Accessibility links

Козлов мерзімінен бұрын босатуға тағы да өтініш берді


Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов түрмеде құқық қорғаушымен кездесіп отыр. Алматы облысы, 21 шілде 2015 жыл.

Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов түрмеде құқық қорғаушымен кездесіп отыр. Алматы облысы, 21 шілде 2015 жыл.

Оппозициялық саясаткер, түрмеде отырған Владимир Козлов өзін шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға өтініш берді. Бұл турасында Азаттыққа оның адвокаты Айман Омарова хабарлады.

- Ол өтінішті 16 маусымда берді. Сот әзірге белгіленген жоқ. Әдетте, түрме әкімшілігі шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығу туралы өтінішті сотқа тапсырады. Сот оны кәдімгі іс сияқты қарайды. Сот уақыты әлі белгіленген жоқ, - дейді ол Азаттық тілшісіне.

Омарованың айтуынша, Козловтың өтінішін Қапшағай қалалық соты қарауы тиіс. Шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығудың алғышарттарының бірі – сотталушыда тәртіп жазасы болмауы тиіс.
Айман Омарованың сөзінше, Козлов барлық тәртіп жазасын өтеген. Әйткенмен ол әлі күнге дейін Алматы облысының Заречный кентіндегі түрмеде қатаң тәртіп жағдайында (СУС) отыр.

- Козловтың ешқандай қарызы жоқ. Барлық қарыздары өтелген. Сондықтан оның қатаң тәртіп жағдайында отыруы – заңсыз. Бірақ түрме әкімшілігі оны жалпы режимдегі зонаға ауыстырғысы келмей отыр, - дейді Айман Омарова.

Владимир Козлов шартты мерзімінен бұрын босатылуға осымен екінші рет өтініш беріп отыр. Бұған дейін «оның тәртіп жазасы болғандықтан» өтініші қабылданбаған болатын.

Заң бойынша, шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішті сотталушылар жаза мерзімінің үштен бір бөлігін өтегеннен кейін бере алады.

Қазақстанда сот шешімімен қызметіне тыйым салынған оппозициялық «Алға» партиясының бұрынғы басшысы Владимир Козлов 2012 жылы Жаңаөзен оқиғасына қатысты «әлеуметтік алауыздық өршіткен» деген айыппен жеті жарым жылға сотталған. Владимир Козлов пен жақтастары билік таққан айыптардың саяси астары бар деп біледі.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG