңжаңға баруға именеді. "Шекарадан өтсек, бірден қамаламыз" деп қауіптенеді.

Парламент мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комиетінің төрағасы, депутат Мұхтар Ерман Азаттыққа: "Осы мәселеге байланысты тек бір топ қоғам қайраткерлері Қытайға іссапармен барып келген еді. Бұл мәселені қарап, қадағалап отырмыз. Парламентте дәл қазір тыңдалады деп айта алмаймыз" деді.

2017 жылғы сәуір айынан бастап Қытай қазақтарының қысым көріп, Шыңжаңдағы саяси үйрену орталықтарына қамалып жатқандары туралы айтыла бастаған. Олардың арасында Қазақстан азаматтары да болған. Қытайдағы саяси үйрену орталығында болдық деген бірнеше қазақстандық бұған дейін Азаттыққа сұхбат беріп, басынан кешкендерін баяндап берген болатын.

Қытайдағы этникалық азшылық өкілдерінің "саяси лагерьлерге" жаппай қамалуы жайлы халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен әлемдік баспасөз жиі жазып келеді.

Қыркүйектің 10-ы күні Human Rights Watch (HRW) халықаралық ұйымы арнайы есебін жариялап, Қытайдағы лагерьлер мен түрмелердегі адам төзгісіз жағдайды сипаттаған. Ұйым Қытай билігінің іс-әрекетін сынап, Пекиннен лагерьлерді қамалғандарды босатуды талап еткен.

HRW "Астана Қытайдан баспана іздеп келген азаматтарды кері қайтармай, көшіп келген этникалық қазақтарға азаматтық беру мәселесін кешіктірмеу керек" деп кеңес берген.

Бұған дейін "Қытайда туысқандарымыз қамалды" деген ондаған адам Алматыда бірнеше рет жиын өткізген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG