Accessibility links

Козловтың "мерзімінен ерте босатылатыны" хабарланды


Владимир Козлов, қамаудағы оппозициялық саясаткер

Владимир Козлов, қамаудағы оппозициялық саясаткер

Қазақстандық құқық қорғаушы биліктің оппозициялық саясаткер Владимир Козловты мерзімінен бұрын түрмеден босату шешіміне халықаралық резонанс та әсер етті деп санайды.

Тамыздың 4-і күні Қазақстанда тыйым салынған оппозициялық "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козловты түрмеден мерзімінен бұрын босату туралы сот шешімі шыққаны хабарланды. Қазақстандағы адам құқықтары мен заң үстемдігі бойынша халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис Азаттыққа Қапшағай сотының тамыздың 4-і күні Козловты мерзімінен бұрын босату туралы шешім қабылдағанын, шешімнің 15 күннен соң күшіне енетінін айтты.

Қапшағай сотынан комментарий алу әзірше мүмкін болмады. Алматы облыстық соты өкілі Аида Садықова Азаттыққа "Козловтың арызы бүгін қаралғанын, нәтижесі әлі белгісіз" екенін ғана мәлімдеді. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметінің басшысы Ғалымжан Хасенов "Козловтың мерзімінен бұрын босатылуы туралы ресми құжат әлі түспегенін" айтты.

Евгений Жовтис, құқық қорғаушы

Евгений Жовтис, құқық қорғаушы

Ал Евгений Жовтис Азаттықа берген комментариінде түрмеде төрт жарым жыл бойы отырған саясаткердің ісіне қоғам назары көп аударылғанын атап өтті.

- Еуропарламентте [Козловты босатуға шақырған] қарарлар қабылданды. Жуырда Қазақстан БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша комитетінде есеп берген кезде де оның есімі аталды. Бұл істің белгілі бір сыртқы саяси реңкі де бар, - деді ол.

2012 жылы "әлеуметтік араздық қоздырды" деген айыппен жеті жарым жылға сотталған Владимир Козлов соңғы жылы қатаң режимде жазасын өтеген. Оның бабы бойынша сотталған адам Қазақстан заңдарына сәйкес жазасының кем дегенде жартысын түрмеде өтеп, сосын барып өзін шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы арыз бере алады. Бұған дейін адвокат Айман Омарова Козловтың 2 тамызда Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА155/14 түзеу мекемесінде "түрме ішіндегі түрме" - қатаң жағдайдағы абақтыдан жалпы режимдегі абақтыға ауыстырылғанын хабарлаған.

Владимир Козлов жазасын өтеп жатқан Заречный түрмесі

Владимир Козлов жазасын өтеп жатқан Заречный түрмесі

- Билік белсенділерді әлі де сәл жұмсақтау тәсілмен қудалауды жалғастырып жатқандай әсер туады. Мұндай "жұмсақ режимде" Козловтың түрмеде отыруы қисынға қонбайды. [Билік] ахуалды ушықтырмай, Козловтың түрме жазасын қатты сынаған дамыған елдермен қатынасын бұзғысы келмеген сияқты... ЭКСПО өткізіп, дамыған 30 елдің қатарына кіргісі келетін ел үшін саяси тұтқындардың болуы жарасымсыз ғой, - деді Жовтис.

Владимир Козлов қатаң жағдайдағы абақтыда режимінде бір жылдан астам уақыт болған. Оны қатаң жағдайдағы абақтыға 2015 жылдың 27 шілдесінде 10 күн түрме карцерінде ұстағаннан кейін жапқан. Биыл көктемде түрме комиссиясы Козловтың тәртібін "нөлдік деңгейде" (теріс, я оң емес) деп бағалағанымен, оны қатаң тәртіптегі абақтыда қалдырған болатын.

Қазақстанда сот шешімімен қызметіне тыйым салынған оппозициялық «Алға» партиясының бұрынғы басшысы Владимир Козлов Жаңаөзен оқиғасына қатысты "әлеуметтік алауыздық өршіткен" деген айыппен 2012 жылы жеті жарым жылға сотталған. Владимир Козлов пен жақтастары билік таққан айыптардың саяси астары бар деп біледі.

Козловтың ісі туралы Азаттықтың архив материалдарын мына сілтеме бойынша оқи аласыздар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG